Билік қаласа, боксшы да клоунға айналады
Қазақстанда маңызды оқиғалармен қатар танымал адамдар, көбіне эстрада әншілерінің жеке басына қатысты әлдебір оқиға БАҚ беттерінде жаппай жарияланып, қоғамның шулап кететініне көз үйреніп барады...
Билік даулы оқиғаларды қамырдан қыл суырғандай етіп өткізіп жіберу үшін қоғамның санасын манипуляциялаудың екі әдісін қолданатын сияқты. Оның бірі – қазіргі күнде бәріне белгілі оқиғағаны ақтап жазу үшін блогерлер мен журналистерді жалдау әдісі. Тіпті қоғам арасында «20 мың теңгеліктер» деген топ та қалыптасты. Екіншісі – шоу-бизнес өкілдерін пайдалану әдісі. АЭС салу немесе салмауды талқылау барысында билік бұл екі әдісті де бірдей қолданып жатқандай әсер қалдырады. Жазда әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың, әншілер – Қайрат Нұртас пен Әбдіжаппар Әлқожаның қамалуы саяси оқиғалармен тұспа-тұс келді. Бүгінгі боксер Жанқош Тұраровтың оқиғасы да жоғарыда айтып өткен саяси әдісті еске салады. Бәлкім, оның ісі билік сценариі, бәлкім, шынымен де АЭС референдумымен қатар келді, түбіне қанша үңілсең де ақиқатына жете алмайсыз.
Болманов әдісі
Адам санасын басқарудың ең қарапайым және тиімді жолы – қоғам назарын үкімет қабылдайтын күрделі мәселелер мен шешімдерден басқа жаққа аудару. Халық биліктің іс-әрекеті туралы ойланбауы үшін оларға БАҚ арқылы арзан ақпарат беріледі. Бұл әдіс өте тиімді, өйткені адам маңызды білім алуда шектеледі. Оның орнына миын шоу-бизнес, спорт, сериалдар мен жаңалықтар сияқты керексіз ақпаратқа толтырады. Мұны «қоғам санасын манипуляциялау» деп атайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: FORTE BANK ҚОРЛАҒАН ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖИЫРМА МЫҢ ТЕҢГЕЛІК БЛОГЕРЛЕРДІҢ ҚАЛТАСЫНДА КЕТТІ
Кешегі Forte банктің қызметкерлерді жұмысқа қабылдау талабына байланысты дау туғанда немесе мұнайшылардың көтерілісі кезінде аталған әдіс жақсы жұмыс істеді. Бұл жағдайда негізгі мәселе екінші орынға ысырылып қалады. Аталған әдістер біздің елде ғана емес, жалпы әлемде де қолданылады. Массачусетс институтының профессоры, саяси журналист Аврам Ноам Хомскийдің айтуынша, билік адам миын арзан ақпаратқа толтыру арқылы оны қандай да бір маңызды іс атқарып жатқандай етіп көрсетеді. Осы арқылы иллюзия тудырады, яғни адам дамымайды, әлемде шынымен не болып жатқанын түсінуге ұмтылмайды. Мұндай кезде қоғамды басқару оңай болады.
Жалпы елімізде әншілердің қоғам санасын манипуляциялауға қашан араласа бастағаны нақты белгілі емес, белгілісі – 2015 жылы жер дауында халық наразылыққа шығып, сол кезде әнші Қыдырәлі Болмановтың тоқал аламын деген сөзі біраз шу болған еді. Кейіннен әншінің өзі де «тоқал алуды қоғам назарын жер дауына байланысты басқаға бұру үшін ойлап таптым» деп мойындады. Болмановтың әдісі көмектесті. Бірақ мұны ол «өзім істедім» деді. Биліктен тапсырма берілгені туралы айтқан жоқ.
Мәселені шеше алмасаң, ақпаратты басқар
Ал әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, біздің билік қоғамдық пікірді басқаруды жақсы меңгерген. Себебі «мәселені шеше алмасаң, ақпаратты басқар» деген ұғым бар. Соны авторитар жүйелер озық технологияға айналдырып, бір-бірінен көшіреді.
«Сергей Гуриев пен Даниел Трейсманның «Айлакер диктатор» деген кітабы шықты ғой. Сол шығармада да қоғамды ақпараттық манипуляция арқылы басқаруды егжей-тегжейлі жазған. Әрине, шоу-бизнес өкілдерімен билік келіспейтін шығар, бірақ дәл сондай оқиғалар арқылы қоғамның назарын аударуға тырысатыны анық. Жалпы мемлекеттің пропагандаға қанша қаржы бөлетінін ескерсек, осындай қорытындыға келуге болатын сияқты. Бірақ әншілердің басынан өтіп жатқан оқиғалар кездейсоқ болуы да мүмкін. Себебі күнде бір әнші бір оқиғаға тап болып жатады. Оны біз біле бермеуіміз де табиғи жағдай. Ал даулы оқиғалар кезінде әншінің оқыс оқиғаға тап болуы, жоғарыдан осыны мейлінше таратыңдар, осыған күш салыңдар деген тапсырмалар болуы бек мүмкін», – дейді әлеуметтанушы.
Саясаттанушы Сайын Борбасов та әлеуметтанушының сөзін қуаттайды. Ол да билік тарапында арнайы пропагандамен айналысатын топ бар деп санайды. Оның айтуынша, биліктің манипуляциясына қоғамның басым бөлігі сеніп қалады.
«Әншілер мен спортшылардың оқиғасы түкке тұрмайды, абсурд дүниелер. Қайрат Нұртастың, Қабатовтың да әңгімесіне жұрттың назар аударуы қажет емес. Әрине, билік маңызды шаруаны ың-шыңсыз өткізіп алуды ойлайды. Су тасқынын алып қарайық, трагедия ғой. Ашынып тұрған халықтың назарын басқа жаққа аударуға тырысады. Мұндай әдіс-тәсілдер халықты алдауға жатады. Өтірікке, өсекке құрылған қоғам түптің-түбінде күйрейді. КСРО соның нақты белгісі. Кеңес одағы қаншама оқиғаны жасыруға тырысты. Жасырды да. Бірақ шындық түбінде ашылды ғой».
Су тасқыны және Бишімбаев пен Қазақпаева
Көктемде су тасқынынан еліміздің 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Бұл су тасқыны көлемі жағынан кейінгі 80 жылдағы ең ірі табиғи апат саналды. Атырау облысының өзінен мыңдаған отбасы баспанасыз қалды, әсіресе Құлсары қаласы қатты зардап шекті. Дегенмен елдің әр өңірінде селдің болатыны алдын ала болжанған болса да, апатқа ТЖМ дайын болмай шықты. Әр аймаққа мыңдаған адам эвакуацияланды. 7 адам көз жұмды, 10 мыңға жуық мал өлді. Апаттың салдарынан ел әрі-сәрі болып жатқанда, күзде бүкіл қоғамды дүрліктірген Бишімбаевтың соты онлайн көрсетілетін болып шешілді. Дәл сел болып жатқанда Бишімбаевтың екінші сот отырысы өтті. Бүкіл ел бәрін жиып қойып, сол сотты көрді. Сериал сияқты. Жұрттың назары апаттан басқа жаққа ауды деуге болады. Сәйкестік пе, жоқ па, су тасқынының аяқталуымен қатар Бишімбаевтың соты да мамырдың ортасында бітті. Негізі заңгерлердің айтуынша, мұндай соттар әлемде кем дегенде бір жылға созылады. Ал экс-министрдің соты 3 айға жуық созылып, барлық процесс тездетілді. Тіпті заң қызметкерлері сотқа дайындалып үлгермей қалып жатты.
Ал мамыр айының соңында су тасқынының салдарынан үйсіз қалған құлсарылықтар өтемақы мәселесіне байланысты наразылыққа шықты. Олар жаңадан салынатын үйлердің өтемақысын қолға беруді, әрбір шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеуді сұрады. Облыс әкімі 240 мың теңге ұсынды. Наразылық бірнеше күнге жалғасты. Билік халықтың талабын орынсыз деп санады. Кейбір тұрғындар әрбір шаршы метріне 210 мың теңгені де қанағат тұтты. Дәл осы уақытта БАҚ беттерінде «әнші әрі актриса Фарема Қазақпаева жеті тәулікке қамалды» деген ақпарат жарқ ете қалды. БАҚ-тағы ақпаратқа қарағанда, әнші Instagram желісіндегі ұятсыз, боғауыз сөздер айтқан видеосын жариялаған. Осылайша, ол айналасындағыларды құрметтемей, қоғамдық тәртіпті бұзыпты. Салдарынан сот өтіп, Фарема Қазақпаева 7 тәулікке қамалды.
Астанаға бірнеше ел президенті келгенде әншілер «челлендж» бастады
3-4 шілде күндері Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Бұл шара Астана жұртын екі ай әбігерге салды. Оған Ресей президенті Путин, Қытай басшысы Си Цзиньпин, олардан бөлек, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия сынды мемлекет басшылары да келді. Саммит барысында бірнеше келіссөздер жүрді. Билік бұл шараға қатты дайындалған болу керек, саммит өтпестен бірнеше күн бұрын кезекті сценарийін бастап жібергендей болды. Себебі алдымен 28 маусым күні әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қамалды. Ол ұшақ бортында мас күйінде әдепсіз сөздер айтқан. Салдарынан Қабатов әкімшілік жазаға тартылып, 5 тәулікке қамауға алынды. Шоу-бизнес өкілінің қамалуы ел ішінде әжептәуір талқыланды. Қабатовтың әрбір әрекеті жазылып, айтылып жатты. Содан кейін саммиттің соңғы күні әнші Қайрат Нұртас ұшақта төбелескені үшін 15 күнге қамалды, бұдан соң 6 шілде күні Toyota Camry көлігін тоқтатып, тексеруге кедергі келтірген, мас әнші Әбдіжаппар Әлқожаның да 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды. Дәл осы уақытта саммит пен қатар утиль алым дауы да өршіп тұрған еді.
АЭС салуға байланысты референдум өткізудің өзі халықтың көңілін басқа жаққа бұру
Белгілі журналист Асылхан Мамашұлы спортшылар мен әншілер төңірегінде дәл осындай қарсаңда шу-шұрқан шыға қалуы сәйкестік пе, жоқ па, оған көзі жетпейтінін, бірақ бір күдіктің бар екенін айтады. Журналистің айтуынша, АЭС салуға байланысты референдум өткізудің өзі халықтың көңілін басқа жаққа бұру.
«Тұраровтың үстінен арыз жазған қызды айыптауға да хақымыз жоқ. Егер билік өзі ұйымдастырған болса, биліктің ары білсін. Болса, әрине. Меніңше, АЭС салу мәселесін референдумға салудың өзі халықтың көңілін басқаға бұру. Біз халықтың айтқанын істейміз деген популизм. Себебі былай:
Біріншіден, АЭС саламыз ба, жоқ па деген сұраққа мамандар жауап беру керек. Мысалы, АЭС салу керек пе, жоқ па, мен қайдан білем? Бір маманмен сөйлестім, салу керек деп дәлелдеді. Ә, онда салу керек екен дедім. Тағы бір маман салмау керек деп дәлелдеді. Ә, онда салмау керек екен дедім. Маман емеспін ғой, мамандар айтса сенемін. Мәселені мамандар өздері айтысып, талқылап, шешсін. Мемлекет бар болғаны – солардың еркін талқылауына мүмкіндік жасауы керек. Ал өйтіп жасай қоя ма?
Сосын, аптасына алты күн тойда «Көк жигулиге» билеп жүрген халықтан атом туралы сұрау ыңғайсыз емес пе? «Мына қыздың фигурасы ұнай ма, жоқ па» деген сұрақ емес қой ол.
Екіншіден, осы уақытқа дейін өткен референдумның бәрін көрдік. Сонда биліктің ұсынғаны өтпей қалған кезі жоқ. 1990 жылы сәуір айында билік «СССР-ді сақтап қалу керек пе, жоқ па» деген сұраққа Қазақстан халқының 94 пайызы «иә, сақтап қалу керек» деп жауап берген. Одан небәрі 5 ай бұрын «Егемендігін» жариялаған елдің сөзі бұл. «Елбасының өкілетін ұзартайық па?» десе де «иә», «Елбасының өкілетін алып тастайық па?» десе де «иә» деп жауап берді. Билік нені қаласа, сол болды. Өйткені референдум бюллетеньдерін санайтын комиссия билікке толық тәуелді. Осыған дейінгі бүкіл сайлау, референдумды бұрмалап келген комиссия аяқастынан өзгере қалыпты дегенге кім сенеді? Мен, мысалы, одан гөрі ертең таңертең тоғыз жарымда өгіз бұзаулайды дегенге көбірек сенемін. Референдумның өзі популизм дейтінім – осы».
P.S. Бұл оқиғалармен қатар былтырғы Абай облысында өртті де айтпай кетуге болмайды. 2023 жыл 7 маусымдағы алапат өрттен 14 адам қаза тапты, 60 мың гектар аумақты от шарпыды. Бұған да ТЖМ дайын болмай шықты, тіпті әлеуметтік желіде таралған өрт сөндіруге келген КСРО техникасы жұрттың ызасын тудырды. Дәл осындай халықты ашу кернеген уақытта интернетте «әнші Төреғали Төреәлі есірткі шегіп, көлік жүргізіп ұсталды» деген ақпарат шықты. Төреәлінің ұсталуы шоуға ұқсап кетті. Себебі ол алдымен полиция өкілдерінен қашқан, тұрақтағы көлікті соққан. Әлеуметтік желіде оны құқық қорғау өкілдері күшпен жерге құлатып, ұстап жатқан видеосы тарап кетті. Әншінің ұсталуы, кейінгі сот процесі қоғам арасында ұзақ талқыланды. Қазіргі АЭС референдумы кезіндегі боксшының оқиғасы да соған ұқсап бара жатыр.
Бәлкім, Төреәлінің де, Тұраровтың да, тіпті басқа шоу-бизнес өкілдерінің де істері даулы оқиғаларға жай ғана тұспа-тұс келген шығар. Нақты кесіп айтудан аулақпыз, бірақ біз мысалға келтірген және басқа да оқиғалармен қатар танымал адамдардың публикаға шығып кетуі таңғалдырмай қоймайды.
Тұрсынбек БАШАР