Бекболат Тұрсынжанов: С.Бердіқұловтың туысы «Халық жауының балалары» атанып өстік

Мен 1934 жылы Алматы облысы Ақтөбе колхозы Шу ауданында Тұрысжан Ақшаловтың отбасында туылыппын.
Сейдағаңнан бір жас кішімін. Әкем Совет өкіметі орнағаннан бастап түрлі лауазымды жұмыстар істепті. Кейіннен, 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы «халық жауы» деп атылыпты. Ал Сейдахметтің әкесі Бердіқұл да 1937 жылы ұсталып, атылды. Оған дейін колхоз директоры сияқты жұмыстарды істепті.
Сейдахмет екеуміз бала кезімізден бірге өстік. Қарақыстақ ауылында көрші көшеде тұрдық. Сейдекеңдер Сүйінбай атындағы көшеде, біз Мир көшесінде. Екі көшенің арасы тым жақын, үйлеріміздің төбесі көрініп тұратын. Екеуміз бір-бірімізге өте жақын болдық. Мұның себебі екеуміз де «халық жауының балалары» атандық. Кейбір кісілер бізді шеттететін, іш тартып араласудан именетін, үйімізге де бас сұқпайтын. Біз бала болсақ та бұл сөздерден сескенетінбіз, беталды бір жерлерге барудан қорқатынбыз. Сондықтан да екі отбасы бір-бірімізбен ғана жақын араласып тұрдық.
Бала кезімізде, әкем Ақшал күнде таңертең есіктің алдына су сеуіп, айнадай етіп тазалап қоятын. Ауылдың балалары сол араға жиналып, асық, дойбы ойнап, улап-шулап жататынбыз. Ондайда Сейдахмет те келеді, аз уақыт бізбен бірге ойнайды. Біраздан кейін ойын балаларынан шеттеп, анадай жердегі көтеріңкі тастың үстіне отырып алып кітап оқуға кіріседі. Біз оған: «Апыр-ау мынадай қалың кітапты қай кезде оқып тауысады?» – деп таңғалатынбыз. Секең шынымен де бала кезінен кітапқа үйір болды.
Мектепті де үздік оқыды. Мінезі бірбеткей қырыс еді. Кейде сәл жаңылып, мүдіріп қалған мұғалімдердің қатесін түзеп, бірден орнына қоятын. Кім болса да бетің, жүзің демейтін. Осы мінезіне бола мектептен шығарылып, Қаскелеңге барып, кешкі мектептен оқыды. Кейін университетке де өз білімінің, қабілетінің арқасында түсті. Ешкім «халық жауының баласын» басынан сипап, жақсылық жасаған жоқ.
Бала кезіміздегі бір оқиға есіме түсіп отыр. Онда кешкісін өріске кеткен сиырдың алдынан шығамыз, ауылға кіре берістен қайырмақтап, үйімізге қарай айдап кетеміз. Бірде күнделікті әдет бойынша сиырдың алдынан шықтық, жауын жауып тұрған, біраздан соң күшейе бастады. Содан бір үйдің шатырын қалқалап тұра қалдық. Сиыр әлі келмеген кез. Кенет Сейдахмет: «Мен бүгін шешеме қатты ренжідім», – деді. «Не болып қалды?» – деп едім: «Жұмыс істемедің» деп ұрса берді» – деді. Сөйтсек оқиға былай болыпты. Біздің ауылда темекі өседі, әйелдер негізінен соның әртүрлі шаруасын істейді. Темекінің ірі, ақшаға жарайтын жапырақтарын басқалар алып, Сейдахметтің шешесіне ұсақ жапырақтарды жіпке тізуді беретін көрінеді. Сейдекең бұған намыстанып, жұмысқа бармай қойыпты, шешесі оған қатты ренжіп, ұрысқан екен. Сейдахмет әлі түтігіп, түнеріп тұр, шатырдан сорғалаған жаңбыр тамшыларынан көз алмайды. Сәлден соң дауысы дірілдеп: «Шіркін самолетім болса, дәл қазір-ақ жер дүниені шарлап ұшып кетер едім», – деді тістеніп. Енді ойласам, сонда «самолетпен ұшсам» дегенді құдай аузына салған сияқты, кейіннен бүкіл жер әлемді аралап, армансыз ұшты.
Оқу бітірген соң Сейдахмет журналист болды. Мен әртүрлі партиялық, басшылық жұмыстарды істедім. Біз ол кезде де етене араласып тұрдық. Жиын-тойда үнемі бірге болатынбыз. Басшылық жұмыста, ел алдында жүргеннен болар, барған жерімізде жұртшылық кейде мені танып, қолпаштап, төрге сүйрейтін, ондайда мен Сейдахметті оздыратынмын. Бұған ол да қуанып қалатын. Мінезі бала кезінен тік дедім ғой, сол қалпынан өмір бойы айныған жоқ, бірдеңе көңіліне ұнамай қалса, шарт ете түсетін, бірақ ашуы тез қайтатын, аздан соң жұмсарып, жымиып сала беретін.
Сейдахмет сондай-ақ талантты, талапты жастарға үнемі көмектесіп тұратын. Жамбыл ауданының хатшысы кезім еді, бірде Сейдекең хат жазып жіберіпті, онда: «Қанипа Бұғыбаева деген ақын қыз өте талантты. Қазір үйсіз-күйсіз сәл қиналып жүр екен, соған қол ұшын соза аласың ба?» – депті. Мен о кісінің өтінішін жерде қалдырмайтынмын. Бұл мәселені де оңды шешіп бердім.
Сейдекең бір уақыт ауырып жүрді, бірақ онысын көп ешкімге білдіргісі келмеді. Сондай бір күндерде көңілін сұрап бардым, ауруының жанына батқаны білініп тұр, жүдеп қалыпты. Мені көрген бойда сөйлей жөнелді: «Ал Бекболат менің де көрер жарығым таусылған көрінеді. Екеуміз бала кезден бірге өстік. Әкелеріміз «халық жауы» атанды, кейіннен ақталды, оған да шүкір, енді «халық жауының баласы» емеспіз. Өмір деген осы екен. Өзің білесің, менде көп бала жоқ. Бір қыз, екі ұл. Заңғар жақында ғана әскерден келді. Іштей қорқып жүруші едім, сол жақта жазым бола ма деп, оған да шүкір» деді. «Заңғар жазым бола ма деп қорықтым» дегенінің мәнісі былай. Желтоқсан оқиғасының күйіп тұрған шағы. Кезекті жиналыстың бірінде Мәскеуден келген шенеунік Соломенцев қазақтарға зекіп, қолын шошайтып сөйлеген көрінеді, сонда Сейдекең: «Бәленің бәрін шығарып жүрген сендердің осы сұқ саусақтарың, біз ешқашан ұлтшыл болған жоқпыз» депті. Оның бұл сөзінен сонда отырғандардың біразы тіксініп қалыпты. Кейіннен Сейдахметтің өзі де сәл қорқыңқырап жүрді. Әсіресе әскердегі ұлынан қатты алаңдады.
Енді бір айтайын дегенім – Сейдахметтің опалылығы, жарына деген бауырмалдығы. Әйелі Күлетай аяқасты ауырып, бір қол, бір аяғынан жан кетіп жүре алмай қалды, сөйлеуі де қиындай түсті. Сонда Сейдекеңнің бір рет қабақ шытқанын, қынжылғанын көрмедім. 4 этажға арқалап шығып, арқалап түсіп, бәйек болып жүрді. Тіпті той-томалақтарға дейін қалдырмай ертіп баратын. Біз жеңгеміздің денсаулығына алаңдайтынбыз. Сөйтсек, алдымен Сейдекең кетті, 4 жылдан соң Күлетай да қайтыс болды.