Бектеновтің ұлттық қордан қымбат ұлттық жоспары
Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірледік деп атой салып жатыр.
Енді Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт бағытты құрайды. Энергетика, көлік, су шаруашылығы және цифрлық инфрақұрылымдарды дамытам деп жүрген Бектенов үкіметінің жоспары да ерен. Ұлттық инфрақұрылым жоспары бойынша 200-ден астам жоба жүзеге асып, оларға алдағы бес жылда 40 трлн теңге инвестиция салынбақ.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде бұл жоспар бойынша 17 жоба жүзеге асып жатыр. 2024 жылы 770 млрд теңге осы жобаларға бағытталыпты. Жоба бойынша қазір елде теміржол құрылыстары жүргізіліп, «Достық-Мойынты» жолы басталған, сондай-ақ «Мақтаарал – Дарбаза», «Аягөз – Бақты» теміржолдары салынады. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, бұл жобаның іске асырылуы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі арттырады.
Министрліктің берген дерегіне сүйенсек, Қазақстан үшін биылдың өзінде аталған жоспар жемісін бере бастаған. Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылған. Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандыру үшін Қазақстан қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтқан. Бұдан бөлек, биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталған, оның «7 мың шақырымы жыл соңына дейін аяқталады» деп отыр. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) тұрақты өсіп келеді.
Бір сөзбен айтқанда, үкімет Ұлттық инфрақұрылым жоспарының биылдан бастап жүзеге аса бастағанына және жоспардың ойдағыдай атқарылып жатқанына елді сендіргісі келеді.
Жылдар мен бағдарламалар
Негізінде, бізде бұған дейін ұлттық атау берілген инфрақұрылымдық жоспар болған жоқ. Ұлттық жоба, ұлттық жоспар деген термин соңғы екі жылдан бері қолданысымызға ене бастады. Бұған дейін елімізде мұндай жобалар мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асатын. Мәселен, 1998 жылдан бері қаншама мемлекеттік бағдарламаларды «жүзеге асырдық»! Қазір олардың нәтижесі өз алдына, тіпті қайсыбір бағдарламалардың атауы да жадымыздан өшіп қалған. Мәселен, сол 1998 жылы ең алғаш «Халық денсаулығы» атты бағдарлама қабылдаппыз. Бағдарламаның үш жылға арналған бюджеті 57 млрд теңге болыпты. Бағдарламаны орындауға жауапты сол кездегі білім, мәдениет және денсаулық министрі болған. 1999 жылдары бұл министрлікті Қырымбек Көшербаев басқарды. Бағдарламаның мақсаты халықтың денсаулығын жақсарту, сапалы медициналық инфрақұрылымға қол жеткізу болды. Әттеген-айы, үш жылдан кейін қорытындылағанда бұл бағдарламаның нәтижесі анау айтқандай болмады. Мемлекеттік бағдарлама медицинадағы маман тапшылығын шеше алмады, саладағы инфрақұрылымдық және техникалық базаның 70 пайызы ескірген құрал-жабдықтардан арылмаған күйінше қала берді. Ақыры 2002-2005 жылдар аралығында қазақстандық медицинаның сапасын, инфрақұрылымын дамытатын тағы төрт бағдарлама қосылды. Олардан да нәтиже шыға қоймаған соң 2021 жылы үкімет «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы бойынша жұмыс істей бастады. Алайда медицина саласындағы түйткілдер мен түйіндердің күрмеуі әлі шешілген жоқ.
Сол тәрізді «жалпы Қазақстанның инфрақұрылымдық жүйесін жақсартамыз» деп те бірнеше бағдарлама қабылдадық. Мәселен, 2012 жылы үкімет «алдымен моноқалалардың инфрақұрылымын дамытып аламыз» деп жоспар құрды. Бұл бағдарламаның бастапқы бюджеті 141 млрд теңгені құрады. Республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылған бағдарламаның мақсаты шағын қалалардың инфрақұрылымын арттырып, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын шешу болған. Бағдарламаны әзірлеген сол кездегі экономикалық даму және сауда министрлігі еді. Бұл министрліктің тізгінін ол кезде Бақытжан Сағынтаев ұстап тұрған. Үш жылдан соң бұл бағдарлама да орта жолда қаңтарылды. Есеп комитетінің бағалауынша, үш жыл ішінде бағдарламада көрсетілген 18 тармақтың алтауы ғана орындалған. Бағдарлама бойынша іске асыруға бағытталған қаражаттың 16 пайызы ғана тиімді жұмсалыпты.
Үкімет 2015 жылы елдің инфрақұрылымын арттыру мақсатында тағы бір ауқымды бағдарлама қабылдады. Ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы болды. Бұл бағдарламаның бастапқы бюджеті 7,7 трлн теңгені құраған. Бағдарламаны орындау үшін Ұлттық қордан, жергілікті бюджеттен, халықаралық қаржы институттарынан, ұлттық компаниялар мен даму институттарынан және жекелеген инвесторлардан қаражат тартылған. Экономика ғылымдарының докторы, профессоры Жаңабай Алдабергенов осыған орай сауалымызға:
«Бұл бағдарламаның негізгі мәні мынадай болды. 2014 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуі, мұнайға деген сыртқы сұраныстың әлсіреуі біздің экономиканы дағдартты. Нарықта теңгерімсіз жағдай туындады. Осы тұста үкімет «Нұрлы жолы» инфрақұрылымдық дамыту бағдарламасын ойлап тапты. Бағдарламаны үкіметке сол кездегі экономика министрі ұсынды. Ол кезде министрлікті Ерболат Досаев басқарды. Жоспар бойынша сол кезде де көлік инфрақұрылымын жетілдіріп, халықаралық қатынастарды реттеу, транзиттік әлеуетімізді көтеру керек болатын. Тіпті «2019 жылы базалық инфрақұрылым сапасы бойынша Бүкіләлемдік экономикалық форум рейтингінде 57-орынға шығамыз» деген сөздер де айтылды. Нәтижесінде ондай көрсеткішке жете алмадық. Бағдарламаның үш жылдық орындалу барысын тексерген аудиторлар оның тікелей нәтиже көрсеткіштері көзделген іс-шаралармен байланысы жоқтығын, мақсатты индикаторлар дұрыс әзірленбегенін және басқа мемлекеттік бағдарламаларда жекелеген міндеттердің қайталанатынын мәлімдеді. Бағдарлама аясында көлік инфрақұрылымын дамыту өндіріс көлемі мен компаниялардың табысына айтарлықтай әсер еткенімен, жұмыспен қамтуға ешқандай әсер етпеген. Осыған қарамастан, 2020 жылы үкіметті Асқар Мамин басқарып тұрған кезде «Бағдарламаның 2020-2025 жылдарға арналған екінші кезеңі жүзеге асырылуы керек» деген қаулыға қол қойды. Қазіргі күнге дейін бағдарламаның екінші кезеңін жүзеге асырып жатырмыз. Ұмытпасам, бұл аралықтардағы бағдарламаның қаржыландыру көлемі 5,5 трлн теңгені құрайды.
Қаншама триллиондарды жұмсап, инфрақұрылымды дамытқымыз келді. Бірақ әлі күнге дейін бұл сала дамыған жоқ. Соның бір дәлелі – былтыр қыс басталмай жатып тұтас Екібастұз жылусыз қалды. Сол кезде үкімет «елдегі Жылу электр орталықтарының инфрақұрылымдық базасы 80 пайызға тозған» деп ақталды. Бұдан бөлек, электр желілерінің 80 пайызы тағы тозған. Тозығы жеткен жолдардың қашан жаңаратыны белгісіз. Сонда әлгіндей бағдарламалар мен Ұлттық жобаларды қабылдаудың не мәні бар? Бұрын 7 трлн теңге жұмсалса, енді 40 трлн теңгеге жеткізбек. Қазір мен мұндай сөздерге қарап, «Құдайды күлдіргің келсе, үкіметтің жоспарын айт» деген сөзді еріксіз еске аламын. Үкіметтің кейбір жоспары еріксіз езу тартқызады», – деген пікір айтты.
Шенеуніктер кетеді, проблема қалады
Экономика саласының кәнігі маманы, академик Оразәлі Сәбденнің ойынша, үкімет алдағы уақытта жүзеге асыратын 205 жобаға 40 трлн теңге қаражатты қайдан алатынын нақты айту керек. Қазір негізгі сауал – осы.
«Биылғы бюджетті бекіткенде үкімет басшысы «2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын жасарда 32 трлн теңгеге өтініштер келіп түсті, біз қолымызда 15 трлн теңгеге қарап, жұмысты ұйымдастырдық» деді. Енді 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды жүзеге асыру үшін 40 трлн теңге қаражат қажет. Бұл қаражатты үкімет қайдан алады?! Бірінші, осы мәселе халыққа ашық айтылуы керек. Себебі бұған дейін де инфрақұрылымдық даму жоспарлары бірнеше мәрте қабылданды. 2001 жылдан бастап инфрақұрылымды, индустрияны дамытатын бағдарламалармен жұмыс істей бастадық. Бірақ олардың нәтижесі жоқтың қасы. Ең қызығы, электр желілерінің, ЖЭО-ның жағдайын жақсартамыз деп былтыр энергетика министрлігі «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасын ойлап тапты. Мұның нәтижесінде коммуналдық тарифтер қымбаттады. Қазір халық сол қымбат тарифпен коммуналдық төлемдерді төлеп жүр.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында триллиондаған қаражат кетеді. Ақыр соңында инвестиция орнына тарифті де көтерейік деген идеялар айтылады да, салмақ халықтың қалтасына түседі. Бөлінген қаржының сұрауы болуы қажет. Әрбір министрлік, әрбір үкімет, тіпті басқа қызметке ауысып кетсе де, басшылықта болған кезеңінде орындауы тиіс бағдарламаға жауап беруі тиіс. Бізде шенеуніктер ауысып жүре береді. Ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Бір орында отырып, келесі орынға жылыстап кете бергеннен кейін «сұрауы жоқ ақша» дейтін болар, әйтеуір бөлінген қаражат «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатады. Бұған дейінгі премьерлер мен министрлер қаншама жобаларды, бағдарламаларды ұсынды?! Бірақ олардың бірде-біреуі жауапкершілікке тартылған жоқ. Бағдарламалар мен жобаларға бөлінетін қаражат бюджеттің және Ұлттық қордың қаражаты. Ол халықтың ақшасы болғандықтан, ашық есеп берілуі керек. Үкімет келешекте мына жүзеге асырғалы отырған 205 жобаның есебін беріп, нақты қанша сома жұмсалғанын, енді қаншасы жұмсалатынын, оның қаншасы бюджеттен, қаншасы Ұлттық қордан алынатынын, жекелеген инвесторлар қанша қаражат құятынын «Ашық» платформасында жариялап отыруы қажет», – дейді экономист Оразәлі Сәбден.
Қазір елде үкімет жоспарлап отырғандай, тек төрт сала ғана инфрақұрылымдық тозуға ұшырап отырған жоқ. Елдегі көлік, энергетика, сумен жабдықтау, цифрлық инфрақұрылымнан басқа, Тұрғын үй шаруашылығы инфрақұрылымының да тозығы жеткен, медицина саласының да инфрақұрылымы сын көтермейді. Білім саласында да инфрақұрылымдық деңгей төмен. Елде тозығы жеткен мектептер мен ауруханалар жетіп артылады. Үкіметтің «Жайлы мектеп», «100 аурухана, 100 мектеп» жобасы да ескіден арылта алған жоқ. Тіпті жаңадан салынған мектептер мен ауруханалардың сылағы түсіп, қабырғасы қақырап жатқанының да куәсі болып жүрміз. Сол тәрізді Тұрғын үй саласында да «жаңа үй салайын» десе инфрақұрылым кедергі жасайды. Көптеген елді мекендерде көгілдір отын, электр энергиясы, сумен жабдықтау, жол мәселесі әлі шешілген жоқ. Соған қарамастан, өз күшімен жер алып, ол жерге әупірімдеп үй салып, жарық пен суды да өз ақшасына кіргізіп, өзі тұратын көшелерінің жолына қалтасынан ақша шығарып, тас төсетіп, инфрақұрылымды өзі жасап алып жатқан бір ел.
Ал биыл салықты да дұрыс жинай алмаған, қазынаны да дұрыс толтыра алмаған Бектенов (биылғы бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге) анау-мынау емес, 40 трлн теңге (76 млрд доллар) тұратын ұлттық жоспар ұсынып, рекорд жаңартып жатыр. Бұл ақшаны қайдан алады? Кімнен сұрайды? Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткіземіз деп жүргенде мұндай ірі соманы атап отырғанына қарағанда бір сенгені, бір сүйенгені бар сияқты. Болмаса, 2029 жылға дейін кім бар, кім жоқ деген үміт...
Дегенмен «кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді», қанша дегенмен ұлттық жоспар ғой, бір мәнісі болар...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ