Бейбіт Сарыбай. Айт күндері

Бұл – жел тұрғанда қайың-ағашы майысып жататын Белтұрған ауылы. Облыс орталығынан шалғай жатқан ауданның ең бір түкпіріндегі елдімекен болса да дүние дүрбелеңінен тыс қалған кезі жоқ.
Әлемдік деңгейде тойланып жататын мерекелер мен айтулы даталарға өз әлдерінше үлес қосып жүреді. Міне, тағы да қызу тіршілік басталып кеткен. Бұл жолы әлімсақтан келе жатқан, сүйектеріне сіңіп кеткен Құрбан айт мерекесіне дайындық үстінде.
Құрбан айттың қызығын азды-кем малы барлар қыздырып бастайды. Сатамын деп отырған бірді-екілі малын бес-он тиынға болса да қымбатырақ сатсам дейді ғой. Және күнібұрын жоспарлайды. Бірер ай бұрын «биыл Құрбан айт қай күнге тура келеді екен, білгендерің бар ма?» деп сұрастырады, тақ бір өзі құрбан шалатындай. Сондағысы малды бордақылаудың есебін сызып алу. Және үй-жайына керек-жарағын түгендеуді де сол кезге туралайды. Әйел тарапынан жасалатын «үйді сырлау керек еді, кір жуғыш машина алу керек еді» деген сынды тапсырма аралас өтініштердің бәріне байлары «Құрбан айт келсін» деп қысқа жауап береді. Сол борлап, әбден семірткен малдарын айт күндері жақындағанда қалаға жеткізудің қамына кіріседі. Өйткені ауылда ешкім мал сатып алмайды. Құрбан шалатын едім деп мал сатып алатындай қала тұрғыны емес, әркімнің қорасында бірді-екілі тұяқ тұр. Қалаға жеткізудің қамы дегенде сол нән шаһарға қатынайтын екі-ақ машина бар. Бірі – Қиястың «Камазы», екіншісі – Диастың «ЗИЛ»-ы. Сол екеуін төңіректей бастайды.
— Қай күні шығасың?
— Құрбан айт намазы уақытында қалада болатындай туралап шығамын ғой.
— Мал басын қаншадан басасың?
— Қойды екі жарым мыңнан апарамын.
— Ойпыр-май, шарықтатып жіберіпсің ғой. Таксидің өзі адам басына оншадан алмайды ғой.
— Бензиннің бағасы да шарықтап тұр емес пе.
— Өткенде ғана бұндай емес еді. Одан бері бензин көтерілмеді ғой.
— Құрбан айт күні «клиент» көп. Бәрін сыйдыра алмаймын. Біздің де бір жасап қалатынымыз сол күн. Уайымдама, сен де малыңды әлдеқайда қымбатқа сатасың.
Әйтеуір осындай кішігірім дау-шармен жүріп, Қияс пен Диастың бірімен келісімге келгендей болады. Осынша қой басамын деп тапсырып кетеді. Малын жүк көлігіне тиеп, өздері жеңіл таксиге мініп әупірімдеп қалаға тартады. Құдай жолдарын оңғарып, базарлап қайтсын.
Ол байғұстардың да дегені ылғи бола бермейді. Қайбір жылы сонша уақыт күтіп, сонша жерден барғанда мал саны тым көп, алушы аз болып, ойларындағы бағаға сата алмай қайтқан кездері де жоқ емес.
Қалаға келгенде бұларды күтіп тұрған құдасы жоқ. Алдарынан жалаңдаған алып-сатарлар шығады. Машина тоқтар-тоқтамастан қорабына секіріп мініп, «мынаншадан бер» деп бағаны жерге ұрады. Сонша жерден желпініп келгендердің желін шығармаққа тырысады.
Жаңағылар алыпсатарлардың бірі:
— Биыл мал көп, өткізе алмай, ауылдарыңа қайта алып кетесіңдер, айтпады демеңдер, – деп өктем сөйлейді.
Тіліңе теріскен шыққырдың пиғылы неткен жаман еді.
— Жоқ, өзіміз сатамыз. Көңілдеріңе рақмет. Келгеніміз қазір, қайда асығамыз? – дейді бұлар шуылдап.
— Жарайды, әр қойдың үстіне тағы екі мың теңгеден қосып берейік, – дейді бұлар жанашырлық танытқансып.
Бұлар көнбейді. Аналар өздеріңнен көріңдер дегендей болып, басқа ауылдан енді келіп жатқан тағы бір машинаның қорабына өрмелеп бара жатады. Ауылдықтар алушыны күтеді. Бастапқыда бір-екі қой өтіп те кетеді. Артынша бір-екі сағат бойы сауда жүрмей қалады. Ондайда «бағана кесірленбей аналардың айтқан бағасына бере салу керек пе еді» дегендей өкінішті ойға беріледі, есіней түсіп. Енді ала қойыңдар десе, бағанағы ұсынған бағаларынан әлдеқайда аз айтып, жынды қылатындары тағы белгілі. Базардың аты базар.
Бұл – нән қаланың тең жарымын етпен қамтитын үлкен базар. Анау тұста мал соятын арнайы орын бар. Ол жаққа енді мына ауылдықтар беттей алмайды. Жандары ауырады. Анау сойылып жатқан малға обал. Қан-жыны араласып, ми батпақ болып жатыр. Соймаққа дырылдатып сүйреп келе жатқанда өзіндей малдардың сойылып жатқан түрін көрген қойлардың маңырағанын көру сұмдық енді. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Мал ғой, әкеңнің аузын ұрайын. Қойдың да, сиырдың да ішек-қарындары аршылмаған күйі тау-тау болып үйіліп жатыр. Бас-сирақ та керексіз нәрсеге айналған. Тап-таза ысырап, Құдай кешірмес кесірлік. Алла-ай мына қалада шынымен мұқтаж адам жоқ-ау деген ойға қаласың. Мұқтаж адам болса, анау бас-сирақ, нағыз дәруменді жер саналатын ішек-қарын керексіз болып тау болып үйіліп жатар ма еді? Әлде бұл қаланың мұқтаждарының өзі тамақты талғап жейтін кірпиаз ба шетінен? Ауылда тап-таза қылып сойып, әр мүшесін шыбын қондырмастан реттейді.
Ауылдан келген адамдарға бәрі қызық. Оның үстіне іштері пысып отыр ғой. Мал алуға келгендердің жүріс-тұрыстары да бір түрлі. Әртүрлі адамдар болғанымен, бәрі де өздерін бір түрлі ұстайды. Бәрінікі де сол Құдай жолында іс қылып жүрген адамның аса маңызды кейпі. Сауап болса екен дейді ғой. Әне, апайтөс джиптен бір кісі түсіп келеді. Әр қойдың бағасын сұраған болады. Еттің келісі қаншадан, мына қой қанша келі береді, сонда бұның бағасы қаншаға шығады деп жобалай алса бір жөн екен-ау. Жоқ, әйтеуір іздеген кейіп, бағасын білмекке талпынған түр жасап алған. Арығын да, семізін де, кәрісін де, арзанын да, қымбатын да аттап өтіп келеді. «Көке-оу қаншаға қандай қой іздеп жүр едіңіз?» дейді ғой пұшайман болған мүттәйімдер. Жауап бермейді. Бұрылады да кетіп қалады. Сосын ары жүріп, бері жүріп, әйтеуір біреуіне арандайды. Алған қойынан бір де кем емесін бағана бұдан арзан бағаға алмай кеткен. Айттық қой, не іздеп жүргенін өздері де білмейді. Рас, кейбір мал танитындар бар, керек қойын ойындағы бағаға тауып, саудаласып, алып кетеді. Сойдырса, бас-сирағын да қалдырмай алып кетеді. Міне, осылардікі қабыл болсын деп тұрасың. Мал сойдырғандар Құран оқытып барып сойдырады ғой. Ондай да адам бар екен. Әрине, мешіттен келген арнайы молда емес. Фатиха мен ықыласты бір қайыра алатын қарапайым қара шал.
Әне, дәл өзіндей төрт нөкерімен бір жігіт келе жатыр. Дене бітімі мен киім киісіне қарап спортшы екені байқалатындай. Өзі найқала жүреді екен. Төртінші қоршаудан-ақ қалаған малын тапты. Нән қошқар алды. Сол жерде жүрген қасапшының бірі:
— Сойдырып аласыз ба, брат? – деді.
— Қаншадан соясың?
— Он мыңнан.
— Қымбат емес пе?
— Жоқ.
— Біз он мыңға адам өлтіріп жүрміз ғой, – деді, әзілдеген болып.
— Болды, болды, бес мыңға-ақ сойып берейін, брат, – деп анау да қалбалақтап қалды.
Сойдырардың алдында Құран оқытып алмақ болды. «Аға қайда, аға қайда» деп тағы жік-жапар болды. Атын атамай, «аға, аға» дегендеріне қарағанда Құран оқитын жалғыз адам болса керек. Бір кезде аға атанған арық шал келе жатты. Өзі де даусы жіңішке шал екен, «әғүзібилә минәш шәйтоони роджим» деп фатихадан бастап кеп жіберді. Ықыласымен қайырып барып, дұға жасады. «Өлі риза болсын, тірі байысын» деген мағынада ғой сол. Жаңағы дөкір жігіт тағы бір әзілдеген болды.
— Молдеке, құлқуалланы өзіміз де оқи аламыз, басқасынан көрмедіңіз бе? – деді.
Қасындағы нойыс нөкерлері кеңк-кеңк күлген болды. Арық шал оларға назар аудармай, дәу қараға қарап: «қабыл болсын, қабыл болсын», – деді.
— Каспийголдыңды айт, – деді нән қара.
Арық шал бір нөмірлерді тізбектеп айтып жатыр.
Ауылдықтар екінші күн дегенде алып келген малдарын сатып бітірген болды. Базар негізі айттың бірінші күнінде қызады екен. Сол күні тәуірлеу саудалап, екінші күні әкелген малдарын қайта әкетпейік деп өткен бағасына берді. Соның өзі қалыпты жағдайдан қымбатырақ болды. Есепті қорыта келгенде айлар бойы аңсағандарындай май асамаса да, шүкір дейтін жағдайда аяқтады. Баяғыда елдің бәрі бір көзден, яғни базардан ғана алатын. Қазір мына уатсап дегеннің заманында елдер сауданы сол жақта-ақ жасай береді екен. «Бәленшенің үйіне бір машина қой келді, бағасы базардағыдан арзан, сауда бар» деп жазады екен де, қашада қамалып тұрған он шақты қойдың фотосын сала салады екен. Әркім сөйтіп өзінің үйіне жақын жерден тауып алады екен.
Мал сатуға келген ауылдықтардың бәрі базарға қамалып қалды дегеніңіз де жаңсақ. Пысықтаулары бірінші күні таңда өткізіп жіберіп, қалалық туысқандарын аралап кеткен. Солардың айтысына қарағанда Құрбан айт дегеніңіз қалалықтар үшін кішігірім той екен. Әлгі сойған малдарын мұқтаж адам іздеп, таратып жатқан да көп ешкім жоқ. Тұтастай асып, дастарқанын жайып, сыйласып, араласып жүрген адамдарын шақырады екен. Олардың ішінде де қарны ашып жүрген ешкім жоқ. Бірін-бірі сыйлап, қонақ қылып жатқан жұрт. Егер шын мәнінде мұқтаж адамға бермек болса, шикідей қолдарына ұстатып жіберетін көрінеді. Соларды үйіне кіргізіп тамақтандырса сауап үстіне сауап емес пе деген ой олардың басына келді ме, келмеді ме, ол жағы анық емес. Келсе неге өйтпеске, келмесе неге келмейді деп сөзді көбейтпейік. Ол да дұрыс шығар, кім білген. Елдің жағдайының жақсарғандығы ма екен, кім білсін, бұ күнде қалада аш жатқан адам соншалық көп емес көрінеді. Әр мұқтаж отбасыға бір қойдан деген күннің өзінде артылып-ақ қалатын көрінеді.
Сойған малының етін берсек деп балалар үйіне хабарласқандарға олар да азар да безер болады екен. «Керек емес, сыйдыра алмай жатырмыз, одан да сұйық май, қант, күріш, киім-кешек түрінде көмектесіңіздерші» дейтін көрінеді. Оған құрбан шалғыштар көнбейді. «Қан шықпаса несі құрбан» дейді ғой деймін. Әлде өкіметтің жұмысын неге біз істеуіміз керек деп ерегесе ме кім білсін. Мүмкін өйтіп берген дүниемізді балалар үйінің басшылығы үйлеріне тасып кетеді деп күдіктенетін де шығар. Қысқасы, балалар үйі де Құрбан айттың алғашқы күні таңнан-ақ қарық болып қалады екен.
Қанша дегенмен – білімділері, ғалымдары, оқығандары бар ірі шаһар ғой, «Құрбан айтта малды қыра бергенше, соймақ болған қойыңның ақшасын мұқтаж жанға берсең, дәл сондай сауап аласың» дегенді айтатын адам да жоқ емес көрінеді бұл қалада. Бірақ тыңдайтындар табылмай тұрса керек. Құрбандықты ақшалай садақа қылып беретіндер де бар екен, олар ондай ізгі амалдарын көрсетпей істейтін болса керек. Солардың да сауабы еселенсін деп тілейік.
Жә, қалалықтардың ісінде неміз бар біздің, ауылымызға оралайық. Жел тұрғанда қайың-ағашы майысып жататын Белтұрған ауылы ғой өзіміздің. Жұмекеннің үйі. Осы ауылдағы өсіп-өнген ауқатты қария болғасын ауыл әкімі де, мектеп деректірі де, бәлніс бастығы да осы үйде. Найб имамды қаймана қазақтың біріне жіберіп қойып, имамның өзі де осы үйдің төрінен орын алған. Жұмекен жылдағыдай құрбан шалған. Дастарқан басында ажың-күжің әңгіме. Саясатты күнделікті соғып-ақ жүр ғой, Құрбан айт мерекесі болғасын, тақырыпқа сай болсын деп, дін төңірегінде әңгіме қылып отырған. Осы ауылдың тағы бір бақуатты шалы Әбдікерім молдаға тікелей сұрақ қойды.
— Былтыр менің жеті жылқым бірдей жоғалды. Сол бойы табылмады. Оны бірнеше адам емес, бір адамның ұрлағаны анық. Сол малымды ұрлаған ұрыға Құдайдан жете ме? – деді.
«Әрине, Құдайдан жетеді. Сенің жеті жылқыңды ұрлаған адамның желкесі қиылып, әйелі жесір, балалары жетім қалады. Ол ол ма, о дүниеге барғанда тозақтың ең бір ыстық жеріне қақталып, шыжғырылады», деген жауапты күтіп отыр ғой. Өкіметтің жазасын алмаған адамның тозақ отына шыжғырылатынын естісе жеті жылқысы тұтас табылғандай болмаса да, кемі екі-үш жылқысы оралғандай жұбанары сөзсіз еді. Бірақ молдекең ол күткендей жауап бермеді.
— Жоқ, ол ұрыға Құдайдан жетпейді, – деді.
— Е, неге? – деді түкке түсінбеген Әбдікерім.
— Ол ұрыға Құдайдан жетпейді. Өйткені сен өзің сол көп малыңнан зекет беріп пе едің, Құдай жолына деп садақа беріп пе едің? Бермегенсің. Сондықтан да жоғалып отыр. Сол жоғалған малың арамның есебінде еді, – деп салды.
Әбдікерім де ашуға булықты. Өзі тауы шағылып жүрген адамның мынандай сөз естігені қиынның қиыны екен. Шарт кетті. Әкім-пәкіміңе қарамастан:
— Әй, сен де имам-имам дегенге басқа шықпай жайыңа отыр. Құранды өзің хатқа түсіргендей сөйлейсің ғой түге, – деп салды.
Осыны айтты да дастарқаннан тұрып кетіп қалды. Жолда келе жатып расымен сол малымның жоғалғаны құрбан шалмағандығымнан емес пе екен деп ойлады. Алдынан тұрмысы төмендеу Түкен жолығып қалды.
— Әй, түс қайта үйге келіңдер, анау Байдалы, Сайдалыларға айт, Құрбан шаламын, – деп өктемдеу сөйледі.
Әбекең шалам десе шала салады. Қора толы қойы бар емес пе? Және соның көбісі қоңды. Еркек қойдың ішіндегі ең семізін атып ұрады қазір, қара да тұр.
Үйіне келген бетте кемпіріне:
— Сен дүкенге бар, оны-пұныңды алып кел, – деді.
— Е, не боп қалды? – деді, кемпірі түкке түсінбей.
— Ештеме де болған жоқ, құрбан шаламын.
— Жазған-ау, құрбан дегенді дайындықпен шалмай ма екен?
— Дайындалатын түгі жоқ. Жақсылап дастарқаныңды жаса, еттің төрттен бірін шикілей таратамыз, төрттен екісін асамыз, төрттен бірі үйде қалады, – деді.
— Е-е-е, оның жөн екен. Ақылың кірген екен. Осыған дейін шалмай келіп, биыл шала қалғаныңа қарағанда бірдеңе әсер еткен болды ғой.
— Былтырғы жоғалған жылқы сол құрбан шалмағандығымыздан. Басқа ештеңе де әсер еткен жоқ. Көп сөйлемей, дүкеніңе бар, жұмысыңа кіріс, – деді.
Кемпірі Әбдікерімге ешқашан қарсы келген емес. Шалы не айтса да жөн. Және құрбан шалуды өзі де іштей ойлап-ақ жүретін. Тек қытымыр шалына айтуға батпайтын. Мына ісіне қуанып қалды. Жұрттар құрбан шалып, қонаққа шақырғанда қысыла-қымтырыла барушы еді. Енді өзі де бір қонақ шақырып, жырғап қалатын болды. Дүкенге бара жатып, жолай кезіккен қатындарға «құрбан шалғалы жатырмыз, қолы бостарың келіңдер» деп айта жүрді.
Әбдікерім болса қолына жібін алып, қорада басы қатып тұрды. «Қайсысын сойсам екен? Анау арықтау болып қалар. Өзім бір шалғанда дұрысын сояйын. Мынау тым семіз, бұны кейін құдам келгенде соған соямын. Құрбан шалсақ, қан шықса болды емес, оның жарылып түсуі міндет те емес шығар».
Осындай ойлармен әлек болып тұрып, бір кезде қолындағы баласына орташалау ісекті нұсқады. Баласы әкесі көрсеткен қойды қорадан дырылдатып сүйреп шықты. Басын қыбылаға қаратып тұрып Құран оқып, бата қылды. Батада көп нәрсе сұрады. Тіпті қойдың іші кеуіп кетердей болды. Бір кезде бетін сипап, баласына «сой» деді. Баласы орташалау ісекті тамақтан орып жіберді. Қаны ағып болды-ау дегенде жұлындады. Қойдың денесі дір-дір етіп жатты да, бір кезде соңғы рет тұяқ серпіді. Қабыл болсын.