Бір көш кетіп барады
Қазақ зиялылары ХХ ғасыр басында бұл заманауи өзгерісті сезді. «Оян қазақ» деп жар салды.
Алаш арыстары партия құрып алысты, жаңа қоғам жасақтауға ұмтылды. Өкінішке қарай, социализм деген бір пәле жол ортадан кимелеп кіріп, қазақ қоғамы санасын баса көктеп билеп кетті. Социализм тұрақтылыққа бағытталған қоғам. Мәңгі өзгермес құндылықтар мен ақиқаттар дәріптелетін қоғам-тын.
Қазақ қоғамы жетпіс жыл осы қоғамның илеуінде болды. Бұл социалистік мемлекет өз билігін үгіт-насихат пен зорлықты күшке сүйеніп сақтады. Мемлекет тап-таза диктатуралық билік жүргізудің машинасы болып саналды. Бұл билік дәстүрлі қазақ қоғамындағы ақын-жазушы, әншілерді идеологияның үгіт құралы етіп пайдаланды. Қоғамдағы орындарын жоғарлатпаса, еш төмендетпеді. Жалпы бұл жетпіс жылда біз, қазақ ақын халық, әнші халық дегенді мақтан көретін санадағы қалпымыздан өзгермедік. Демократияға қош айтылды. Қазақ еліне тәуелсіздіктің таңы атқанда – қазақ қоғамы ұлттық болмысынан айрылып қалуға шақ қалған, думаншыл, тойшыл қалпымен нарық экономикасына тап болды. Жеке отбасылық қуанышына отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, қуанатын халық тәуелсіздік алдық деп, аш болса да тойлауды бастап кетті. Тоқтаусыз тойлады. Құрсақтың қамы, нарықтың қыспағы біздің барлығымыздың бара-бара ниетімізді бұзды. Құрсақ қамын бірінші орынға шығара бастады. Тәуелсіздікпен бірге біртіндеп, Н.Назарбаевтың авторитарлық режимі қалыптасты. Авторитарлық режим өз билігін сақтау үшін демократияны тұншықтырды. Саяси қойылымдар қойып, саяси мәдениет құндылығының қалыптасуына жол бермеді. Бәрін тойға айландырып, тойғанша тойлаңдар десе, бір жағынан бәрін сатып, құрсақты қамдаңдар деген саясат жүргізді. Ел жарысып той жасады. Билік ақын-жазушылардың халық санасындағы орнын жақсы пайдаланды. Оларға түрлі марапат пен мадақ таратып, өз билігін қолдаушы етуге тырысты. Нарық бәсекесі тойшыл санадағы қауымды ең алдымен той бәсекесіне салды. Бұл бәсеке шоу бизнесті мықтап дамытты. Әншілердің атағын аспандатты. Әншілер жұлдыз деп аталды. Әншілер қауымынан жұлдыздар шоғыры қалыптасты. Жұлдыздың жұлдызы болу үшін жұлдыздар сайысы болып жатты.
Отыз жылда Қазақстанның жарты дәулетінен астамы 162-ақ адамның қолына жиналыпты. Әлеуметтік әділетсіздік асқынды. Қазақ қоғамы әділдік сұрай бастады. Жұрт міне, осы сәтте аузына қарап тыңдаған, артынан еріп топырлаған аспандағы жұлдызына балаған әнші қауымнан үміт күтті. Біздің мұңымызды мұңдайды деп ойлады. Дәл осындай өліара кезеңде ел мұңын мұңдауға дұрыс ниетпен шамалы білім қажет еді. Біздің жұлдыздарымыздың денінде дерлік бұл сапа болмай шықты. Оның да өзіндік себебі бар. Әншілеріміз құрмет пен қошеметтен басы айналып, басқа білім игеруге зауқы да, уақыты да болмады. «Әпкеме жездем сай» дегендей білім ұялары диплом сатуға даяр болды. Содан дипломы таудай болғанмен, терең білімі, түйірдей айтар ойы жоқ, ойсыз, білімсіз әншілер қаптап кетті. Саяси сауатсыздықтың сорақысын көрсетті. Мысалға, Қалдыбек Құрманәлі: «Н.Назарбаевқа ең разы болатыным – ол өз орнын Қ.Тоқаевқа өз еркімен берді. Бұл – данышпандық» дейді. Біз демократиялы ел құрамыз дейміз. Демократия дәріптелетін жерде президенттік орынды біреудің біреуге ұсынуы (президенттік орын біреудің жеке мүлкі емес) саяси мәдениетсіздік екенін ойлай алмадық.
«Қанды қаңтар» оқиғасында жазықсыз, қарапайым азаматтар оққа ұшты. Әншілерді жұлдыз деп таласып, тойына шақырып, тапқанын аузынан жырып беріп, тайраңдататын, алақанына салып әлпештеп көкке көтеретін сол қарапайым жандарға жала жабылып, қоғам күңіренгенде араша түскен айтулы жұлдыздарды тағы көре алмадық. Халық дағдарды. Шоу бизнеспен тәуелсіз ел құра алмайтындығын, ешкімді мойындата алмайтындығын жұрт енді-енді түсіне бастаған сыңайлы. Қазақ қоғамы жұлдыздардан шаршай бастады. Бұлар шегірткелер деген үн шықты. Президент Қ.Тоқаев бір сөзінде: «Қазір той тойға ұлассын дейтін санадан арылу керек, қазір ой қуатын заман» деген еді. Биыл қыркүйектегі жолдауында: «біз қарапайым еңбек адамын құрметтеуіміз керек. Еңбекқор адам ғана ең силы адам», – деді. Қазақ еңбекшіл, технократ ұлт болуы керек, – деді ғалымдар. Міне, бұл нарық экономикасының сұрыптауына тап болған қазақ қоғамындағы құндылықтардың өзгергенінің бейнесі. Олай болса, қазақ қоғамы өзгеріс үстінде деп үміттенейік.