Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:59

«Би керуені» Тараз қаласында өтті

1

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, еліміздің би өнері саласында өзіндік орны мен тұғырлы тарихы бар - Қазақстанның еңбек сіңірген «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты мерекелік концерт Тараз қаласында жоғары деңгейде өтті.

Кештің шымылдығы ұлттық рухты ұлықтайтын “Ел салтанаты” би қойылымымен ашылып, көрермендерді бірден ерекше әсерге бөледі.

1

Кешіміздің қонағы ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші Өмірқұл Айниязов "Қазақстан-атамекенім", "Бір шәугім шай" әндерімен көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жайна Тарғынова да өз өнерін паш етіп, халық әні "Ақ ерке", Ғарифолла Құрманғалиевтің әні "Әнші дауысы" туындысын орындап, ерекше сезімге бөледі. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, күйші Таңат Саденов қасиетті қара домбыра үнімен Тараз аспанын тербетті.

Қазақтың және түрлі ұлттың би қойылымдары көрермен жүрегіне жол тауып, салтанатты кештің көркін ашты.

2

Тарихи тамыры терең, мәдениеті мен руханияты бай қасиетті мекен, киелі Жамбыл жерінің тұрғындары кеш соңында «Салтанат» ансамбліне өз ризашылығын білдіріп, ұлттық өнерге деген шексіз құрметін көрсетті.

Айта кетейік, «Би керуені» жобасы аясында Таразда би өнерінің майталмандарымен шеберлік сағаттары өткізілді. Жамбыл облысынан жиналған қатысушыларға тегін сертификаттар табысталды. Бұл игі шара алдағы уақытта жалғасын табады.

2

Осындай мазмұнды әрі мәнді кештің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясына, Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына зор алғысымызды білдіреміз!

Тегтер: