Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:52

Бейсенбек ЗИЯБЕКОВ экономист: Қазақстандағы банк жүйесіне реформа емес, революция қажет

Бейсенбек Зиябеков
Фото: ашық дереккөз

Қазір үкіметтің басты міндеттерінің бірі – инфляцияны қалыпты деңгейге түсіру, бағаның шарықтап өсуіне жол бермеу.

Бұған қатысты президент үкімет пен ұлттық банкке бірлесіп, нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Оған қоса енді халықтың табысын өсіру де маңызды. Халықтың жағдайы жақсарса, демек тапсырма орындалды деген сөз. Ал табыс артпаса, үкімет тапсырманы орындай алмаған болып есептеледі. Енді бұл үдеден шығу үшін не істеу керек? Қандай жаңа идеялар қажет? «Жас Алаш» осы және басқа да сауалдар төңірегінде экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековпен сұхбаттасты.

Бейсенбек Зиябекұлы, президент үкімет пен ұлттық банкке инфляцияны ойға қонымды қалыпты деңгейге түсіруді, осы ретте бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Сіздіңше, ендігі инфляциямен күрестің алгоритмі қандай болуы керек?

– Иә, осы жолы президент үкіметке және ұлттық банкке бос сөзді доғарып, инфляцияны қалыпты деңгейге түсіруді, ойға қонымды жұмыстар істеуді тапсырды. Бұл жерде бірінші айтарым: инфляциямен сауатты күресу үшін үкіметте отырғандар ең алдымен инфляция дегеннің не екенін нақты ұғынып алуы керек. Шынтуайтында, үкіметтегілердің көпшілігі инфляция дегеннің қандай құбылыс екенін, оның нақты себебі қайда жатқанын түсініп те жүрген жоқ. Оның себептерін зерттеп жатқан ешкім жоқ. Себебін, салдарын түсініп алмай инфляциямен күресу ешқандай ақылға сыймайды. Сондықтан ендігі кезекте үкімет пен ұлттық банк – инфляция дегеннің не екенін талдап, таразылап барып іске кірісу керек. Сонда ғана инфляцияны ойға қонымды етудің алгоритмі жасалады. Ал қазіргі ұстанып отырған инфляциямен күрестің бағытын мен сауатты ұстаным деп айта алмаймын.

– Мысалы...

– Ал енді осыған қатысты бір мысал айтайын, біз осы уақытқа дейін инфляцияны реттеуді тек ұлттық банкке ғана жүктеп қойдық. Бұл банктің қолынан келетіні – нарықтағы ақша көлемін азайту, ақша-несие саясатын реттеу. Алайда Қазақстандағы инфляцияның басты себебі тек қана ақшаға байланысты емес қой. Біздегі инфляция ақша-несие саясатына ғана байланысты болса, ол баяғыда бәсеңдер еді. Өйткені ұлттық банк айналымдағы ақша массасын азайтты, ақша-несие саясатын қатаңдатты, базалық ставканы өсірді. Былайша айтқанда, қолда бар барлық құралдарды пайдаланды. Дегенмен инфляция бәсеңдеген жоқ, керісінше, шарықтап кетті. Демек, бізге енді инфляциялық құбылыстың басқа да себеп-салдарын іздестіру керек. Нақтысында, қазір біздегі инфляция өндірістік қабілетіміздің төмендігінен болып жатыр. Отандық өнім шығаратын өндіріс орындарының саусақпен санарлық болуы жағдайды осыған әкелді. Енді үкімет пен ұлттық банк жағдайды өзгертуі керек. Ол үшін осы қос ведомствоның әрқайсысы өзіне жеке-жеке міндеттеме алуы қажет. Инфляциямен күресте ұлттық банк қай салаға жауап береді, үкімет қай салаға жауапты, осыны нақтылап алған жөн. Осылай екі ведомство бас қосып жұмыс істесе, нәтиже болады. Әттеген-айы, бұлардың басы бірікпейді. Керісінше, біріне-бірі қарама-қарсы жұмыс істейді.

– Қалай сонда?

– Мысалы, үкімет тарифті көтереді, бұдан инфляция өседі. Ұлттық банк үкіметке «тарифті өсірме, ол инфляцияны қоздырады, бұл әрекетің арқылы біздің банктің инфляцияны бұғаттауға қатысты шараларына кері әсер етіп отырсың» деп айта алмайды. Ұлттық банктің үкіметке олай айтуға құқы да жоқ. Оның қолынан келетіні – тек ақша-несие саясатын реттеу. Сондықтан да ол банк базалық мөлшерлемені өсіреді. Ал базалық мөлшерлеме өскен кезде тұтыну несиесінен бастап, кепілсіз несиенің және кәсіпкерлікке бағытталған несиенің пайызы өседі. Сөйтіп, қарапайым халық алатын несиеден бөлек, экономиканы дамытуға, өндірісті өркендетуге несие керек болса, ол несиені кәсіпкерлер қымбат пайызбен ала бастайды. Әрине, өзі қымбат пайызбен несие алған кәсіп иесі шығарған өнімін арзанға сатпайды. Бұдан барып нарыққа қымбат тауарлар мен бағасы удай өнімдер шыға бастайды. Міне, осылайша бір ғана тарифтен шығатын реформаның айналасында инфляцияға алып келетін себептер жатыр. Бұл арада үкіметтің жаңа идеяларының қатарында тариф саясаты ғана емес қой, салық саясаты бар, тағы басқа толып жатқан орынды-орынсыз реформалар бар. Егер болашақта инфляциямен күрескіміз келсе, үкімет пен ұлттық банк бір үстелдің басында отырып елде атқарылып жатқан реформалардың барлығын електен өткізіп, олардың нақты пайдасы бар ма, жоқ па, осыны екшеу қажет. Бұл мәселелерді әбден саралап, талдау жасалуы керек. Сол кезде ғана инфляциямен күрес сауатты бағытқа ойысады.

– Сезіп отырмыз, қазір үкімет сын сағатта тұр. Бұған дейін жиырма жыл бұрын қабылданған шешімнің көбі кері әсерін тигізуде. Сондықтан үкімет 180 градусқа бұратындай реформалар жасағысы келеді. Бұл мүмкін бе? Бұдан не күтуге болады?

Дұрыс айтасыз, үкімет расымен де қиын сын сағатта тұр. Үкімет пен ұлттық банктің арасында байланыс болмағандықтан осындай жағдай болды. Бізге қазір осы екі ведомствоға қатаң жауапкершілік арту қажет. Олар да жауапкершіліктен қашпай, бел шешіп іске кірісіп, бағыттарын бекітіп алуы тиіс. Сонда ғана реформалардан нәтиже күтуге болады. Реформа жасау – адам баласының қолынан келмейтін дүние емес. Тек бізде инфляциямен күресте болсын, басқа саланы дамытуда болсын, әр мекеме өз бетімен жұмыс істеуге дағдыланып алған. Бірін-бірі тыңдамайды. Бір-бірінің ұсыныстарына құлақ аспайды. Банк саласы өз бетімен, жергілікті әкімдер өз бетінше, министрлер бір бөлек, әйтеуір әр шенеунік өзінше бір реформа жасап әлек. Ол реформаның мәні бар ма, егер де оны қолданысқа енгізсе, қай салалар зардап шегуі мүмкін, мұны да зерттеп, сүзгіден өткізіп жатқан ешкім жоқ. Ең сорақысы, кімнің неге жауап беретіні белгісіз. Әйтеуір мінбеге шығып алып реформасын ұсынып, идеясын айтып кетсе болды. Мұндай ниеттен ешқандай оң нәтиже шықпайды. Әкімдік болсын, банк саласы, үкімет, қаржы нарығын реттейтін агенттік, кәсіпкерлікті дамытатын салалар, тағы басқа құрылымдар барлығы бір ғана ортақ саясатқа жүгініп жұмыс істеуі керек. Біздегі тәрізді әрқайсысы әр жаққа тартып, «аққу, шортан Һәм шаянның» әрекетінен елді 180 градусқа дамытатын реформа күту қиын. Елдегі барлық сала бір ғана ортақ мақсатқа жүгінгенде оңды нәтиже шығады.

– Кейбір мамандар «үкіметтің «ойлау қабілетінде» ескінің сарқыншақтары көп, психологиялық жағынан жаңару керек» дейді. Келісесіз бе?

Ойлау қабілетін білмеймін. Жұмыс істеу тәсілін өзгерту керек. Қазір үкімет мүшелерінде жауапкершілікті мойнына алу, арқадағы ауыр жүкті сезіну жағы кемшін. Халықтың мүддесін ойлайтын кадр жұтаңдығымен бетпе-бет келіп отырмыз. Нақ қазір бізге халықтың жағдайын көтеру үшін тоқтамай өндіріс орындарын аша беру керек. Өкінішке қарай, үкіметте сол өндіріс орындарын қалай құру керектігін, банк пен бизнес арасын сауатты түрде қайтіп жалғау қажеттігін білмейтін мамандар отыр.

Мысалы, бізде екінші деңгейлі банктердің бизнеске де, халыққа да беретін несиесінің пайызы өте жоғары. Бұл банктер нарыққа, елге, бизнеске тиімді құралдарды күні бүгінге дейін ұсынған емес, ұсынайын деп те отырған жоқ. Енді осыны үкімет көріп білгеннен кейін коммерциялық банктерді нарықтан ысыруға тырысу қажет. Екінші деңгейлі банктер экономиканы дамытуға көмектеспейді екен, онда мемлекеттік банктерге жол ашу керек. Білесіз, экономиканы дамыту, инфляцияны бұғаттау, ЖІӨ-ні өсіру жайы 30 жылдан аса айтылып келе жатыр. Біздің ең үлкен қателігіміз – осы уақытқа дейін бағаны нарық реттейді, нарық шешеді деп келдік. Нарық бағаны реттеп, мәселені шешу үшін ол нарықты дұрыс басқару керек. Ол үшін жаңағы банк жүйесінен бастап барлығы үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуі тиіс. Бізде, керісінше, жауапкершілік жоқ, жаңару да жоқ. Содан соң бағаны реттеуді нарыққа жаба салғымыз келеді. Ол нарық дұрыс басқарылмаса, бағаны реттеуді қайдан нарық шешеді? Сондықтан үкімет расымен де ауқымды, жан-жақты ойлау дағдысына өтуі керек. Әр салаға сауатты мамандар жасақталып, барлық салаға құрылымдық өзгерістер жасау қажет.

Қазір сіз тәрізді кәсіби мамандар «Қазақстанда өндіріс орындарын аша беру керек, бұған қатысты салалық мемлекеттік банктер құру қажет» дегенді жиі айтады. Мемлекеттік салалық банктер құру расымен мәселені жеңілдете ме?

– Көріп отырмыз, екінші деңгейлі банктерге сүйенген экономикамыздың ахуалы белгілі болды. Енді мемлекеттік салалық банктердің құрылғаны жөн. Себебі жекеменшік олигархтар иелік ететін коммерциялық банктер елді дамытуды емес, өздері жекелеп баюды ойлайды. Мысалы, кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығын дамытуда арнайы мемлекеттік банктер маңызды рөл атқарды. Соның бірі – КСРО Мемлекеттік агроөнеркәсіп банкі «Агропромбанк». Колхоздар мен совхоздарды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға несие беру, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы жобаларын қолдау, ауылдағы инфрақұрылымды дамыту осының барлығын кезінде «Агропромбанк» атқарды. Менің бұл пікірімді «кеңестік кезеңді аңсап отыр» демеңіздер. Кеңестік жоспарлы экономика жағдайында банк коммерциялық емес, мемлекеттік жоспарды орындау құралы ретінде қызмет етті. Яғни несие беру де орталық жоспарға сай жүргізілді. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы толықтай техникамен жабдықталды. Ірі агроөнеркәсіп кешендері құрылды. Кеңестік уақытта ауыл шаруашылығын 60-65 пайыздық көрсеткішпен осындай банктер қаржыландырды. Өндірісті кезінде осылай өсірдік. Ал қазір біз агросекторды бюджеттің есебінен өркендеткіміз келеді. Бюджеттің қыруар қаражатын шашып ауылды дамытамыз деу – бос әурешілік. Осы уақытқа дейін ауылды дамыту мақсатында қаншама мемлекеттік бағдарламалар қабылдадық. Триллиондаған теңге ауылды дамытуға бағытталды. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласы бұдан жанданған жоқ. Тек бюджеттің қаражаты «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Сондықтан ауылды дамыту үшін мемлекеттік агробанктер құру керек. Сол арқылы ауылға арзан несие апарған абзал. Мұндай банктерді құру мәселені жеңілдетеді деп айта аламын.

– Енді мәселені жеңілдететін болса, неліктен үкімет мұндай қадамға бара алмай отыр?

Себебі үкіметте ауыл шаруашылығының барлық ұңғыл-шұңғылын білетін мамандар жоқ. Мемлекет ауылға мүлдем көмектеспейді деп айта алмаймын. Көмек бар. Алайда сол көмекті тек бюджеттен алатынымыз дұрыс емес. Ауылды тұтас бюджеттен бөлінген қаражатпен көтере алмаймыз. Ешқашан да бюджеттің есебінен ауыл дамымайды. Өйткені бюджеттің өзінде қазір тапшылық. Енді ауылды бюджеттің есебінен дамытуды бюджет көтермейді. Мысалы, бізде ауылды дамытуға қатысты «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» дейсіз бе, толып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бар. Бұл бағдарламалардың барлығы бюджеттен қаражат бөлу арқылы жүзеге асты. Алайда арнайы мемлекеттік бағдарлама арнасақ та, ауылдағы кооперация дамыған жоқ, ауыл инфрақұрылымы кетеуі кеткен күйінше тұр. Ауыл индустриясы жайлы жақ аша алмаймыз. Енді салалық мемлекеттік агробанктер құру арқылы ауылға арзан несие апарып, сол банктер арқылы ауылдың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік берген жөн.

– Алайда бізде «ауылға арзан несие апарады» деп құрылған «ҚазАгро» ұлттық холдингі, Аграрлық несие корпорациясы, тағы басқа мемлекеттік, ұлттық секторлар болды ғой...

– Олардың барлығы ауылға бағытталған қаражатты бюджеттен алды. Сіз айтып отырған «ҚазАгро» да, Аграрлық несие корпорациясы да, Қазақстан даму банкі де, «Бәйтерек» холдингі де тек бюджеттен бөлінген қаражатты ауылға бөліп беріп отыр.

– Сонда мемлекеттік салалық банктер бюджеттен қаражат алмауы керек пе? Олардың капиталы қалай толығады?

– Олар өздері инвесторлар іздеп табуы қажет. Аймақтардағы жергілікті кәсіпкерлермен келісімдер жасауы тиіс. Шетелден келетін инвесторларды үкімет аграрлық саланы жандандыруға бағыттауы керек. «Инвесторлар өз қаражатын агробанктерге депозит ретінде сақтаса, белгілі бір жеңілдіктер болады» деген сыңайлы механизмдерді ұсынуға болады. Содан кейін былтыр ұлттық банк «біздің экономикада 8 трлн теңге артық қаражат бар» деді. Қазір банктерге сол артық ақшаны нарыққа айналымға шығармай, депозиттерінде сақтауды міндеттеді. Міне, осындай жұмыс істемей жатқан артық ақшаны да сол агробанктер арқылы қажетке жаратуға болар еді. Егер ауылға қолжетімді, арзан пайызбен несие беретін банктер барса, халықтың да тұрмысы жақсарар еді. Ел өзін-өзі жұмыспен қамтып, еңбек өнімділігі артар еді. Қазір президент үкіметке халықтың табысын арттыру керектігін тапсырды ғой. Халықтың табысын өсірудің бір жолы – осы. Жергілікті әкімдіктер де бюджетке телміріп, «үкімет қанша қаражат береді» деп үкіметке қарағыштап отырмайтын еді.

Қазір ауыл шаруашылығы несиесі жөнінде бірде-бір әкім сөз қозғамайды. Себебі оларға мұның қажеті де жоқ. Әкімдер «тек бюджеттен бөлінетін қаражатты игеріп отырсақ болды» деген түсінікпен жұмыс істейді. Оларға жергілікті бюджеттен және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты игерсе жетеді. Бірақ бюджетке ортақтаспай-ақ шаруаның жөнін келістіруге болады ғой. Аталған тетіктерді ұстанып жүзеге асырғанда біз инфляцияны да бағындыратын едік, өндірісті де арттырып, экономиканы да дамытатын едік. Қазір бізге осындай реформалар жасайтын сауатты кадрлар қажет.

Шындығында, Қазақстандағы банк жүйесіне реформа емес, революция қажет. Өйткені реформамен енді ештеңе шеше алмаймыз. Ол революция бір үлкен шумен қоғамды арандатумен, наразылықпен келмеуі керек. Революция дегенді қоғамда солай түсінетіндер де бар. Реформалардың түр-түрін жасадық қой. Енді бізге соның барлығынан бас тартып, банк жүйесін түбегейлі өзгертіп, мемлекеттік салалық банктер жұмыс істеу керек. Ол банктердің несие пайызы төмен болуы тиіс. Сол кезде ғана халықты қарызға батырып, елді жоғары пайызбен несиеге тәуелді еткен жүгенсіз банктер тәубеге келеді. Мемлекеттік банктердің пайызы төмен болған соң бизнес те, қарапайым халық та мемлекеттік банктердің қызметіне жүгінеді. Солардан несие ала бастайды. Олигархтар билеген банктер осыдан кейін барып нарықтан шығып қалмауы үшін несие пайызын өзінен-өзі түсіреді. Сондықтан үкімет осындай батыл шешімдерді қабылдай алса игі. Прогресс болуы үшін мұндай да қадамға барған жөн.

– Сіз, осыдан үш жыл бұрын сұхбаттасқанымызда «халық өз тағдырымен, үкімет өз мұң-зарымен қалды» деген едіңіз. Қазір ойыңыз өзгерді ме?

– Үмітсіз экономика болмайды. Бірақ менің үш жыл бұрынғы ойым әлі өзгерген жоқ. Негізінде президент үкіметке тапсырма бермеуі керек. Үкімет өзі президентке барып, әрбір тоқсан сайын есеп беріп, жоспарлы экономиканың қалай орындалып жатқанын ашық айтып, кемшіліктер болса оны да көрсетіп, жанығып жұмыс істеп, президенттің алдында жаңа идеялар айтып, жаңа ұсыныстарды министрлер өздері ұсынуы тиіс. Қазір президенттің үкіметтен күтіп отырғаны осы. Алайда бізде барлығы президентке ғана керек сияқты. Үкіметті жетектеп отыру қажет, бағыт-бағдар айтып, тапсырма беру тиіс. Ниет болса, халықтың мүддесін ойласа әр министр бір іс тындырар еді. Өкінішке қарай, министрлерден мұндай игі ниетті сирек көреміз.

Мысалы, қазір халық тұтыну несиесін жетіскеннен алып жатқан жоқ. Амалсыздан несиеге батып қалды. Тіпті азық-түліктің өзін несиеге алып жүргендер бар. Ал біздің премьер-министрдің орынбасары және ұлттық экономика министрі, биыл жаңа салық саясатының «кіндігін» кескен Серік Жұманғарин «халық несие алса, демек, төлем қабілеті жақсы» деп елдің жағдайын жақсы етіп көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, олай емес қой. Ең қызығы, шенеуніктер елдің зейнетақысын, халыққа төленетін әлеуметтік төлемдерді, ең төменгі жалақыны өсіруге келгенде «бұл инфляцияға жол беретін үрдіс» деп халыққа берілетін төлемдерді мардымсыз өсіреді. Ал өздері триллиондап сыйақы алып жатып, инфляция жайлы жақ ашпайды. Мен «халық өз тағдырымен, үкімет өз жайымен кетті» дегенді осыдан барып айттым. Қазір халық пен атқарушы билік арасында диалог жоқ. Ең басты кемшілік осы. Алдағы уақытта осы кемшіліктер түзелсе, үш жыл бұрынғы ойымды өзгертер едім. Ендігі тілегім, елге нақты пайдасы тиетін, халықтың тұрмыс-тіршілігін жоғарлататын реформалар жүзеге асса деймін.

Сұхбаттасқан

 Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ