Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:53

Bek Air ісі: Қайтыс болған ұшқыштарды кінәлі етуге асықпаңыздар

Эйр
Фото: БАҚ

Вице-премьер Қанат Бозымбаев 2019 жылдың желтоқсанында болған Bek Air ұшағының апатына қатысты өтіп жатқан сот процесіне пікір білдірді. 

Оның айтуынша, бұл іске қатысы бар адамдар қаншалықты ықпалды болса да, әділдік салтанат құруы тиіс.

«Егер бұл қайғылы оқиға артында беделді адамдар тұрса да, бұл әділ сотқа кедергі болмауы керек. Қайтыс болғандардың туыстары өтемақы алуы қажет, ал апаттың себептері ашық әрі әділ түрде айтылуы тиіс», - деді Бозымбаев.

Ол сондай-ақ асығыс тұжырым жасамауға және барлық жауапкершілікті қаза тапқан ұшқыштардың мойнына артып қоймауға шақырды. Бұл мәселеде соңғы шешімді авиациялық сараптама мен сот айтуы керек екенін ескертті.

– Бұл тек ұшқыштардың кінәсі болуы міндетті емес. Соңғы нүктені тергеу қоюы керек. Бұл апатта көптеген адам қаза тапты, - деді Бозымбаев.

Айта кетейік, апаттан кейін жүргізілген техникалық реконструкция кезінде ұшақтың жерден көтерілгені, алайда кенет крен пайда болғаны анықталды. Пилот шұғыл түрде ұшақты қайта қондыруға тырысқанымен, шассиді шығара алмаған. Ұшақ ғимаратпен соқтығысқанда жылдамдығы сағатына шамамен 126 шақырым болған.

Апат болған рейсте 98 адам болған. Олардың 12-сі қаза тауып, ондаған жолаушы әртүрлі жарақат алған. Қазір бұл іске қатысты сот ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабы – "Әуе көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, адам өліміне әкеп соққан" бойынша жүргізіліп жатыр. Ұшақ апатында көз жұмған ұшқыштар ресми түрде айыпталушы деп танылған.

Қазіргі уақытта іс Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында қаралып жатыр. Егер апатқа қаза тапқан ұшқыштар кінәлі деп танылса, олардың туыстары өтемақы төлеуі мүмкін.

Журналистерге сот залына тек бесінші отырыстан кейін ғана қатысуға рұқсат берілген.