Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:22, 07 Шілде 2023

Бейбіт Сарыбай. Бастықтың бажасының балдызының туған күні

None
None

Әкелер мен балалар

          Әкелер мен балалар тақырыбы әлімсақтан сөз болып келе жатыр.

Алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Жақында әкелер күні мерекесі болды. Сол кезде әркім әкесі туралы жазып жатты. Ал мен әкем туралы емес, жалпы әке туралы айтқым келді. Әке мен баланың арасындағы тым нәзік қатынастар жайлы бүгінгі күн тұрғысынан қарап көрейік.

          Әке мен ана туралы сөз болғанда ардақты әке, аяулы ана деп айтылады. Енді осының сыры неде деп ойланып көрдік пе? Неге әке аяулы болмайды? Өйткені әке о бастан балаға салқын. Әкелер «мен ақша тауып жатырмын, бағып жатырмын, басқа не керек» дейді. Дұрыс. Бір отбасының барлық жауапкершілігі әкенің мойнында. Әке сол жауапкершілікті ақша табумен шектейді. Қарны тоқ, киімі көк, басқа не жетпейді деп ойлайды. Мойындасақ та, мойындамасақ та шындық – осы. Әке ананың қолына ақша ұстатады. Сол ақшаны ана жұмсайды. Балаларын ертіп жүріп. Базар аралап жүріп киімді де әперген ана, үйге тамақты тасыған да ана. Адам өсіп, жетіліп, артына бұрылып қарап, балалық шағын еске алғанда ең бір сәулелі сәттердің бәрі анамен байланысты болады екен. Базарға барып, өзіне ұнайтын киімді киіп көріп жатқан кезінде анасы тұрған жанында. Күлімсіреп. Өзіне киім алғандай қуанған жүзі әлі күнге көз алдында. Саябаққа ертіп апарып, ойнатқан да, балмұздақ әперген де ана екен. Тұңғыш белесебетін де анасы әперген. Әке сол сәттердің бәрінде қайда жүрген? Жұмыс істеп, ақша тауып жүрген. Үйге келе қалғанында балаға қарауға мұршасы болмаған. Демалып жатқан. Сөйтіп жүргенде әкелер мен балалардың арасындағы жағдай қалыптасып қалады. Көзге көрінбейтін арақашықтық пайда болады.

Әке туралы айтылғанда асқар тау деген сөз де көп айтылады. Рас. Әке шіркін шынымен тау ғой. Тау – биік, тау – салқын, тау – тәкаппар! Тауға орынсыз жақындай алмайсың. Бар болғаны арқа сүйейсің, құрметпен қарайсың. Ал ананың құшағы қашан да ашық. Сол бір қалыптасып қалған жағдай өмірдің соңына дейін жалғасады. Балаңа салқын қарасаң, кейін қартайған шағыңда балаң да саған салқындау болады. Бұл табиғи нәрсе. Оны бұзу оңай емес. Және баласының кейбір оғаш қылығына бола балаларын ұратын, таяқтайтын әкелер де жоқ. Әрине, әкем ұрды екен деп бала да әкесіне таяқ ала жүгірмейді. Өз кінәсінен таяқ жегенін біледі. Тәртіп, тәрбие үшін екенін түсінеді. Бірақ оның да арақатынасқа салқыны тиетіні сөзсіз. Төлеген Айбергеновтің өлең жолын еске түсірелік. «Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керекдесек те, Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте». Иә қажет жерінде қатыгездік те, қаталдық та керек шығар. Бірақ ол мейірімді жоғалтып жібермеу керек. Балаға әкенің қатал тәрбиесі ғана емес, ыстық ықыласы да керек екенін ұмытпайық. Фариза Оңғарсынованың әйгілі жырын қайыра бір оқып көрейік. 

Менің досым әкесін жек көреді,«Бізбен ісі жоқ оның!» – деп сөгеді.Жамандайды сыртынан, тістенеді, Бір-біріне бітпейді өкпелері.Дос тапса да адамдар, тапса да аға,Әке – жалғыз, табылмас ақшаға да.Жамандасаң әкеңді, саған әкепЖақсы әкесін бере ме басқа бала?

Осы өлеңдегі әкесін жек көретін кейіпкер қандай аянышты. Шындығы сол, әкеңді жамандағанмен біреу саған жақсы әкесін бермейді. Оның орнын сен өзің жақсы әке болып қана түзей алмақсың. Менің бір досым бар. Әкесі мен анасы бұның бала күнінде ажырасып кеткен. Сол досым: «Әкем маған өз іс-әрекетімен ешқашан да ажыраспау керек екенін түсіндіріп кетті, маған көрсеткен тәрбиесі сол» дейді.

Әке мен баланың арасындағы салқындыққа қазақы тәрбие мен мінез де әсер етеді. Әкесінің көзінше баласының бетінен сүйе алмайтын қазақпыз. Сүймек былай тұрсын, әкесінің көзінше баласын балам дей алмайтыны да шындық. Ұят көреді, ар санайды. Немересін қызғанып: «паһ, балаға жарыған екенсің ғой» деп салатын әкелер де жоқ емес.

Қартайған шағымызда өзіміз қалыптастырған тығырыққа тірелмеу үшін қазірден әрекетке көшкен жөн. Баламен бала болып ойнау керек. Театрға, киноға, саябақтарға жиі барып, алған әсермен бөлісу керек. Сол арқылы ортақ тақырып табылады. Сөйлесу, сырласу адамды жақындата түспек. Содан кейін еркелетіңіз, құшақтаңыз, сүйіңіз. Мейіріміңізді, шуағыңызды шашыңыз, сәулеңізді түсіріңіз. Қалаған затын өзіңіз сатып алып беріңіз, барғысы келетін жерге өзіңіз апарыңыз. Тауға, көлге алып шығыңыз. Кейін өскенде әсерлі шақтарын еске алғанда сол ортада болыңыз.

Жас шағыңызда, қайратты шағыңызда балаларыңыздың анасына (сүйген жарыңызға) жақсы қараңыз, сыйлаңыз. Егер сіз менсінбеген қылық танытып, тәкаппар болсаңыз, қартайған шағыңызда жалғыз қалуыңыз бек мүмкін. Бала үшін анадан аяулы кім бар.

Біз осы ойларды айтып отырғанда әкенің лайықты орнын іздеп отырмыз. Иә, әке – ардақты, әке – асқар тау. Неге аяулы емес? Оның себебін де, жолын да айтқан болдық. Әке туралы жазбаны Жарасхан ақынның әке туралы өлеңінің бір шумағымен түйіндейік.

«Әкені бар кезде бағала,

Әп-сәтте сөніп қалады от.

Әкені жоқтамас жоқ ана,

Және де жоқтамас бала жоқ».

***

Спичрайтер

Әлекең бұдан әрі шыдаудың мүмкін емес екенін түсінгендей болды. Құрсыншы, құрылысшы болып екі қолға бір күрек ұстап кетсем де мына жұмыстан құтылуым керек деп шешті. Өйтетіндей де жөні бар. Бастығы бұны әбден зәрезап қылып жіберген.

Әлекең – Әлімжан республикалық деңгейдегі әйдік мекеменің қоғаммен байланыс департаментінің қызметкері. Яғни баспасөз қызметінде қатардағы редактор. Бірде мекеме басшысы мемлекеттік маңызы бар жиында сөз сөйлемек болады. Сөйлейтін сөзін жазу керек. Бастық орынбасарына тапсырады, орынбасары департамент басшысына аманаттайды, департамент басшысы Әлекеңе артады. Әлекең алған тақырыбын мөлдіретіп, төгілдіріп тұрып жазып береді. Оқыған тоқығаны бар, қосымша ізденгені бар дегендей. Қысқасы не керек, Әлекеңнің бастықтың атынан жазған мәтіні елім дегенде елжіреп, жерім дегенде жүрегін жұлып беріп тұрған азаматтың жалынды сөзі болды да шықты. Әлгі мәтін бастыққа үлкен абырой әперді. Жоғарыдағылардың көзіне түсті. Мына не деген абыз жігіт дегендей қарағандар да болыпты. Басекесі парасат биігінде тұрып оқып-ақ берген. Сол биіктен түспеген күйі жұмысына келіп, мына мәтінді жазған адамды маған алып келіңдер дейді. Әлекең сөйтіп бастықтың алдынан бірақ шығады. Екеуі біраз сөйлеседі.

  • Ел алдына шығып сауатты сөйлеп жүрген азаматтардың әрқайсысының артында өзіңдей жігіттер тұрғаны анық. Енді сені күнделікті басы артық шаруалардың бәрінен босатамыз. Тек менің сөйлейтін сөздерім мен баяндамаларымды жазып беріп отыратын боласың. Тапсырманы тікелей өзім беремін, – дейді.

Әлекем қуана келіседі. Қуанбаған да қайтсін, әркімге бір бағынышты болып, ұсақ-түйек шаруаларға көміліп жүргенінше, бір ғана адамның шашбауын көтеріп жүре бергені жақсы емес пе. Бастапқыда жақсы еді. Айында бір-екі рет болатын ірі жиындарда сөйлейтін сөзін жазып беріп жүрді. Басекең Әлекеңді жанына отырғызып қойып, бұның жазып әкелген мәтінін оқып отырады. Кейбір тұстарында риза болып кеткенінде кішкене қомпаңдап, қозғалақтап қоятыны бар. Дүйім жұрттың алдында оқып тұрған сәті елестеп кете ме екен, кім білсін. Кей тұстарына келгенінде тоқтап қалады да, мынау не деген сөз, қандай мағына береді деп сұрап та алады. «Қаймана қазақ деген жақсы сөз ба, жаман сөз бе?» деп анықтап алатын да сәттері бар. Енді жұрт алдында ақылман көріну оңай деймісіз. Төгілдіріп сөйлеу, сол арқылы аудиторияны баурап алу, алқалаған әлеуметті тамсанта сөйлеу әбден ұнап қалса керек, бастығы абыздыққа біржола бет алды. Кейіннен мекеменің кішігірім жиналыстарында жәй ғана айта салатын сөздерін де бұған жаздырып алып, жаттап алатынды шығарды. Абыройлы қызметте отырғандықтан, Құдайдың құтты күні қонаққа барып жатады. Соның бәрінде сөйлейтін сөзін, айтатын тілегін Әлекең жазып беріп отырады. Әрине, елге елеулі азаматтардың мерейтойлары, конференциялары болса жазуға міндетті. Бірақ құданың құдасының жетпіс жасына да, бажасының балдызының туған күніне де тілек жаздыратынды шығарды. Және мекеме қаржысына қатырма қағазға жылтыр жазулармен жаздырып, оны әдемі қоңыр папкаға салдырып алатыны тағы бар. Әлекең де жалыға бастаған. Кейде осындай болмашы құттықтауларды атүсті жазып бере салады. Басекең әбден «сауатты» болып алған. Асығыс, құлықсыз жазылған құттықтауларды бірден біліп қояды. Ондайда: «кішкене солғындау сияқты, тағы бір қарашы, қара өлең қоссаң қалай болар екен, кішкене жыр тілінде жазшы» деген сынды ескертулерін жасап қоятыны бар. Өзі екі сөздің басын әрең қосады. Сөйте тұра көркем сөйлегісі келеді. Осындай қылықтарымен Әлекеңді әбден ығыр қылған. Бүгін міне сол Әлекеңнің жарылған күні болды. Автобуста келе жатқан. Ұялы телефоны шырылдап қоя берді. Бастығы екен. Жұмыс уақыты әлдеқашан аяқталған. Бұл амалсыз көтерді.

  • Қайда едің?
  • Автобустамын.
  • Түсіп қалшы.
  • Қазір алдағы аялдамадан түсейін.
  • Бірден хабарлас

Әлекең автобустан түсіп, аялдаманың сәкісіне жайғасып, қолына қағаз- қаламын алды. Бастығына телефон толғады.

  • Алло, түстің бе?
  • Иә, айта беріңіз.
  • Кіші бажамның досы бар еді. Дастарқандас болып жүріп мен де досы болып кеттім. Бүгін сол жігіттің туған күні екен. Үйіне шақырып жатыр. Соған бір жақсылап тілек жазып жіберші. Бір-екі шумақ өлең қосып.
  • Қаншаға толып жатыр екен? Мерейтой ма?
  • Жо-о-қ, мерейтой емес болу керек. Жәй туған күн ғой. Үйінде «узкий кругта» атап өтпек екен.
  • Жәй туған күн болса, жәй сөйлей берсеңізші енді.
  • Енді сол жәй ғана жазып бер. Уатсапқа. Қысқа қылып. Енді ел алдында жүргесін ерекше сөз күтеді ғой, білесің. Мамандығы – нологовик. Как раз біздің районда...

Әлекең телефон тұтқасын тастай салды. Жәй ғана қоя салды. Боқтағысы келген. Бірақ оған сабыры жібермеді. Сабыры жібермеді дегеннен гөрі, батылы бармады дегеніміз дұрыс шығар. Ертең не боларын ойлаған жоқ. Ойлағысы да келмеді. Бірақ өзін біртүрлі жеңіл сезінді. Неге адамдар сондай болады екен?

Ол уатсабындағы бастығына жіберген хабарламаларды тазалап отырып жиіркеніп кетті. Құдай-ау кімге не жазбаған десеңші. Немере қарындасының мектеп бітіргеніне де, тағы бір туысының диплом алғанына да құттықтау тілек жазған екен-ау.

***

Тығырықтан шығар жол

Алматы, Астана сынды үлкен қалалардағы ең басты қиындықтың бірі – жолдардағы кептеліс. Таңғы уақыт пен кешкі мезгілде пайда болатын кептеліс мәселесін шешу еш мүмкін еместей көрінеді. Өйткені о бастағы салынған тар жолдардың бойына ескілі-жаңалы үйлерді бір-біріне мінгестіріп тұрғызып тастаған. Оларды бұзу дүниенің шығыны.

Жә, жарайды, Алматы кеңес кезіндегі ескі жоспармен салынған қала. Кеңес өкіметі қазақтар байымайды, олардың әрбір он отбасына бір көліктен мінгізсек разы, сол есеппен алғанда мына жолдар молынан жетеді деп ойлады. Оның үстіне, қазақтың бірді-екілі оқығандары болмаса, басқаларын орақ пен балғаға тәуелді қылып, ауылдарда ұстаймыз деген. Қайдағы. Тәңірі жарылқап, тәуелсіздік ала қалдық емес пе? Содан қазақ біткен даланы тастай қашып, тас қалаға қамалып алдық. Шетімізден жат та кеп байыдық. Баяғы он отбасына бір машина дегеніңіз жайына қалды. Бір отбасыға екі машинадан келді. Және бес жүз мыңға есептелген қалаңызда кемі екі млн халық тұрады. Соның барлығы ескілі-жаңалы көліктерін мініп шыққанда, қаланың тынысы тарылып қалады. Сөйтіп, Алматының жайы белгілі болды дедік. Бұл қаланың жолдары кеңестік идеологияның тар шеңберінің кесірінен тарылып қалды дедік. Ал енді Астананың жолдары неге тар? Бұл қала тәуелсіз қазақтың, егемен елдің өзі салған қала емес пе еді? Және есімізді жиып, етегімізді жаба бастаған жылдарда салып бастадық емес пе? Ол кезде атқамінген қазақтың ұрпақтары бір-бірден темір тұлпар тізгіндеп үлгерген еді ғой. Қаланы жоспарлаған адамдар: «ойпыр-ай, мынау бауырларымыздың қарқыны жаман емес, едел-жедел байып бара жатыр, жолдарымыз тарылып қалмас па екен» деп неге ойламады екен деймін ғой.

Әлімсақтан жолдарды қантамырға теңеп келеміз. Кептелістің кезіндегі көшені қаны ұйып қалған қантамырға теңеуге болатын шығар. Тамырдағы қаны ұйып қалған қаланы қан қысымы көтеріліп тұрған адамға ұқсатар едім. Бұл өте қауіпті. Енді осыны шешудің жолы бар ма дерсіз. Бар. Бұл мәселені кім шешеді дерсіз тағы да. Мен айтар едім Оқу-ағарту министрлігі шешеді деп. Әрине, сіз күтпеген жауап. Түсінбей отырсыз. «Неге Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі емес, неге «ҚазАвтоЖол» емес, неге ғана қайдағы бір жолға дым қатысы жоқ министрлік шешеді, ол қалай шешпек» деп заңды сұрақ қоясыз.

Сізді де түсінемін. Мені де түсініңіз. Мен білгесін айтамын. Таңда жол бойында кептеліп тұрған көліктердің есігін ашып көрер ме едіңіз? Әрбір бес көліктің төртеуінің ішінен оқушыны көрер едіңіз. Яғни анау көліктердің бестен төрті оқушы тасып бара жатыр. Қалаға, жақсы мектепке. Өздері тұратын жердегі мектепке, оның білім сапасына көңілі толмаған ата-аналар балаларын қаланың арғы басынан бергі басына сабылып тасып жүр. Баласының болашағы үшін. Енді деймін ғой, Оқу-ағарту министрлігі барлық мектептердегі білім сапасын біркелкі қыла алса, бір мектептен екінші мектептің жорғасы жоқ болса, бағанағы айтқан бес машинаның төртеуі босқа сабылмай, үйінде тыныш жатпай ма? Елестетіп көріңіз, жол бойында бес жүз көлік емес, жүз ғана көлік кетіп бара жатса. Айтпағым бұл ғана емес, бір мәселе төңірегінде бірнеше министрлік бірігу керек. Сонда бәрінің шешімі табылады…            

              

Тегтер: