Белгілі боксшы Энтони Джошуа Нигерияда жол апатына ұшырады: екі адам қаза тапты
Бұрынғы әлем чемпионы, британдық ауыр салмақтағы боксшы Энтони Джошуа Нигерияның Огун штатында болған жол-көлік апаты кезінде жеңіл жарақат алды.
Бұл туралы жергілікті полицияға сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады.
Нигерияның Федералды жол қауіпсіздігі корпусының алдын ала мәліметінше, Джошуа отырған көлік басқа көлікті басып озу кезінде жылдамдықты асырған. Салдарынан жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соғылған. Апат салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тапқан.
Ресми органдар көлікті кім басқарғанын әзірге нақтыламады. Қазіргі таңда апаттың мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Энтони Джошуаның денсаулығына төнген қауіп жоқ, ол жеңіл жарақат алған. Алайда оқиға Нигерияда жол қауіпсіздігі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
Reuters мәліметінше, тергеу аяқталғанға дейін қосымша ақпарат жарияланбайды.