Бейбіт Сарыбай. Марстан безу

Таңда қорқынышты түс көріп жатып бастырылып ояндым. Көрген түсіңді түнде айтпа деген тәмсіл бар.
Сол себепті бұл түсімді күндіз жазып отырмын. Алда-жалда осы жазбаға түн мезгілінде көзіңіз түсіп кетсе, бірден жаба қойыңыз. Таңның атқанын күтіңіз. Оқи қалған болсаңыз, жақсылыққа жорыңыз. Мүлде жорымағаныңыз дұрыс. Лайым жақсылық болсын. Сонымен таңда көрген түсімді айтайын.
Қараңғы түн екен деймін. Ғарыш. Жарқыраған миллиондаған жұлдыздардың арасымен қараңғыны қақ тіліп, зымырап ұшып бара жатырмыз. Аспан әлеміндегі жұлдыздардың біздің жердегі «жұлдыздардан» әлдеқайда көп екенін бұрын да білетінмін. Енді олардың тым үлкен екенін көріп келемін. Самолет екені де, ракета екені де білгісіз бір нәрсе бізді ұшырып барады. Біз деп отырғанымнан-ақ байқаған боларсыз, мен жалғыз емеспін. Кемі жүз қаралы адам. Әртүрлі ұлт өкілдері. Не екені белгісіз дегенім де сол, самолет дейін десем ғарыштық жылдамдықпен тік көтеріліп барады; ракета дейін десем, ракетаға мұнша көп адам сыймайды. Әлгі Құдайдан басқаның бәрімен ойнап болған Илон Маск деген миллиардердің ойлап тапқан бірдеңесі болар. Бір кезде барып қонғандай болды. Қонған бетте бірнеше адам орындарынан тұра салып, есікке қарай жүгірді. Әп бәрекелді, мыналар не де болса қазақстандықтар шығар-ау деп ойладым. Біздікілер самолет әуежайға қонар-қонбастан есікке тұра ұмтылушы еді ғой. Шүкір, жалғыз емес екенмін деп топшыладым.
Не екені әлі де белгісіз көліктің ішінде бәрімізге бір-бір тақия таратты. Біздің қонған жеріміз, қонған жеріміз деп қоямын, қонған планетамыз Марс екен. Мына тақия сол Марстағы жағдайдың өзгешелігіне ыңғайластырып тігілген екен. Бұлсыз күн кешу мүмкін емес көрінеді. «Шешкен бетте өлесіңдер» деді. «Деді» демекші, бізге осының бәрін бір тілде түсіндіріп жатыр. Ол тілді өмірі естіп көрмеген екем. Ағылшын, испан, жапон, кәріс, қытай тілдерінің ешқайсысы емес. Бұрын естіп көрмеген бір тіл әйтеуір. Бірақ бәрі де сол тілді түсінеді. Мен де түсініп отырмын. Соған қарағанда сол тілде сөйлей де алатын сияқтымын. Бірақ әлі сөйлейтіндей жағдай туа қойған жоқ. Бізді бастап барған адам сол тілдің марс тілі екенін айтып жатты. Енді ол тілді сіздер түсінбейтін болғандықтан не дегенін қазақша айтып беріп отырайын.
Біздің жол бастаушымыз: – Бұл – Марс. Бұл жерде бір ғана тіл бар. Барлық ұлт бір тілде ғана сөйлейді, – деді.
Мен іштей қатты қуандым. Қазақ тілінің болашағы бар ма, жоқ па деп уайымдамайтын болдым деп қуанған шығармын. Орыс тілінің қолданылмайтынына шаттандым ба екен, кім білсін. Ағылшын тілін оқу керек еді деп бас қатырмайтынымды да қаперге алған болармын.
Жол бастаушымыз әңгімесін жалғады.
— Марста да жердегідей әр мемлекет өз орнында орналасады. Бірақ жердегіден екі есе көлемде кіші болады. Өйткені марс – жер планетасынан екі есе кіші, – деп түсіндіріп жатты.
Бағана қуанып едім, мына сөзінен кейін көңілім түсіңкіреп кетті. Тағы да сол орыс пен қытай көршім болатын болды ма? Мейлі, «үйреніскен дұшпан» ғой, өмір сүріп кетерміз. Дегенмен анау еуропалықтармен көрші отырсақ жаман болмас едік-ау. Мен өз ойыммен болып кеткенде көшбасшымыз әлі сөйлеп тұр екен.
— Марс жерден екі есе кіші болғанымен, салмағы жағынан он есе жеңіл. Сол себепті әр мемлекетте қанша халық тұрса, соның оннан бірін әкеле аламыз. Бұның өзі бірте-бірте іске асырылады, – деді.
Мырс етіп күліп жіберіппін. «Бірте-бірте» дегені біздің үкіметті еске салады екен. Біздің үкімет те үлкен бір дүниені бастап, елді разы қылып, «әрі қарай бірте-бірте іске асырылады» деп, аяғын сиыррқұйымшақтатып, бірте-бірте жоқ қылып жіберетін еді. Мыналар да сөйтіп аяқсыз қалдырып жүрмесе етті дедім. Жә, жарайды, бұл жердегі Қазақстанға берілетін квота екі миллион (халықтың оннан бірі) екен. Кімдерді әкеледі, қандай критерилермен таңдайды? Өңшең мен секілді қолынан түк келмейтін ит жалқауларды әкелетін болса, аяулы мемлекетімнің мұндағы болашағы не болмақ? Менің қолымнан келетіні – тіл үшін күрес еді. Оның өзін қарық қылмайтынмын. Бұл жерде тіл үшін күрес деген әңгіме жоқ. Мен не істеймін, басқалар не істейді? Шіркін, қолынан іс келетін нағыз патриоттарды ғана әкелетін болса ғой. Жемқор, жебірлердің бірі де келмесе. Құрсын тағы да өз қиялыммен кетіппін. Жол бастаушымыз әлі сөйлеп тұр.
— Сіздердің де салмақтарыңыз екі есе төмен. Жетпіс келі адам бұл жерде отыз бес келіге жетер-жетпес қана салмақ тартады.
Мен өз ойыммен тағы лағып кеттім. Гүлзипаш жеңгем Марсқа ілікті ме екен, ілікпесе алдағы уақытта ілігер ме екен деген ойға берілдім. Шіркін, мұнда келген болса, келер болса, өзін бақытты сезінер ме еді. Өйткені оның бар арманы салмақ тастау. Өзінің толықтығын жек көреді. Арықтайын десе дәрмені жетпейді. Дәрмені жетпегенде біріншіден аузын тыя алмайды, екіншіден жаттығу жасауға сұмдық ерінеді. Мына жерге келіп сексен келі тартатын нән денесі, қырық келіге жетпей қалса қатты қуанар еді-ау. Өзін бақытты сезінуі де кәдік. Бірақ салмақ азайғанымен, дене бітімің сол қалпы қалатын сияқты. Мұны мен өз тұрқыма қарап айтып отырмын. Салмағым азайған да болар, әлі өлшеніп көрмедім. Бірақ можантопай түрімде бір өзгеріс жоқ. Гүлзипаш та салмағы аз көрсетілгенімен, талдырмаш бола қоймас. Кескен шөлкедей қалпында қала береді-ау. Бірақ мына жақта ол асап-асап жерліктей қамыр ауқат, макарон, кәртөшке дегендер атымен жоқ. Шіркін, елу екі жыл өмірінде бір рет тамақтан тыйылар еді-ау. Мен лағып отырғанда негізгі әңгіме жалғасып жатыр екен.
— Бұл жерде ер мен әйелдің құшақтасуына тыйым салынады. Құшақтасып қойғандар бірден жерге қуылады, – деді.
Жұмақ па не деппін кекесінді үнмен. Шында құрсын, Адам ата мен Хауананың қуылғанындай айтты өзі. Ал мынау Марсың жұмақтан көрі тозаққа келіңкірейді. Күні анау 30 градус ыстық, түні мынау 60 градус суық. Өзен болып аққан шарабы да, қаптаған һор қызы да жоқ. Өзіміз сынды жерден келген қыз-келіншектер. Олардың өзін құшақтауға тыйым салып отыр.
— Құшақтасуға болмайтын себебін айтайын. Жерде адам мөлшерден тыс көбейіп кетті. Оның бәрі де сол ер мен әйелдің құшақтасуынан болды. Құшақтасқасын сүйісіп қояды, сүйісіп қойғасын көбейіп кетеді. Ал бұл жерде, яғни марста көбеюге болмайды.
— Ең құрымаса біздегідей бір балаға рұқсат етілмей ме? – деп сөзді бөлді, сығыр қара. Қытайлық екен.
— Жоқ! – деп кесіп айтты жол бастаушы.
Не керек, жол бастаушымыз көп нәрсе айтты. Мен әр нәрсе айтқан сайын жоғарыдағыдай өз ойыммен лағып кетіп, бірін ұғып, бірін ұқпадым. Әйтеуір басымызға кигізген телпегі ыстықтан да, суықтан да қорғайды екен. Анау бір ағаштың тамырына ұқсас нәрсе тамағымыз екен. Соны жеп жүре береді екенбіз. Кейін бұл жерде де үйлер, зауыттар мен фабрикалар салынып, өркендейтін көрінеді. Өздерінің айтыстарына қарағанда бірте-бірте...
Бізге дейін де біраз адам жеткізіліпті. Олар өз мемлекеттеріне тиесілі территорияларын іздеп кеткен көрінеді. Бізді де бетімізге қоя берді. Бұл жерде отбасылы ешкім жоқ. Әрқайысысы әр жақтан кездейсоқ алына салған адамдар. Ішінде тұрмыс құрмаған қыздар да, үйленбеген жігіттер де, мен сынды жер планетасында отбасылы болғандар да бар. Мен айналамнан таныс адам іздей бастадым. Қазірше ешкім кезікпеді. Қазақ-ау, қазақ болмаса да қазақстандық-ау дегендер де жоқ емес. Қазірше ешкіммен тіл табыспадым. Жол бастаушыдан «Қазақстан қай жақта?» – деп сұрадым. «Былай қарай жүре бер» деп, бір жақты нұсқағандай болды. Кеудемдегі отаншылдық сезімім өрекпіп, сол нұсқаған жаққа қарай жүріп бердім.
Ақтабан шұбырындыны көзбен көрмедік. Дегенмен әдебиеттен оқығанымыз бар. Мынау шұбаған елді сол шұбырындыға ұқсаттым. Бәрі де көңілсіз сияқты көрінді. Жарқ еткен бірі жоқ. Олар да сол өз мемлекеттерін бетке алып бара жатса керек. Мен де үнсіз ілбіп келемін. Қалада қаңғып кеткен кездерімде үйдегілер не болып жатыр екен деп уайымдаушы едім, енді жердегілердің жәйі не болып жатыр екен деп ойлап келемін. Жол қысқарсын деп алдымда келе жатқан талдырмаш қызға жақындап, тіл қаттым. Марс тілінде.
— Сізбен танысуға бола ма?
— Болады дейік.
— Атыңыз кім?
— Эй-Ча.
— Ол қандай мағына береді?
— Махаббат пен күлкі.
— Атыңызға лайық екенсіз.
— Енді ғана танысып тұрмыз, оны қайдан білдіңіз?
— Сіздің көзіңізден мен махаббаттан басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Және жүзіңізге жиірек күлкі үйірілетін сияқты.
— Оныңыз рас, көңілді жүргенді ұнатамын.
— Мен де.
— Сіздің атыңыз қалай?
— Бақыт
— Ол қандай мағына береді?
— Арманына жеткен, көңілді, мұңсыз дегенді. Қысқасын айтқанда, бұл да күлкі және махаббат деген сөз.
— Жақсы екен, – деді жылы жымиып. Күлгені қандай жарасымды. Күлдіре бергің келеді екен.
— Сізді аттас десем бола ма?
— Аттас екеніміз рас болса, дей қойыңыз, дегеніңіз болсын.
— Айтпақшы, сіз Оңтүстік Кореядансыз ба, Солтүстік Кореядансыз ба?
— Әрине, оңтүстіктенмін. Солтүстік Кореяның басқа планета түгілі басқа мемлекеттермен де байланысы жоқ екенін сіз білетін боларсыз?..
— Білуін білемін ғой. Бірақ мыналар бас-көзге қарамай, мемлекетіңнің ұстанған саясатымен санаспай, әкетіп жатқан сияқты ғой.
— Онысын білмедім.
— Корейлер туралы екі түрлі аңыз бар. Бірі – ұлттың жейтін тамағына қатысты, екіншісі – тікелей қыздарына, қыздарының жаратылысындағы табиғи ерекшелікке байланысты.
— Біріншісі – рас, екіншісі – өтірік.
— Өзім де солай ойлайтынмын.
Эй-Ча өте әдемі ғана емес, соншалықты білімді, мәдениетті қыз болып шықты. Екеуміздің әңгімеміз жарасты. Мен оған ақын екенімді айттым. Ол өз өлеңдеріңізден оқып беріңізші деді. Мен Мұқағали, Тұманбайлардың өлеңдерін бірінен кейін бірін өз атымнан жатқа соқтым. Өз өлеңдерімді оқуыма да болар еді, Эй-Чаның көңілінен шықпай қала ма деп қорықтым. Менің өлеңдерім ретінде оқылған Мұқағали мен Тұманбайдың махаббат лирикалары Эй-Чаның көңілінен шықты. «Осының бәрі үлкен сезімнен туғаны анық, сүйгеніңізге қосылдыңыз ба?» деп сұрады. Жырдан қызық қылып айтып бердім. Жерде жүргенде елпілдеп, желпілдеп кететінім бар еді, сол қылығым марста да қалмады. Еліргенім соншалық суырып салып та шығара беремін дедім. Эй-Ча күліп: «Осы айтқандарыңыз рас болса маған бір өлең шығарып көріңізші», – деді. Мендей төкпе ақынға сол да сөз бе, ойланған, толғанған кейіп танытып, аз-кем үнсіз қалдым. Өлең құрастырып жатқандай қылық таныттым. Бір кезде жүзіне қарап тұрып Мұқағалидың әйгілі өлеңін жатқа оқи жөнелдім.
«Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман», – деп бастадым да өлеңді тұтас оқыдым.
Бұрын Мұқағали осы өлеңді қандай сұлуға арнады екен деп жиі ойлайтынмын. Дәл осы Эй-Чадай қызға арнағаны белгілі болды. Мына өлең бас-аяғы тұтас Эй-Чаға арналғандай. Әр жолы түгілі, әр сөзі Эй-Чаның сұлулығын суреттеп тұр. Жоқ, бұл өлеңді әлдеқашан бір аруға арнап Мұқағали жазбаған. Мен жазып отырмын. Осы қазір. Эй-Чаға арнап. «Қарлығаштың қанатындай қап-қара қас-кірпігі, шоқтанған шиедей еріндері, ақ жібек пен мақтадай үлбіреген жүзі, шыбық пен талдай толықсыған тұла бойы», бәрі-бәрі осы өлеңнің өзіне ғана лайық екенін айтып тұр.
Эй-Ча тебіреніп кетті. Көзіне жас алды. Біз ұзақ жол жүрдік. Әр мемлекетке тиесілі жерлерден өттік. Шекаралар бөлінгенімен, әлі шегенделмеген, тікен темірлі сымдармен қоршалмаған екен. Қай мемлекеттің тұсынан өтіп бара жатқаныңды нақты білмейсің. Біз ара-тұра отырып демаламыз. Тамырға ұқсас қорегімізді жейміз. Бір кезде ұйықтамақ болып қатар жаттық. Мен ұзақ жүрістен шаршасам керек, бірден ұйықтап бара жатыр екенмін. Кәріс қыздың ауырсынған, жаны қиналған даусынан оянып кеттім. Қарасам ұйықтап бара жатқанында басындағы телпегі шешіліңкіреп қалыпты. Енді бір аунаса тіпті басынан түсіп қалардай. Ал ол қалпақты шешуге болмайтыны қатаң тапсырылған. Ол бұл жердің атмосферасына арнайы жасалған. Өйткені марста атмосфера қысымының өте жоғары болғандығынан, адам бірден өліп кетеді. Мен бірден Эй-Чаның басына арнайы қалпағын кигіздім. Ол бірден еркін тыныстады. Шошып оянып, көзіме жәудірей қарады. Не болғанын түсінгендей болды. Рақмет айтты. Мен енді оны ажалдан аман алып қалған адам есебіндемін. Ол өзін қарыз сезінгендей.
— Мен енді сізден қалмаймын, сіздің еліңізге барамын, – деді.
Бұл, әрине, мен үшін қуанышты жәйт. Ешкімді танымайтын марста сырласыңның, досыңның болғаны жақсы емес пе? Бірақ мен оған Қазақстанды соншалықты керемет қылып суреттеп қойғанмын. Бұрынырақта бір жігіттің сұлтаны отбасылық жағдайына (кедейлігіне) байланысты өзіне қарап тұрған, өзін сүйіп тұрған әдемі қыздан бас тартыпты деуші еді. Жұпыны тірлігін ойлап, өзін қор сезінгісі келмеген шығар. Менікі де соған ұқсас жағдай болып тұр. Марстағы Қазақстанымның жағдайын көрсеткім келмеді. Білемін ғой, тынымсыз кәрістер бұл жақта да дамудың даңғыл жолына түсіп алған шығар. Біздікілер сол баяғы жердегідей «тірліктерін» жасап жатқан шығар деп ойладым. Мүмкін, басқаша болар… Бұл жаққа кілең Қазақстаным дегендер келіп, жан сүйсінерлік қам жасап жатқан да болар-ау. Мен не де болса бара көрейік деп шештім. Бірнеше тәулік жүрдік.
Бір күні таң ата бір жерге келдік. Басқа жақтағыдай тас қашап, кірпіш қалап жатқан адам байқалмайды. Әр жерде бірді-екілі адамдар жиналып алып әңгіме-дүкен құрып отырғандай болды. Жандарына жақындамағасын олардың өздерінің кім екені түгілі, ұлтын да айыра алмайсың. Қараң-құраң еткен нобайларын ғана байқайсың.
Бір кезде жерге қағылған тақтайшаны көрдім. «Жер сатылады. Жер телімдерінің құжаттарын заңдастырамыз» деп жазып қойыпты. Жері несі, сатылғаны несі? Марс қой. Бірден сатуды бастап кеткен бе? Қайдағы құжат, қалай заңдастырмақ? Әй, пысықтар-ай. Көңілім қалды.
Эй-Чаға «қайтайықшы» дедім.
«Қайда?» деп сұрады.
Расымен қайда? Қайда қайтпақпыз? Қай жерге бармақпыз? Ғарыштық жылдамдықпен оның да жауабы миыма сарт ете қалды. Жерге!
— Жерге, жерге қайтайық, – дедім.
— Қалай? – деді.
— Білесің бе, біз Марсқа келгенде жолбастаушы сүйісіп қойған қыз бен жігіт бұл жерден қуылады, жерге қайтарамыз деген?
— Иә, есімде. Ол рас па?
— Көрейік.
— Мейліңіз.
Мен оны құшақтадым. Мұқағали жырлағандай еріндерінен өптім.
Ол сезімге беріліп, шашымнан сипамақ болғанда қолы басымдағы арнайы тігілген телпекке тиіп кетіп, телпек жерге түсіп кетті. Алуға дәрменім жетпеді. Кәріс қыздың құшағынан босау мүмкін еместей. Алмайын десем тынысым тарылып барады. Енді төрт-бес секундта демім біржола үзілердей. Қайран өмір.
Бастырылып жатып оянып кеттім. Шүкір. Бұл жәй ғана қорқынышты түс. Оқи қалған болсаңыз, жақсылыққа жорыңыз.