Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:55

BINOM мектебінде қызға шабуыл жасаған жасөспірім терезеден секірмек болған

Бином
Фото: скриншот

BINOM мектебінде оқушы қызды жаралаған жасөспірім шабуылдан кейін терезеден секірмек болған.

 Оқиға мектеп ғимаратының ішінде болған, алайда тоғызыншы сынып оқушысын үшінші қабаттан секіріп кетпей тұрып тоқтатып қалған.

Еске салайық, оқиға 13 наурыз күні Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. Бірінші ауысымда оқитын 9-сынып оқушысы сол күні мектепке түстен кейін келген. Алдын ала мәлімет бойынша, ол көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, мектеп формасында болғандықтан ішке кіргізілген.

Шабуыл үзіліс кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, бір топ қыз мұғалімнен ұялы телефондарын алу үшін бара жатқанда, олардың бірі артта қалып қойған. Сол сәтте ол шабуылға ұшыраған.

Нәтижесінде 8-сынып оқушысы мойын, кеуде және қол тұсынан ауыр жарақат алған. Қыз ауруханаға жеткізіліп, кеуде қуысының ауыр жарақатына байланысты жансақтау бөліміне түскен. Кейін хирургия бөліміне ауыстырылған.

— Қазіргі таңда жағдайы тұрақты, орташа ауыр деңгейде бағаланып отыр, — деді облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Ержан Есболов.

Оқиғадан кейін ата-аналар арасында дүрбелең туындады. Көпшілігі балаларын мектептен алып кеткен. Олардың айтуынша, жағдайды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған, жәбірленуші қызды жедел жәрдем зембілімен алып бара жатқан видео ушықтырған.

— Әрине, қорқып кеттік. «Балаларды шұғыл мектептен алып кетіңіздер» деген хабарлама келді. Бірден барып алып кеттік. Қазір түрлі ақпарат тарап жатыр, мұндай жағдайдың дәл біздің мектепте болғанына сену қиын, — дейді оқушының анасы Алма Кенжебаева.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, жасөспірім есепте тұрмаған және агрессивті мінез-құлық байқалмаған. Алайда оның үлгерімінде қиындықтар болған.

— Оқушы тек үлгерімі төмендер қатарында тіркелген. Психикалық ауытқулар немесе тәртіп бойынша ескерту болмаған. Оның қолында не болғанын — пышақ па, әлде қайшы ма — нақты айта алмаймын, тергеу жүріп жатыр, — деді «BINOM Atyrau» ЖШС директоры Өнербек Ерғалиев.

Жасөспірім ұсталып, қылмыстық іс қозғалды. Оның ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Оқиғадан кейін BINOM мектептерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілетіні хабарланды. Кіреберістерге металл іздегіш құрылғылар орнату мәселесі қарастырылуда. Қазіргі уақытта мектепте Астанадан келген комиссия өкілдері жұмыс істеп, тексеру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Тегтер: