Бейбіт күнгі қара қағаз
ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың назарына!
Айдын күннің аманында – Отан қорғауға кетіп сарбаздарымыздың бірі ажал құшып жатса, енді бірі есінен адасып, ата-анасын танымай қалуда, ал енді бірі көрші елдің аумағында асылған күйі табылып жатыр.
Қазақстанда адам құны осыншалықты құнсыз ба? Бейбіт күнде «Отанына қызмет етеміз» деп барып, опат болып жатқан сарбаздардың сұрауы кімнен?! Өкінішке қарай баласының орнына табытын құшақтап қалған ата-аналарға тұщымды жауап беріп жатқан ешкім жоқ. Бір аптада екі рет тілге қатысты басы дауға қалған Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов болса «өкпелесең көшіп кет» деп өзі ойдан шығарып алған мақалына өзі мәз болуда. Ойланбай сөйлеп, көңілі хош жүрген министрге қарап қазақ тілін де, қазақ сарбазын да қорғай алмайтынын көз көріп отыр. Ал мұндай министр елін қорғап қарық қыла ала ма?!
Жә оны қойшы, соғыссыз-ақ, бейбіт күнде қырылып жатқан қазақ сарбаздары үшін кім жауап береді? Әр сарбаздың қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті Қорғаныс министрлігі бар кінәні сарбаздардың денсаулығына, психологиялық жай күйіне жабуда. Әскер қатарына алынғанша денсаулығы мұқият тексеріліп, сол тексеруден өтіп, саулығы 100 пайыз жарамды ретінде сарбаздыққа алынатын, тепсе темір үзетін жігіттеріміз әскерге алынған соң неге аяқ асты ажал құшады?
Кеше ғана 18 жастағы сарбаз 13 сәуірде Маңғыстаудан шақырылып, 18 сәуірде Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімінде ант қабылдамай жатып қайтыс болды. «Таңертең сапқа тұру кезінде сарбаз есінен танып қалды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Алайда ол есін жимастан қайтыс болды», – дейді ресми хабарлама. Алайда марқұмның денесін көрген туыстары соққының іздері бар екенін ашық айтып отыр. «Қалбай Әлібекті әскерге жұмыста жүрген жерінен әкетіпті. Ақыры, міне, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен азаматтың Отардан табытқа салынған мәйіті жеткізілген. Қазақ армиясының қандай күйде екенін қаңтар оқиғасында көргенбіз. Өзгеретін шығар деп едік, қазақша сөйлегісі келмейтін министрді көргенде ол үміт үзілді», – деп жазады «31» арнаның тілшісі Ерқанат Көпжасар әлеуметтік желіде. Расында да өзгерген ештеңе жоқ. Қайта күн санап кері кетіп барады. Ізінен қуалап жүріп, жұмыста отырған жерінен әскерге еріксіз жіберетін қорғаныс саласы, санаулы күннен соң сарбаздарды қайтадан табытқа салып кері қайтара бере ме?!
Осымен екі айдың ішінде Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде екінші сарбаз қайтыс болып отыр. 2 наурызда қатардағы жауынгер Ұлықбек Бердішов із-түзсіз жоғалған болатын. 10 сәуірде оның денесі Қырғызстан жерінен табылды.
Атап өтер жайт, дәл қазір жастардың әскери міндетін өтеуге қатаң қарауда. Бой тасаласаң сотталасың, қашсаң 3 миллион теңге айыппұл. Ал Отанды қорғауға барған жас жігіттердің үйіне аман-есен оралатынына еш кепілдік жоқ.
Статистикаға сенсек соңғы 10 жылда 220 әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл – жыл сайын 22 отбасы қара жамылып, қайғыдан қан жұтты деген сөз. Әлімжеттіктен сарбаздар қайтыс болып, зәбір көрсеткендері қамалып та жатыр. Соңғы жылдары үйінен ақша сұрайтын сарбаздар қатары да көбейген. Ұрып, өлімші хәлге жеткізіп, сосын асып қоя сап, өз-өзіне қол жұмсады деп те көрсетіп жатыр. Тегін берілетін әскери киімге жарымай, тозған, жыртылған киіммен жүргендері де бірнеше жыл шу болған еді. Темірдей қатаң тәртіп болуы тиіс сала неге қожырап кетті? Әскерден табытпен оралатын сарбаздар легі қашан тоқтайды?! Сап-сау сарбаздарды санаулы күннен соң табытпен қайтара беретін елді қорғауға осыдан соң кім құлшынады? Ұлын әскерге жіберген ата-аналардың барлығының дерлік қазір жаны мұрнының ұшында тұр. Өйткені қорғаныс саласына сенімі қашқан. Руслан Жақсылықов мырза, өзіңіз айтпақшы, елден мені көшіріп жіберсеңіз де мұндай әскерге мен ұлымды жібермеймін! Айтпақшы, қазақта «Ұнамаса көшіп кет» деген де мақал жоқ!
Еліміздегі өзге ұлттың итіне дейін сұрауы бар. Ал зіңгіттей жігіттеріміздің сұрауы кімнен? Сосын, әскери адам, ең алдымен, патриот болуы керек. Ал Отанды сүю тілден басталады. Руслан Жақсылықов осыны ұғыныңыз, алдымен!