Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:17, 27 Қаңтар 2022

Билік транзиті қалай жүрді?!

None
None

2019 жылдың 4-ақпаны тірідей өртеніп кеткен күнәсіз бес сәбидің аянышты өлімімен есте қалды.

Әлеуметтік желі күңіренген қазанамаға толып кетті. Жоқтау жырын жазғандардың қатарында Астана тойына, Елбасына ұзақ толғау, поэма арнаған «одакештер» де болды. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар, көпбалалы аналар ереуілге шығып, билікке нақты талаптар қоя бастады. 30 жыл ел билеген сақа саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев жұрт ауанының басқа арнаға бұрылғанын бірден сезіп, президенттік өкілеттігін тоқтатуға шешім қабылдағанын жариялады. Бірақ елдегі жетекші партия «Нұр отанды», Қазақстан халқы ассамблеясы, мемлекеттік қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқын сақтап қалды. Қолданыстағы заң бойынша, сенат төрағасы Тоқаев уақытша президент болды. Артынша екі айдан кейін сайлау өтіп, ресми билікті қолына алды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы соңғы президент сайлауының елбасының кезіндегідей емес, билікке наразылық айқын байқалып, сайлаушылар пікірінің қақ жарылып, тартысты текетіреспен өткенін айта кеткеніміз жөн. Оппозицияны қолдаушы топтың таңдауы, өз сөзімен айтқанда «30 жыл оппозицияда жүрген», «комсомолдардың 100 жылдық мерейтойына ескі саптастарын көруге барған» Әміржан Қосановқа түсті. Қосанов мырзаның сайлаудың ресми нәтижесі шықпастан жеңілісін мойындап, Тоқаевты құттықтауы оған сенім артқандардың ашуын тудырып, арты бітпес дауға ұласқаны көпке мәлім.

Президент Тоқаевтың саяси жүйені демократияландыруға, халық пен биліктің арасын жақындатуға бағытталған партиялар мен митинг заңына өзгерістер енгізу, ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру, халық үніне құлақ асатын үкімет жобалары көпшіліктің көңілінен шыққанымен, іштен де, сырттан да күрделі сынақтарға тап болды. 2019 жылдың соңында қытайда пайда болған коронавирустың кесірінен халықаралық қатынастардың жаңа тәуекелге тап болуы жалаң бағыттағы (шикізат экспортына арқа сүйеген) ел экономикасына тіке әсер етті. Халықтың өмірі қыл үстінде қалды. Жылдар бойы қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер сорпа бетіне шықты. Өткен жылы жазда көзіне қан толған борышкер сот орындаушылары мен құқық қорғау қызметкерлері бар бес адамды жайратып салды. Өмірден үміт үзген жас келіншек үш баласын тоғызыншы қабаттан допша лақтырып, өзі де секіріп, қоғамды түршіктірді.

Осы қайғылы жайттардан кейінгі елбасы мен президенттің қараша айындағы кездесуінде, Назарбаевтың «Нұр отан» партиясы төрағасы лауазымын Тоқаевқа беретіні белгілі болды. Оның алдында Қазақстан халқы ассамблеясының жетекшілігін де беретіні айтылған еді.

Жаңа барыс жылының екінші күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының көтерілуіне қарсы ереуіл бұрқ етті. Бүкіл елді шарпыды. Бейбіт түрде басталған митингтің арты жаппай тәртіпсіздікке, қан төгіске ұласты.

Мемлекеттік телеарналардан төтенше жағдай кезінде Тоқаевтың мемлекеттік қауіпсіздік кеңесі төрағасы лауазымын да қолына алғанын білдік.

Басында хатшысы Айдос Үкібай елбасының әскери құқықты Тоқаевқа өз еркімен табыстағанын жеткізсе, Нұрсұлтан Назарбаев кешегі үндеуінде 2019 жылдан бері зейнетте екенін, мемлекет пен халықтың тағдырын шешетін барлық биліктің президент Тоқаевқа өткенін мәлімдеді.

Осылайша Қазақстандағы билік транзиті кеңес одағының құрамында болған өзге елдермен салыстырғанда өзгеше үрдісте жүзеге асты. Путин мен Медведевтің кезекпен ат ауыстыруына (президенттік пен премьер-министрлікті) ұқсамады. Мемлекеттік биліктің бір қолдан — екінші қолға, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтен сенімді серігі Тоқаевқа өтуін елдегі экономикалық-саяси басқару жүйесінің тиімсіздігінен туындаған әлеуметтік қайшылықтар мен сыртқы геосаяси факторлардың тездеткенін байқаймыз.

Тоқаевтың қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретіндегі алғашқы шешімі «Варшава шарты ұйымы» негізінде құрылған ҰҚШҰ әскерлерін елге кіргізу болды. Бітімгершілік мақсатта келді деп түсіндірілгенімен, ел ішінде және сыртында түрлі пікірлер туды. АҚШ мемлекеті хатшысы қазақ билігінен не үшін мұндай қадамға барғанын түсіндіруді талап етсе, қытай тарапы алғашқыда бұл жолғы дүрбелеңді «Қазақстанның ішкі ісі» деп бағаласа, артынан Қазақстанға сыртқы күштердің араласуын қаламайтынын қадап айтты. Ресей президенті Путин «бұрынғы кеңес одағы құрамында болған бірде-бір елді НАТО құрамына қабылдамайсың» деп АҚШ бастаған демократиялы елдерге ашық талап қойып отырғанда, Ресей әскерінің Қазақстанда бой көрсетуі сан қилы жорамалдарға жетелегені анық. БАҚ бетінен түспейтін депутаттар мен саясаттанушылар Тоқаевтың қатаң мәлімдемелерінен кейін «енді нағыз президентті көрдік, мінезі жұмсақ деп қате диагноз қойыппыз» деп ағынан жарылса, халықаралық ұйымдар президенттің «ескертусіз оқ атуға бұйрық бердім» деген мәлімдемесін құп көрмей, адам құқығын сақтауға шақырып отыр.

Кеңес заманынан саясатта келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтық толқулармен бетбе-бет келуі, саяси қарсылыққа жолығуы алғаш емес екені белгілі. Бұдан 20 жыл бұрын үкіметті басқарып тұрған кезінде бүгінгідей көсемі жоқ митингшілерге емес, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған Ғалымжан Жақиянов бастаған бірі-әкім, бірі-министр, бірі-банкир «жас түлкілерімен» жүзбе-жүз келген-ді.

Қ. Тоқаевтың «Беласу» атты өмірдерек кітабында Қытайда 1989 жылы болған студенттер қозғалысы кезінде көзімен көргендерін, әскерилердің өзі тұрған қонақ үйдің терезесіне бағыттап оқ атқанын жазған еді. Сыртқы істер министрі болып жүргенде Назарбаевтың үзеңгілестері Шеварднадзе мен Ақаевтың жаңашыл саяси күштердің қарсылығына тап болып, саясаттан кеткеніне де куә болған. Олар жеңілістерін «өз халқыма оқ атқым келмеді» деп түсіндіріп еді.

Қалай десек те президент Тоқаевтың қиын жағдайда қабылдаған шешімдері ел экономикасының ішкі және сыртқы ахуалына, халықтың ала бөтен әсерін тигізбейді деп үміттенеміз.

Тегтер: