Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:39, 12 Желтоқсан 2023

Базар заңды жұмыс істесе саудагерлер салық төлейді

Сапарбай Жұбаев
Фото: qazradio

Бұрынғы билік білгенін істеді. «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмады. Жәбірленушілер сотқа жүгінсе, соттың барлығы үстем таптың пайдасына шешім шығарған. Қазір де сол әдістің жалғасып жатқаны адамды қынжылтады.

 Базарда контейнер немесе орын алсаң қолыңда құжат болуы керек. Оның сақтандыруы болуы қажет. Ол бізде жоқ. Біз банктен алған несиенің шартын оқымаймыз. Базарда да сол контейнеріне ақша төлейді де, саудасын жасай береді. Келісімшарт түзу деген жоқ. Бұл енді ақырын базар нарығына өту кезеңі. Өту кезеңінде біздің билік 25 жыл ұстап тұрды. Бір адамның қолында болғаннан кейін көп нәрсе істелінген жоқ. Олар табысын арттыру үшін саудагерлерден де, мемлекеттен де алды.

Қазір базар басшылығы модернизация деп саудагерлерден ақша жинайтын көрінеді. Егер басшы әділ болса, сол ақшаны инвестицияға салып, кейіннен базар игілігіне жұмсайтын еді. Ал бұлар үйренген, ол ақшаны шетелге шығарады, үй, әйел алады. Модернизация керек болса, халықтан қайтадан ақша жинайды. Бермесең базардан қуып шығады. Күш көрсетеді. Өкініштісі, сол осы әдіс әлі жалғасып келе жатыр. Соны тоқтатамыз деген ниет біздің билікте бар ма екен? Мұның экономикаға да әсері бар.

Қазір көп нәрселерді мемлекеттің меншігіне алып жатырмыз. Уақытша болса жақсы, бірақ мемлекет меншігінде қалып кетсе, біздің бюджетке салмақ салады. Неге? Мысалы, жекешелендірілген компаниялар бар. Соның бірі америкалық «Теңізшевройл» компаниясы. Ол жыл сайын мемлекет бюджетіне 1-2 трлн теңге салық төлейді. Дәл сондай мұнай шығаратын «ҚазМұнайГаз» мемлекет бюджетінен дәл сонша қаржы алады. Қазақ темір жолы туралы да осылай айтуға болады. Егер жекешелендірілсе, бюджетке салық төлеп, өзінше күнін көретін еді. Қазір, керісінше, бюджеттен ақша береміз. Оның бәрі қайда кетіп жатыр? Энергетикалық жүйелерді қалпына келтіру деп ұлттық қордан 1,3 трлн ақша бөліп жатырмыз. Мемлекеттікі болғасын осылай бола береді.

Базардың жағдайы осыған ұқсас. «Кенжехан» деген базарда әділетсіздік болса, 10-15 адам сотқа жүгіну қажет. Сот сенімсіз болса, жоғарғы сотқа арыздану керек. Егер ол болмаса, Гаага бар. Президентке арыздану қажет. Сөйтіп реттеуге болады. Енді бұрынғы басшылар құжат бермейді. Келген жаңа қожайын жаңа талап қояды. Осындай заң жағынан халқымызға «ықтият болыңдар» деп қанша рет айтамыз. Бірақ оны да үйренгенімізше біраз уақыт өтетін сияқты.

Базар осындай жолмен жұмыс істегені экономикамызға да тиімсіз. Егер базар дұрыс жұмыс істесе, саудагерлер салық төлейтін еді. Бюджет те көбейеді. Енді базарда қаншама адам жұмыссыз қалды дейік. Олар жұмыссыздыққа тіркелсе, біз бюджеттен оларға ақша бөлеміз. Отбасын асырау керек. Олар мемлекетке масыл болғаннан кейін, үкіметке наразылығы күшейеді.

Осы мәселелердің алдын алу үшін, базардағы жағдайды әділетті түрде шешу керек деп ойлаймын. «Кенжехандағы» дерек бойынша бірнәрсе істеліп жатыр ма? Жедел тексеру қажет. Сол кезде бюджет те артады. Базардың тағы бір мәселесі – көлеңкелі экономика. Егер ол жерде барлығы заңды салық төлейтін болса, бюджет артып, көлеңкелі бизнес азаятын еді. Әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға ақшамыз да көбейеді.

Қазір не істеп жатырмыз? Біз салықтан ақша дұрыс түспегеннен кейін, ұлттық қорға қол салып, болашақтың ақшасын жеп жатырмыз. 2007 жылдары мұнайдың бағасы шарықтап 90 млрд жинаған едік. Қазір соның 30 млрд-ын жеп қойдық. Дәл осылай жұмсасақ, 3-4 жылда ол да бітіп қалуы мүмкін. Содан кейін не істейміз? Осыны дұрыс ойлану керек.

Сапарбай Жұбаев, экономист