Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 29 Қараша 2024

Бердімұхамедов. Ел басқару ойыны

Құрбанғұлы Бердімұхамедов
Фото: ашық дереккөз

АНКЕТА

Аты-жөні: Құрбанғұлы Мәлікқұлыұлы Бердімұхамедов

Мамандығы: тіс дәрігері

Титулы: аркадаг (жарылқаушы, қорғаушы)

Хоббиі: ел басқару

Жетістігі: әлемдік Шнобель сыйлығының иегері

Сүйікті түсі: ақ

Сүйікті жануары: ақалтеке, алабай

Сүйікті сусыны: шай

Қосымша қасиеттері: ақын, жазушы, ғалым, инженер, өнертанушы, спортшы, өнертапқыш, фитотерапевт, емші, жаттықтырушы, шабандоз, бапкер, рэпер, әнші, композитор...

Қосымша мәлімет: көлік жүргізеді, гитарада, батырмалы аспаптарда ойнайды, елсіз далада жалғыз қалғанда қиын жағдайдан қалай шығуды біледі.

Отбасылы, президент ұлы, композитор-әнші немересі бар. Алпысқа жуық кітаптың авторы. Жасы 67-де.

Тіс дәрігері президент болды. Бұған дейін Түркіменстанда «түрікпен халқының әкесі» Сапармұрат Ниязов эгосы салтанат құрып тұрған. Қайда қарасаң да – Ниязов. Түркіменбашыға тәуелсіздік алғаннан 2006 жылға дейін 14 мыңға жуық ескерткіш пен бюст қойылыпты деген дерек айтылады. Оның шыңы – 10 млн АҚШ доллары жұмсалып, алтыннан қойылған атақты ескерткішті былайғы жұрт «Күнбағыс» деп қалжыңдап жүргенмен, түпкі идеясы – көктегі күннің өзі ұясына қимай батады дегенге келеді. Бұл баяғы Күн көсем синдромының асқына түскен әрі қарабайырлығына қарамастан өте сәтті нұсқасы. Өте сәтті... Қате естіген жоқсыз, диктаторлардың барлық идеясы қарабайыр келеді. Ниязовтың өлімі – жаңа дәуірдің басы екен. Түркіменстан халқын жеке басқа табынудың жаңа дәуірі күтіп тұрған.

гурбангулы бердымухамедов
Фото: ашық дереккөз

Бердімұхамедов өте сәтті кезде билікке келді. Ол президент болып тамыр бекіткен топырақ өте құнарлы еді – Ниязов әбден тыңайтқан, тастаған таяғың орман болып жайқалып шығар ғажап топырақ. Осы топырақта өнген, «әкесінің» құдіретті қанатының астында өскен, ақыры бар билікті қолына алған Бердімұхамедов көп күттірген жоқ, өзін сан қырынан көрсете бастады. Ақыры, билікке келгеніне үш жыл толар-толмастан әлемдегі алдыңғы қатарлы диктаторлар тізіміне енді.

Ниязов «Рухнама» деген кітап жазды – оны мектеп программасы тұрыпты, бүкіл білім жүйесі, саяси жүйе түгелдей оқуға міндеттелді. Қарапайым жұмысқа тұру үшін де «Рухнамадан» емтихан тапсыратын. Бердімұхамедов «Рухнамамен» таласып әуре болған жоқ, ол тоқтаусыз жаза берді. Соңғы деректер оның кітабы 50-ден асады дейді. Бұл жалпылама санақ, 2020 жылы сөйлеген сөздерінің қалың 11 томдығын қосқанда 63 болған. Одан бергі кезеңде үйреніп қалған қол тоқтамайды, кем дегенде 70-ті маңайлайды. Соның бәрі 2006 жылдан бері жазылған. Жылына 2-3-тен. Бұл тараптағы рекорды 2016 жыл – бір жылда 6 кітап. Бердімұхамедовтің кітабы – шығатын, тұсауы кесілетін, сосын тыныш қана сөреде тұратын момын кітап болған жоқ. Оның әр кітабы бестселлер, әр жинағы оқулық. Оның кітабы ең алдымен үкімет мүшелеріне тәбәрік ретінде тартуға беріледі. Еңкеңдеп келіп, тағзым ете қабыл алып, маңдайына тигізіп, елбірей сүйіп, қабыл алатын қасиетті білік.

Оның Тәуелсіз Түркіменстандағы жолы әу бастан даңғыл болды. Ниязовтың жеке тіс дәрігері, кейін денсаулық министрі, премьер-министрдің (Ниязовтың) орынбасары болды. Үкімет мүшесі болған кезінде де өзгелер отырыс сайын ұсталып, үкімет үйінен түрмеге кетіп жатқанда Ниязов оның бетінен қаққан емес. Мұның себебі – Бердімұхамедов Ниязовтың некесіз ұлы екен деген қауесет тараған. Сырт келбеті ұқсағанмен, ондай емес деп жоққа шығарушылар көп. Осыны дәлелдей түскісі келді ме екен, Бердімұхамедов президент болған соң «жеке басқа табынумен» күрес бастады. Түркіменбашының мыңдаған ескерткішін барынша азайтты, Ниязов берген жарлықтарды өзгертті. Бірақ бұл демократияға, ашық қоғам құруға талпыныс емес, өз культын жасаудың кіріспесі болып шықты. Түркіменбашының портреттерінің орнын аркадагтың суреті басты. Ең ауыры – ол түркімен халқы үшін Құранмен қатар аталатын «Рухнаманы» ығыстырды.

Әрине, ол кітап жазуды өзіне етене – медицинадан бастады. Өйткені өзі министр болған сала, білімі де сол, басқасын жиып қойды да, бісміллә деп «Түркіменстандағы денсаулық мәселелерінің ғылыми негізі» деген кітабын шығарды. Осыдан кейін-ақ аркадагтың жазушылық, ғалымдық, публицистік қыры жарқырай ашылды. Тәбәрік деңгейінде әспеттелетін бұл кітаптардың басы медицина болса, шырқау шегі коронавирус кезіндегі емдік шөптер туралы ғылыми, зерттеу жинағы. Бердімұхамедов халқы үшін дала кезіп, өсімдіктерді зерттеп, Лұқпан Хәкім бейнесінде бір көрінді. Бұл – жай оқып, тамсанып, түсінігіңді айтып беретін бейкүнә «Рухнама» емес еді, бұл фармацевтика ғылымына қосылған теңдессіз еңбек ретінде дәріптелді. Түркіменстанның дәрі өндірісі енді осы кітап бойынша дәрі-дәрмек жасап жатқаны туралы айтыла бастады. Оның қаншасы шықты, кімдерге қандай көмек берді – санап жүрген ешкім жоқ, ең басты месседж – аркадаг халқы үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай кітап жазып шықты.

гурбангулы бердымухамедов
Фото: Zhao Tsun Hsiung/Reuters

Сөзі заң, ісі үлгі

Түркіменстанда аркадагтың портреті жиі жаңартылып тұрады. Оны жаңалауға бюджеттен ақша бөлінбейді, ұжым қызметкерлері арнайы ақша жинайды. Сол сияқты әр кітабын сатып алуға да қызметкерлер міндеттеледі. Әлбетте, мұның бәрі бейресми атқарылатын шаруалар. Оған қарсы шығудың салдары ең жеңіл дегенде қызметтен айырылу болатыны түсінікті. Ал бұл елде жұмыссыз қалу – аштан қалу деген сөз. Кітаптар мен портреттерді сатудан түскен ақшаны президент ылғи да садақаға беретіні айтылады, бірақ оны қадағалап жатқан ешкім жоқ.

Жас жұбайлар оның портретімен суретке түсуге міндетті. Және тойындағы алғашқы вальсі де аркадагтың әнімен басталуы керек. Соңғы жылдары түркімен тойларындағы әндерді сүзгіден өткізу жүріп жатқаны туралы ақпарат бар. Мәселен, тойларда түркімен әндері 80 пайыздан аз болмау керек және оның ішінде аркадагтың әндері міндетті түрде қойылу керек. Бұл туралы ресми нұсқау жоқ. Бірақ, әрине, неке сарайында неке қиюшы жас жұбайларға бұл туралы міндетті түрде «кеңес береді».

2023 жылы аркадагтың шешесі қайтыс болды. Осыдан кейін сәуірдің 9-ынан 15-іне дейін бір апта бойы елде ешқандай ойын-сауық жиындары, оның ішінде қарапайым үйлену тойларына дейін өткізуге тыйым салынды. Және мешітке келген әр адам аркадагтың 88 жасқа келіп қайтыс болған шешесіне Құран бағыштау міндеттелген. Мешіттерге арнайы Құран түсіру бұйырылған.

Оның ең ерекше ұсынысы – шай ішу. Иә, кәдімгі көк шай. Көк шайдың пайдасын жоққа шығарудан аулақпыз, түркімен халқы ежелден-ақ шайқор халық. Ыстық өлке, көк шай – дене температурасын қалыпты ұстап, шөл басуға таптырмас сусын. Аркадаг айтқан соң, айтып қана қоймай, бірнеше кітап жазып жатқанда жан қала ма, Түркіменстанның денсаулық сақтау министрлігі 20 түрлі емдік шай шығардық деп жүр.

Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, Түркіменстанда кезекте тұруға болмайды. Түркіменстан экономикалық тұрғыда артта қалған ел. 165-орында тұр. Осының себебінен, елде әлеуметтік жағдай асқынып кеткен. Нан алу үшін ғана дүкендерде кезек көбейген. Оны растайтын видеолар да аз емес. Президент Бердімұхамедов бұл проблемамен күресті басқаша жүргізді: Азық-түлік жетіспеушілігін шешіп әуре болған жоқ, жай ғана кезекте тұруға тыйым салды. Мұны «бұл аркадагтың абыройына нұқсан келтіреді» деп есептейтін ұлы Сердардың идеясы екен дейді.

Сол сияқты коронавирус туралы да айтуға тыйым салынған. Қазақ ішінде айтылатын «аты жаман ауру» деген сияқты табу сөз емес, бұл мәселе Түркіменстанда мемлекеттік деңгейде көтерілген. Аркадаг «коронавирус жоқ» деп айтқан – жоқ! Талқылауға жатпайды. Айтпақшы, ол да насыбай өндіруге және тасымалдауға, сатуға тыйым салған.

Шаш боямау. Бұл Құрбанғұлының ұлы Сердардың кезінде тыйылған қыз-келіншектер пайдаланатын косметикаға қатысы жоқ. Бұл ерлердің шаш бояуына қатысты. Аркадагтың самайын ақ шалғаннан жосыққа енген қызық шешім. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер шашына түскен қырауды мақтанышпен көрсетіп жүруі керек. Өйткені мәңгі жас аркадагтан жас көрінуге ешкімнің хақы жоқ. Осыдан кейін Түркіменстанның шенеуніктері шашына қылау түспесе де, қолдан ағартатын болыпты деген ақпарат бар.

Аркадаг ақ түсті жақсы көреді. Қара түсті ұнатпайды. Оның мінген көліктері көбіне ашық түсті, сосын мемлекеттік тумен астас жасыл түсті болып келеді. Түркіменстанда қара түсті көлік жүргізуге, сырттан кіргізуге тыйым салынған. Осының себебінен 2021 жылдан бері қара түсті көліктер ашық түске бояла бастаған. Ақ мрамормен апталған Ашхабатта ғимараттар ғана емес, көліктер де аппақ. Аркадагтың қара түс сәтсіздік әкеледі деген түсінігі осыған жеткізген дейді.

Әйелдер көлік басқармайды. Басқарған, кейін олардың саны біртіндеп азайған. Себебі көлік басқару құқығын растайтын куәлік алу немесе уақытын создыру қиындаған. 2017 жылдан бері бейресми түрде салтанат құрып тұрған бұл жосықты оның ұлы Сердар ары қарай дамытып, әйелдерге көліктің алдыңғы орындығына отыруға тыйым салды және артқы орындыққа да белгілі бір туысы болмаса, бөтен әйелді отырғызуға болмайды.

гурбангулы бердымухамедов
Фото: knews.kg

Аркадаг Ашхабад Ақалтеке Алабай

Түркіменстанда қатал түрде жүргізілген күрестің бірі – кондиционерге қарсы науқан. Кондиционердің бар кінәсі – Түркіменстанның орталықтарындағы ақшағыл мрамордан тұрғызылған әдемі үйлердің сәнін кетіретін болып шықты. Жазда 50 градустан асып кететін атақты Қарақұм шөлінде орналасқан Ашхабадта кондиционер қоспай, «духовкада» отыруды көзіңізге елестетіп көріңізші? Бірақ бұл өздері қоңыр салқында отырған түркімен билігіне проблема емес, ешқандай балама жолын іздеп те әуре болған жоқ. Ашхабадтың атақты мрамор үйлерінің авторы – құдіретті түркіменбашы және аркадагтың өзі. Сондықтан бұл үйлердің сәнін кетіретін, атағына нұқсан келтіретін кез келген фактор аяусыз жанышталуға тиіс. Елдің абыройы, аркадагтың авторитеті үшін бөлменің ыстығы не, тозақ отына түсуге болады. Оның үстіне, түркімендер ата салтын, ата жолын мықтап ұстанатын ел, ата-бабамыз кондиционерсіз де өмір сүрген десе жетіп жатыр.

Мрамор демекші, Ашхабад та – рекордсмен қала. 2000 жылдары Сапармұрат Ниязов жаңа Ашхабад салу туралы бастама көтеріп, оны тек мрамормен аптау туралы бұйрық берген. Оның «сараң немелер мұны түсінбейді, басқа материалдан салсақ дейді. Бұйыруға тура келіп тұр» деген сөзі бұл жобаның маңызын арттыра түсті. Содан басталған жаңа Ашхабад – мрамор қаланың құрылысы осы күнге дейін тоқтаусыз жүріп келеді. Бағасының қымбаттығына қарамастан, аяқ жетер жердің бәрін түгендеп, тіпті сонау Италиядан тасылған мрамор Түркіменстан астанасының көмейін толтырып біте алмай жатыр. Негізгі құрылысын Түркия мен Иран компаниялары жүргізіп жатқан қала 2013 жылы мрамормен көмкеру бойынша рекорд жаңартты. Сол кездегі көрсеткіш бойынша бұл қалада 4,514 млн шаршы метр мрамормен апталған қалаға одан бері де талай тас тасылды. Бердімұхамедов рекордқа қол жеткізген соң мрамордың тағы бір пайдасы туралы жаңалық ашты: оның тек сәндік үшін емес, жазда ыстық қайтаратын, қыста жылу сақтайтын қасиеті бар болып шықты. Кондиционердің неге керек емес екенін енді түсіне бастадыңыз ба? Әдепкі күндері санаулы полиция қызметкерлері сенделіп жүргені болмаса, балалар алаңдарына дейін бос жататын қалаға кондиционер орнатып, шығынға батудың да реті жоқ. Сонау ит арқасы қияндағы Еуропаға дейін барып жүріп әкелген мрамордың тағдыры осы. 2022 жылы халықаралық Crude Accountability ұйымы Бердімұхамедовтің мұндай малшашпақ әдетін елде клептократия режимін орнатты деп атады.

Бұл қаланы – елестердің қаласы, өлі қала деп атап жатады. Гектарлаған парктер, аумақты көшелер, алып ғимараттар, әдемі шамдар – бәрі-бәрі декорация ғана. Парктерде адам қыдырмайды, көшелерде кісі жүрмейді, үйлерде ешкім тұрмайды... Бұл Бердімұхамедов айтқандай, «Түркіменстан азаматтарының қамы үшін салынған қала» емес, бұл санаулы билік өкілдерінің қауіпсіздігі үшін ойластырылған жоба есептеледі. Ниязовтың кезінде салтанатты шерулер өтіп тұратын, Бердімұхамедовтің кезінде де солай болды. Бұл елде не көп, түркіменбашыны ұлықтаған, аркадагты ұлықтайтын мереке көп. «Россия» арнасының әлдебір журналисі бара қалған бір мереке есіңізде ме? Президентпен жүре сұхбат құрады. Аумағы ат шаптырым аумақтағы паркте мерекелік парад өтіп жатыр. Өтіп жатыр дейтіндей жағасы жайлауда жүрген ешкім жоқ, бәрі өз орнында. Отсыз жанарлар алысырақтан аркадагқа үздіге қарайды. Үйренген ауыздар бір тынбай «Аркадаг, Ашхабад...» деп тоқтаусыз ұрандатып тұр.

Бердімұхамедов түркіменнің ұлттық мақтанышы – ақалтеке мен алабайды культ деңгейіне көтерген билеуші. Өзі шабандоз, өзі сері аркадагтың сүйікті тұлпары да рекордсмен (артқы екі аяғымен 4,19 минутта 10 метр жүрген) Ақханға ескерткіш қойылып, көше аты берілген, Ровач деген тұлпарына арналып қаншама ән, қаншама өлең жазылған. Ақалтекенің құрметіне ұлттық мереке (сәуір айының соңғы жексенбісі) аталып өтеді. Бұл мереке қарсаңында бұл елде ат жарыстар мен ат спорты бойынша түрлі сайыстардан бөлек дәстүрлі ат сыны байқауы және ақалтеке бейнеленген үздік кілем байқауы өтеді. Ат сыны байқауы халықаралық аталғанмен, ылғи да Түркіменстан президентінің Ақалтеке ат комплексі жеңіске жетеді. Мәселен, былтырғы байқауда ең сұлу ат деп танылған Гошасакар атты асыл тұқымды ақалтеке бас жүлде алып, оның бапкеріне Toyota Fоrtunner автокөлігі сыйға берілді.

Шабандоз аркадаг ақалтекеге мініп, бірнеше бәйгені жеңіп алған. Соның ең атақтысы – 2013 жылы өткен бәйге. Мәрені бірінші болып қиған аркадагтың елдің алдында аттан құлайтын кезі. «Жақсының аттан құлағаны да – жақсы», ауып түсіп қалған жоқ, аты сүрінді. Шығыс халықтарында аттың сүрінуі ырымға жаман, сондықтан Бердімұхамедовтің жандайшаптары бұл кадрдың таралып кетпеуіне барынша күш салған, ипподромға келгендердің фотоаппараттары мен ұялы телефондарын «тазалаған» деген дерек бар. Бірақ көп ұзамай бұл кадр әлемді шарлап кетті. Аттан құлағаннан кейін қимылсыз жағдайда жедел жәрдемге жеткізілген Бердімұхамедов 40 минуттан кейін кәстөм-шалбармен ел алдына қайта шығып, өзіне тиесілі жүлдесін алған – 11 млн доллар.

Түркімен алабайына арнап алтын жалатылған, тұғыры 9 метр, өзі 6 метрлік монумент тұрғызылған. Одан бөлек қаншама кітап, қаншама ода... Алабайдың атаққа шығуы Ресеймен тікелей байланысты. Бердімұхамедовтің Путинге сыйға тартқан сәті есіңізде болар? Бердімұхамедов күшікті желкесінен көтеріп (азия елдері күшікті солай сынайды, желкесінен көтергенде күшік қыңқ демеу керек), жаны ашыған Путин жанұшыра ұмтылып келіп, аялай ұстап, қолына алады. Содан кейін бұл иттің көзге түскені биылғы «Орта Азия шопан иттері» байқауы. Онда да Ақ дос атты түркімен алабайы Ресейде өткен жарыста топ жарған. Кейін бұл итті Татарстан басшысы Рустам Минихановқа «Түркімен алабайы» халықаралық қауымдастығының президенті Сердар Бердімұхамедов (басқа емес, ел президенті басқаратын ерекше қауымдастық) сыйға тартқаны белгілі болды.

Елде аркадагтың бастамасымен спортқа көп көңіл бөлінгенмен (!) елдің халықаралық додаларда бағы бір жанбай-ақ қойды. Басқасын айтпағанда, Олимпиададан тұңғыш жүлдегер тек 2020 жылы ғана Токиода көзге түсті (Полина Гурьева, ауыр атлетика, күміс). Ал Парижде әдеттегідей жүлдесіз қайтты. Әрине, тұрақты қатысып тұрады. Қысқы олимпиадаға ешқашан қатыспаған. Айтпақшы, осы Гурьеваны елге келген соң марапаттау кезінде жарияланған мақалалар мен репортаждарда оған сыйланған көліктердің түсі ақ екені аталып көрсетілді.

гурбангулы бердымухамедов
Фото: hronikatm.com

Спорт саласындағы Бердімұхамедовтің қызығушылығы да өзінің билігі сияқты шексіз. Ол шабандоз, ол спорттық автокөлік жүргізеді, ол гольф ойнайды... Керек болса инженер бола қалып, спорт көлігін ойлап тауып, өзі сызып берген автокөлікпен небір қиын жолдарды басып өтеді. Ең қызығы, ол баскетбол ойынына өзгеріс енгізген тұңғыш реформатор – баскетболды велосипедпен ойнауды ойлап тапқан. Және гольфті түркімендер ойлап тапқан деген ұстанымда. Гольф түркімендердің ұмыт болған ұлттық ойыны «чиликтен» бастау алады. Кейін оның ережелерін өзгертіп, Еуропа жақ өздеріне жазып алған. Велосипед тебеді. Немересін ертіп ап, серуендеп жүргені, ұлы Сердармен бірге жер шалып жүргені де велоспортты насихаттайтын мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлшегі. Ал шабандоздығын жоғарыда айттық.

Бердімұхамедовтің балаңқы болмысын аша түсетін келесі өнер – ән. Ол композитор. Ақын. Әнші. Музыкант. Әрлеуші. Рэпер... Осынша шексіз өнерді бір бойына сыйдырған Құрбанғұлы сері бұл өнерге немересі Керімғұлыны баулып жүр. Ол да ағып тұрған өнерпаз, осы күнге дейін бірнеше әннің авторы атанып үлгерді. Өнерге, әнге сіңірген еңбегі үшін Түркіменстан президенті сыйлығын алған. Шетелдік қонақтар жоқ жерде түркімендер сүйікті Керімғұлының туфлиін сүйетіні туралы айтылады. Саясаткерлер бұған қарап болашақта Керімғұлы да биліктің төңірегінен табылуы мүмкін деп болжайды. Ал әкесінен қабылдап алған эстафетаны сәтті жалғастырған Сердар Бердімұхамедов те қазір тыйымдардың көкесін көрсетіп жатыр. Ол әйелдерге боянуға, сәнденуге тыйым салды. «Түркімен қызы онсыз да сұлу» депті. Кіші Бердімұхамедов президент болған соң оған арналған ода өлеңдер жазуға байқау жарияланғанының өзі бұл елдің билігі жақын арада оңала қоймайтынын көрсетеді.

Табиғи газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрған, негізгі бір шаруашылығы мақта жинауға тегін жұмыс күші ретінде оқушыларды айлап сабақтан босата салатын Түркіменстанда кез келген проблема оңай шешіледі. Сөз еркіндігі – сандырақ есебінде, қит еткен кісі баласы аяусыз жазаға тартылады, хабар-ошарсыз, жоғалып кететіндер көп. Елден шығу күннен күнге қиындап барады. Кіру туралы армандамауға да болады. Түркімендердің тұңғыш президенті бір кездері «түркімендер ата-анасын қараусыз қалдырмайды» деп, зейнетақыны қысқартып тастаған. Тіпті ай аттарына дейін ауыстырып, өзі күн болуға ұмтылған Ниязов ертегілік зұлым патша емес, ізбасарлары өзінен өткен мәңгілік тұлға.

Құрбанғұлының президенттік постты өткізіп беруін денсаулығына алаңдаудан туған асығыстық деген болжамдар бар. Расында, соңғы жылдары аркадаг ауырып қапты, қайтыс бопты дейтін қауесет жиілеп кеткен. Тіпті бір мәрте Түркіменстан билігі ресми түрде президенттің жағдайы жақсы екенін айтуға мәжбүр болған.

Ұлы – президент, өзі Халк Маслахатының төрағасы. Негізгі ойынды өзі басқарып отыр. Біз жақтағы әлдебір жиындарға қаласа баласын жібереді, қаласа өзі келе салады. Ұлынан сәлем айтады, біздікілер ұлынан әкесіне сәлем айтып жатады.

Бердімұхамедов ойыны қанбаған бала сияқты. Әскерилеріне мылтық атуды, қалай жаттығу жасайтынын көрсетеді. Тіпті террористермен күреске де белсене араласады. Бір өзі бірнеше жанкештіні жер жастандырғаны туралы арнайы ролик бар. Ойлай берсең ой көп, ойнай берсең ойын көп, Бердімұхамедов ойынға тоймайды. Ойнай берсін ғой, ең қиыны оның ойыны – мысықтың ойыны болатын. Тышқанға обал...

Алмас Нүсіп