Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:59, 05 Тамыз 2020

Бір күнде 1062 адамнан коронавирус табылған, пневмонияға шалдыққандар мен қайтыс болғандар көбейді

None
None

Қазақстанда өткен тәулікте 1062 адамнан коронавирус табылған. Бір күнде 1899 адам жазылған.

Coronavirus2020.kz сайтындағы мәліметке сәйкес, елде белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандар 6255-ке жеткен, 69 адам қайтыс болған. Бір күн бұрын бұл көрсеткіштер 5 979 және 51 болған еді. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі ресми түрде пневмония бойынша жаңа мәлімет таратпады.

Елде барлығы 94 882 адамға коронавирус жұққаны анықталған. Алматы (12 640) мен Нұр-Сұлтан (12 134) қалалары және Атырау облысы (10 421) алда тұр. Қалған аймақтарда вирус жұқтырғандар 10 мыңға жетпеген.

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда — 210, Алматыда 176 адамнан коронавирус табылған. Ең төмен көрсеткіш Ақтөбе облысында тіркелген. Мұнда бір күнде 11 жаңа науқас анықталған.

Эпидемия басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 1091 адам қайтыс болған. Бұл статистикаға коронавирус анықталған қайтыс болған жүздеген адам өлімі енбеген. Арнайы комиссия олардың "коронавирустан емес, ілеспе аурулардан қайтыс болғанын" айтады. Елде ресми дерекке күмән келтіретіндер де бар.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды және одан қайтыс болғандарды нөлден бастап жаңадан есептеп, күн сайын жариялап отыратынын айтқан еді. Ведомство аймақтар бойынша мәліметтерді де жариялауға уәде бергенмен әзірге "пневмония статистикасы" жарияланбады.

Соңғы мәлімет бойынша, бірнеше күн ішінде осындай ауруға шалдыққан 6 255 науқас анықталған, 69 адам пневмонияның сол түрінен қайтыс болған. 1 тамызға дейін тіркелген науқастар бұл есепке енбеген. Министрлік олардың арасында "коронавирусқа ұқсайтын" пневмониямен қатар өзге түрлеріне шалдыққандар болғандықтан оларды жаңа есепке қоспайтынын айтқан.

4 тамыз күнгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрлігі елде коронавирус ахуалы тұрақталды деп айтуға болады деп мәлімдеді. Бірақ брифинг кезінде пневмония туралы мүлде айтылмады.

LIVE Коронавирус Қазақстандағы және әлемдегі жағдай

Тегтер: