Бекзат Құлшар, ақын: Тақпақты чат chatgpt-ден емес, балалар басылымынан іздесе...
Таным тақпақтан басталады. Ғылым дәлелдеген, зерттеулер көрсеткен артықшылықтарын түгендеуге кіріссек, есебіне жетіп болмаймыз. Әйтеуір, көп.
Ең көрнеу дегендері – баланың есте сақтау қабілетін арттырады, ойлау жүйесін дамытады, тіл байлығын молайтады. Бастысы, тақпақ арқылы балада бейнелі ойлау қалыптасып, дүниетанымы кеңейе түседі. Бірақ бүгінгі балабақшада айтылатын өлең шумақтарын естігенде «мынауың тақпақ па әлде шатпақ па?» деп аңтарылып қалатынымыз жасырын емес. Балабақша тәрбиешілері, бастауыш сынып мұғалімдері тақпақты чат джипитиден немесе интернеттен емес, балалар басылымынан іздесе дейміз...
Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам болса, зүбәржат тасы – бала. Оның көңіл күмбезіне баса-көктеп кірмей, таным табалдырығын әдеппен аттау керек. Осы тұрғыда ересектер мен балалар арасындағы түсіністік маңызды орын алады. Орайлы тұста мына бір оқиғаның ойымызға оралып отырғаны.
– Балақай, өскенде кім болғың келеді? – дейді ойын білгісі келген бір ересек.
– Бақытты болғым келеді.
– Сен сұрағымды түсінбей қалдың-ау...
– Кешіріңіз, сіз жауапты түсінбей қалдыңыз-ау, – дейді әлгі бала.
Мысқыл сұраққа берілген мықты жауап кез келген ақыл иесін ойландырып тастайды. Расында, балаға бақыттан артық ештеңе керек емес. Оны түсіне білу керек. Тақпақ жаттамады деп баланы айыптаудың қажеті жоқ. Жаттата алмаған, қызықтыра алмаған үлкендердің өзі кінәлі...
Керемет жетістік ретінде жарнамаланып жатқанымен ютубтағы мультфильмдер де, бейне ойындар да ақыл қоспайды, қиялды байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды. Бұрын да, қазір де баланың интеллектуалдық өресін көтеретін жыр-тақпақ, жаңылтпаш, ертегілер. Әрине, олардың мазмұны заманына қарай өзгеруі керек. Балалар өздері естіп-көріп жүрген дүниелерді жеңіл қабылдайды, тез жаттайды. Ерен ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің айтқаны бар. «Менің ертегілерім балаларға емес, негізінен ересектерге арналған. Сондықтан ертегіні ересектер де оқыса ғой» дейді. Ендеше, балаларға арналған бір тақпақ оқып берейін сіздерге.
Супер жігіт
Қонақ келсе аңсаған,
«Ассалау» деп жар салам.
Сүлгіні іліп иыққа,
Құманменен қарсы алам.
Қысылмаймын, саспаймын,
Салт-дәстүрден қашпаймын.
Қолға суды құюды,
Үлкендерден бастаймын.
«Өсе берсін өркенің!»
«Жарқын болсын ертеңің!»
Деген тілек-батаны,
Алмаймын ба мен тегін?!
Құрметтейтін қонағын,
Қарапайым баламын.
Су құйып-ақ күні ертең
Супер жігіт боламын!