Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:10, 16 Ақпан 2026

Бибісара Асаубаева экс-әлем чемпионын жаңа форматтағы шахматта жеңді

Бибісара Асаубаева
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева фристайл-шахматтан өткен көрмелік матчта классикалық шахматтан экс-әлем чемпионы Александра Костенюкті жеңді.

Бұл туралы «Спорт Шредингер»  хабарлады.

Матч қалай өтті?

Германияда фристайл-шахмат (немесе шахмат Фишері) бойынша әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Турнир ерлер арасында өтті. Ал әйелдер арасында тек көрмелік матч қана ойнатылды.

Төрт партиядан тұрған кездесу қорытындысында Бибісара 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.

Ұйымдастырушылар 2027 жылы фристайл-шахматтан әйелдер арасында жеке әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр. Ол турнирге Бибісараның қатысатыны белгілі болды.

Фристайл-шахматтан ерлер арасындағы әлем чемпионы атағын норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен жеңді.

Соңғы жылдары Карлсен бұл форматты белсенді түрде қолдап келеді.

Фристайл-шахмат деген не?

Фристайл-шахмат немесе шахмат Фишері – 1990-жылдары әлем чемпионы Бобби Фишер ойлап тапқан шахматтың ерекше түрі.

Негізгі айырмашылығы:

  • Пешкалар қалыпты орнында тұрады;

  • Ал негізгі фигуралар      партия алдында кездейсоқ ретпен орналастырылады;

  • Барлығы 960 мүмкін комбинация бар (сол себепті Chess960 деп те аталады).

Бұл форматта дебюттік теориядан гөрі комбинациялық ойлау, тактикалық шеберлік және позициялық интуиция маңыздырақ рөл атқарады.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева бұған дейін 2025 жылы Қатар астанасы Дохада өткен блицтен әлем чемпионатында жеңіске жетіп, үш дүркін әлем чемпионы атанған болатын.

Қазақстандық шахматшы жаңа форматта да өз мықтылығын дәлелдеп отыр.