BBC Трамптан кешірім сұрап, бірақ өтемақы төлеуден бас тартты
Британдық BBC медиакорпорациясы АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзі бұрмаланып көрсетілген даулы деректі фильмге байланысты кешірім сұрады.
Алайда корпорация Трамп талап еткен қаржылай өтемақыны төлеуден үзілді-кесілді бас тартты. Бұл туралы BBC 13 қарашада таратқан ресми мәлімдемесінде хабарлады.
BBC басшысы Самир Шах Ақ үйге жолдаған хатында Трамптың 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолий ғимаратына шабуыл жасалған күні айтқан сөзін монтаждау кезінде қателіктер жіберілгенін мойындады. Осыған байланысты даулы бағдарлама BBC платформаларында қайта көрсетілмейді.
Даулы фильм қалай жасалды?
«Трамп: екінші мүмкіндік?» атты деректі фильм АҚШ-тағы 2024 жылғы президенттік сайлау алдында эфирге шыққан. Онда Трамптың 6 қаңтардағы сөзінің үш бөлігі біріктіріліп берілген. Мұндай монтаж көрермендерге Трамп өз жақтастарын наразылыққа итермелегендей әсер қалдырған.
Ақ үй бұл жағдайды «жалған ақпарат тарату» деп бағалап, Трамптың адвокаттары BBC-ді 1 миллиард долларға сотқа беретінін ескертті. Олар BBC-ден ресми түрде деректі фильмді жоққа шығару, кешірім сұрауды және өтемақы талап еткен.
BBC басшылығының отставкасы
Даудан кейін BBC-дің бас директоры Тим Дэйви және BBC News бөлімінің жетекшісі Дебора Тернесс қызметінен кететінін мәлімдеді. Дэйви өз хатында BBC-дің «мінсіз емес» екенін айтып, орын алған мәселелерге толық жауапкершілік алатынын жеткізді.
Тернесс те жағдай үшін жауапты екенін мойындағанымен, BBC News-ке қатысты партияшылдық немесе саяси біржақтылық туралы айыптауларды жоққа шығарды.