Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 17 Мамыр 2024

Күдікті кәсіпкерді марапаттаған Исабаев жер дауына төрелік айта алмай отыр

Исабаев

Жетісу облысында тағы жер дауы болып жатыр.

Бұл жолы Кербұлақ ауданы Бостан ауылының тұрғындары егін егіп, мал жаятын жерімізден айырылып қалдық деп шу көтерді. Ақырын сөйлеп ештеңе шеше алмаған тұрғындар ақырып теңдік сұрауға бел буған сияқты, 8 мамыр күні жиналып, пикетке шықты.

Бұл даудың тамыры тереңде жатқан көрінеді. Тұрғындар 10 жылдан бері мәселесін шеше алмай жүр. 2004 жылы «Бостан» өндірістік кооперативі құрылады. Құрамында 98 үлескер болған. Кейін оның 15-і бөлініп шығып, қалған 83 шаруа қожалығы келісімшарт бойынша жер үлестерін «Алатау Дейри» ЖШС-ға өткізіп беріпті.

Бірақ Бостан ауылының тұрғындары жер үлесі ЖШС-ға заңсыз өтті деп санап, сотқа шағым түсірген. Олар осы уақытқа дейін аудандық, облыстық, тіпті жоғарғы сотқа дейін арызданыпты. Бірақ соның бәрінде жеңіліп қалған. Сот жер үлесі «Алатау Дейриге» заңды жолмен өтті деп шешім шығарған.

Соттан күдер үзген көпшілік жиналып, дау көтеруге кірісті. 8 мамырда тұрғындар ауыл жолын жауып, халықтың жерін қайтаруды талап етті. Жиналған жұрт Кербұлақ ауданы әкімінің жұмысына наразы, олардың айтуынша, әкім жерінен айырылған жұрттың сөзін сөйлемей отыр.

Ал ауылдық және аудандық әкімдік бұл іске тіке араласуға құзыретіміз жетпейді деп басын алып қашады. Қысқасы, тұрғындар мен әкімдіктің сөзі мүлде сәйкес келмейді. Екі жақ бір-бірінің уәжін жоққа шығарады.

Әкім халыққа жанашырлық танытып отырған жоқ

Біз сөйлескен ауыл тұрғыны біршама проблеманың бетін ашты. Ол тіпті кәсіпкерлер халықты «рэкетпен», ал әкім ҰҚК-мен қорқытып отырғанын айтып, мақалада атын атамай-ақ қоюымызды өтінді.

«2007 жылы өндірістік кооператив «Алатау Дейри» ЖШС-мен бірігу арқылы қайта құрылды. Содан бері Бостан ауылының халқы «Алатау Дейридің» құрамында. «Алатау Дейридің» жер үлескері деген құқығымыз бола тұра 17 жылдан бері жер өнімінен бір тиын пайда көрмедік. Қазір ауылда не мал жоқ, не жұмыс жоқ. Халықтың жерінің бар пайдасын осы ЖШС көріп отыр.

Кеше осы дауға байланысты ауылда жиналыс өткіздік. Адвокатымыз 13 адамның бастамасымен үлескерлердің жиналысын өткізді. Жиынға «Алатау Дейри» басшылары, аудан әкімі, прокуратура өкілі, ішкі істер бөлімінің бастығы және мәслихат төрағасы қатысты. Жиналыс қорытындысында халық 100 пайыз «Алатау Дейри» құрамынан шығып, Бостан өндірістік кооперативіне қайта кіреміз, жерімізді қайтарып аламыз деп шешті.

Осыдан кейін аудан әкіміне сөз берілді. Әкім жағдайды бұрмалап, жерді мұндай жолмен ала алмайсыңдар, бір-бірлеп арыз жазып аласыңдар деді. Бұлай болғанда қайтыс болған немесе ауылдан көшіп кеткен адамдардың жері қайтарылмайды. Оның бәрі «Алатау Дейриде» қалады екен», – дейді ол.

Оның айтуынша, жиналыста жерді қайтаруға келіскен кәсіпкерлер күн өтпей жатып ойынан айнып қалған. Енді жерді түпкілікті бермейміз деп отырған көрінеді.

Үлескер «Алатау Дейриге» қосылатын кезде құжатымызды алдап алды деп отыр. Ол әкімдер кәсіпкерлердің сөзін сөйлеуден әрі аса алмайды, халық бәрінен айырылды деп күйінеді. Тіпті жер иелері ауыл тұрғындарының үйінің іргесіне дейін егін салып тастапты. Елдің қолындағы бірен-саран ұсақ мал егінге түссе, айыппұл салғаны аздай, сойып алатын көрінеді.

Ол адвокат тұрғындардың ЖШС құрамында тұрғанын, жерден алған өнімнің жемісін бірге жеуге құқылы екенін анықтағанын айтты. Оның сөзінше, үлескер кез келген сәтте ЖШС құрамынан шығуға құқылы. Бірақ көпшілік мұндай мүмкіндігі бар екенін бұған дейін білмеген, оларға ешкім бұл туралы айтпапты.

Тұрғындар аудан әкімінің халыққа жанашырлық танытпағанына наразы. Ол не малы жоқ, не егін егетін жері жоқ адам ауылда не үшін отырады деп сұрақты төтесінен қойды. Оның ойынша, әкімдікке кәсіпкерлер ғана керек болса, халықты басқа жаққа көшіріп жібергені жөн.

Атышулы екі кәсіпкер

Біз сөйлескен ауыл тұрғыны екі адамның атын атады. Оның бірі – коронавирус кезінде Кербұлақ ауданының судьясы Дінмұхаммед Сейітов және Панфилов ауданының прокуроры Саян Шалғымбаевпен бірге саунада жүрген Жазылбеков. Тұрғынның айтуынша, бұл оқиға жер дауына қатысты соттан бір апта ғана бұрын болыпты. Сотқа қатысатын қос тараптың бірі судья және прокурормен бірге жүргені көңілге күдік ұялататыны сөзсіз. Халық атышулы кәсіпкер қазір де билікпен ауыз жаласып отыр ма деп қауіптенеді.

Екінші кәсіпкер Алдан Бекиев те осал емес. Ол бұған дейін ауыл әкімі болыпты. 2020 жылы күзде субсидияға бөлінген 110 миллион теңгені жымқырды деген күдікке ілінген. Ал былтыр қазанда Кербұлақ аудандық соты оған алаяқтық жасады деген айып тақты. Бірақ іс әлі соңына жеткен жоқ.

Ең қызығы, осынша айып арқалап жүрген кәсіпкерге Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев өз қолымен марапат тапсырған. «Облыстағы үздік ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші» атанған Бекиев су жаңа трактордың кілті мен І дәрежелі дипломға ие болыпты. Сондай-ақ Алдан Бекиевтің інісі Оңал Бекиев ҚР ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарып отыр.

Облыс әкімі Исабаев күдікті кәсіпкерге көлік мінгізгенімен, ауыл тұрғындарының мұңына назар аудармай отыр. 10 жылдан аса уақыт шешілмей келе жатқан проблема жайлы әлі ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ әкімдік өкілдері «аудан басшылығына мәселені назарға алу жөнінде тапсырма берілгенін» хабарлады.

Бұрын кәсіпкерлерді жақтаған адвокат қазір халықты қолдап отыр

Ал облыс әкімінен тапсырма алған Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов халықтың уәжімен мүлде келіспейді. Оның ойынша, үлескерлер буынсыз жерден пышақ ұрып отыр. Әкімнің сөз арасында тұрғындарды «бұлар», «олар» деп атағаны да бізге оғаштау көрінді.

«Кешегі жиналысқа «Алатау Дейри» ЖШС-ның құрылтайшысы Болат Жазылбековті ертіп бардым. Мен Жазылбековпен былай келістім: Бостан ауылындағы үлескерлер арыз жазады, жиналыс протоколына сай оларды ЖШС құрамынан шығарады. Сол шешімді маған алып келеді, біз сол шешімді негізге ала отырып, жер комиссиясымен бірге қаулы жасап, қолына береміз. Одан кейін жерге жекеменшік құқығын беретін құжатты жасатып алады.

Бірақ олардың адвокаты «Алатау Дейри» құрылтайшысының келісімінің қажеті жоқ, протоколды үлескерлер өзі жасап, өндірістік кооперативті толық алады деп отыр. Кооператив құрамында база бар, басқа бар, оның бәрін ала алмайды. Бірақ адвокат тұрғындардың басын айналдырып алған сияқты, халық жерді өзіміз шешіп аламыз деп отыр. Онда өздеріңіз шешіп алыңыздар дедік, сонымен мәселенің басы ашық күйінде қалды.

«Алатау Дейри» басшылары жерді қайтарып беруге қосылып отыр. Кім қанша гектармен кірсе, сонша гектармен шығады дейді. Ол үшін жоғарыда айтқандай, арыз жазып, протокол бойынша ЖШС құрамынан шығу керек. Бірақ халық оған көнер емес, бәрін аламыз дейді. Мүліктерін кезінде өздері сатып жіберген, ол үшін алатынын алған. Демек, өздері сатып жіберген, Жазылбековтің қолындағы трактор сияқты мүліктерін ала алмайды. Жазылбеков оны бермеймін деп отыр, жерді алатын болса алсын, алмайтын болса, бұған дейін 17 жыл соттастым, тағы 20 жыл соттасуға дайынмын дейді. Сіз сұрған соң жерді халыққа адамгершілік жолмен беріп отырғанын айтты. Мен одан халықты шырылдатпай, жерді қайтаруды сұрағанмын.

Менде бұл іске араласатын бұдан өзге құзырет жоқ. Әлеуметтік желідегі әкім жерді бөліп беріп жатыр деген де бос сөз. Үлескерлер протокол бойынша ЖШС-дан шығып келсе ғана соны негізге алып, бөліп бере аламын. Халыққа жерді 17 жыл ала алмай жүрдіңдер, қазір беріп тұрғанда алып алыңдар. Анау бермеймін десе, тағы 20 жыл жүресіңдер дедім. Берем деп келісіп тұрғанда алып алыңдар, сосын өндіріс құрасыңдар ма, ұжым құрасыңдар ма, өздерің білесіңдер дегенді айттым. Мен заңдылығын түсіндіріп отырмын.

Адвокат бұларды қалай сендіргенін білмеймін. Дәл осы адвокат кезінде облыста отырып осы істі қараған. ЖШС-нікі қате, халықтыкі дұрыс болса, неге сол кезде оң шешім шығарып бермеді? Ол кезде «Алатау Дейриді» жақтаған, ал енді халық ақша берген соң, солар жаққа шығып алыпты. Бұлай істеуге болмайды», – дейді әкім.

Жемқор әкімдер халықты алдап соққан

Ал бұрын осы іске заңгер ретінде атсалысқан мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек дауды қалай шешуге болатынын айтты.

«Бұл даудан хабарым бар. Тұрғындардың мүддесін сотта да қорғағанмын. Мәселенің мәні мынада, құрылтайшылар 100-ге жуық үлескерді «Алатау Дейри» ЖШС-ның қатысушылары құрамына кіргізбеген. Үлестерін алған, бірақ ЖШС-ның қатысушысы мәртебесін бермеген. Егер үлескерлер ЖШС қатысушысы болса, ЖШС заң бойынша қатысушыларымен табысын бөліседі. Ал бөліспесе, қатысушы өз үлесін алып ЖШС-дан шығып кетуге құқылы.

Бірақ кезіндегі жемқор әкімдердің кесірінен бәрі керісінше болды. Шенділер Бостан өндірістік кооперативінің үлескерлерінің үлесін аларда ауылда үлкен сүт зауыты салынады, бәріңіз жұмысқа тұрасыздар, айлық аласыздар, сол үшін үлестеріңізді «Алатау Дейриге» беріңіздер деп алдаған. Осы іс бойынша 2019 жылдан 2021 жылға дейін соттасып, жеңе алмадық. Ауданаралық экономикалық соттардың бәрі ЖШС-ны жақтап кетті.

Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – «Алатау Дейри» ЖШС халықпен ымыраға келіп, не халықтың үлесін таратып беруі керек, не үлескерлерді ЖШС-ның қатысушысы ретінде қабылдауы керек. Бұл проблема көпке созылып кетті. Халық ашынып отыр, көпшіліктің мұңымен санасуымыз керек. Сол үшін «Алатау Дейри» ымыраға келгені жөн. Әйтпесе, жұрт үлкен протестке шығуы мүмкін», – дейді депутат.

Бір ауылдың халқын шулатып, күдікті кәсіпкерді марапаттап жүрген облыс әкімі Исабаев жуық арада бұл ауыл тұрғындарының сөзіне құлақ асып, ел талабын орындайды деп үміт ете тұрайық.

Қуаныш Қаппас