Бейкүнә жастар мен қатыгез қоғам қақтығысы немесе «Тұйық өмірдің құпиясынан» «Айқараңғысына» дейін
Сексен алтыншы жылдың ызғарлы желтоқсанында бодандық бұғауын бұзып, бостандық тілеп бұлқынған қазақ жастарының жүрегінде халқының арман-аңсары қайнап жатқан еді.
Елдің жүрегіне қан, кірпігіне мұз қатырған сол сәт әр қазақ баласының көкейінде сақталатынын уақыт өзі дәлелдеп келеді. Желтоқсан оқиғасы және оның күрмеуі көп сауалдарына жауап іздегенде, сол ақиқатты әділ таразылаған шығарма іздейтініміз анық. Қазақ халқының ұлт азаттығы үшін болған соңғы көтерілістің бірі ретінде ғана емес, Кеңестер Одағындай мызғымас алып империяның да іргесін шайқалтқан осынау тарихи оқиғаның көркем әдебиеттің нысанына айналуы заңды құбылыс болса керек.
Алайда қазақ әдебиетінің қоржынын ақтара қалсаң, желтоқсан шындығын ашық көрсеткен шығармалардың аз екені байқалады. Олардың кейбірінің аңдатпасында Желтоқсан тақырыбы көтерілгені айтылғанымен, сюжеттік желісін қуалап оқи бастасаң, оқиғаға тікелей қатысты детальдардың тапшылығы көзге атойлап тұрады немесе тақырыпты желеу етіп, жанама нәрселерді термелеп кету нышаны байқалып қалады. Осы орайда Желтоқсан тақырыбына арналған шығармалар қатарында Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы», «Сексен алтыншы жыл» романдары, Тұрысбек Сәукетаевтың «Айқараңғысы», Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек», Әділбек Ыбырайымұлының «Ұяластар» романдары және Асқар Алтай, Мархаба Байғұт сынды авторлардың бірқатар шығармалары бар. Бұл шығармалардың бәріне ортақ бір қасиет – желтоқсан ақиқаты, қанды қырғынға дейінгі және кейінгі қоғам келбеті.
Бекежан Тілегеновтің «Сексен алтыншы жыл», «Тұйық өмірдің құпиясы» шығармаларында ел тарихындағы ең ауыр әрі тағдыршешті кезеңдердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына дейінгі қоғам келбеті ашық бейнеленіп, сөз болады. Тоқсаныншы жылдардың басында, анығында, 1994 жылы жарық көрген «Сексен алтыншы жыл» романы қазақ әдеби өмірінде жоғары бағаланып, жиі сөз болып жүрді. Бұның үлкен себебі де бар – әдебиеттегі желтоқсан оқиғасын сөз еткен шығармалар бастауында Бекежан Тілегеновтің қос романы қатар тұрған еді. «Сексен алтыншы жыл» шығармасы автор өмір қоғамның шындығын ашық баяндаған роман. Сан түрлі кейіпкерлердің болмысы арқылы мейлі билік, мейлі ғылым, я басқа сала болмасын, шіріген жүйенің ақиқатын айтудан тайынбаған. Шығармада қатар өрбіген екі негізгі сюжеттік желі бірімен-бірі жымдаса қабысып, рең беріп, өзара тұтас сурет жасап, өзгеше бір құрылымды түзеді. Айдын мен Нәзіктің махаббаты мен ел саясаты, алаңға шыққан жастардың табиғи тіршілік жыры, аңсар арманы мен қатыгез биліктің зұлымдық баяны өзара түйіспейді. Бірақ Желтоқсан оқиғасының бастауында бірімен-бірі қабыспайтын тағдырлардың тартысы жатқан еді. Роман тақырыбы Желтоқсан оқиғасын қаузағанымен, одан бұрын Полигонға жем беріп, туған халқын социалистік құрылыс жолына құрбандыққа қиған, өз мүддесі мен қара басынан басқа ештеңе ойламайтын партия мүшелері туралы. Ұлт зиялысы саналып, ғұмыр бойы желдің ыңғайымен күн кешкен, адалдықтан ада, ұлттық мүддеге жат аға буын өмірге құштар, танымы кең, санасы зор жаңа толқын, намысы күшті, қайраты мол, саны көп, отаншыл жүректі жас ұрпақпен бетпе-бет келеді. Аумалы-төкпелі аласапыран заманда әрқайсысы әртүрлі, өзіндік мінез, әрекетімен көрінген Әміров, Камалов, Әбенов, Айбаров, Сәрсенов, Меңдібековтердің бәріне ортақ мұрат болса, ол – мансапқорлық, бәріне ортақ бір сипат болса, ол – ұлттық сананың кемдігі, немесе мүлде жоқтығы шығар. Биліктің айтқанына иілгіш, ал әлсізге зорлығын жүргізген Камалов пен Меңдібеков сынды кейіпкерлердің жұмсақ орын, жоғары билік бәріне дайын екенін көргенде іштей екіұдай күй кешесің. Меңдібековтің қазақтан көсем іріктеу кезеңінде қатарынан түгел озып, республиканың «екінші басшысы» дәрежесіне көтерілуі арқылы отаршылдық атаулының тарихында ежелден келе жатқан тәсіл – жергілікті халыққа қарсы ең былғаныш жұмысты түземдіктердің өз қолымен жасату екенін анық байқауға болады. Ал Камалов сынды шалабелсенділер қай заманда да табылатыны, өкінішке қарай, бұлтара алмайтын шындық. Өзінен зорлар емеурін білдірсе ыждағат, екпінмен айтқанын бұлжытпай орындауы – өз менінен айырылған халықтың анық бейнесі болса керек. Шығармада 1980 жылдардың екінші жарымындағы қазақ қоғамында қордаланған бар шешім орыс отарлық жүйесі өзінің алдамшы сыртқы қабығын сыпырып тастаған сәтіне әкеліп, қан шеңгелді Желтоқсан оқиғасының бастауы болған еді. Желтоқсанның ызғарлы күндері бейбіт шеруден басталып, биліктің қатыгез әрекеттері арқылы қанды оқиғаға ұласқаны тарихтан мәлім. Осы оқиғаның құрбаны болған әр жас сол Камаловтардың озбырлығына көнбей, әділетсіздігіне шыдамағаны үшін жазықсыз жапа шекті. Автор желтоқсанға дейін қоғамның жағдайын санамалай келіп, қанды оқиғаның мән-жайына мейлінше терең үңіледі. Шығарма – автор өзі куә болған Желтоқсан оқиғасының зобалаңын айтуымен ғана құнды емес, сондай-ақ бұл үш ғасыр бойы бодандықтың бұғауындағы халық тәуелсіз атанғанымен, шат-шадыман өмірге бірден қолы жетпегенін баяндайтын, рухыңды жанып, талай ойға батыратын шығарма.
Қоғамның сол кездегі тарихына қалам тербеген жазушылардың әрқайсысы қайсыбір кезеңдік ерекшеліктерді даралай көрсетуге ұмтылғаны анық. Бұл романдардан кейін қазақ әдебиетінің қоржынына желтоқсан оқиғасы төңірегінде жазылған бірқатар роман, әңгіме кеп қосылды. Тұрысбек Сәукетаетың «Айқараңғысы» романы да Желтоқсан оқиғасы кезінде тарих сахнасына шыққан тұлғалар мен қайраткерлердің тағдырын тарихи деректер негізінде суреттеп, сол кезеңнің саяси-психологиялық атмосферасын автор мейлінше шынайы жеткізуге тырысқан. Шығарма кейіпкерлері Сәбира (Мұхаметжанова) мен Әзиз-Сұлтанның (Қайрат Рысқұлбеков) бақыты Шымбұлақтағы шуақты сәттерімен шолақ қайырылады. Қаламгер көпшілік білетін тарихи деректер мен суреттерден сырт кетпеген. Роман сюжеті алыс ауылдан келіп, ҚазМУ-дің биология факультетіне емтихан тапсырып, алайда студент атана алмаған балауса Сәбира қыздың оқиғасымен басталады. Алматы мақта-мата комбинатының жатақханасына орналасып, жіп иіру цехында жұмысшы боп жүрген кезінен, ал желтоқсандықтардың ұлт мүддесін жоқтап алаңға шыққан кезінен шиеленісе бастайды. Одан әрі оқырман желтоқсан айының ызғарлы аязын Сәбирамен бірге сезініп, өз басынан кешкендей күйге енеді. Жайшылықта ең аяулы адамы көріп, ерекше сыйлаған ұстазы Елена Борисовнаның: «Есіл дертің алаң жақ болып тұр ма? Бүйтіп жұмыс істегенше, бар да, қандастарыңа қосыл. Үйретіп, адам қыламыз деп жүрген біз ақымақ» деп жеки сөйлеуі – өктем әрі отаршыл ұлттың психологиясын оқырманға терең ашып берген сынды. Шымбұлақтан оралған күні шешесінен «Әкең әл үстінде. Тез жет!» деген жедел хат алып, ауылына аттанған Әзиз-Сұлтан Желтоқсан оқиғасы жайлы кеш біледі. Әл үстінде жатқан әкесінің халін білуге ауылға суыт аттанған Әзиз-Сұлтанды өмірбақи қой соңында жүрсе де пенде ретінде рахаттанып күй кешпеген ата-анасының азапты өмірі, қиыншылықта қол ұшын беруге жарамаған ағайындардың, басшылардың безбүйректігі, бұрынғы сүттей ұйыған берекелі де бауырмал ауыл, ағайын атты киелі ұғымның ұмытылып, ұлттық рухтың аза бастауы қатты қапаландырады. Қаламгер шешесіне болысамын деп мектепке бармай қой баққан екі баланың тағдыры арқылы қазақтың бұлыңғыр болашағы мен үзілгелі отырған келешегі туралы ойға жетелесе керек. Азып-тозған ауыл өмірі, келешегі күңгірт ұрпақ тәрбиесі, ұлтымыздың ішкі діл, рухани тірегінен айырылып, «ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай» қауқарсыз халі Әзиз-Сұлтанды алдағы үлкен күреске психологиялық тұрғыдан әбден даярлайды. Қазақ жастарының бойындағы қайсарлық, алға қойған мақсатқа жету жолындағы табандылық пен жігерін біз романдағы Әзиз-Сұлтанның образынан анық байқаймыз. Дәл бүгінгі өмір қоғамдық өмірге қатысты саяси көзқарастардағы қайшылықтар Әзиз-Сұлтанның бөлмелес достары – Ержан мен Мұхиттардың пікірсайыстары, көзқарасы арқылы көрініс табады. Олардың алаңдағы жағдайды талдаған ой-түйіндері, ашынғаннан айтылған ой қақтығыстары, тіпті дүниетанымдарындағы ала-құлалықтан туатын кереғар пікірлер кеңестік кезеңнің іштей іріген саяси ахуалын, қоғамдық құбылыстардың бетпердесін ашады. Жазушы жергілікті халықтың жаншылған рухын, алданған арманын, тапталған намысы мен тоталитарлық режимнің патшалық Ресейден бері түрін ғана өзгертіп, бөгде жұртты тұқыртып келген сиқын бейнелеуде әрқилы кейіпкерлердің болмысын жасайды. Романның бір тарауында Әзиз-Сұлтанның жазықсыз жала жабылып, сотталып, түрмеде өткізген күндері суреттеледі. Айыптаушы Аллахбердиевтің сөзіне бағынбаған Әзиз-Сұлтан көп адамдық камерада өмір сүріп жатқан Пахан сияқты қанқұйлы қылмыскердің тағдырына қоғам мен ортаның жауапты екенін түсінеді. Әсіресе өзі студент бола тұра алаяқтықтың түрлі қитұрқылығын меңгерген сатқын Қосымхан, түрмедегі қаныпезер Пахан, Шынарбай Әшетович сынды кейіпкерлердің әрекеттері ұлттық рухтың әлсірегенін, ішкі тіректің шайқалғанын көрсететін айқын мысал. Бұдан бөлек, романда Димаш Ахметұлы, Айтуаров сынды күрделі кейіпкерлер бар. Қаламгер нақты тарихи деректер мен өз замандастарының бейнесін сомдай отырып, олардың көркем шығармадағы образын жасауға талпынады.
Белгілі Асқар Алтайдың бірқатар шығармаларында да Желтоқсан оқиғасы және оқиғадан кейінгі қоғам бейнесі суреттеледі. Автордың өз қолтаңбасына тән мифопоэтикалық сарындар қанды қырғыннан кейінгі қоғамды суреттеуде маңызды рөл атқарады. Осы тұста желтоқсан оқиғасынан кейінгі қоғам өмірін бір кейіпкердің тағдыры арқылы баяндаған «Туажат» шығармасын атап өткен жөн. Бас кейіпкер – Байбураның өмірге келуінің өзі кітап тақырыбы айтып тұрғандай, «Туажат», оның бұл ғалам, мына дүниеге қажетсіз, өгей екенін бетіне қарғыс таңбасындай басып тұр. Романның басталуы да сексен алтыншы жылғы қанды қырғынмен тікелей байланысып жатыр. Жым-жырт дүниені селк еткізген, тылсым әлемді дірілдетіп ала жөнелген оқыс дауыстан сюжеттік динамика басталады. Мұздай қаруланған әскерилерден қансоқта болып жүріп әрең құтылған студент Байбура ауылға кеп бас сауғалайды. Шығарма бастауынан-ақ автор бас кейіпкер Байбура жайлы былай дейді: «Осы ұлы түзде Байбура үйірден бөлініп қалған құландай жалғыз еді… Көзіне қан толып, көкірегіне кек тұнып, көңілінде шер шайқалған пенде ғой… қайдан білсін? Не сезсін?». Шығармадағы тайыншадай арлан мен қаншықтың тектілігі, арланның «аң да болса арлы әрекеті», Байбураның аңшы ретіндегі әккілігі, аңшы мен ақшулан қаншық арасындағы өмір үшін тайталас – бәрі де оқиға желісін жетілдіріп, иен даладағы «қос жыртқыштың бар қасиетін», яғни характерін ашып береді. Нағашысы жар дегенде жалғыз атын жем қылған соң «бөрі қуғынға» бет алған жас аңшы мен құмбыл қаншық характері Байбураның қасқырды тірілей соя бастаған тұста анық көрінеді. Шығарманы оқи келе оқырманға көп дүние мәлім болады. Байбура қаны мен жаны қазақ әр азаматтың жанына жара боп батқан, бойында ыза мен кек, намыс ойнатқан сексен алтының, атақты Желтоқсан оқиғасының куәгері екен. Сол бір бейкүнә жастар мен қатыгез қоғам арасындағы қақтығыс жас жігіттің жүрегіне шемен болып байланып, еттен жаралған жүректі тасқа айналдырған. Қатыгездіктен ғана қатыгездік туса керек. Бұл қатыгездік соның салдары. Оның үстіне Желтоқсан оқиғасы кезінде сүйген қызы Алқабегімнен айырылды. Өзінің ең аяулысын өзіне жау қылған, бұл – қатыгез әрі туажат қоғам. Осы тақырып пен идеяны Асқар Алтай «Сібір полицейі» және «Прописка» әңгімелерінде де айтып өткен. Мысалы, «Прописка» әңгімесінде автор қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, адамның рухани азғындауын және бюрократиялық жүйенің қатыгездігін әшкерелесе, «Сібір офицері» Бураханның тағдыры арқылы желтоқсанның әлі де ашылмай жатқан сыры мен құпиясы көп екеніне ой жүгіртеді. Сюжет бойынша гарнизон бастығы ереже мен тәртіпке сай қысқа-қысқа бұйрық беріп, «моральдық жағынан ұстамды бұйрықты бұлжытпай орындайтын» арнайы иттер мен тағы сондай жиырма шақты жас офицерді ұшаққа отырғызып, қараңғы түн құшағында белгісіз бағытқа ұшырып жіберді. Офицерлер «негізгі бұйрықты аспанда» алады. Бұл сұмдық хабар Бураханды әу басында көп толғантпағанымен, артынан қаракөлеңкеде «арыстанша арпалысып жүрген» өз қандас бауырлары екенін білгенде психологиялық дағдарысқа тап болып, тығырыққа тіреледі. Офицер гарнизонға «желтоқсанның ызғар қарыған ауасын қасқырша қауып» жүгіріп жеткенде бойында әлдебір долы күш қайнап жатқандай еді. Сол күшті жұмсайтын кездің келгеніне Бурахан барлық арнайы» ішкі әскердің офицерлеріндей тастүйін дайын болатын. «Алаң бетін жапқан аппақ қар, көк мұз қанға шыланып, жасқа қатып қалғанын» өз көзімен көріп, желтоқсаншылардың жазықсыз жүзі, жалғансыз сөзі ойын онға бөлген Бураханның сол бір соңғы күні «жауынгерлердің жанына тығыла бергені» ақыры жазасыз қалмайды. Бұл әрекетін байқап қалған Станислав деген офицер Бураханға ауыр саяси айып тағып, «ұлтшылсың» деп жер қылады. Бурахан да құл болудан, құлдық санадан қашты. Оның алдында екі таңдау тұрды, бірі – жануар сынды өмірді жалғастыру, қандастарын қырып-жою болса, екіншісі – адам боп өлу. Бурахан екінші жолды таңдады.
Осы сипаттағы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі адам тағдыры жайлы сөз қозғайтын Мархабат Байғұттың да «Жоғалған Жұрнақ» шығармасын атап өткен жөн болар. Шығарма желісінде осыдан 36 жыл бұрын сарышұнақ аязда азаттық үшін Желтоқсан оқиғасының бел ортасынан табылған жас жігіттің өмір жолы баяндалады. Жүректерге тебіреніс сыйлаған әңгіменің кейіпкері Жұрнақ сол бір оқиғадан кейін жынданып кетеді. Текемет деп аталатын кентте туған жас жігітті ауылдастары көзімен көргенде таңданысын жасырмаған. Аядай ғана ауылдан шыққан Жұрнақ мектеп бітіргеннен кейін, жүк пойызына мінген бойда Мәскеуден бір-ақ шығады. Мыңдаған түлектің қолы жете бермейтін жоғары оқу орнына түседі. Алты жыл бойы алып шаһарда білім алған жас жігіт сүйген қызы Алмаға жету үшін Алматыға асыққан еді. Қытымыр қыстың екпіні күшті. Сүйгенімен қосылу үшін барған Жұрнақ Желтоқсан оқиғасына белсенді қатысушы ретінде айыпталады. Ал сүйгені Алмадан көтеріліс кезінде көз жазып қалады. Баласының тартқан азабын көруге жүрегі шыдамаған Қонақбай көп ұзамай дүниеден өтеді. Отбасынан ешкім қалмаған Жұрнақты ағайын-туысы Қарағанды қаласындағы жындыханадан тауып алады. Екі жыл бойы сараптама жүргізген білікті дәрігер ақыл-есінен айырылған Жұрнақты адамға ешбір зиян келтірмейтіндігі жөнінде қорытынды шығарған. Туған ауылына келген Жұрнақты ауылдастары жылы шырай танытып қарсы алады. Көпшіліктің ықыласына бөленген жігітке кейіннен қырын қарайтын жандар көбейген. Ақшаның түр-түсін танымайтын оған ауылдастары қара жұмыстың талайын жасатып, мектептен қайтқан балалар бір сомға ауылға дейін сөмкесін арқалатуды әдетке айналдырған. Шығарманы оқып отырып, туынды тұтас символикаға құрылғандай күй кешесің. Жұрнақтың жағдайы арқылы тек бір адамның ғана емес, автор тұтас ұлттың трагедиясына терең бойлаған. Санасы мәңгүрттеніп, болмысын жоғалтып бара жатқан ұлтқа текті әулеттен шығып, бүгінде жалтаққа айналған Жұрнақ бейнесі шебер аллегория.
Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» атты шағын романын да толықтай болмаса да, Желтоқсан көтерілісіне қатысты туынды деуімізге болады. «Тар жерде», «Қияда», «Қаза» атты үш тараудан тұратын романның бірінші тарауында ғана Желтоқсан көтерілісі туралы айтылып өтеді. Білім қуып Алматыға келген көкөрім жас Хақназар Шығаевтің тағдыр жолы Брежнев алаңындағы қанды қақтығысқа қатысқаннан кейін мүлде басқа арнаға түскенін көреміз. Романның алғашқы тарауы Хақназар тағдыры басқа арнаға түсуінің себебі болса, қалған екі тарау – дәуір шындығымен өрілген салдары. Қалай басталғаны, кім ұйымдастырғаны беймәлім, Брежнев алаңында болған осы бір стихиялық қақтығыста сапер күректі солдаттардың соққысына жығылып қан-жоса болған қаракөз аруды құтқарамын деп қолға түскен Хақназар қайратты қара шашты жігіт қатарлы бір топ қазақтың ішінде сергелдең күйде абақтыға түседі. Роман «желтоқсаншы» жастың түрмедегі және жазасын өтеп шыққаннан кейінгі тағдыр соқпағына құрылған. Оқиғасы тартымды да нанымды, тілі жеңіл романды өткен ғасырдың соңғы он жылын өмірінің ойып алып қағазға түсіре салған шынайы көрінісі десек болады.
Психоанализ ғылымында тұтас халықтың санасына түскен жара ұрпақ алмасуымен, заман жаңаруымен уақытылы жазылмаса, емделмесе, ішке түскен бітеужара түбі қайтадан жарылатынын, ондай жарылыстан кейін оның залалы тым ауыр болатынын, ұзаққа созылған халықтық қасіретке ұласатынын жазады. Біз де жаншылып, басылған, ұлттық санамызға ауыр сызат түскен, сол жанжарасы әлі де жазылмаған халықпыз. Кеткен кек пен қайтарылмаған есені айтпағанда, өз қасіретін өзі қаужай алмайтын кепке дейін құлдыраған елдігіміз тағы бар. Бұл ұлтты жасыту болмаса керек. Бұл өз-өзіңе үңілу. Аштық пен соғыстың трагедиясы онда өлгендердің санымен өлшенбесе керек, керісінше, тірі қалғандардың рухы мен санасындағы өзгерісінен көрінеді. Ары қарай үреймен өмір сүру, тойымсыздық, тірі қалудың ғана қамы. Аштық бұл жолы жұт боп далаға кеп, малымызға қырғидай тимейді. Аштық бұл жолы тірілердің көңіліне көшіп, тұтас қоғамды құртады. Санасы аш халық үшін тоқтық пен байлық басты бақыт санала бастайды да, сол үшін де көрінген нәрсеге шүкір ету, жанын бағып тыныш отыру, мүмкіндік болса алып қалу, жеп қалу деген нәрселер үдей түседі. Сау санаға ие адамның жаны ылғи еркіндікке ұмтылады. Еркіндіктің жолында бәрін құрбан етуге болады, бірақ еркіндіктің өзін құрбан етуден артық не қасірет бар? Осындайда құл боп үйренген адамға бұдан соң өзінің құл еместігін түсіндіруден асқан қасірет жоқ сияқты көрінеді. Өткеніне қырық жылға таяған Желтоқсан оқиғасының әдебиеттегі бейнесі осындай.
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ