Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:05, 03 Қазан 2024

Базар жоқ! Бір стақан шемішкеңіз қанша тұрады, Шаққалиев мырза?

Шаққалиев
Фото: Жас Алаш коллаж

Сауда және интеграция министрлігі сауда саласында жүрген кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа жолын тауыпты.

 Бұдан былай мемлекет сауда базарын салып, жаңғыртқысы келетін, үй жанынан дүкен ашуға ниетті және осы салада ІТ бағдарлама жасауға жоба ұсынатын кәсіпкерлерге «Даму» қоры арқылы қолдау көрсетпек.

Мысалы, сауда нысандарын облыс орталықтарында салғысы келетін кәсіпкерлерге 3 млрд теңге, моноқалаларда немесе ауылдық жерлерде базар салуды ұсынса 1,5 млрд теңге қаражат бөлінбек. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әлібековтің ойынша, осылай мемлекеттік қолдау көрсету арқылы елдегі базарларды тұтастай жаңғыртып алуға болады.

2024-2025 жылғы Жол картасына сәйкес, 115 базарды жаңғырту жоспарланған. Биыл 16 базарға жаңғырту жұмыстары жүргізіліпті. Келер жылы 99 базар қайта жөндеуден өтеді. Сөйтіп, министрлік «базарларды жаңалаймыз, осы салада жүрген кәсіп иелерін қолдаймыз, арнайы қаражат бөлеміз, экономиканы жандандырамыз, сауда саласынан түсетін табысты еселейміз» деп отыр. Алайда сала мамандарының пікірі министрлік өкілдерінің пікірімен мүлдем қабыспайды. Қазір онлайн сауда дүркіреп, халық сауда-саттықты әлеуметтік желілер мен интернет магазиндер арқылы жетік меңгерген. Осындай заманда министрлік шашылып, жаңғыртпақ болып жатқан базарларда сауда қыза қоюы неғайбыл. Бұл алдымен бюджеттің қаражатын желге ұшырып, құмға сіңгендей қылады, екіншіден, мұның артында монополистердің құдайы береді деген сөз – базар салатын ірі кәсіпкер жырғайды, әрине, оларға осындай мүмкіндік беріп, арнайы жоба жасап бергендер де құр алақан қалмайды. Иә, «базарда мың кісі бар, әркім сүйгеніне сәлем береді».

Қазір елімізде базарларының саны күн санап азайып бара жатыр. Онлайн сауда Қытайдың алып базарлары мен сауда үйлерінің өзін тығырыққа тірегені айтылып жүр. Деректерге жүгінсек, биыл Қазақстан бойынша 722 базар тіркелген, бұл былтырғы көрсеткіштен 16 пайызға аз. Оның ішінде 495 сауда базары қалалық жерде, 227-сі – ауылдық жерде орналасқан. Базарлардың ең көп саны – Түркістан облысында (115), Алматы (58) және Ақтөбе (57) облыстарында. Өңірлік бөліністе сауда орындарының ең көп саны Алматы қаласында – 24 мың орын (41 базар).

Ал енді бұған тағы қосымша базар салу, оларды кеңейту, моноқалалар мен ауылдық жерлерге базар көшін апару, дүкендер желісін көбейту бізді өркениетке жетелейтін үрдіс пе? Аты дардай сауда және интеграция министрлігінің адам күлкісін келтіретін жобасы онсыз да бюджетте ақша тапшы уақытта қаражатты желге шашудың ғажайып үлгісі болмақ. Президент Тоқаевтың өзі бюджетті үнемдеу туралы айтып жүргенде, Шаққалиевтің бұл бастамасы кері кеткеннің ісіндей көрінеді.

Күнбағысты шемішке деп тану

Стратегия және бизнесті дамыту орталығының маманы Алмас Сәлменов министрліктің бұл жобасын түсінбейтінін айтты. Себебі елде бос тұрған коммерциялық нысандардың саны жыл сайын артып келеді. Ғимараттарды жалға алатын кәсіпкерлер барынша үнемді, бюджеті көтеретін нысандарды жалға алғысы келеді. Ал ірі ғимараттарды жалға алушылар шаршы метріне «аз төлесем» дейді. Базарларға қатысты да тура осындай жағдай орын алған.

«Алматыдағы «Кенжехан», «Алтын Орда» базарларын алайықшы, қазір ондағы саудагерлерден әбден маза кетті. Базар иелерінің жыл сайын жалға алу ақысын мың құбылтуы, бір адамға сатқан сауда орнын екінші адамға қайтара сату фактілері саудагерлерді шаршатқан. Қазір сол базарда тұрған саудагерлердің кез келгені сауда жоқ екенін, кәсіптері құлдырап кеткенін айтады. Одан бөлек, азық-түлік сататын базарлар, шағын дүкен иелері де сансырап қалды. Себебі сауда министрлігі ондай нысандардың құрылысын салатын кәсіпкерлерге жеңілдік қаражат береміз десе, ол нысандарды жалға алып, тауар сатып, тұтынушыға қызмет көрсететін кәсіпкерлерді ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі салық арқылы қысады. Мысалы, қазір бизнес үшін жаппай бөлшек салығына көшу ұсынылды. Бұл салық бойынша бұған дейін айналымы 2 млрд теңгеден асатын кәсіпкерлер әр тоқсан сайын мемлекет қазынасына 2-3 пайыз ғана салық төлейтін. Енді келешекте айналымы 500 миллион теңгеден асып кетсе, кәсіпкерлер 20 пайыздық корпоративті табыс салығын төлеуге міндетті. Ойлап қарасаңыз, бір министрлік кәсіпті қолдаған болып, базар, сауда орындарын салатын ірі кәсіпкерлерге бюджеттің қаражатын «Даму» қоры арқылы жеңілдікпен береді. Ал нысандар салынып біткен соң, кәсіпкерлерді салық тұншықтырады. Мұндай әдіспен кәсіп жанданбайды. Министрліктер элитаны қолдай отырып, шағын бизнесті «қолдаған» болып көрінуді жалғастырып жатыр», – дейді А.Сәлменов.

Маман сауда және интеграция министрлігі базарларды жаңғыртып әуре болмай-ақ, әуелі елдегі дайын өнімдерді экспортқа шығару жағына мән беруі керек деп есептейді.

«Мысалы, еліміздің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2021 жылы 4,3 пайызға, 2022 жылы – 3,2 пайызға өсті. Ал былтырғы жылдың қорытындысында ЖІӨ бірден 5,1 пайызға артты. Қазақстан мұнай өндірісін арттырып, Ұлттық қор мен бюджеттен экономикаға көбірек қаржы құю арқылы ғана жансақтап, ЖІӨ-ны арттырып отыр. Мұны мойындау керек. Ет экспорты жолға қойылмаған, дайын азық-түлікті экспорттау кемшін. Бізде әлем бойынша ең сирек өсетін күнбағыс өседі. Әлемде күнбағысты өндіретін 4 мемлекет қана бар. Оларды әлемдік нарықта «маркетмейкер» деп атайды. Ал енді қараңыз, бізде күнбағыстың осы түрі өседі. Бірақ оны өндірушілерге, одан күнбағыс майын алушыларға шетелге жол ашылмаған. Сауда және интеграция министрлігі күнбағысқа экспорттық баж салығын нөлге теңестіруді неге ойламайды? Ет экспортын жолға қоюды неге қолға алмайды? Қазақтың дайын кеспесін, шұжығын, тағы басқа өнімдерін экспортқа шығару жайы неге жеңілдемейді? Азық-түлік, майлы дақылдар, тағы басқа өнім түрлерін экспортқа жіберуге бел шешіп кіріскеніміз абзал. Елдегі кәсіп иелеріне базарлар мен сауда дүкендерін салуға емес, кең нарыққа шығуына жағдай жасалуы қажет», – деп санайды А.Сәлменов.

Қайтадан базар жағалаймыз

Сәлменовтің сөзін Экономика және құқық институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызы да жоққа шығармайды. Қазір Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) өзі шикізаттық емес салада экспорттық сауданы жандандыруға қатты мән беру керектігін айтуда.

«ХВҚ ЖІӨ биыл 3,5 пайыз, 2025 жылы 4,6 пайыз ғана өседі деп болжады. Қазақстанның экономикалық өсімінің баяулауына шикізат өндірісінің төмендеуі ғана емес, сондай-ақ елге шикізаттық емес саладағы сыртқы сауда арақатынасының төмендеуі әсер етеді делінген. Қазақстанның шетелдік инвесторларды қызықтыратын екі басты саласы: шикізат (негізінен, мұнай) және сауда. Қазір көрші елдердегі геосаяси жағдайларға байланысты экспорттық өнімдердің, әсіресе азық-түлік және күнделікті тұтынатын тауарлардың жеткізілім тізбектері бұзылды. Енді осыған байланысты сауда-саттықтың жолын кеңейтетін жаһандану процесі дағдарып тұр. Мысалы, Ресейдің арзан газын ала алмай отырған Германияның өңдеу өнеркәсібі зардап шегіп отыр. Осындай жайттарды ескере отырып, біздің сауда және интеграция министрлігі ауқымды жобалармен айналыспай ма?! Өз басым, базар және дүкен желісін жаңғыртқаннан гөрі, теңіз порттары арқылы сыртқы сауданы жаңғырту, теңіз жолдармен экспортқа өнім шығаруды жетілдіруді ұсынар едім», – дейді Ж.Күнтуғанқызы.

Қазақстанда азық-түлік хабтарын құру мәселесі де қазір өзекті. Себебі елдегі азық-түлік қоймалары ескірген, сыйымдылығы аз. Басқаны қойғанда, тіпті астық сақтайтын қоймалардың өзінде астықтар шіріп, бүлініп кетеді. Элеваторлардың технологиялық қуаты төмен. Бұған қатысты Ж.Күнтуғанқызы:

«Қайбір жылы үкімет «Қазақстанды азық-түлік хабына айналдырамыз» дегенде шынымен қуанғанбыз. Осы азық-түлік хабтарында шетелге шығаратын, ішкі нарыққа шығатын өнімдер сақталады, бұзылмайды, сақтау мен сату бойынша технологиялық тұрғыда жетілген, заманауи көтерме орталықтар салынатынына үмітіміз зор болған. Бірақ Мамин үкіметі тұсында көтерілген осы мәселе әлі жүзеге асқан жоқ. Сауда және интеграция министрлігі қазір азық-түлік хабы туралы көп айта бермейді. Ал мұндай орталықтар салынса, біз өзбектерден көкөніс сұрап, қырғыздардың сүті мен ірімшігіне, айраны мен қаймағына телміріп отырмас едік. Инфляция да тұрақты болар еді. Ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сауданы жетістіре алмай отырмыз. Отандық өнімді ең соңғы дайын өнімге дейін шығаруды үйрене алмай жатып, базарларды самсатып, ол базарлар мен дүкендерге импорттық заттарды үйіп қойып, өзгенің саудасын жүргізгеннен пайда жоқ», – дейді.

Былтыр базардың түйткілінен мезі болған алматылық саудагерлер қала әкімі Ерболат Досаевқа да шағымданған. Досаев болса, базарларды жаңғырту мәселесі қала әкімінің бақылауында екенін айтып қана құтылды. Бұған Алматы қаласының прокуратурасы қаладағы «Кенжехан» базарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын қосты. «Жас Алаш» газетінің бетінде бір емес, бірнеше мәрте «Кенжехан» базарындағы саудагерлердің мұң-шағымы, талап-арызы жазылды. Ал ашық күнде базар жағалап кеткен министр Арман Шаққалиев ірі мегаполистердің өзінде мұндай келеңсіздіктер барына мән берген де жоқ. Шағын кәсіпкерлердің мұңын тыңдамайтын Шаққалиевтің арманы облыс орталықтарына, дамымай қалған ауылдарға заманауи базарлар салу екен.

Былтыр күздің басында министр болған Шаққалиевке жүктелген ең басты міндет – «халықаралық нарықтарда ұлттық экономикалық мүддені қорғау, импортпен орнықты бәсекелестікті қамтамасыз ету және отандық тауар өндірушілерді қолдау» туралы болған. Тоқсаныншы жылдардағы дағдарыста бар қазақ базар жағалап кеткенін, біраз жұрт шемішке сатып күн көргенін жиі айтамыз. Бәлкім, Шаққалиев жаңа ссарапшы айтқан сыртқа шығара алмаған күнбағысын Қазақстанның өз ішінде кәдеге жаратпақ шығар? Шемішке сатып күн көре тұрайық дегені болар? Өзге жұрт онлайн сауданы дамытып жатқанда біз сол тоқсаныншы жылдарға шегініп бара жатқан сияқтымыз. Өзге жұрт күнбағыстың жілігін шағып, майын ішіп жатқанда біз әлі күнге шемішке ретінде қарап жүрген сияқтымыз...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: