Билігі ниетсіз, депутаты мінезсіз Қазақстан
Қырғыздар қазақтан тағы озды. Жалпы Орталық Азиядағы «Демократия аралы» атанып келген қырғыз жұрты қазақтарға қарағанда тәуелсіздік алғалы бері алты президент ауыстырып үлгерді.
Үш президентті төңкеріп тастады. Біреуін түрмеге тықты. Премьер-министрлер қол жаулықша ауысып жатыр. Ал біз бостан атанған 32 жылда екі президент ауысқанына шүкіршілік етіп жүрміз. Сол айыр қалпақтыларда екі жүзден астам партия тіркелген. Ал бізде небәрі он саусаққа жетпейтін партия бар. Оның тең жартысы сайлау кезінде ғана «оянғаны» болмаса, қалған уақытта бар-жоғы білінбейді. Енді, міне, қырғыздар мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді міндеттейтін заңды қабылдап тастады. Президент Жапаров қол қойды, бата берді. Енді міндетті орындау ғана қалды. Заң талабы бойынша барлық деңгейдегі шенеуніктер, депутаттар, құқық қорғау және банк қызметкерлері, нотариустер, прокурорлар мен судьялар һәм адвокаттар қырғыз тілінде «гәпіруі» тиіс. Сондай-ақ телерадио арналарындағы бағдарламалардың 60 пайызы қырғыз тілінде болуы міндеттеліп отыр. Қырғыз үкіметі қатты кетті. «Қырғыз тілін білмейтіндер қызметтен кетеді» деген де пәрмен беріп жіберді. Демек, шенеунік болуға дәмелілер де, орнын босатқысы келмейтіндер де енді мәжбүрлі түрде қырғыз тілінде сөйлемек.
Әлбетте, орыс тілі шеттетілген жерде Мәскеудің сес көрсете сөйлеп қалатын әдеті бар. Бұл жолы да Ресей СІМ Сергей Лавров: «Бұл демократияға қайшы, дискриминациялық жоба» деп, қырғыз билігін айыптай сөйледі. Бұған Садыр Жапаров арнайы жауап берді. Лавровты орнына қойды. Әрине, кешегі кеңес дәуірінде он бес республика һәм Варшава шартына кіретін елдерді қосқанда бес жүз миллионға тарта жұрт орыс тілінде сөйлейтін еді. Қазір орыс тілінің аясы қусырыла келе екі жүз миллионға түсіп қалды. Ресей басқыншылығынан кейін, халқы қырық бес миллион болатын тамыры бір украиндер де орыс тілінен бас тартты. Осының бәрі орыс тілін «ұлы тіл» ретінде дәріптегенді жақсы көретін ресми Мәскеуге оңай тиіп жатқан жоқ.
Дегенмен Мәскеу орыс тілінің қаймағы бұзылмай отырған Беларусь пен Қазақстанға қарап, дәтке қуат етері хақ. Тіпті былтыр Қазақстан президенті «2023 жылды ТМД елдері арасында орыс тілінің жылы болсын» деген бастама да көтерген. Рас, Қазақстан тәуелсіз атанған отыз екі жылда орыс тілінің мұрты қисайған жоқ. Ең сорақысы – мемлекеттік заңдардың өзі көршінің тілінде даярланып барып, мемлекеттік тілге қотарылып жатады. Осыған қарап-ақ, жұрт арасында айтылып жүрген «әлемде өз тілінде сөйлемейтін бір ұлт бар. Ол – қазақтар» деген сөздің жаны бар ма деп қаласың. Әйтпесе, бізде де мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлеуі тиіс деген мәселе сан көтерілді. Бірақ орындалып жатқан жоқ. Себеп біреу. Саясаттанушы Дос Көшімнің тілімен айтқанда билікте мемлекеттік тілді дамытайық, сол тілде сөйлейік деген ниет жоқ.
«Бұндай талап, біздің заңымызда да бар. Мемлекет қызметкерлері біздің заң талабы бойынша – бір емес, екі тілді білуі шарт. Бірақ бізде заң талабының жүзеге асқанын көрдіңіз бе? Біз – өзіміз шығарған заңды өзіміз орындамайтын елміз. Мысалы, осыдан бір жарым жыл бұрын ғана қабылданған «Көрнекі ақпарат туралы» заң өзгертулерінде асхана, кафе, ресторандардағы ас мәзірінің қазақ тілінде жазылуы міндеттелген болатын. Оған ешкім де құлақ асқан жоқ. Оны тексеріп, «заң бұзылды!» деп аттан салып жатқан бірде-бір мемлекет қызметкерін көрмеппін. Меніңше, біздің прокурорлар, депутаттар, атқарушы билік өкілдері қоғамдық орындардан тамақ жемейтін сияқты… Қысқасы, қырғыздар сияқты тағы бір «талап ететін» заң қабылдауға болады, бірақ оны өзіміз ұстанбасақ – не үшін қабылдаймыз? Естеріңізде болсын, Қазақстанда заңды бақылайтын орган – прокуратура тілге қатысты заң баптарын бақыламайды. Бұл мәселе – тіл басқармаларының құзыретінде. Ал олардың шырылдаған зарына ешкім де құлақ аспайды. Сондықтан болуы керек, Конституцияда өзімізді «құқықтық мемлекетпіз» деп атасақ та, тілге қатысты ешқандай заң баптары жұмыс істемейді. Бұл – биліктің қазақ тіліне деген көзқарасы, пиғылы, ниеті, ұстанымы», – дейді саясаттанушы.
Әлбетте, мемлекеттік тілде сөйлейтін шенеуніктер жоқ емес. Бірақ Ақтөбе облысының әкімі ЕралыТоғжанов сияқты орыс тілінде сұрақ қойған журналиске «мемлекеттік тілде сөйле» деп қашқақтауы, әкімнің қазақ тілінің мәртебесін асқақтайтын деген ниетінен туған жоқ. Керісінше, «сасқан үйрек артымен сүңгиді» демекші, қойылған сұраққа не деп жауап берерін білмей, мемлекеттік тілді алға тартуы әкімнің қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Мұндай мысалдар көп. Жалпы Қазақстанда мемлекеттік тілдің бейшара баланың күйін кешіп жатқаны туралы тоқтаусыз айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ оңды өзгеріс жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Неге? Мұның себебін Дос Көшім былайша түсіндіріп берді.
«Біз басқа елдермен қатар 1989 жылы «Тіл туралы заңды» қабылдадық. Содан бері 34 жыл өтіпті. Тілдік жағдайдың бес-он жылдың өзінде өзгеріп тұратынын ескерсек, әрине, жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдайтын уақыт баяғыда келді. Бізбен бірге Кеңес одағында болған басқа елдер осы кезеңде өздерінің тіл туралы заңдарын бірнеше рет өзгертті. Мысалы, латыштар, тіл туралы заңдарын үш рет ауыстырып үлгірді. Тәжікстанның өзі бізбен қатар Кеңес заманында қабылдаған тіл туралы заңын өзгертіп, қайта қабылдады. Тілдік жағдайы «ешқашан өзгермейтін» жалғыз ел – біз ғана болармыз. «Ұлт тағдырының» бастамасымен 2011 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы дайындалған болатын. Ол әлі де Парламенттің бір қуысында жатқан болар. Оны алып шығып, мәжілістің алдына қоятын бір депутатты таба алмай отырмыз. Меніңше, қазақ тіліне қажеттілік жасайтын жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заңды қабылдауға ешқандай бөгет жоқ. Тек билікте – НИЕТ, ал депуттарда – МІНЕЗ жоқ».
Қалай айтсақ та, қай жаққа тартсақ та, ақиқаты сол, қырғыз билігінде ниет бар, депутатында мінез бар. Ал бізде бәрі, керісінше, болып тұр-ау. Әлихан Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген ұлы сөзін билік қаперге алмай, ештеңе өзгермейді-ау, сірә.