Бейсембаев пен Әлназарова Тоқаев айтқан сапаға қашан жетеді?

Сәуірдің басында Маңғыстауда мектеп оқушылары астан уланды. Бейнеу ауданындағы Манашы жалпы білім беретін мектебінің 12 оқушысы ауруханаға түсіп, денсаулық сақтау министрлігі тексеріс бастағанын хабарлаған.
Әдеттегідей, мектеп асханасы жабылды, санитарлық-профилактикалық шара ұйымдастырылды, жергілікті әкімдікте штаб құрылды. Мұндай оқиғаға да, артынан шығатын ресми мәлімдемелерге де әбден бой үйреніп кетті. Өйткені балабақша мен мектеп асханасындағы проблема күнделікті сипат алып барады.
2023 жылдың қыркүйегінен бері барлық бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға тегін тамақ беріліп келеді. Бүгінде 1,7 миллионнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Оған жергілікті бюджеттерден 192 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Әрине, алғашында ата-аналар қуанысып, қоғам жақсы қабылдады. Десек те, кейіннен тегін тамақ пен мектеп асханасының айналасында дау көбейіп, қазір қуаныштың орнын қорқыныш басты деуге болады. Себебі мектепте ішкен түскі астан уланып, ауырып, тіпті жансақтау бөліміне түскен оқушылар да аз емес.
Соңғы оқиға туралы жоғарыда айттық. 1 сәуір күні кешке Маңғыстау облысындағы мектептердің бірінде оқитын 2, 3 және 5-сынып оқушылары жүрек айну, құсу және әлсіздік белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер асқазан қызметінің бұзылуы уланудан болуы мүмкін екенін хабарлады. Медициналық тексерістен кейін қажетті көмек көрсетіліп, балалар үйлеріне жіберілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мектеп асханасынан сынамалар алынып, зертханалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Бейнеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары болса, тиісті санитарлық-профилактикалық шараларды қолға алыпты. Ал ДСМ оқиғаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Маңғыстауда мұндай оқиға бірінші рет орын алып отырған жоқ. Естеріңізде болса, осы оқу жылының басында ғана Мұнайлы ауданындағы №8 мектептің 21 оқушысының қызуы көтеріліп, іші ауырған соң жедел жәрдем көмегіне жүгінген. 7 қыркүйек күні олардың саны 67-ге жетті. Ал 9 қыркүйекте ауырғандардың саны 460 екені, оның 83-і ауруханада жатқаны мәлім болды. Оқиға біраз шу тудырып, премьер-министрге дейін араласқан еді. Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары асхананың бұрыннан нашар екенін айтты. Бүкіл ел жансақтау бөліміндегі екі баланы уайымдады. Әйтеуір у-шу болып, іс қозғалып, соңында асхананың 4 қызметкері жауапқа тартылған. Өйткені тексеріс кезінде олардың жалған санитарлық құжат жасағаны анықталды.
Мектеп асханасына қойылатын талаптар ондағы қызметкерлердің денсаулығынан тырнағына дейін, азық-түліктің сапасы мен тамақты әзірлеу, сақтау технологиясына дейін өте қатаң деңгейде. Ондағы қызметкерлердің медициналық сараптамалар мен тексерістерден өту интервалы бар, жеке гигиенаға да баса мән беріледі. Тіпті қолыңа әшекей, киіміңе түйреуіш тағуға да болмайды. Ал астың өзіне келер болсақ, балалардың жас топтарына, мезгілге, энергия қажеттілігі мен режимге дейін бақылануы тиіс. Азық-түліктің тек рұқсат етілген түрлері пайдаланылады, сертификаттарға қатаң назар аударылады. Алайда мұның бәрі тек заң жүзінде секілді...
Маңғыстаудағы бұл екі оқиғаға дейін өткен маусымда Түркістан облысы Келес ауданындағы балабақшаның 34 тәрбиеленушісі уланған. Өткен жылдың аяғында Жамбыл облысы Байзақ ауданында 7-10 жас аралығындағы оқушылар мектеп асханасынан ас ішеміз деп «жіті тамақ токсикоинфекциясы» диагнозымен ауырып қалған. Ал Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілген. Қарағандыда 14 бала зардап шегіп, екеуі қаза тапқаны да ұмытыла қоймады. Осындай оқиға болған сайын оқу-ағарту министрлігі де, денсаулық сақтау министрлігі де бақылаудың күшейетінін, тағы сол секілді шаралардың қабылданатынын айтып, есеп береді. Қылмыстық іс қозғалады. Алайда асханадағы тамақ сапасы артқаны шамалы. Оған Бейнеудегі оқиға айқын мысал бола алады.
Мұндай деректер тіркелген сайын асхананың жабылғанын, СЭС-тің барғанын, ДСМ өкілдерінің мәлімдемесін, оқу-ағарту министрлігінің үн қосқанын естиміз, көреміз. Салдармен «күрес» бар, бірақ себептерге үңіліп жатқанымыз шамалы сияқты. Негізінде тиісті органдар заң аясында бірнеше тексеру жүргізіп, дер кезінде алдын алып отырса, резонансты жағдайлар аз болар ма еді. Қазір тамақтандыру сапасын бақылауды күшейту үшін әр мектепте арнайы бракераждық комиссия құрылғаны да белгілі. Бітпейтін мониторингтер тағы бар. Соның бәрі не бітіріп жатыр деген сауал туындайды осындайда.
Қоғамда да мектеп асханаларының тендер арқылы анықталатыны, кәсіпкерлер мен мектеп басшыларының жемқорлыққа жиі баратыны айтылып жатады. Көпшілік: «Мектепте тегін тамақ беріледі деген кезде-ақ қорқып едім», «Асханадағы «ИП-шниктер» ең арзан азық-түлікті алып келеді, май деп маргарин береді, тартылған еттің келісін 700 теңгеден алады. Медициналық тексерістерді «ақшасына» өтіп, СЭС келгенде де амалын жасайды. Бала мен денсаулықты ойлап, әуре болып жатқан ешкім жоқ» деген пікірді жиі айтады.
Бұл мәселеге президент пен үкімет те назар аударып, тапсырмалар берген. Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп асханаларындағы сапаға мән берілуі тиіс десе, Олжас Бектенов оқу-ағарту, денсаулық сақтау министрліктеріне жаңа стандарт жасаңдар деді. Осыдан кейін ведомствоның жауапты комитеттері мектептерге арналған үлгілік мәзірдің жобасын әзірледі. Бұл туралы осы жылдың басында айтылды. Министр Ғани Бейсембаев мұның бәрі сапаны арттыруға арналған шаралар екенін жеткізді. Ол бұған дейін тегін тамақтандыруға бөлінген қаражат пен «атқарылған» істері туралы жиі қайталайтын.
«Премьер-министр тамақтану нормаларын халықаралық стандарттар негізінде қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Денсаулық сақтау министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты аяқтап қалды. Енді тек оны қабылдау мәселесі қалды. Ал қаржы бөлу жағы жергілікті әкімдіктердің құзыретіндегі мәселе. Ресурс осы нормалардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Өйткені жаңа шаралар тамақ сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни баға саясаты да қайта қаралатын болады.
Біздің басты мақсатымыз – балаларымыздың денсаулығы, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең алдымен мектептерде салауатты әрі сапалы тамақтануды қамтамасыз етуге тырысамыз», – деген министр.
Сапаны қамтамасыз етудің жаңа жолдарын іздеуден пайда бола ма? Білмейміз... Бұған дейін де тиісті стандарттар мен нормалар болды. Олардың сақталуын бақылай алмаған, енді жаңа «халықаралық» стандарттарды қатырамыз ба, жоқ па? Бұл туралы нутрициолог маман Балнұр Есенәліқызы былай дейді:
«Соңғы деректер бойынша, еліміздегі 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беруге 192 млрд теңге бөлінген. Көп те емес, аз да емес. Бір қарағанда жеткілікті сома. Ал бала басына есептесек, орта есеппен 500 теңгеден асады. Мысалы, Астанада өткен жылға дейін тегін тамақтану құны бір балаға 697 теңгені құраған еді. Жаңа оқу жылынан бастап 1-4 сынып оқушыларына берілетін тамақтың құны 800 теңге болып өсті. 5-9 сынып оқушылары үшін – 964 теңгеге, 10-11 сынып оқушыларына 1 090 теңгеге өзгерді. Осы секілді әр облыс пен қалада сондағы көрсеткіштерге байланысты баға бекітілген.
Бұл ақша әдетте мердігерлер арқылы игеріледі. Мектеп асханасын кәсіпкерлер алып, оқушыларды тамақтандыру жауапкершілігін арқалайды. Алайда олардың көпшілігі, балаларды емес, табысты көбірек ойлайды. 2024 жылы жауапты ведомстволар Қазақстандағы мектеп асханаларының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 771 заң талаптарын бұзу фактісі анықталған. Аз емес... Ал шу болып жатқан оқиғалар қаншама?
Біздегі заңнамалар әлсіз демес едім. Тағам жағын бақылау дұрыс ұйымдастырылған. Десек те, оның өз деңгейінде орындалуы қиын. Әдетте, асхана қызметкерлерінің тиісті медициналық тексерістерден өтпегені немесе тағамды сақтаудағы қателіктер әсерінен улану фактілері болып жатады. Бармақ басты, көз қыстының кесірі мыңдаған балаларға зиянын тигізбеуі керек».
Әбден құлақ үйренген жағдайға қатысты қос министрлікке «Жас Алаш» Е-Өтініш порталы арқылы бірнеше сауал жолдады. Жауаптарға байланысты материалды алдағы уақытта оқи аласыздар.
Баян Мұратбекқызы