Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:18

Бельгиядан бір ұпай алсаң да олжа

1
Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 15 қараша күні елордадағы «Астана Аренада» Бельгиямен кездесті. Бұл біздің құрама үшін 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы соңғы матч болатын. Қазақстандық футболшылар әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндігінен ертерек айырылған.

Бірақ бұл нәтижеге қазіргі бас бапкер Талғат Байсуфиновті кінәлай алмаймыз. Ол құрама тізгінін қазан айының басында ғана бас бапкердің міндетін атқарушы ретінде ұстаған. Қазанда Байсуфиновтің басшылығымен өткен екі кездесу көпшіліктің көңілінен шықты. Команданың ойын мәнері де, нәтижесі де жақсарды. Лихтенштейнді ойсырата ұтып (4:0), Солтүстік Македониямен тең түсті (1:1). Осыдан кейін Талғат Маруаұлы құраманы қарашадағы екі ойынға да дайындайтыны белгілі болған. Оның бірі Бельгияға қарсы әлем чемпионатына іріктеу матчы болса, екіншісі, Фарер аралдарына қарсы жолдастық кездесу болатын.

Бельгия құрамасы Қазақстанмен ойын алдында айқын фаворит саналған. Әрине, ФИФА рейтингінде 8-сатыда тұрған команда 115-орындағы командамен кездессе, кім фаворит екені талас тудырмаса керек. Бірақ ойын барысы мен нәтижесі мұны жоққа шығарып отыр. Қазақстан құрамасы құрамы Еуропаның үздік клубтарында ойнайтын мықты футболшылардан жасақталған алпауыт Бельгияға қарсы лайықты деңгейде өнер көрсетіп, 1:1 есебімен тең түсті.

Ойын қарқынды басталды. Қазақстан құрамасы қарсыластың атағынан қаймықпай, сенімді түрде шабуылға шықты. Сондай сәттердің бірінде Ғалымжан Кенжебек сол қапталдан Бельгия қорғаушыларынан сытылып өтіп, қақпаның алыс бұрышына допты шиыра тепкен, соққыны қарсылас қақпашысы асқан шеберлікпен қайтарып тастады.

Талғат Байсуфинов шәкірттері мұнымен тоқтап қалған жоқ. Тоғызыншы минутта есеп ашты. Алаңның орта тұсында қарсылас қателігін пайдаланып, допты тартып алған 17 жастағы жас шабуылшы Дастан Сәтбаев 50 метр қашықтықты жүгіріп өтіп, жанасалай жүгірген қорғаушылардың аяғының астынан қақпаның жақын бұрышын дәл көздеді. Есеп – 1:0!

Бұл Еуропаның «қызыл сойқаны» атанған Бельгия футболшыларына ұнаған жоқ. Тайлы-тұяғымен шабуылға ұмтылған. Бірақ бірінші таймда есепті теңестіре алмады. Шабуылға бірде қорғаушылар тосқауыл болса, енді бірде қақпашы Темірлан Анарбеков шеберлік танытты. Бұл кезде алаң иелері түгел қорғаныста жатты деуден аулақпыз. Шабуыл шебіндегі шеберлеріміз Бельгия қорғаушыларын жұмыссыз қалдырған жоқ, қарымта шабуылдарға иек артып, қарсылас қорғанысын жиі мазалап отырды.

Екінші тайм қонақтар үшін сәтті басталды. Ойынның 48-минутында оң қапталдан асырылған пасқа команда капитаны Ханс Ванакен бірінші жетіп, баспен гол соқты. Осы тұста қорғаушыларымыз қырағылықты бір сәтке жоғалтып, қарсылас ойыншысын қараусыз қалдырып қойды. Ұзын бойы Ванакен тосын шабуылға тамаша нүкте қойып, есепті 1:1-ге жеткізді.

Қазақстан қақпашысы Анарбеков екінші таймда да өте сенімді ойнағанын айта кеткен жөн. Ол бірнеше мәрте қауіпті соққыны қайтарып, көзге түсті. Сондай-ақ біздің жігіттердің шабуылы бірінші таймға қарағанда әлдеқайда бәсең болғанын мойындауымыз қажет. Аздап жарақаты бар Дастан Сәтбаев пен бірінші таймда көп жүгіріп, шаршаңқырап қалған Ғалымжан Кенжебек алаңнан кеткен соң команданың шабуыл шебі әлсіреп қалғандай көрінді. Бұған Бельгия құрамасының тактиканы өзгертіп, өз алаңында пас алмаспай, агрессивті түрде шабуылдай бастағаны да әсер етті. Біздің құрама қорғаныста көбірек жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Ең өкініштісі, кездесудің 79-минутында Қазақстан құрамасы 10 адаммен қалды. Ислам Чесноков қарсылас шабуылшысы Жереми Докуге қарсы дөрекі ойнағаны үшін қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бірақ бұл жерде сары қағазбен шектелуге де болар еді. Литвалық төреші Донатас Румшас «Манчестер Сити» ойыншысының атағынан сескенді ме, әлде Бельгия ойыншыларының наразылығынан қаймықты ма, Чесноковты қатаң жазалауға бел буды.

Он адаммен қалған Қазақстан құрамасы үшін тең нәтижені сақтап қалудың өзі қиынға соқты. Шабуыл мүлде сиреп кетті. Соған қарамастан, матч нәтижесі төрешінің соңғы ысқырығына дейін өзгерген жоқ. Бұл жерде ойыншылардың жанкештілігінен бөлек, қақпашы Темірлан Анарбековтің шеберлігі үлкен рөл ойнады. Анарбеков бұл матчта 8 сейв жасап, Sofascore нұсқасы бойынша 8,4 ұпай еншіледі. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан құрамасынан Рамазан Оразов (7,2), Әлібек Қасым (7,2), Нұралы Әліп (7,0) және Ғалымжан Кенжебек (7,0) үздік нәтиже көрсетті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Бельгия футболшыларының мерзімінен бұрын әлем чемпионатына жолдама алсақ деген арманын жүзеге асырмады. Олар жолдама тағдырын 19 қарашада Лихтенштейнге қарсы матчта шешеді. Ал Байсуфинов шәкірттері 18 қарашада Хорватияда Фарер аралдарымен жолдастық кездесу өткізеді.

Әлем чемпионатына іріктеу. J тобы. 8-тур

Қазақстан – Бельгия – 1:1

Гол соққандар: Сәтбаев 9 – Ванакен 48

Ескерту алғандар: Тапалов 29, Сәтбаев 46, Қайыров 69, Байсуфинов 78, Анарбеков 84 – Онана 40

Алаңнан қуылды: Чесноков 79

Қазақстан: Темірлан Анарбеков (Қ), Ян Вороговский, Әлібек Қасым, Нұрәлі Әліп (К), Бағдат Қайыров,​ Еркін Тапалов (Георгий Жуков 90+2), Рамазан Оразов (Дамир Қасаболат 90+1), Максим Самородов (Дінмұхамед Қараман 80) – Ғалымжан Кенжебек (Арсен Әшірбек 57), Ислам Чесноков, Дастан Сәтбаев (Иван Свиридов 56).

Қосалқы құрам: Мұхаммеджан Сейсен (Қ), Бекхан Шайзада (Қ), Сұлтанбек Астанов, Сергей Малый, Наурызбек Жагоров, Элхан Астанов, Дәурен Жумат.

Жанкүйерлер нәтижеден бөлек команда ойынына сән кіргенін айтып жүр. Байсуфинов бұрынғы 5 қорғаушы жүйесінен бас тартып, классикалық 4-3-3 тактикасына бет бұрды. Бұл қадамның оң нәтиже бергенін сырт алаңда өткен Солтүстік Македонияға қарсы матчта байқадық. Біздің жігіттер бірінші таймда жақсы шабуылдап, алаң иелерін әбден тықсырды. Тіпті жергілікті жанкүйерлер «біздің құрама Бразилиямен ойнап жатқандай қорғанды» деп наразылық танытты.

Сондай-ақ жаңа бапкер футболшылармен жақсы тіл табысып, жастарға мүмкіндік берді. Оның «дарынды ойыншылар қосалқы құрамда отырмауы керек» деген сөзі көңілден шығады. Жаттықтырушы сол сөзінде тұрып, кіл жастарға сенім артып, шабуыл шебін күшейткенін байқап отырмыз. Бұрынғы бапкерлердей қорғаныста жатып алмағаны жанкүйер қауымға ұнағаны анық. Бельгиямен ойында тіпті 4-2-3-1 тактикасын таңдап, алаңға төрт бірдей шабуылшы шығарды. Мұның үлкен тәуекел екені айтпаса да түсінікті жағдай. Әлем футболындағы алпауыт құрамаға қарсы ашық ойын стилін таңдағаны үшін жанкүйер қауым дән риза.

Талғат Байсуфинов кездесуден кейін ұлттық құрамадағы жұмысын жалғастырғысы келетінін айтты. Ал жанкүйерлер мен мамандар Маруаұлына мүмкіндік беру керек деп санайды. Кем дегенде алдағы Ұлттар лигасы маусымы мен Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Байсуфиновке сенім арту керек шығар. Бұл бапкер құрама тізгінін бұған дейін 2 рет ұстаған. Екеуінде де жарты жолда жұмысынан айырылды. Бірақ екі кезекте де нәтижесі нашар болған жоқ. Тіпті Қазақстан құрамасының ФИФА рейтингіндегі ең үздік көрсеткішін осы отандық маман тіркеген. Құрама миллиондап жалақы алатын шетелдік бапкерлер тұсында емес, Байсуфинов кезінде рейтингте үздік жүздікке енді.

Сәтбаевтың рекорды. Бельгиямен ойында жас шабуылшы Дастан ұлттық құрама сапындағы дебюттік голын соқты. Сәтбаев гол соққан сәтте 17 жастан 3 ай, 3 күн асқан екен. Яғни, ол Қазақстан ұлттық құрамасы сапында гол соққан ең жас ойыншы атанып отыр. Бұл атақ бұған дейін Еркебұлан Сейдахметке тиесілі болған. Ол 2018 жылы 18 жастан жаңа асқан шағында Венгрия қақпасын дәл көздеген.

Қазақстан құрамасы сапында гол соққан ең жас футболшылар:

Дастан Сәтбаев – 17 жас, 3 ай, 3 күн

2025 жылы 15 қараша. Қазақстан – Бельгия (1:1);

Еркебұлан Сейдахмет – 18 жас, 1 ай, 19 күн

2018 жылы 23 наурыз. Венгрия – Қазақстан (2:3);

Сергей Хижниченко – 18 жас, 1 ай, 23 күн

2009 жыл 9 қыркүйек. Молдова – Қазақстан (1:3);

Руслан Балтиев – 19 жас, 4 күн

1997 жыл 20 қыркүйек. Қазақстан – Өзбекстан (1:1);

Бахтиер Зайнутдинов – 19 жас, 11 ай, 21 күн

2018 жылы 23 наурыз. Венгрия – Қазақстан (2:3);

Жамбыл Көкеев – 20 жас, 21 күн

2008 жылы 11 қазан. Англия – Қазақстан (5:1);

Оралхан Өміртаев – 20 жас, 4 ай, 3 күн

2018 жылы 19 қараша. Грузия – Қазақстан (2:1);

Максим Самородов – 20 жас, 8 ай, 22 күн

2023 жылы 23 наурыз. Қазақстан – Словения (1:2).

Сондай-ақ Дастан Сәтбаев 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде гол соққан ең жас футболшылар тізіміне енді. Қазақстандық жас жұлдыз бұл тізімде үшінші орында тұр.

Кендри Пайес (Эквадор) – 16 жас, 5 ай;

Улафала Сонгаси (Тонга) – 17 жас, 1 ай;

Дастан Сәтбаев (Қазақстан) – 17 жас, 3 ай.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңін қалай өткізді?

Осылайша, Қазақстан құрамасы тағы бір іріктеу циклін сәтсіз аяқтады. Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейнмен бірге J тобында бақ сынаған біздің жігіттер 8 матчта 8 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 4-сатыға тұрақтады. ФИФА рейтингінде 204-орында тұрған Лихтенштейн құрамасынан ғана оза алдық. Біздің топта Бельгия бірінші орын алатын шығар. Олардың еншісінде қазір 15 ұпай бар, соңғы турда өз алаңында Лихтенштейнді жеңу аса қиындық туғыза қоймас. Ал әлем чемпионаты жолдамасына таласуға қосымша мүмкіндік екінші орынға Солтүстік Македония мен Уэльс таласады. Екі құрама да 13 ұпай жинаған. Олар соңғы турда өзара кездесіп, кім мықтыны анықтайды.

Біз сөз басында сүреңсіз нәтижеге қазіргі бапкер Байсуфиновті айыптай алмаймыз деген едік. Өйткені алғашқы 5 матчта құраманы Әли Әлиев жаттықтырған. Оның тұсында құрамамыз 5 ойында небәрі 3 ұпай еншіледі. Ал Байсуфинов, керісінше, 3 матчта 5 ұпай жинады. Жалпы нәтиже мынадай болды: Әлиев Уэльстен екі мәрте (1:3 және 0:1) жеңіліп, Астанада Солтүстік Македонияға 0:1 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ сырт алаңда Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай ұтылды. Лихтенштейнді ғана жеңе алды (2:0). Ал Байсуфинов келген соң құрама 3 ойын қатарынан ұпай еншіледі. Елордада Лихтенштейнді (4:0) талқандаған соң сырт алаңда Солтүстік Македониямен (1:1) ұпай бөлісті. Ал соңғы турда Бельгиямен тең түсіп отыр (1:1).

Ең қызығы, біздің құрама 8 ойында 9 гол соқса, соның алтауы Байсуфинов кезінде соғылыпты. Ал Әлиев тізгін ұстаған 5 матчта қарсылас қақпасын небәрі 3 мәрте ғана тура көздеген екенбіз. Сондай-ақ өз қақпамызға енген 13 голдың екеуі Байсуфинов тұсында, қалған 11-і – Әлиев кезінде соғылған. Осы статистиканың өзі қос маманның жұмысына анық баға беріп тұрғандай.

Биылғы топ Қазақстан құрамасы үшін үлкен мүмкіндік болған еді. Топ фавориті Бельгиядан басқа қарсыластан ұпай еншілеуге әбден болатын. Тіпті сол Бельгияның өзі бұрынғыдай азулы емес. «Алтын құрамы» кетіп, буын алмасып жатқан тұс. Өкініштісі, Қазақстан футбол федерациясының қате қадамы құраманы үлкен мүмкіндіктен айырды. Жанкүйер көкейінде Байсуфиновті жыл басында шақырғанда нәтиже қалай болар еді деген сұрақ қалды...

Қуаныш Қаппас