Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 26 Сәуір 2022

Биліктен жылылық көрмегендер

None
None

Павлодар облысындағы бірнеше көпбалалы отбасы адам тұрғысыз жағдайда күн кешуге мәжбүр.

Барар жері, басар тауы болмаған олар әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырып, шарқ ұрғанымен, шенеуніктер қол ұшын созар емес. Сондықтан қабырғалары сөгіліп, төбесі опырылып түсудің шақ алдында тұрған, баспана деуге ауыз бармайтын лашықтарды паналаудан басқа амал жоқ.

Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Құндыкөл ауылдық округіне қарасты Егіндібұлақ ауылындағы Кикеновтар отбасы «жыртық» үйде тұрып жатыр. Бүгінде Руслан мен Ольга – жеті баланың ата-анасы. Тұңғыштары – 16 жаста, кішісі – алты айлық. Балалардың төртеуі мектепте оқиды, екеуі балабақшаға барады. Жақында сегізінші сәби өмірге келмек. Бірақ олардың қолайлы жағдайда өмір сүруіне мүлде мүмкіндік жоқ. Себебі былтыр үйге ауыз су тартылған соң, қабырғасы сөгіліп кеткен. Қабырғадан кірген жел үйде гулеп, аңырап кетеді. Соның салдарынан балалар екі күннің бірінде ауырады. Бұған дейін интернатта, жақсы жағдайда оқып жүрген үйдің үлкендерін әкімдік қайтарып алған көрінеді.

– Мен еңбек биржасына тіркелгем. Бар күнкөрісіміз – атаулы әлеуметтік көмек. Оның өзі балалардың ас-суына, киім-кешегіне жетпейді. Сондықтан мектеп жасындағы балалар интернатта жатып, білім алған еді. Оқуда озат болып, спорттық жетістіктерімен көріне бастады. Алайда әкімдіктегілер үйдегі бала санын қайта-қайта тексеріп, келгіштей берді. «Балалардың бәрі жиналмаса, атаулы әлеуметтік көмектен айырамыз», деген сыңай танытты. Сондықтан интернатта оқып жүрген жерлерінен қайтарып алуымызға тура келді, – дейді отағасы Руслан Кикенов.

Көпбалалы отбасы былтырдан бері басындағы жағдайын айтып, жергілікті әкімдікке талай барған. Алайда еш нәтиже жоқ. Құндыкөл ауылының әкімі Самат Ибраев Кикеновтарға басқа баспана ұсынған көрінеді. Бірақ Русланның сөзінше, ол жерде ит байласа тұрғысыз. «Оны жөндеуге тағы бір үйдің ақшасы кетеді. Ондай қаржы бізде қайдан болсын?!» – деп қынжылады ол.

Бұл ауылдық округ басшысының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыны адам құрлы көрмеуі – таңғаларлық жайт емес. Былтыр қазанда қардың жауғаны туралы видео түсіріп, оны туыстарына жіберіп, кейін әлеуметтік желіде «хит» болған бейнежазбаның авторы – ауыл зейнеткеріне күллі елден кешірім сұратқан әкімнен басқа не күтеміз? Сол әрекеті үшін тәртіптік кеңесте ісі қаралып, ескерту алғанымен, бұл оған сабақ болмаған сыңайлы. Әйтпегенде, қайда барарын білмей шарқ ұрып отырған көпбалалы отбасыны мазақ қылғандай, қора-қопсы күйіндегі үйді бере ме?!

Әйтеуір аудан әкімдігі бұл мәселеге назар аударып, отбасының үйіне бірнеше рет келіп кетті. Фотоға түсіріп, акт жасапты. Оның нәтижесі жақында ғана шықты. Тиісті органдардың тексерісі бойынша, үй апаттық жағдайда деп танылып, жөндеуге келмейтіні туралы шешім шығарылды. Осы құжаттың негізінде, Кикеновтар отбасы кезекке тұрып, аудан орталығынан баспана ала алады. Бірақ бұл жерде тағы бір кедергі шықты.

– Алдымен, ауыл әкімі коммуналдық шаруашылық бөліміне өтініш жазу үшін керек деген желеумен таза параққа қол қойғызып алды. Содан соң, «Тұрғын үй кезегіне қою үшін ауданда тіркеуде тұру керек», деді. Бізді жеті баламен тіркеуге кім алады? Үйдің апаттық жағдайда екенін көре тұра, әрі балалардың денсаулығы сыр бере бастағанын біле отырып, тіркеусіз-ақ беруге болмас па? Әйтпегенде, тағы уақыт жоғалтып аламыз. Әкімдік үй бергенше, үйінді астында қалмасақ болғаны, – дейді амалы таусылған отанасы Ольга Кикенова.

Бұл – Павлодар облысындағы бір ғана отбасының жағдайы. Мұндай қиындыққа тап болған шаңырақтар жетіп артылады. Мәселен, Успен ауданы Тобылжан ауылының тұрғыны Әлбина Әнисимова мен жолдасы бес бірдей баламен бір ғана бөлмені паналап келеді. Уақытша баспана ретінде салынған бұл үйден басқа барар жері жоқ. Былтырдан бері ауыл, аудан әкімдігіне жағдайын айтып, бос үйлердің бірін беруді сұрап келсе де, ешкім өтінішке құлақ асар емес.

– Біз осы бір ғана бөлмеден тұратын шағын үйдің өзін ай сайын 20 мыңға жалдап тұрамыз. Көктемде қар еріген кезде үйді су басып қалды. Не істерімізді білмей, әкімдікке бардық. Бірақ ондағылар міз баққан жоқ. Былтыр берілуі керек баспананы әлі күнге дейін күтіп жүрміз, – дейді А. Әнисимова.

Балалар жылында көпбалалы отбасылардың осылайша қиындық көріп жүргені қынжылтады. Шенеуніктер, тым құрғанда, бүлдіршіндерге арналған жылы қамқорлық пен қолдау көрсетсе игі. Әйтпегенде, биліктен жылулық көрмеген олардың ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түсері анық.

Тегтер: