Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:45

Берденовтің бизнестері

Руслан Берденов
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 21 сәуір күні қызметтесі аңшы мылтығымен атып, ауыр жараланған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов қазір ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы жақсарып келеді.

 Күдікті – әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиенбайдың не үшін атқаны әлі нақты емес. Берденов оқиғасы қазір әлеуметтік желілер мен БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Берденовтің бұған дейін әкімшілік жұмыста тәжірибесі болмағаны, мемлекеттік басқаруға бизнестен келгені туралы жаздық. Ағасы ірі кәсіпкер. Осы оқиғаға байланысты Jas Alash Берденовтің қандай бизнестерге қатысы барын зерттеп көрді.

Руслан Берденовтің есімі саясат сахнасына шықпас бұрын кәсіпкерлік ортада кеңінен танымал болды. Statsnet деректер базасына сәйкес, ол бірнеше жеке компаниялардың құрылтайшысы болған. Бірақ оның кәсіпкер ретінде шынайы өрлеуі Aq Niet Group холдингімен тығыз байланысты. Бұл холдингке еліміздегі ірі дәріханалар желісі – Europharma мен Arzan Pharm, сондай-ақ Emart атты шағын маркеттер желісі кіреді. Алайда холдингтің нақты иесі Берденов емес. Компанияның бақылау кеңесінің төрағасы және негізгі акционері – белгілі олигарх Қайрат Итемгенов. Аты шулы олигарх KBI Energy, Satti Logistics, Greenhouse-Qaztomat жылыжай кешені, Мәскеудегі Mövenpick және Pana қонақүйлері және Алматыдағы Novotel Living және Ibis Style брендтері астындағы қонақүй кешенінің иесі. ТМД елдерінде жүк теміржол тасымалымен айналысатын Globaltrans компаниясының үлесі бар. Globaltrans 2023 жылы 430,4 миллион доллар таза пайда тапқан.

Итемгенов
Фото: ашық дереккөз

Итемгеновтің пандемиядан кейін күрт өрлеп Forbes тізімінде жоғарғы сатыға көтерілуі қоғам арасында күмәнді сұрақтардың тууына себеп болып отыр. Отандық БАҚ та Итемгеновтің байлығына күмәнмен қарайды. Оның дәулеті былтыр Forbes рейтингі бойынша 18-орынға шығып, 518 миллион долларға жеткен. Алайда капиталының қайдан бастау алғаны, байлыққа қалай жеткені туралы нақты дерек жоқ. Ресми түрде тек 2010 жылдары «Самұрық-Энерго» компаниясында аппарат басшысы болғаны белгілі. Осыдан кейінгі өмір жолы – белгісіз. Итемгеновтің есімі көпшілікке алғаш рет пандемия кезінде кеңінен таныла бастады. Итемгеновтің аты соңғы кезде Ресейдің ірі теміржол компаниясынан үлес сатып алуға байланысты да аталды. Сарапшылардың есебінше, бұл мәміле оған шамамен 25–30 млрд рубльге (сол кездегі барлық активтеріне тең) түскен. Бұл сома қайдан келді? Шынымен де жеке капиталы ма, әлде оның артында басқа ықпалды күштер тұр ма – бұл да белгісіз.

БАҚ-тағы мәліметке қарағанда, кейінгі кезде «Ақ Ниет» компаниясын Руслан Берденовке өткізу жоспары да айтылып жүргенге ұқсайды. Тағы бір жайт – «Ақ Ниет» Шымкент қаласы әкімдігіне кеңсе ғимаратын жалға беріп отыр. Ал The Village Voice басылымы 2023 жылы жариялаған зерттеуінде Итемгеновтің Ресейдің «Интер РАО» компаниясын қолдап, санкцияларды айналып өтуіне көмектесіп жүргенін жазған. Қазіргі таңда Қайрат Итемгенов жиырма шақты компанияның иесі ретінде тіркелген, олардың көпшілігі офшорда орналасқан немесе белсенді емес. Бұл – шынайы меншік иелерін жасыру және салық міндеттемелерден жалтару үшін жасалған қадам болуы да мүмкін.

Берденов
Фото: ашық дереккөз

Берденовтің аты шулы олигархпен байланысы

Итемгенов 2018 жылы Akniet Pharmaceuticals компаниясын Дінмұхамед Ыдырысовтан толық сатып алады. Ал осы компанияның бас директоры болып 2011–2018 жылдары Руслан Берденов қызмет атқарған. Жаңа иесінің сеніміне кірген Берденов кейін бақылау кеңесінің төрағасының орынбасары ретінде жұмысын жалғастырады. Берденовтің айтуынша, бұл кәсіпке ол 2012 жылы шақырылған. Компания сол кезде инвестор іздеп жүрген. Берденов бұл туралы ағасы Арманға, ол болса Ordabasy Group негізін қалаушы Дінмұхамед Ыдырысовқа жеткізеді. Осылайша, инвестициялық мәміле жүзеге асқан. Берденов болса, компанияның басшылық қызметінде қала берген. Кейін компания СК-Фармациямен ірі келісімдерге қол жеткізеді.

Итемгеновпен серіктестік уақыт өте келе қонақүйлік және ресторан бизнесіне де жалғасады. Pana отелі қазір шенеуніктің өзі әкім орынбасары болып отырған Шымкент пен Мәскеуде бар.

1

Pana boutique hotel компаниясы – Шымкент қаласы 2019 жылы 7 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Әлібек Шолпанқұлов. Құрылтайшылары – Біржан Сатанов, Руслан Берденов, Дәурен Бексейіт. Компания жол жиегіндегі қонақүй бизнесімен айналысады. Былтырғы қаржы айналымы жарты млрд теңгеден асады. Төлеген салығы 11 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

1

SANDYQ Group мейрамханалар желісі – Түркістан облысында 2023 жылы 26 шілдеде тіркеуден өткен. Директоры – Диана Нығмет. Құрылтайшысы – Ержан Ниязәлиев. Былтырғы қаржысы 4 млрд теңгеден асады. Оның құрамына Sandyq пен TARY мейрамханалар желісі кіреді. Берденов 2021 жылы «Тары» этно-кофейнялар желісі ашылатынын айтқан. Бұл жоба қазақтың дәстүрлі тағамдары мен сусындарын заманауи форматта ұсынуға бағытталған. Сол кездегі мәліметтерде Берденов алғашқы кофейня Шымкентте ашылып, кейін Алматы мен Астана қалаларында да іске қосылуы жоспарланғанын, жоба аясында 2026 жылға дейін 300-ге жуық кофехана ашу көзделіп отырғанын айтқан.Бірақ қазір бұл екі ресторанға да Шымкент шенеунігінің қатысы жоқ. Енді оларға да жеке-жеке тоқталып өтейік:

1

Sandyq Turkestan – Түркістан қаласында 2022 жылы 5 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Нағима Ешматова. Құрылтайшылары – Сырымбек Тау, Айсәуле Кенжебекова, Нағима Ешматова. Бұлардан бөлек, QAZANAT PROPERTY және Zhanros Invest компаниялары бар. Берденов құрылтай құрамында болған. Бірақ шығып кеткен. Компанияның былтырғы қаржысы 2 млрд теңгеге жуық. Төлеген салығы 38 млн теңгеден асады.

1

Sandyq Zhetisu да Түркістан облысында 2023 жылы 20 қыркүйекте тіркелген. Директоры да құрылтайшысы да Жанболат Андақұлов. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 800 млн теңгеден асады. Төлеген салығы 17 млн теңгеге жуық. Аталған екі компанияның мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

TARY мейрамханасы – еліміздің әр өңірінде орналасқан. Оларға жергілікті атауына байланысты компания атын қоя берген.

1

Мысалы, TARY Kolsay Көлсай көлінде орналасқан. Директоры да құрылтайшысы да Қуаныш Нұрбеков. Былтырғы қаржы айналымы жарты млрд теңгеге жуық.

TARY Almaty Алматы қаласында орналасқан. Директоры – Диана Нығмет. Құрылтайшысы – Лаура Сапахова. Былтырғы қаржы айналымы – 2,7 млрд теңге. TARY CHARYN-ның былтырғы қаржы айналымы туралы мәлімет жоқ, тек, 2023 жылы қаржысы 1,2 млрд теңге болған. Жалпы алғанда елімізде бірнеше «Тары» мейрамханасы бар. Бұдан бөлек, АҚШ-тың Чикаго қаласы, Ресейдің астанасы Мәскеу мен Өзбекстанның астанасы Ташкентте де «Тары» мейрамханасы ашылған.

Берденовтің тағы қандай компанияларға қатысы бар?

Берденовке қатысты аты аталатын тағы бір компания «Жиде» брендімен тон тігеді. Jide 2021 жылдан бері бар, бірақ әлі табысқа шықпаған. 2022 жылғы қаржысы 14 млн теңгеге жуық. Директоры – Салтанат Серікова. Құрылтай құрамында Шымкенттің әкім орынбасарынан бөлек Динара Жүнісова, Александра Лютикова. Айгүл Мүкей, Әйгерім Мұсағажинова, Салтанат Серікова бар. Қазіргі күнде аталған кәсіпорын тоқтап тұр.

Шымкент шенеунігінің «Жиде» брендімен танымал тағы бір компаниясы бар. Ол Jide Couture деп аталады. Бұл да мата бизнесімен айналысады. Аталған компания Алматы қаласында 2022 жылы 14 шілдеде тіркелген. Директоры – Александра Лютикова. Құрылтайшылары – Шайбану Ниязалиева мен Руслан Берденов. Компанияның қаржылық төлемі, төлеген салығы және мемлекеттен алған тендерлері туралы мәлімет жоқ.

1

Берденовтің ағасы екеуі иелік ететін тағы бір компания – Golden Grain Trade. Оны ағайындылар Зейнолла Әбдуманаповпен бірлесіп ашқан. Кәсіпорын астық трейдингімен айналысады. Компания 2022 жылы 25 сәуірде Қостанай қаласында тіркелген. Директоры – Зейнолла Әбдуманапов. Құрылтайшылары – ағайынды Берденовтер мен Зейнолла Әбдуманапов. Компанияның былтырғы қаржысы 535 млн теңге. Төлеген салығы 10 млн теңгеден асады. Алайда бұл кәсіпорынның құлдыраған шағы. 2023 жылы астық компаниясының жылдық қаржы айналымы 3 млрд теңгеден асқан. Төлеген салығы 57 млн теңге болған. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Тағы бір компания – Berruss жиһаз дүкені 2021 жылдан бері жұмыс істемейді, салық төлемеген. Кәсіпорын алғаш рет 2014 жылы 15 желтоқсанда Шымкентте тіркеуден өткен. Директоры – Жансая Тұтқышова. Құрылтайшысы – Әйгерім Былқимова. Құрылтай құрамында Берденов болған, алайда кейіннен шығып кеткен. Компанияның кейінгі қаржы айналымы мардымсыз. Тек 2017 жылдары қаржысы жарты млрд теңгеден асқан. Мемлекеттен алған тендерлері туралы мәлімет кездеспейді.

1

«БӨРІ ГРУПП» компаниясы 2022 жылы 24 тамызда Алматы қаласында тіркелген. Директоры – Аман Қабдірашит. Құрылтайшылары – Аман Қабдірашит пен Руслан Берденов. Саудамен айналысатын бұл компанияның да кейінгі уақыттағы қаржы айналымы, төлеген салығы туралы мәлімет жоқ. Кейбір мәліметтерде аталған сауда орны Esentai Mall-да орналасқан деп көрсетілген.

Жалпы Шымкент әкімінің орынбасарына қатысты аты аталатын компаниялар мұнымен бітіп қалмайтын шығар. Біз тек ашық дереккөздердегі мәліметтерге ғана сүйеніп жаздық. Сондай-ақ Берденов Salam Bro, Marmelad Bar, Zheka’s Dоner House сынды жобаларға инвестиция салғаны туралы да мәлімет бар.

Айтпақшы, Руслан Берденовтің ағасы Арман Берденовтің атында да бірнеше бизнес тіркелген. Олар: BayBee Kazakhstan, AST Agro-Technik, Union Aurum Mining Company, BeeOne, «Мама знает», Qazaq Minerals, Qazaq Aurum, Golden Grain Trade, Decaff деп аталады. Бұлардың басым бөлігі табысты бизнестер. Мысалы, саудамен айналысатын «Мама знаеттың» қаржысы 135 млрд, ал BayBee Kazakhstan-ның былтырғы қаржы айналымы 45 млрд теңгеден асады. Ал Qazaq Minerals-тың қаржы айналымы 23 млрд, BeeOne қаржысы 7,7 млрд-тан асады.

Бәлкім, бұл жай ғана сәйкестік шығар, дегенмен ағасының басым бизнесі Руслан Берденов лауазымды қызметке тағайындалған өңірде орналасқанын да айта кетейік.

Тұрсынбек БАШАР

- Сыздықбековтің популизмі: жарты миллиардтық қошемет

- Шымкентте атылған оқ: қоғам неге қаталдық танытты?

- Шымкенттегі қарулы шабуыл: Әкім орынбасарына оқ атқан күдікті туралы не білеміз?

- Руслан Берденовті қызметтесі атып кетті

- «Бэтмен» Берденов Шымкентке дем салды ма?