АҚШ шенеунігі бірнеше жылдан кейін алғаш рет Путин форумына қатысады
АҚШ президенті әкімшілігінің ресми өкілі бірнеше жылдан бері алғаш рет Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына (ПМЭФ) қатыспақ.
Бұл туралы Deutsche Welle басылымы жазды.
Форум 3-6 маусым аралығында өтеді. Онда АҚШ Федералдық көркем өнер комиссиясының төрағасы Родни Мимс Кук қатысатыны белгілі болды. Ол РИА «Новости» агенттігіне берген сұхбатында Владимир Путиннің пленарлық отырысына шақырту алғанын және форумға баруды жоспарлап отырғанын айтқан. Куктың қатысуын АҚШ Мемлекеттік департаменті мен форум ұйымдастырушылары да растаған.
Родни Мимс Кук кім?
Кук — дизайнер әрі АҚШ ескерткіштері қорының негізін қалаушы. Ол 2026 жылдың қаңтарында Федералдық көркем өнер комиссиясының басшысы болып тағайындалған.
Кук бұған дейін Ресейдегі бірқатар тарихи нысандарды қалпына келтіру жобаларына қатысқан. Атап айтқанда, Новоиерусалим монастырындағы Воскресен соборын реставрациялау жұмыстарына араласқан. Сонымен қатар Вашингтондағы Ресей елшілігінде сөз сөйлеп, Кремльдің Қару-жарақ палатасында, Ясная Полянада және Архангельское усадьбасында архитектура тақырыбында лекциялар оқыған.
Америкалық бизнес Ресейге сақтықпен оралып жатыр
American Chamber of Commerce in Russia президенті Роберт Агрее биыл ПМЭФ-ке соңғы үш жылмен салыстырғанда америкалық компаниялар көбірек қатысатынын айтты. Бірақ олардың саны Украинадағы соғысқа дейінгі деңгейге әлі жетпеген.
Оның сөзінше, тараптар «коммерциялық диалогты» қайта құруға және мәдени байланыстарды сақтауға мүдделі. Алайда америкалық бизнес Ресей нарығына әлі де сақтықпен қарап отыр.
Өткен жылы Трамп әкімшілігі Ресейдің Украинадағы соғысына байланысты ПМЭФ-ке ресми өкілдерін жіберуден бас тартқан еді. Ақ үй ол кезде Ресейдің «агрессивті саясатын» және Мәскеумен қатынасты қалыпқа келтірудің «экономикалық әрі репутациялық тәуекелдерін» алға тартқан.
Saint Petersburg International Economic Forum 1997 жылдан бері жыл сайын Санкт-Петербургте өткізіліп келеді. Форумды «Росконгресс» қоры ұйымдастырады.