22:18, 10 Шілде 2018
Бейбіт – әлем чемпионы
Астанада елорданың 20 жылдығына орай өткізілген кәсіпқой бокс кешінде Бейбіт Шүменов әлем чемпионы атағына қайтадан қол жеткізді.
Бейбіт көзінен жарақат алып, біраз уақыт бокстан қол үзіп қалған-ды. Биыл көктемде ол кәсіпқойлар додасына қайта оралатынын мәлімдеп, Астанада үлкен баспасөз мәслихатын өткізді. Артынша, бұрын өзі иеленген WBA нұсқасы бойынша бірінші ауыр салмақта түрік боксшысы Хизни Алтынкаямен шаршы алаңға шығатыны белгілі болды. Бокс кеші Астанада ұйымдастырылып, жанкүйерлерге жақсы көңіл күй сыйлады.Бұл күні шаршы алаңға 10 отандасымыз шығып, бәрі де жеңіске жетті:Ибрагим Ескендіров (4-0, 4 КО) – Серік Әжібаев (Ресей, 0-2) – Ескендіров І раундта техникалық нокаутпен жеңді.Еділ Қожамбердиев (4-2, 4 КО) – Сергей Белошапкин (Ресей, 11-28-1, 3 КО) – Қожамбердиев ІІ раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.Миржан Рақымжанов (1-0, 1 КО) – Александр Салтыков (Ресей, 11-49-3, 6 КО) – қарсыласы І раундтан кейін жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан соң, жеңіс Рақымжановқа берілді. Миржан кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін сәтті өткізді.Уәлихан Бисенқұлов (6-0, 6 КО) – Анар Абдуллаев (Әзірбайжан, 2-3, 2 КО) – Бисенқұлов ІІ раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.Айдын Елжанов (5-1, 3 КО) – Асқар Рагимов (Әзірбайжан, 2-2, 1 КО) –Елжанов төрешілердің ортақ шешімімен жеңді.Диас Тастеміров (3-0, 3 КО) – Елвин Ахунзада (Әзірбайжан, 4-1, 2 КО) –Тастеміров ІІ раундта қарсыласын естен тандырды.Бабыржан Момынов (7-0, 6 КО) – Гиорги Блиадзе (Грузия, 7-7, 2 КО) – Момынов V раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.Айдос Ербосынұлы (7-0, 6 КО) – Исмат Ейнуллаев (Әзірбайжан, 13-1, 9 КО) – Ейнуллаев І раундтан кейін жекпе-жектен бас тартып, жеңіс Ербосынұлына берілді. Айдос WBA Asia нұсқасының чемпионы атағын жеңіп алды.Арман Рысбек (4-0, 3 КО) – Сандро Терашвили (Грузия, 4-2, 2 КО) – Рысбек І раундта-ақ үстемдік танытты, техникалық нокаут.Әли Балоев (5-0, 4 КО) – Казим Үмүдов (Әзірбайжан, 2-1, 1 КО) – қарсыласы І раундта жекпе-жектен бас тартып, Балоев жеңімпаз болып танылды. Балоев бар-жоғы 46 секундта қарсыласын таза жеңді.Бейбіт Шүменов (18-2, 12 КО) – Хизни Алтынкая (Түркия, 30-2, 17 КО) – ІХ раундтан кейін Алтынкая жарыстан бас тартты, Шүменов әлем чемпионы атағын иеленді.Шүменов қарсыласын І раундта-ақ нокдаунға түсірген-ді. Бірақ Алтынкая зор шыдам танытып, ІХ раундқа дейін жұдырықтасты. Кейін мәлім болғандай, алғашқы раундта-ақ Бейбіттің ауыр соққысынан кейін түрік боксшысының қабырғасы сыныпты. Алтынкая Шүменовтің шеберлігіне ризашылық білдірді. «Бұл тамаша кездесу болды. Мен қолымнан келгеннің бәрін көрсеттім. Бейбіт – мен осыған дейін кездескен қарсыластарымның ішіндегі ең мықтысы. Бірінші раундта-ақ ол мені нокдаунға түсіріп, қабырғамды сындырды. Ары қарай сегіз раунд бойы барымды салғанмен, Бейбітке тосқауыл қоя алмадым», – деді ол.