Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:46, 21 Қаңтар 2024

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ: ОТАНДЫҚ ТАРИХШЫЛАР АЛДЫНА ЖАҢА МІНДЕТ ТҰР

Берекет Кәрібаев
Фото: из открытых источников

Қазақ мемлекеттігінің 3000 жылдай тарихы бар. Сонау скиф тайпалары, сақтар, ғұн, үйсін, қаңлы осы ұлыстардың бәрінде мемлекет болды.

 Бұл дәуірдің деректері қытай жазбаларында анық кездеседі. Биыл Жошы ұлысының 800 жылдығы аталып өтіледі. Мемлекет басшысының “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбаты сол тарихты кең көлемде қайта зерттеп, зерделеуге негіз болмақ. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев Президенттің жаңа жылдың жаңа жұмыс күні жариялаған мақаласы тарихшылар алдына жаңа міндет қойып отыр дейді. Тарихшы сұхбат туралы өз пікірімен бөлісті.

«Мен күнде таңертең бұқаралық ақпарат құралдарын, әсіресе газет-журналдардың электронды нұсқасын шолып шығамын. Жаңа жылдың жаңа жұмыс күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің басты мерзімді баспасөзі “Егемен Қазақстан” газетінде шыққан «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбатын толық оқып шықтым.Кез келген еңбек, мейлі ол шағын әңгіме, роман, мақала, көлемді кітап болсын, белгілі бір мақсатты көздейді Бұл мақаладан түйгенім,сұхбаттың 3 қаңтарда жариялануы тектен-текке емес екен. Қасіретті қаңтарға жауап ретінде тіл қатқандай болып көрінді. Егер бұл мақала жарияланбаса, әр түрлі сайттардан, оппозициялық БАҚ өкілдерінен, әлеуметтік желілерден Қаңтар оқиғасына байланысты түрлі алып-қашпа әңгімелер, шындыққа жанаспайтын дәлелсіз посттар, үн қатулар жарық көрген болар еді. Арандатушы топтар жастардың басын шыр айналдыратын түрлі мақала жариялап, қоғамға қайшы ой туғызатын еді. Міне, бұл сұхбат соның бәріне тосқауыл қойды. Былайша айтқанда, өршіп келе жатқан жаңалықтың бәріне су септі десе болады. Бұл біріншіден. Екіншіден, 2024 жылы елімізде өтетін халықаралық сипаттағы маңызды оқиғаларды, осы жылы атқарылатын экономикалық, әлеуметтік, мәдени іс-шараларды тізбектеп берді. Алдағы бес жылға, яғни 2029 жылға дейінгі еліміздің жалпы ішкі өнімі қай деңгейде болатын атап көрсетті.

Айта кетерлік, мақаланың атының өзі ерекше ой салады. Философиялық тұрғыда халыққа жақын, құлаққа қанатты сөз ретінде естілетіндей. Яғни, біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек. Қарапайым тілмен айтсақ, « ит үреді, керуен көшеді». Демек, егер сен көшеде келе жатып, әрбір үрген және балақтан тістеген итке қарай берсең, діттеген мақсатыңа жете алмайсың. Ал, алдыңа нақты мақсат қойып, соған ғана ұмтылсаң, стратегиялық бағдарың айқын болса адаспайсың, межеге тура жетесің. Бұл қазақ қоғамына қатысты айтылып отыр. «Біз озық ойлы ұлт ретінде» деп қазіргі деңгейімізді, мәдениетті халық екенімізді айтып отыр. Өзге елдермен салыстырғанда бізде тұрғындардың 100%-ы сауатты әрі жоғары білімді. Тіпті бірнеше дипломы бар. Зиялы қауым өкілдеріміз бар. Озық ойлы ұлт ретінде біз қазіргі заман көшінен қалыс қалмай, алға қарыштап қадам басуымыз керек дегенді меңзеп отыр. Мемлекет басшысы өткен жылды да жақсы қорытындылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында берген уәделерінің орындалуына тоқталды. Елде саяси реформалар қалай жүргізіліп жатқанына назар аударды. Оның ішіндегі алдымен мынаны айтар едім, Парламенттің құрамы. Бұрын Парламентте 1-2 партия ғана болса, қазір 5-6 партия бар. Қазіргі Парламент мүлде басқаша жасақталғандай. Бұрынғы Парламентте тісі жаңа шығып келе жатқан бала секілді бәрі бас изеп, мақұлдап отыра берсе, қазір тіс қаққан нағыз қоғам белсенділері, танымал тұлғалар бар. Олар фракциядағы комитеттеріне байланысты түрлі саланы жандандырып отыр. Атқарушы биліктің өкілдерін, министрлерді, вице-министрлерді шақырып алып, олардың қазақша сөйлеуін талап етеді. Аграрлық мәселелер, индустрия және өзге сала бойынша министрлерден дерек сұрап, Парламенттің құзіретін көрсетіп отыр. Бұл да бүгінгі қоғам күткен мәселе. Жеке ойым, депутаттар ұсақ-түйекпен емес, заң шығарумен айналысса, әсіресе БАҚ саласын қадағалайтын, қазіргі заманға сай заң жазып, Парламентте оны бекітіп, орындалуын қадағаласа, қордаланған мәселенің біразы жүзеге асқан болар еді. Десек те қазір соған, сол бағытқа қарай кетіп бара жатыр.

Президент әлеуметтік саланы да жақсы қорытындылады. Сұхбатта Ұлттық қордан 18 жасқа дейінгі балаларға қаражат бөлу жағы да қолға алынғаны айтылды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енді балаларға белгілі бір көлемде ақша төлене бастайды. Бұрын-соңды болмаған жағдай. Ал, өзге елдерде, әсіресе дамыған мемлекеттерде бұл бұрыннан бар. Мұнай өндіретін Таяу Шығыс, Араб елдерінде жаңа туған баланың Ұлттық қордан тиесілі еншісін беру дәстүрлі түрде қалыптасқан жағдай. Біз де соған бет алып бара жатырмыз. Бұл бізді қуантады. Президент айтты, уәдесінде тұрды, енді орындалады. Игілігін балаларымыз, ұрпағымыз көреді. Келер айда шотына ақша түскен ата-аналар қуанатыны сөзсіз. Бұл ұлтты ұйыстыратын, келешектің кемелденуіне, болашақтың жарқын болуына жақсы қадамдар деп қабылдаймыз. Мақалада жалпы ішкі өнім туралы қозғалды. Халықаралық валюталық қордың Қазақстан экономикасына қатысты болжамымен бөліскен. Оған қарасақ, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің ЖІӨ 259 млрд доллар, жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 000 доллардан асқанын атап өткен. 2028 жылдың соңы, яғни 2029 жылға қарай бұны 2 есе көбейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта институттар, экономикалық институттар жұмыс істеп жатыр. Олардың есебі бойынша бұған мүмкіндік бар. Жыл сайын 1,6%-ке көбейту арқылы біз осыны 2 есеге көбейтеміз дейді. Өзіңіз ойлап көріңіз, ЖІӨ 5 жылдан кейін 2 есе өссе, біздің жағдайымыз жақсарады деген сөз, тек инфляция ғана жеп қоймаса игі. Осы жерде Президенттің «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» -деген сөзі көкейден шығады. Халқымыздың табысын арттыру, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту негізгі бағыт-бағдар болуы тиіс.

Тағы бір тілге тиек етерлік мәселе, биыл Ұлттық құрылтайдың көктемде өтетіні көңілге қуаныш ұялатады. Құрылтай мүшелері халықтың ішінде жүрген белсенді өкілдер ғой. Олар Құрылтайға ұсыныстар дайындап барады. Президент оны тыңдап, қоғамдағы мәселелер шешемін табады деп үміттенемін.

Қазақстанның халықаралық деңгейіне байланысты биыл елімізде бірнеше халықаралық жиын, саммиттар өтеді. Соның бірнешеуіне Қазақстан басшылық жасайды. Бұл Қазақ елінің әлем аренасында мәртебесі жоғары екенін көрсетеді. Қазір шетелде дүниежүзінің көшпенділер ойыны дәстүрге айналды. Дүбірлі дода Түркияда, Қырғызстанда өтті. Енді біздің елде ұйымдастырылмақшы, соған қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бүкіләлемдік олимпиада сияқты ірі жарыс қой. сияқты. Баяғы көшпенділерге тән барлық дәстүрлі спорт түрлері сарапқа салынады. Егемен елдің мәртебесін асқақтатып, Қазақстанның атын дүниежүзіне танытатын байрақты бәсеке болатынына еш күмән жоқ.

Сонымен қатар биыл елімізде бірнеше тарихы датаға байланысты мерекелер атап өтіледі, соған орай айтулы шаралар ұйымдастырылады. Президент Жошы ұлысының 800 жылдығына қатысты ерекше тоқталды. Ол рас. Ұлы Жібек жолы бойына бақылау орнату үшін Шыңғысхан барлық әскерімен сол елдерді жаулап алуға кіріскені бәрімізге белгілі. 1219 жылы бастап, 1221-22 жылында аяқтады. Сөйтіп, Жебе мен Сүбедей деген екі қолбасшысы тағы 30 мың қолмен ары қарай солтүстік Иран, Кавказ арқылы өтіп, орыстарды жеңіп, қайтып оралған. Сөйтіп 1224 жылы құрылтайда өзінің 4 ұлына бүкіл жаулап алған жерлерін бөліп бергені тарихтан белгілі. Ертістен Жайыққа дейінгі, Оңтүстіктен Оралға дейінгі аймақтардың барлығы Жошы ұлысына берілді. Сөйтіп ол жерлер моңғол империясының құрамында «Жошы ұлысы» деп аталған. Ал, бұған дейін ол жерде Қыпшақ хандығы болған. Бір қызығы, Қыпшақ хандығы бұл жерде өзінің өмін сүруіндегі гүлдену кезеңін өткеріп, құлдырау кезеңін кешіп жатқан-тұғын. Оның Батыс және Шығыс бөлігі болды. Маңғыстау жақтағы Батыс бөлігінде тоқсаба дейтін рудың өкілдері, шығыс жақта Елбөрі деген Қыпшақ тайпасының өкілдері билік құрып отырды. Кейін осы Елбөрі тайпасынан атақты Сұлтан Бейбарыстың шыққаны белгілі. Моңғолдар мұның бәрін жойып, құлатып, өздерінің билік жүйесін әкеліп орнатады. Тіпті, сол бұрынғы әулеттің өкілдерін түп- тамырымен жойып жібереді. Оның өзінің себебі бар екен. Орта ғасырда «Тарих-и Рашиди» енбегінің авторы ретінде тарих беттерінен нақ орын алған Мұхаммед Хайдар Дулати жайлы мысал келтірейін. Шейбани хан бұйрығымен Мұхаммед Хайдар Дулатидің әкесі Мұхаммед Хұсейін қаза табады. Шейбани хан 9 жасар баласын да өлтіруге бұйырады. Мұхаммед Хайдар Дулати кейін бір ғұламадан «мен 9 жасар баламын ғой, мен неге Шейбани хан өлтіруге бұйырды» деп сұрайды. Сонда оған: «бұл ерте ғасырлардан бері келе жатқан нәрсе, жаңадан келген әулет бұрынғы жеңілген әулеттің өкілдерін толығымен жою керек. Егер де жоймаса, жаңадан келген әулетте дағдарыс пайда болса, онда бұрынғы әулет өкілдері сондағы әлеуметтік топтарды бастап күреске шығып, жеңіп кетуі мүмкін. Соған жеткізбеу үшін осылай жояды» деп жауап беріпті. Сол сияқты Шыңғыс хан да Қыпшақтардың бұрынғы әулетін толығымен жоюға бұйрық береді. Бұл түркілерде бұрыннан бар. Тіпті, патша үкіметі жойылғаннан кейін большевиктер Николай патшаның қыздарын, ұлдарын, бәрін тек өлтіріп қана қоймай, олардың денесіне қышқыл құйып, зынданға салып өртеп, жасамағаны жоқ. Қыпшақтар да сондай болды. Қыпшақтық мемлекеттік жүйенің орнына Моңғол империясы құрылады. Соған 800 жыл толып отыр. Елу жылдан кейін 1269 жылы Алтын Орда дейтін мемлекет Жошы ұлысының негізінде құрылған, Моңғол империясынан бөлінген жеке, дербес, іс жүзінде толыққанды мемлекет болып бөлініп шығады және оған дейінгі жаулап алудың, Батыйдың жорығы нәтижесінде территориясы екі еседей кеңейген. Түсініктірек айтсам, Шыңғыс хан Хорезм мен Қыпшақ хандығын жаулап алғаннан кейін Моңғол мемлекетінің территориясы екі есеге ұлғайып, империяға айналды. Шыңғыс хан бүкіл жаулап алған жерін бәйбішесінен туған төрт ұлына бөліп берді. Қазақ даласы үлкен ұлы Жошының үлесіне тиді. Сондықтан сол жерлердің барлығы ұлдарының атауымен Үгедей ұлысы, Шағатай ұлысы деп атала бастады.Ол біздің тарихымыздың бір бөлігі. Мұның бәрі Қазақ хандығының мерзімін айқындайды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы бір кезең ғой, біздің тарихымыздың кезеңі болғандықтан, біз бұған міндетті түрде қайтып ораламыз. Бір қызығы, кейбір тарихшылар Қазақ мемлекеттілігінің тарихын осы Жошы ұлысынан, Алтын Ордадан бастап жазады. Бұл түсінерлік жәйт. Біздің бір тарихымыздағы белгілі бір кезең және күні бүгінге дейін жетіп отырған Қазақ хандығы дәуіріндегі билеуші әулет-Жошының тікелей ұрпақтары. Әрине олар ассимиляцияға түсті, қазір түркіленді, қыпшақтанды немесе қазақтанды. Тарих ғылымында «қыпшақтану» дейтін термин бар. Яғни, жаулап алған моңғолдар, түркі тілдес тайпалар, моңғол тілдес тайпалар барлығы жергілікті Дешті Қыпшақ дейтін аймаққа келіп, бір ғасырдай уақыттың ішінде толығыменен қыпшақтанып кетті. Оны Әл-Омар дейтін арабтың тарихшысы, географы тез аңғарған екен. «Бұрын бұл өңірде қыпшақтар өмір сүрсе, оларды моңғолдан жаулап алып, азғантай уақыттың ішінде қыпшақ топырағының қасиеті жоғары болып, бәрі бір адамдай қыпшақша сөйлеп кетті» дейді. Сол кездегі болған жағдайды айтады. Ал, ғылыми негізде бір ғасырдай уақыттың ішінде дін де, тіл де бәрі-бәрі әсер етті. Алтын Ордада этникалық қауымдастық пайда болды. Этникалық қауымдастықты Өзбек ханнын есіміне байланысты өзбектер деп атай бастайды.

Президент қазақ мемлекетінің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін Жошы ұлысының 800 жылдығына орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатынын айтты. Мен әсірелеп жазатын журналистерге таңғаламын. Бізге 550 жыл ма? Жоқ. Қазақ мемлекеттігінің 3000 жылдай тарихы бар. Мәселен, адам өмірін алайық. Балабақшаға барған сәті бір кезең, мектеп, жоғары оқу орны, қызмет барысы, солай кезең-кезеңмен жалғаса береді. Сол секілді қазақ тарихында да кезеңдер бар. Скиф, сақ дейтін бір кезең бар. Одан кейін ғұн, қаңлы дейтін тағы бір кезең орын алады. Түрік дәуірі, оғыз, қыпшақ дәуір, моңғолдар үстемдігі, Қазақ хандығы дейтін дәуір бар. Оған кешегі қылышынан қан тамған кеңестік кезеңді қосыңыз. Тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейінгі 33 жыл өміріміз бар. Осыған қарап тарихымызды Алтын Ордадан басталды деп керек емес. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ тарихын қайта жазу керек деген ұсынысын қолдаймын. Ол жазылып та жатыр. Бірақ оны кімдер жазып жатыр. Сол маңызды. Себебі бізде кадр жағынан өте тапшы, қиын. Мен сондағы Қазақ хандығы дәуіріне қатысты екі таралым жазып бердім. Бірақ қабылдады ма, қабылдамады ма, оны білмеймін. Мен сол кезде Қазақ хандығы дәуіріне тікелей жауапты едім. Бірақ сол кезде “Ұлы дала таңы” деген фильмге бас тарихи кеңесші болғаннан кейін оның машақаты көп болды, мен сол жауапкершілікті басқа адамға өткіздім. Ал, мен сол екі тарауға өзім бас-көз болып жазып бердім және бүгінгі күннің тұрғысына лайықты болатындай қылып. Енді ол айту бір бөлек, ал соны халыққа жеткізу үшін барлық талаптарға сай жасау қажет. Әрине бұл жазылып жатыр. Президент осы жылы көпшіліктің қолына тиеді деп айтты. Жуырда қалың көпшіліктің қолына тиеді деп ойлаймын.

Президент сұхбатындағы назар аударарлық тағы бір жәйт – АЭС. Бұны халық шешеді айтты. Қорыта келсем, даму үшін, қозғалыс болу үшін оның заңдылығын білу қажет. Оны ғылымда «диалектика» дейді. Осы диалектиканың 3 заңы бар. Ең бірінші заңы- қарама-қарсы күштердің өзара бірлігімен күрес заңы. Біздің кешегі қазақ қоғамы Қаңтар оқиғасына тап болдық. Қазіргі саяси реформалар, экономикалық-әлеуметтік сипаттағы іс-әрекеттердің бәрі соның көрінісі, «күрес заңын» білдіреді. Қазіргі қоғамның саяси және экономикалық-әлеуметтік жағынан да алға қарай ілгерілеуі қуантады».

Жанна Абайқызы