Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:02, 21 Желтоқсан 2023

Бейсембаев медаль таратады, педагогтар садақа жинайды

Ғани Бейсембаев
Фото: primeminister.kz

Өткен аптада оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдемесі тағы да қызу талқыға түсті. Ұстаз-сарапшы Аятжан Ахметжан Бейсембаевты «марапат пен аттестацияның екі бөлек нәрсе екенін ажырата алмайтын министр» деп те атады.

 «Оқу-ағарту министрлігі медаль жасайтын цех пен Алғыс хат басатын полиграфия ашып алған ба?» дегендер; «50 мың Ы.Алтынсарин, 100 мың «құрметті қызметкер» таратасыңдар ма?» дегендер; «500 мың мұғалімге марапат тарату ақылға сыя ма?» дегендер... Қысқасы, сұрақ көп. Сұрақтың соңы «Мынау білім беретін емес, медаль тарататын министрлік секілді ғой» деген пікірге келіп тоқталып жатты.

Әңгімеге арқау болған министрдің мына сөзі:

«Автоматты түрде наградаларды беріп отыратын боламыз. Мысалы, мектептерде былай шешілді – ол колледждерде де солай болады: модератор алған адам бірден министрдің Алғыс хатын алуы керек. Сарапшы болсаң, Құрмет грамотасы бар. Еңбек қой енді ол. Еңбектерімен жетіп отыр ғой. Ары қарай егер зерттеуші болса, білім жүйесінің құрметті қызметкері атағын алуы тиіс. Мастерге жеткен адамға автоматты түрде Алтынсарин медалі табысталуы керек».

Сөйтіп, болашақта әр педагог аттестациядан өткен сайын марапатталып отырмақ. Жалпы, осы саланы басқаруға келгелі Бейсембаевтың әр мәлімдемесі қызу талқыланып келеді. Басқасын айтпағанда, осының алдында ғана бір топ педагог президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа Ашық хат жазып, оқу-ағарту министрін отставкаға жіберуді де сұраған.

Осындай оқу-ағарту саласының қиюы қашып тұрған күндері «Жас Алашқа» арыз-арманын айтып, арнайы хабарласқандар болды: жалпақ тіл «соц педагог» атап кеткен мектептердегі әлеуметтік педагогтар (міндеті балалардың дамуы мен оны қорғауды қамтамасыз етуге негізделген). Олардың айтып отырғаны бір Бейсембаев емес, бұрыннан келе жатқан мәселе.

Алматыдағы мектептердің бірінде әлеуметтік педагог болып жұмыс істейтін Әсем Әділхан биыл оқу-ағарту министрлігі педагог-психологтардың нормативтік оқу жүктемесін қайта қарастырғанын, онда психологтарды қолдаудың кешенді жоспары жасалғанын, ал «соц педагогтар» тағы да ұмыт қалғанын айтады. Яғни бұдан былай министрлік 500 оқушының жүктемесін 1 психолог маманға артпайды. Ендігі кезекте өңірлерде психологтарды қолдау орталықтары құрылып, олардың жұмысын жеңілдету үшін цифрлық кабинеттер ашылмақ. Педагог-психологтардың жұмыс уақыты бекітіліп, оларды оқыту курстары белгіленеді. Одан бөлек педагог-психологтардың жалақысын көтеру мәселесі де қарастырылған.

«Ал осы жерде министрлік мектептің жарты жүгін көтеріп жүрген «соц педагогтар жайлы жақ ашпайды. Әлеуметтік педагогтың жұмысы басынан асады. Жазда тіпті демалыс көрмейміз. Министр Бейсембаев «әлеуметтік педагогтардың жұмысы психолог-педагогтардың жұмысымен бірге жүрсін» деген талап қойды. Бірақ олардың жалақысы, статусы психологтармен теңестірілмейді. Министрік 1 психологқа 500 бала үлкен салмақ дейді. Бізде 1500-2000 балаға жалғыз «соц педагог» жұмыс істейді. Құжатбастылық деген сұмдық. Әр баламен әртүрлі категорияда, әр ата-анамен әртүрлі жұмыс істейміз. Бір ғана ыстық тамақ ішудің есебінен миымыз айналады. Одан бөлек мектептің қамқоршылық кеңесімен жұмыс істеу, ата-аналар комитетімен жұмыс, қаржылай көмекті ұйымдастыру, жаз болса лагерьдің құжаттарын реттеу, жазғы лагерьге балаларды жіберу, бәрі-бәрі әлеуметтік педагогқа жүктелген. Әлеуметтік педагог деген де жоғары білімді педагогтар ғой. Осыншама жүктемеміз бола тұра алатын жалақымыз 120 мың теңге. Мұндай жалақымен шыны керек, өзіміз күн көре алмай кеттік», – дейді Әсем Әділхан.

Бұл ірі мегаполис Алматы қаласында ғана емес, жалпы Қазақстанға тән проблема. Біз Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша бірнеше әлеуметтік педагогпен сөйлесіп көрдік. Әдеттегідей қызметкерлер проблема айтады, бірақ аты-жөнін өзгертуді, мектебін көрсетпеуді сұрайды. Қысым көрсетіледі, жұмыстан қағыламыз деп қорқады. Мәселен, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы мектептердің бірінде істейтін Ардақ Жайлауова (сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) тура Алматыдағыдай схемамен жұмыс істейді екен. Қордайда мектептерде бір бала суицид жасайтын болса, психологпен бірге «соц педагог» та жауап береді.

«Бір сынып жетекшісі алдында отырған 24 баланың жағдайын бақылауы керек болса, біз бір өзіміз бүкіл мектептегі 2000 баланың жағдайын бақылауда ұстауымыз керек. Олардың үйіне бару керек, жағдайларын тексеріп, акт жасау керек. Ол бала жетім бала ма, өгей әкесімен тұрып жатыр ма, болмаса өгей шешесімен тұра ма, осының барлығын қадағалау біздің мойнымызда. Одан бөлек жартылай жетім, тұтас жетім балалар бар, оларды қадағалаймыз. Оларға бірдеңе болса да біз жауап береміз. Үйлерінде жанжал шығып, бала өзіне-өзі қол жұмсаған болса «соц педагог» дұрыс жұмыс істемеген деп шығады», – дейді Ардақ (көршілес ауданда осындай оқиға болғанын, әріптесінің қатаң сөгіс алғанын мысалға келтірді).

Біз тілдескен келесі әлеуметтік педагог бұдан да басқа мәселелерді жіпке тізіп берді.

«Күнделікті мектептегі ыстық тамақ ішетін балаларды қадағалау да біздің еншімізде. Ай сайын комиссия мүшелерімен мониторинг жасаймыз. Қаржылай көмек ұйымдастырып, ол көмекті алған ата-аналардан чек сұрайсың. Оның есебін өткізесің. Жаз болса лагерьге бала жіберуіміз керек (биыл жазда бір апта ғана демалдым). Мұның сыртында демеуші іздеу, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік апарып беру, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруы тағы бар. Денсаулығы жарамай үйден оқитын оқушылардың құжаттарын реттеуіміз керек. Тіпті кей кездері сол балалардың қажеттілігін өтеу үшін елден ақша жинайтын күндеріміз де болады. Бізге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ай сайын азық-түлік апарып беруді де міндеттеп қойған. Ол азық-түлікке қаражат табу үшін «бүгін жұма ғой, жұмада берген садақаларыңыз қабыл болсын, қайырымдылық жасайық, садақа берем десеңіздер жинайық» деп, мекемелердегі жұмысшылардан, кейде мұғалімдерден садақа жинап, ол қаражатқа азық-түлік алып апарып беріп, оның есебін өткізіп отыратын күндеріміз де болады», – дейді әлеуметтік педагог Гүлжан Әлиасқарова.

Жағдай осындай болған соң қазіргі уақытта мектептерге әлеуметтік педагог тұрақтамайды. Жүктеменің шамадан тыс ауырлығынан бұл салада әр маман ең ұзақ дегенде бір жыл ғана жұмыс істеуге шыдайды екен.

«Мардымсыз жалақы аламыз. Өте көп жұмыс істейміз. Қаншама қағаз шығарамыз. А4 қағаздың өзін мектеп әкімшілігі кейде береді, кейде бермейді. Шығаратын қағаз көп болғандықтан, оны сол мардымсыз жалақымызға сатып аламыз. Файл, бокс файл, желім дейсіз бе, тағы басқа қажетті құралдардың бәрін өзіміз сатып аламыз. Психологпен, инспектормен жүріп рейдке де шығамыз. Мұның барлығын министрліктегілер неге заңмен реттемейді? Министр педагогтардың мәртебесін көтеру жайлы, оларға марапат таратып, медаль тағу туралы айтады. Ал біз тәрізді «соц педагогтардың» жұмысын кім елеп-ескереді?» – дейді қордайлық Ардақ Жайлауова.

Негізінде, еліміз бойынша халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 400 мыңнан астам балаға мемлекеттен қаржылай көмек көрсетіледі. Бұған дейін «Жалпыға міндетті білім беру» қоры әр балаға 17-20 мың теңгенің көлемінде қаражат бөліп келген. Биылдан бері осы қаражаттың көлемі ұлғайып, әр балаға 40 567 теңге бөлінетін болды. Бұл қаражаттың қалай жұмсалғанын бақылау да әлеуметтік педагогтердің мойнында.

«Қаражат ата-аналардың жеке шотына аударылады. Сосын олар бізге ақшаны орнымен жұмсағанын дәлелдеуі үшін түбіртек әкеліп беруі керек. Біз оны есепке тіземіз. Арнайы дүкендерде мектеп формасы, сөмке, оқуға қажетті құралдар, ақ көйлек, галстук, аяқ киім барлығы қымбат. Ата-аналар сол 40 мың теңгені барлығына жеткізуі үшін арзан жер іздейді. Ол арзан жерде түбіртек бермейтінін білсек те заң бойынша оны әкелуін біз талап етеміз. Осыдан барып бізде біраз түсініспеушіліктер орын алып жатады. Өзге көмектерге келсек, «жағдайы жоқ отбасыларға көмектесейік» деп мектепке меценаттар бізді іздеп келмейді. Өзіміз арасында мекемелердің жұмысшыларынан 500 теңгеден қаражат жинап, оның көлемін 10 мың теңгеге толтырып, соның есебінен жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік апарып беретін сәттеріміз болады. Кейде мектебіміздің мұғалімдері өз еріктерімен бір оқушыны киіндіріп береді. Ал былай аста-төк қаражат келіп жатқан жоқ», – дейді А.Жайлауова.

Педагогтардың пікірлерін тыңдай келе, «болашақта олардың еңбегі елене ме, жалақылары көтеріле ме, жүктемелері азая ма, салада әлеуметтік педагогтарға қатысты қандай өзгерістер болады?» деген сауалды арнайы оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне де жолдадық. Бірақ министр айтқан марапатпен басы қатып жатты ма екен, сауалымызға ведомство тарапынан тырс еткен жауап болмады. Әлдебір қозғалыс бар ма деп мектеп директорларына да хабарласып көрдік. Аты-жөнін көрсетуден ат-тонын ала қашқан мектеп басшылары әлеуметтік педагогтардың жүктемелерінің көп екенін растады. Бірақ қандай да бір өзгеріс бола қояды дегенге өздері де сенбейді. Бұған қатысты әзірге министрлік тарапынан қандай да бір бұйрық та, ереже де мектеп әкімшілігіне келмеген. Өз кезегінде мектеп басшылары да министрлікке «соц педагогтардың» мәселесін айтып, арнайы ұсыныстар тастамаған. Демек, әлеуметтік педагогтардың жүктемесі азайып, таяу болашақта жалақысы көбейеді, мәселелері шешіледі деп айту қиындау.

Ал әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева мұны адамның еңбегін қанаудың бір түрі дейді.

«Өз тәжірибемнен мысал айтар болсам, Канада, Германия елдерінде әлеуметтік қызметкерге жоғары баға беріп қарайды. Бұл елдерде әлеуметтік педагог 60-жылдардан бастап бар. Бізде соңғы бес жылда әлеуметтік педагогтарға талап күшейді. Бірақ олардың статусы өскен жоқ. Жалақысы мардымсыз. Канадада әлеуметтік педагогтың жүктемесі біздегідей емес. Олардың педагогтары біздегі тәрізді әр отбасының ішкі мәселесіне араласып, азық-түлік, киім-кешек жинаумен айналыспайды. Канадада «соц педагог» әрбір ата-ананың, оқушының үйлесімді дамуына жағдай жасап, тұлғалардың өз қабілет, қуатын көрсете білуге көмектеседі. Канада халқының саны 32 миллионнан асады. Ең дамымай қалған аудандарының өзінде нақ біздегідей адамның еңбегін қанау жоқ. Сондықтан оқу-ағарту министрлігі шынымен де бұл мәселелерді заң шеңберінде шешуге асығу қажет. Біздегі «соц педагогтар» жергілікті әкімдіктің, меценаттардың өз еркімен атқаруы тиіс жұмыстарын істеп жүр».

Маман тек Канада ғана емес, өзі оқып, тәжірибе алмасқан Германиядағы жүктеме туралы да айтты. Германияда жұмыссыз үйінде отырып қалған отбасы асыраушысына үш қордан ақша төленеді. Оның біріншісі – жинақтаушы қор, екіншісі – кәсіпорынның жинақтаушы қоры, үшіншісі – федералдық бюджет. Бұдан бөлек Канада мен Германияда, «Бала ресурсы» «Ана капиталы», «Ана қоры» деп аталатын қосымша қаражат жинап отыратын мемлекеттік қорлар бар. Қорды жергілікті бюджет субсидиялап отырады.

Ал біздің елде 120 мың теңге жалақы алатын қызметкерлер садақа жинап жүр. Медаль мен марапат таратудан қолы босамай жатқан министріміз бұл мәселені «Ең көп садақа жинаған педагог» деген номинация енгізіп шешем демесе, жақын арада қозғала қоймайтын сияқты.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ