Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:01, 22 Сәуір 2021

Билік халықты қашанға дейін алдайды?

None
None

      Қазір Қазақстанда жұмыссыз адамдардың саны артып барады. Індет уақтысында бұл дерек тіпті арта түсті.

Алайда  биліктің жұмыссыздықты жою жолындағы істеп жатқан жұмысы сенімді ме?

      Кейінгі кезде тапсырыспен билікке жұмыс істейтін сарапшылар мына бір мәселені өздеріне мақсат-міндет етіп алған сияқты. Олар Қазақстандағы кез келген жағдайды саралай келе, оны әлемдегі күрделі ахуалмен салыстырады. Сөйтіп, «оларға қарағанда біздің нарықтағы жағдай өте жақсы» деген қорытындыға келеді. Бұл не, сонда? Бұл қалыптасқан қиын жағдайды жасыру немесе  халықты алдарқату ғой. Қазақы ұғыммен айтқанда, «бұдан да жаман күнде тойға барғанбыз, сондықтан шүкір деңдер» деген сипаттағы  алдау әңгіме.

        Мұны неге айтып отырмыз? Осыдан бірнеше күн бұрын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі «Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемнің басқа елдерімен салыстырмалы түрде қарағанда өте төменгі деңгейде» деген ақпарат таратты.  Мұны стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің ұлттық статистика бюросының мамандары қолдап, «2020 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі небәрі 4,9 пайызды құрады» деп растап жіберді. Сөйтіп, біздің еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары «Қазақстандағы жұмыссыздық әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі» деген қорытындыға келді. Мәселен, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі соңғы жылы  – 8,1, Канадада – 9,6, Испанияда 15,5 пайызға өскен. Ал Армения, Әзірбайжан, Украина мен Өзбекстанда да жұмыссыздардың саны күрт артқан.

         Ал мұндай жағдайда Қазақстанда жұмыссыздардың саны неге көбеймей қалған? Мүмкін, мемлекет жұмыссыздарға жұмыс орнын тауып беріп, жағдайды жақсартып жіберді ме? Жоқ. Сарапшылар  «Қазақстанда жұмыссыздар санының күрт өспеуіне байланысты жұмыссыздық азайып отыр» деген қисынсыз қорытындыға келген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмыссыздардың саны бар-жоғы 8,2 мың адамға ғана көбейген. Бірақ бұл сенуге болатын иланымды көрсеткіш пе? Қазақстандағы жұмыссыздықты әлемнің алпауыт елдерімен салыстыру тіпті күлкілі. Мысалы, Канада халқының саны 32 миллионнан асады, Испанияда 47 миллион, АҚШ-та 300 миллионға жуық халық тұрады. Демек, оларда жұмыссыздар санының артуы қисынды. Өйткені халық көп.

       Ал Қазақстан халқының саны бар-жоғы 19 миллионның айналасында  және олардың 4,9 пайызы ғана жұмыссыз. Бұдан шығатын қорытынды не? Біздің билік елдегі тіркелген жұмыссыздарды ғана дерекке қосып және жағдайды әлемдегі алпауыт елдермен салыстырып,  «Қазақстандағы жағдай өте жақсы» деп халықты алдап отыр.  Халықты емес, бұл ең алдымен өз-өздерін алдау екенін айта кетейік. Негізі, ауылдағы қазақ «мен жұмыссызбын» деп, орталықта барып ешқашан тіркелмейді. Тапқанын талғажау етіп, үйдегі ұсақ малына қарап,  жанын бағып, шүкіршілік айтып отыра береді. Әйтпесе пандемия кезінде елде жұмыссыздардың саны күрт артты, мұны 42 500 теңгеге өтініш берген 2-3 миллион адамның қалың нөпірінен-ақ былтыр байқадық. Демек, 2020 жылы «Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемдегі ең төменгі көрсеткіш» деген өте сенімсіз. Күлкілі факт. Негізі, елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз емес, ресми тіркелмегендерді қосқанда, 10 пайыздың шамасында. Елдің көңілін басқаға аудару үшін әлем елдерімен салыстырып, қисынға келмейтін дерекпен халықты бұлай алдауға болмайды.

      Енді осы күлкілі дерекке қарама-қарсы, бірақ сенімді тағы бір мысалды тілге тиек етейік. LS порталы «соңғы бір жылда Қазақстанның сыртқы қарызы 4 пайызға артып, 2021 жылдың 1 қаңтарында 163,3 млрд долларды құрады» деген ақпарат таратты. Бұл өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырмалы түрде қарағанда 6,5 млрд долларға көп. Қазақстан Нидерланды мен Ұлыбританияға 44 және 23 миллиард, АҚШ-қа 13 миллиард доллар қарыз. Қытайға берешегіміз  10 миллиард доллардан асты. Ресейге берешегіміз 9,2 млрд долларға жетті. Тіпті күнін көре алмай отырған кедей мемлекеттер – Конго мен Ямайкаға 100 мың доллардан қарыз екенбіз. Бұдан шығатын тұжырым не? «Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі әлемдегі ең төменгі көрсеткіш» деп елді алдағанша, Қазақстан билігі ең алдымен сыртқы қарызынан құтылмай ма? Ақиқаты, кезінде босқа алынған ақшалар ғой бұл, енді, міне, жыл сайын миллиардтаған қаржы елдің сыртқы қарызын жабуға кетіп жатыр.

       Негізі, шынайы деректер ғана сенімді әрі нанымды. Сондықтан биліктің әр құрылымдағы институтының сарапшылары халықты алдамай, ақиқат деректі ғана айтқаны абзал. Мысалы, Қазақстанның әрбір отбасындағы ахуал мен күнкөрісін әлемдік жағдаймен салыстыруға тіпті келмейді. Өткен аптаның соңында Picodi агенттігінің сарапшылары Қазақстанға қатысты тағы бір деректің шетін шығарды. Бұл енді сенімді, бұлтартпас факт. Олар әлемнің 56 еліндегі тұрмыстық, отбасылық, күнкөрістік жағдайды сараптай келе, Қазақстан рейтинг бойынша 54-орында қалғанын айтқан. 56 елдің ішінде 54-орын. Ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылар «Әлемдегі 56 мемлекеттің тұрғындарының айлық табысы қайда жұмсалады?» деген сауалға жауап іздеген. Ақиқаты, Қазақстандағы әрбір тұрғынның айлығының 70 пайызға жуығы тамақ алуға кетеді екен. Демек, ар жағында қалған 30 пайыз ақшаға қазақстандықтар киіне ме, қыдыра ма, жоқ әлде денсаулығын түзеу үшін емделе ме? Бұл үлкен мәселе және Қазақстан халқының қазір қалай өмір сүріп отырғаны туралы шынайы, нақты көрсеткіш.

        Сондықтан биліктің тапсырысын орындайтын арнайы құрылымдар мен ресми сарапшылардың салыстырмалы түрде болса да, халыққа шынайы жағдайды айтқаны абзал. Өйткені ел жағдайды көзбен көріп, естіп отыр. Жалған, сенімсіз сараптамаға  ешкім сенбейді. Дұрысы,  халықты алдауға болмайды.

Тегтер: