Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 20 Шілде 2022

Білмегенді жазу бейнет емес

None
None

«Ұлы Отан соғысы» деп аталған 1941-1945 жылдардағы шайқастың    оған бірнеше елдің әр қалай қатысы болғандықтан, «Екінші дүниежүзілік соғыс» делінгені белгілі.

Ал одақтас 15 республиканың ортақ Отанына – КСРО-ға  гитлершіл фашистер  қапияда  шабуыл  жасағанда, көп ұлтты  совет халқы басқыншыларға біртұтас күш болып қарсы тұрды. Өйтпегенде ше?! Гитлер: «Орыстарды ғана құртамын, басқаларыңа тиіспеймін», деген жоқ қой? Дегеннің өзінде де, мысалы, ата-бабасы: «Көрші ақысы – тәңір ақысы», «Көршіңді құдайдай сыйла» деп өткен қазақ, ғұлама жиеніміз Лев Гумилев жазғандай, Көне Русь пен Ұлы Дала заманынан бері көрші, құдандалы туыс орыс халқын жау оғының өтінде жалғыз қалдырып, жайлауында жата берер ме еді? Осыған ой жібермейтін кейбіреулер: «Ол соғысқа қазақ күштеп қатыстырылды; 9мамыр – қазақ үшін қаралы күн», деп сарнап сөйлеп те, сандырақтап жазып та жүр. Ол жазғыштар соңғы кезде: Германия соғыс ашуға мәжбүр болды, өйткені Совет Одағы Германияны басып алу жоспарын жасады, деп «тарихи жаңалық» ашты. Бұл «бәрінбілгіштік» ішкі-сыртқы тарихшылар қауымына танымал ресейлік ғалым Олег Козинкиннің «Адвокаты Гитлера. Правда о войне, или почему врут историки» атты кітабын есіме түсірді. Ол – мұрағаттық құжаттар негізінде жазылған еңбек. Біздің «ғұламалар» одан  да, Ұлы Отан соғысы туралы шыққан деректі өзге де кітаптар барынан да хабар-ошарсыз  секілді.Олардың «беткеұстарлары» – сатқын В.Суворов (В.Резун) тобындағылар. О.Козинкин аталған кітабындағы «Адвокаты Гитлера» мақаласында: «Сталинизмге жаулықты «Гитлерді ақтаушы» Виктор Суворов (Владимир Резун) бастады» деген. В.Резун тарихшы емес, бірақ кешегі Л.Троцкийдей сөзуар жылпос болып, халықаралық сионизмнің әнін әндеп, Ұлы Отан соғысы туралы өтірікті өршіткен опасыздығы үшін сотқа тартылып, ату жазасына кесіліп, бірақ әлдебір қамқоршыларының айла-шарғы көмегімен шет елге қашып кеткен-ді.

Троцкийді (Лейба Давидович Бронштейнді) еске алу себебім: «Әлемдік  революция»  жасау керек деумен көзге түсуге жанталасқан ол  «Советтік Еуропа Құрама Штаттарын құрып, одан арыда Советтік Әлемдік Құрама Штаттарды құруымыз керек!» деп қызынып жүріп, Совет өкіметіне қастандықпен астыртын небір сұрқия бүліншілік ұйымдастырып, әшкереленіп,  елден қуылып, Мексиканы паналап жатқанында (1939 жылы) елдегі досы Г.Дрейцерге жазған хатында былай депті:   

«Қымбатты досым! Бүгінде біздің алдымызда мынадай міндеттер тұрғанын жеткізіп айт:

 1.Сталин мен Ворошиловты құрту.

 2.Армияда өзіміздің ұйымды көбейту.

 3.Соғыс бола қалса, сасқалақтаушылық пен сәтсіздіктерді пайдаланып, билікті басып алу».

Алайда оның жауыздық жоспары қоқыста қалды. 1940 жылы 20 тамызда көзі жойылды. Егер 1941жылы тірі болса, «Хайн, Гитлер!» деп шыға келетін еді.

Е.А.Дрейцер – Қызыл Армияның офицері, саясатшы. Троцкийді күзету тобын жасап, соның командирі болған.

«Троцкийшілдер совет басшылығындағы: Сталин, Ворошилов, Киров, Молотов, Менжинский, Куйбышев, Каганович пен Ждановты, сондай-ақ Горькийді өлтіруді жоспарлаған» (Майкл Сейерс, Альберт Кан. «Советтік Россияға қарсы құпия соғыс»).

Троцкийдің 2-інші тапсырмасы – өзімен астыртын сыбайлас Маршалдар тобының «шешуші шайқасқа» дайындықты күшейтуді ескерткені. Ал 3-інші тапсырмасы – жақында басталатын соғыстың өздеріне пайдалы болатынын айтқаны. Ол Совет өкіметін қалайда құлатып, «большевиктік-сионистік мемлекет орнатуды» (өзінің сөзі) көксеп жүрген кезінде Германияға барған, сондағы ежелден Совет Одағына қарсы ұйымдармен құпия байланыс орнатқан. Яғни Гитлердің басқыншылықты қашан бастайтынын білген.

… Алдыңғы жылы мамырдың 9 күні Өскеменде болғанымда, жасы тоқсаннан асқан майдангер ақсақал Уәжіп Жексенұлына сәлем бере бардым. Оны-мұны біраз әңгімеден кейін Уәкең: «Қарағым, «қазақтар соғысқа зорлықпен қатыстырылды, 9 мамыр  қазақ үшін қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген әнеу үлкен-кіші шіркіндерге айта баршы: әке-шешелерін, иә, өздерін де фашистерден қорғап қалған біздің там-тұм жүйкемізді тістелемесін, 5-6 жыл шыдай тұрсын, біз өліп таусыламыз, содан кейін сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері!» – деп налығанда, бетіммен жер басқандай күй кештім.

Соғыста КСРО жеңілсе, Қазақстан да құрдымға кетер еді. Яғни мамырдың 9 күні қазақ үшін қаралы күн емес! Жеңіс күні! Қазақтың қамқоршысы сияқтанатын жырықезулілердің қазаққа бұл күнді ұмыттырғылары келіп жүргендері тым түсініксіз. Ондай әрекет  елін, жерін, кейінгі ұрпағын қорғаудағы ақтық айқаста құрбан болған: Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Баймағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ізғұтты Айтықов, Нұркен Әбдіров, Баубек Бұлқышевтай мыңдаған боздақтарымыздың, қан майданнан жеңіспен оралып, ортамызда біраз жыл жүрген: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен Рахымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, Қазақстанның Халық қаһармандары: Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, басқа да жүздеген аға-апаларымызды еске алдырмау, аруақтан аттап кету, бүгінде арамызда бар Уәкеңдей қарт майдангерлерімізге  күл  шашу!

«Соғысқа еріксіз апарылған қазақтардың» қатарында Мәншүк апайымызша өзі сұранып барғандар аз болды ма? Қазақстандай одақтас  республикалардағы ұлттар мен ұлыстардан ше?

Бір «қызық» жайт: тәуелсіздік алған Украинаның 1-ші президенті Л.Кравчук, Днепр жұлығынан да келмей, газет тілшісімен сұхбатында: «Сталин мен Гитлер Львов қаласында құпия кездескен, дүниежүзін бөліп алуды ақылдасқан» деп даурықты. «Екі дос» қатар тұрған фотосуретті көрсетті (әрине, коллаж – әдейі құрастырылған)

Ашық сионистік-шовиннистік пиғылдағы интернет-сайттардың  кез келгені «Сталин мен Гитлердің құшақтасып, сүйісіп отырған, тұрған» суреттеріне толы.  

Иә, біздің «дегіштер» де көсіле сөйлеп, көпіртіп жазып: «Гитлер       мен Сталин хат жазысып, бірнеше рет кездесіп, ымыралысып, жер жүзін бөліп алуға шарттасқан»; «Соғысты Гитлер жоспарлаған жоқ, Сталин жоспарлады»; «Ұлы Отан соғысы деген – екі қанішердің соғысы», деп  сандалуда. Әл-Фараби атындағы мемлекеттік ұлттық университетіміздің  бір тарихшы доценті газетке «Гитлер соғыс ашпаса, Сталин қазақты қырып бітірер еді» деген мақаласымағын шығарып, әбден әуейіленді. «Тарихшы ғалымның» сықпыты сол болса, тарихшы емес «бәрінбілгіштерге» не дауа?!

Соңғы кезде газетте, интернет-сайтта: «Германия неге соғыс ашты?» деген ортақ тақырыппен «ортақ пікірлер» жарияланды. Авторларының аты-жөндерін атауға, «тарихи жаңалықтарынан» үзінді келтіруге зауқым жоқ. Оларға бір ғана айтарым: Олег Козинкиннің кітабын оқығайсыңдар.

Әлемді алаңдатқан соғысқа қатысты түрлі-түрлі солақай пікірлер айтылып, жазылуда. АҚШ-та, Еуропада, Ресейде. Толастауы неғайбыл. Солардың  кейбіреуі: 

Сталин  құпия барлаушылардың  дұрыс хабарларына сенбеді;

Сталин Гитлерге сенді;

Соғысты Гитлер  емес, Сталин бастады;

КСРО Финляндия мен Балтық бойы мемлекеттеріне басқыншылық жасады...

Ал енді бұл жалақорлықтар туралы не деу керек?     

Гитлердің «Майн камф» («Менің күресім») кітабында мынадай сөз    бар: «… Егер бүгін Еуропадағы жаңа жерлер туралы айтар болсақ, біздің көз алдымызға әуелі Ресей келеді. Шығыстағы  бұл тым үлкен мемлекеттің күні батар уақыт болды!».

Ол тағы да не деді?

Жауап:     

«Өте құпия.

Гитлердің 1940 жылы 31шілдеде Бергхофт қаласында өткізген құпия мәжілісінен (стенографиялық жазба).

Мәжілісте Гитлер былай деді:

 «Ресей Батыс Еуропада тездеп болып жатқан өзгерістерге наразы. Ол Англияға Германияның күшейгенін көргісі келмейтінін айтса, ағылшындар, «суға кеткен тал қармайды» деп, 6-8 айдың ішінде жағдай өздеріне қолайлы болатынынан үміттене бастайды. Ал Ресей талқандалса, Англия ол үмітінен күдер үзеді де, Балқанға Германия ие болады!

Бұдан шығатын қорытынды: Ресей жойылуға тиіс! Мерзім – 1941-жылдың көктемі!

Ресейді неғұрлым тез құртсақ, соғұрлым жақсы болады.  Біз оның жерін бірте-бірте бөлшектеп, басып алмаймыз, бір соққымен-ақ күлін көкке ұшырамыз!           

Қыстың қарсаңында кірісу қауіпті. Сондықтан көктемді күте тұруымыз керек. Ресейді жою шешімімізді нақтылай түсейік!

Балтық теңізі туралы мәселені де шешу керек. Балтық теңізі маңында екінші ұлы державаның, Ресейдің, болғаны керек емес!

Әскери қимылымыз 1941 жылдың мамырында басталсын және бес айдың ішінде аяқталатын болсын! Жорықты биыл-ақ бастауға болар еді, алайда, созылып кетпес үшін, бір соққымен жайратуды қапы қалмастай жоспарлауымыз  керек. Иә, мақсатымыз – Ресейді тып-типыл қылу!

Жоспар мынадай:

1-соққы. Киевті алып, Днепрге жол ашу. Авиация оның көпірлерін талқандайды. Одан соң – Одесса!

2-соққы. Балтық республикалары арқылы Мәскеуге жол ашып, екі жағынан: солтүстігінен және оңтүстігінен ену. Одан кейін Бакуға беттеу...».

Бұл КСРО Ішкі істер халық комиссариатының барлау жөніндегі Бас басқарма егесі генерал Голиковтың Сталиннің қабылдауында болған күнгі  (1941 жылы 26 наурыз) жазбаша мәлімдемесінен алынды.

Осындай мәлімдемені комиссариаттың Барлау басқармасының бастығы Федотов та жасаған. Әскери теңіз флотының Халық комиссары Кузнецов Сталинге бұларға дейін-ақ фашистердің «Барбаросса» жоспары барын баяндаған. Алайда, Кузнецов пен Берия: мұның бәрі ағылшындардың арандатуы, олар  – американдармен ымыралысып, КСРО мен Германияны қырқыстырмақ  десе, Молотов: КСРО-ға  ақымақтың  ғана соқтығуы мүмкін, дегенді айтқан. Ал Сталин Голиков жазбасындағы кейбір сөйлемдердің астын қызыл қарындашпен сызып, мәлімдеме жасағандарға деректерін қайтадан мұқият тексеріп шығуды тапсырыпты.

Содан кейін Сталин Ішкі істер халық комиссариатының Барлау басқармасына елдегі шетелдік жансыздарды табу, жою шараларын тездету керектігін айтқан. Соғыс  басталғанға дейінгі жарты жылда Совет Одағында  германдық-фашистік жансыздардың  66 тобы әшкереленіп,  1600-ден  астам  агенті  жойылған. 

Гитлердің  КСРО-ны тез талқандау үшін Балтық бойын, Финляндияны өзіне қаратып, даңғыл жол ашып алуды көздегенін білген Сталин оған дес  бермес үшін Балтық  елдерінің  басшыларымен кеңесуді жөн көрген.  Бірақ   олар, Одақтың құрамында бола тұра, бұлталақтаған да, Сталиннің күш қолданбай болмайтынына көзі жетіп, тиісті шешім шығарған. Балтық мәселесін реттеп, Финляндиямен өзара бейбіт шарт жасасудың сыры сол. Егер ол аймақтарды Германия күні бұрын басып алса, жолы әлдеқайда жеңілдер еді, соғыста  КСРО-ның  жағдайы  қиындап  кетер еді.

… Атышулы «Мюнхен келісімінен»(1938 ж.)  Сталин қатты тіксінген. Гитлердің лаңы қыр астында екенін білген. 1933 жылы Гитлердің билік  басына жеткенін естігенде: «Бұл – соғыс!» депті. Ол  – Англияның, Францияның басшыларымен сөйлесіп, Германия жасар басқыншылықтан     бірлесе қорғануды ұсынды. Олар созбұйдаға салған соң Германиямен бір-біріне шабуыл жасамау жөнінде шарттасуға тиіс болды. Сол шарттың нәтижесінде КСРО біржарым  жылдан аса тыныстап, Герман фашизмі ашар соғысқа қарсы дайындықты күшейте алды.

Өзара шарт жасасуды Гитлер ұсыныпты. Онысы Сталинді алдау екен. Ол КСРО-ның әскери күш-қуатынан сескеніпті де, оны қапыда қалдыруды ойлапты. Сталинге екі рет хат жазып, КСРО-ға қарсы әрекет жасау ойы жоқ екеніне сенуді өтініп, «ар-ұятын»  алға  тарта,  кәдімгідей ант-су ішкен. 1941 жылғы 14 мамырда жолдаған хатын: «Құрметті Сталин мырза!» деп бастап, Англияны жоймайынша, Еуропада бейбітшілік болмайтынын, сол үшін маусым айының 15-20-сы күндері (КСРО-ға опасыздық  шабуыл жасар алдында) Ресей мен Балқан шекарасына 80 дивизия апару ойы барын айтып, Сталиннің одан күдіктенбеуін, арандату бола қалса, оған сенбеуін, өзімен дереу хабарласа қоюын өтініп, ішмерездік хатын: «Сізге  шынайы берілген Адольф Гитлер», деп  аяқтапты. Екінші хатында аярлығын  еселеп: «… Маған сеніңіз. Бұл – офицерлік сөзім!» деген. Сталин  оған  сенбеген, жауап   жазбаған. Ал Саяси бюроның мәжілісінде, 1941 жылы 24 мамырда: «Біз таяу күндері Германияның тұтқиыл шабуылына тап болармыз», деген. 13 маусымда Бірінші стратегиялық құрама жауынгерлерін толық әскери әзірлікке көшіруге нұсқау берген екен. Бірақ Бас штаб арқылы іске асуға тиіс ол шешім, жаппай болмағанмен, көп жерде орындалмаған. Шабуылшы ұшақтар апарылған шекаралық әуежайларға бомбалар уақтылы жеткізілмеді. Танктер шоғырланған жерлерге жанар-жағармай жеткілікті апарылмады. Тез қарқынмен жасалған: снарядтарды, автоматтарды,  винтовкаларды… тығып тастау сияқты опасыздық болды (А.Мартиросян. «Сталин туралы 200 аңыз»). Соғыстың алғашқы апталарындағы сәтсіздіктер  – сондай қаскөйліктің салдары. Ондай ішкі жаулықтан соғыс басталған күні хабар алған Сталин, А.Микоян жазғандай («Так было» кітабында), ертеңінде іңірде  жанына: Молотовты, Берияны, Маленковты, Микоянды алып, Бас штабқа барған. Штаб бастығы Жуковтан түсінік  талап ете,  қатқыл  сөйлеген. Жуков ләм-мим дей алмай,  бұйығып, жылап  жіберген. «Бұл дерек  – Жуковты қалайда мұқату емес, Сталин мінезінің бір сәті. Дегенмен Жуков ол жәйт жайында ауыз ашпады», депті Микоян. Жан шіркін тәтті ғой, Жуковты да жылатыпты.

Ақиқатты анықтап, сол қалпында айту бар да, алабажақ суретке айналдыру бар. «Суретшілдерге» білу зиян болмас бір дерек (сәл ықшамдалды):

Яков КЕДМИ, Израильдің «Натив» арнаулы қызметінің бұрынғы басшысы: Меніңше, сіздерде ел тарихын бағалауда дерекке сүйену жоқ, оқиғалардың өңін айналдырып, қалай болса солай бұрмалап, өзіндік саяси қалыпқа салу бар. Ұлы Октябрь революциясы мен КСРО тарихтарын, бұлармен байланысты оқиғаларды жалған түрде жазуларыңыз – Ресей  жұртшылығының ұлттық сана-сезімін әлсірету...

Сталин мемлекет қайраткері болды. Отанының ғана мақсат-мүддесін ойлады. Өзінің баспайдасын көздемеді, жақсы-жайлы тұрмысты, байлықты керек етпеді… Рас, қимылы қатал болды, ал ол әрекеті елін –  Совет Одағын тез нығайтудың, дамытудың құралы еді… Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қызыл Армиядай тегеурінді  күш ешбір елде, ешқашан болған жоқ. Көзсіз ерліктің, жанқиярлықтың теңдессіз үлгісін көрсеткен Армияның Сталинграды мен Брест қамалы өзгелерде болған емес...

 Армиядағылар, соғыс туралы сөз бола қалғанда да, бұл жайтты айта алмайды. Тағы не деу керек?  «Сталинград» әлем халықтарының жадында. «Сталинград» деген сөз сіздерде, Ресейде ғана өшірілді...

Октябрь революциясынан басталған тарихи ақиқат оқиғалар Ресейде мүлде  бұрмаланып, жалған  тарих жазылып жатыр. Сіздерде бұл салада әділ тарихшы жоқ. Мектептеріңізде жазғандарының 90 пайызы өсек-өтірік Солженицыннің кітаптары оқытылуда. Яғни мұғалімдеріңіз шәкірттерге «Сталиндік қырғыннан» басқа дәнеңе айта алмай жүр… («АиФ» апталығының тілшісі Екатерина Баровамен сұхбатынан үзінді. 2021 ж. №41).

Ақиқатты ашық та батыл айтқан!

Кеше Совет Одағын ыдыратқан күш ақпараттық шабуылын Германия дізе бүгісімен бастаған-ды. 1948 және 1950 жылдары жасап бекіткен Гарвард және Хьюстон жобалары Совет Одағын, Ресейді, «Варшава шартын», демек, бүкіл социалистік әлемді тарихтан өшіріп тастауды көздеді. Қай елдегі болсын сионистер мен шовинистер ол саясатты сан тәсілмен жүргізуде. Енді, әнеки, «кінәсіз де күнәсіз» фюрер бейбіт бағытта тыныш басқарып отырған Германия ойда жоқта басқыншы Совет Одағына жем болды. Ресейде ашылған бұл «жаңалық»  жедел таратыла бастаған-ды. Мінеки, біздің «тарихшылар» да ілесті.

Сионистік саясат басым АҚШ Совет Одағын ыдыратуды 1948 жылы-ақ көздеген. Оның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің сол жылғы тамыз айының 18-інші күні бекітілген №20/1 құпия жобасында: «Біздің мақсатымыз – Совет өкіметін құлату» делінген. Олай боларын И.Сталин 1939 жылы дипломат А.Коллонтаймен сұхбатында айтыпты. Сол сұхбаттан үзінді:

«… Многие дела нашей партии и народа будут извращены и оплеваны прежде всего за рубежом, да и в нашей стране тоже. Сионизм, рвущийся к мировому господству, будет жестоко мстить нам за наши успехи и достижения. Он все еще рассматривает Россию как варварскую страну, как сырьевой придаток. И мое имя тоже будет оболгано, оклеветано. Мне припишут множество злодеяний.

Мировой сионизм всеми силами будет стремиться уничтожить наш Союз, чтобы Россия больше никогда не могла подняться. Сила СССР – в дружбе народов. Острые борьбы будет направлено прежде всего на разрыв этой дружбы, на отрыв окраин от России. Здесь, надо признаться, мы еще не всё сделали. Здесь еще большое поле работы.

С особой силой поднимет голову национализм. Он на какое-то время придавит интернационализм и патриотизм, только на какое-то время. Возникнут национальные группы внутри наций и конфликты. Появится много вождей-пигмеев, предателей внутри своих наций». 

«Көлгір көсемдер» («вожди-пигмеи») кеше одақтас, бүгін тәуелсіз республикалардың бірнешеуінде пайда болғанын көріп-біліп жүрсіздер. Олар ел байлығына, халықтың несібесіне сұғанақтана қол салып, шылқа байыды. Халықты: «Өз күніңді өзің көр» деген (Н.Назарбаев) «қағида» қалжыратты. «Саясатшы-тарихшыларымыздың» онда шаруасы жоқ. Ала-құла жазбаларын тарихқа тықпалап жүр. Енді, көзін жұмып, құлағын ашып қойып, Германияны мүсіркеуді, Гитлерді есіркеуді бастады. Өй, «қасқалар-ай»!..

Газет оқырмандарының кейбірі сөзімнің ыңғайына қарай мені «сталиншіл» дейтін болдар. Мейлі. Кім қалай жорыса да еркі, әрине. Жауабым, біріншіден, Гитлердің басқыншылығын дәлелдеп айту үшін мұрағаттық  құжаттарға жүгіну керек болды. Ал ол құжаттар түгелдей  Иосиф Сталинге қатысты. Егер оның орнында өзге кім болса да, сөзім осылай айтылар еді. Екіншіден, кешегі Германия мен өлі Гитлерге ақтаушы (адвокат) болуды ойлай бастаған қазекемдерге: «Ау, ағайындар, тіршіліктеріңдегі барлық мәселе ойдағыдай реттеліп, мойындарың босап, сионистерге, шовинистерге еліктеп, білмейтіндеріңді білетіндей етіп  жазуға кірістіңдер ме?» деу. Үшіншіден, қашан да кім жайында, не туралы жазсам да, нақты дерекке жүгінетін болмысым өзіме ұнайды.

Тегтер: