Біртанов: Жазда вирустың таралу шапшаңдығы бәсеңдейді, бірақ күзде қайта күшеюі мүмкін
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп жатқан шақта "қатаң карантиндік шаралардың арқасында бір апта ішінде коронавирустың таралу деңгейі 52 пайыздан 12 пайызға дейін азайды" деп мәлімдеді.
"Басқа мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, былайша болжам жасауға болады: Вирусқа шалдығудың негізгі кезеңі — сәуір-мамыр айлары. Сәуірдің алғашқы екі аптасында шарықтау шегіне жетеді. Бұл кезеңде шамамен 3500 науқас болады деп ойлаймыз. Эпидемиологтар жазда вирустың таралу шапшаңдығы бәсеңдейді деп есептейді, бірақ эпидемия толық тоқтамайды. Кейбір сарапшылар күзде эпидемия қайталануы мүмкін дейді" деді Біртанов.
Осыған орай медициналық мекемелерден арнайы орындар дайындалып, өкпені жасанды желдету аппараты, қанды оттегімен толтыратын арнайы аппараттармен жабдықталған бөлімдер әзірленген.
Денсаулық сақтау министрлігі Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте үш инфекциялық аурухана салу қажеттігі туралы ұсыныс жасаған. Министрдің айтуынша, 15-20 күнде аурухана құрылысы аяқталуы тиіс.
Қазақстанда соңғы дерек бойынша, 551 адамнан коронавирус табылған. 36 адам айыққан. 6 адам қайтыс болған.