Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:18, 12 Қаңтар 2023

Бітеу жара

None
None

Қазақ тарихында ақтаңдақ аз емес. Сол жылнамалардың қатарына Қаңтар қосылды. Қаңтар қырғыны деп бейресми атау алған қасіретті қара таңбаға 1 жылдан асып барады.

Оқиға қалай болды, ереуілге қанша адам қатысты, қай қалада қандай нысандар қирады, қанша халық зардап шекті, кімдер ұйымдастырды деген сияқты айтыла-айтыла жауыр болған сұрақтарға тоқталмаймыз.

Біз қаңтар оқиғасынан кейін, яғни 1 жылдың ішінде Қазақстанда не өзгерді? Қаңтар оқиғасы не үшін ұйымдастырылды? Не үшін 238 боздақ оққа ұшты? Билік пен халық осы қасіреттен сабақ алды ма, деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік. Өйткені оқиғаның хронологиясы бұған дейін айтылып-жазылып, хатқа түсіп қойған. Тек қасіретті оқиғаның нақты себебі бүгін-ертең айтылмасы анық.

Сонымен, қаңтар қасіретіне кінәлі негізгі адам – Кәрім Мәсімов деп аталды. Мемлекетке опасыздық жасады, сатқындық қылды деп, Кәрім ағайды ғана түстеп танимыз. Бірақ Кәрімнің артында қандай күштердің тұрғаны, ҰҚК-нің экс-басшысы кімдердің тапсырмасын орындағаны нақты айтылмай отыр. Бұл да көптің көкейінде шемен болып қатқан бір сұрақ. Ал екінші сұрақ – «Қаңтар оқиғасы неге ұйымдастырылды?» деген сауал. Бұл да аяқсыз қалуда. Қоғамда пікір көп. Мысалы, ресми Астана мен Бас прокуратура «Төңкеріс жасамақ болды», «Билікті басып алмақ болды», деген сияқты әдірісі мен геройы белгісіз пәтуа таратып әлек. Ал қарапайым халық мұның артында Қазақстанның экс-президенті тұрғанын іштей тұспалдайды. Әлеуметтік желіде де соған сарындас пікірлер айтылады. Дегенмен бұл нұсқаға жақындайтын пікір Бас прокуратура тарапынан да, Ақорда жақтан да қозғалмай отыр.

Жауапсыз қалған сұрақтар бұл ғана емес. Мысалы, бір жылға созылған сот тергеулерінен кейін жүздеген адамның өліміне байланысты қозғалған істердің басым бөлігі тоқтатылды. Азаптау жайлы шағымдардың көбі жабылған. Неге? Әлде мұның бір ұшы биліктің тісі батпайтын бір жуанға тіреле ме екен? Тергеу амалдарының азаптауға, қинауға ұласып кеткенін ішкі істер органдары мойындарына алғысы келмеді ме?

Бас прокуратура келтірген мәліметтегідей, қаңтарда қаза болған 238 адамның 67-сі жаппай тәртіпсіздік бабы бойынша күдікке ілініпті. Сонда қалған жүзқаралы адам ше? Марқұмдар тәртіп бұзбаған болса, нақақ атылды деп түсінеміз бе? Неге сол жағы ашық айтылмайды? Қысқасы, қаңтар оқиғасында қаңтардың аязындай қатқан сауал көп, жауап жоқ. Бұған қашан, қандай жылымық келіп, қасіретті қаңтардың ақиқаты ашылатыны әзірге жұмбақ.   

Қаңтар ісінде көңілге күдік ұялатқан тағы бір дүние: ресми Астана халық үміттенген халықаралық тергеуден бас тартты. Бұл нені білдіреді? Халықаралық тергеу Қазақстан тергеулерінен әлдеқайда әділ, шынайы өтетіні белгілі еді. Ал ондай шындық Астанаға жақпайды. Қазақ тарихындағы ақтаңдақтың бірі – Желтоқсан қасіретіне 36 жыл өтсе де, әлі саяси бағасы берілген жоқ. Өйткені қасіретті оқиғаға айыпты адамдардың кейбірі әлі жер басып жүр. Тіпті әлі ықпалды. Жаңаөзен де солай. Қаңтар сол Желтоқсан мен Жаңаөзеннің кебін киеді. Бұл біздің емес, сарапшылардың пікірі, әрине!

Президент рақымшылық жариялады. Ол да дұрыс. Алайда рақымшылықтан кейін тергеулердің бірден қысқартылғаны туралы айтылуда. Рақымшылық қаңтар ақиқатын ашуға көмектесе ме, әлде «қаңтардың қарын» қалыңдата ма? Бұл да 1 жыл емес, 10 жыл өтсе де, жауабы айтылмайтын сауалдардың бірі.  

Қаңтар оқиғасын Қазақстанға келіп, зерттеген америкалық журналист, жазушы Шерил Л.Рид азаттық радиосына берген сұхбатында, қаңтарды бітеу жараға теңепті. Ол: «АҚШ-та көптеген наразылықтан хабар таратқан журналист ретінде айтарым, наразылыққа шығатын адамдар іштегісін шығарғысы келеді. Әдетте, наразылық білдіруге рұқсат етсеңіз, олар наразылықтан соң, үйіне тарқап кетеді. Бас жарылып, көз шықпайды, кісі қазасы болмайды. Ал егер наразылықты тоқтатуға тырыссаңыз, одан түк шықпайды. Адамдарды ата бастаған сәтте, олар да қарымта жауап қайтарады. Себебі бұл наразылық қандай нәтижеге қол жеткізді? Көптеген адам ол ештеңе өзгертпеді, бәлкім, Тоқаев билігін күшейтіп, Назарбаев пен оның отбасын бақылаудан айырды деуі мүмкін. Кей жұрт бұдан ахуал мүлде өзгермеді деуі мүмкін. Меніңше, Қаңтар оқиғасына түрткі болған мәселелер жойылған жоқ және өрт кез келген сәтте тұтануы мүмкін», – деп сұхбат беріпті.

Иә, қаңтар қасіреті бітеу жара сияқты. Бүгін болмаса, ертең жарылып кетуі мүмкін. Билік оны білмейді емес, біледі. Бұрын да білген. Осындай бір төңкерістің болатынын Астана алдын ала сезді. Бірақ билікке өз араларындағы бізге жұмбақ әлдеқандай соғыстардың бетін ашып алуы қажет болған сияқты. Сөйтіп, жоқшылық пен қымбатшылықтан, әділетсіздіктен, заңсыздықтан қажыған халықтың ашу-ызасы Ақорданың ішіндегі жымысқы майданның өтіне айналып шыға келгендей. Ал жымысқы майданның құрбаны қарапайым халық болды да қалды. Тіпті кінәлілер де солар, яғни әлеуметтік талаппен алаңға шыққан 20 мың қазақ.  

Жиырма мың демекші, Бас прокуратура алаңға шыққан 20 мың террорист туралы биліктің былтырғы асығыс айтылған бір ауыз сөзінен әлі қайтпай отыр. Олардың айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде қолында қаруы болсын, болмасын, сақалды-сақалсыз, балақты-балақсыз – алаңға шыққандардың бәрі лаңкестер дегенге саяды. Осы пікірдің өзі бүгін-ертең қаңтар оқиғасына дені дұрыс баға берілмейтінін көрсетеді. Бейсауыт оққа ұшқандардың да ақталмайтынын, тергеуде мүгедек болып қалғандар өмірбойы «Отанға опасыздық жасаған, төңкеріс ұйымдастырған» болып қалатынын білдіреді. Қаңтарда оққа ұшқан қаншама азаматтың артында қалған балалары өмірбойы лаңкестердің баласы болып атала ма? «Әкеміз Қазақстанға опасыздық жасаған Мәсімовтің қолшоқпары болыпты, Отанға опасыздық жасамақшы болыпты, төңкеріс жасап билікті басып алмақшы болыпты», деп өсе ме?! Дер кезінде шындық жария болмаса, ақиқат айтылмаса, қаңтарды ұйымдастырған басты бүлікші аталмаса, буыны қатпаған ұрпақ солай түсініп, сондай күйікпен өседі. Қаңтар оқиғасынан кейінгі бір жылда не өзгерді деген сұраққа берер жауабымыз осы: ешнәрсе өзгерген жоқ. Керісінше, шындық бүркемеленген сайын халықтың қыжылы қалыңдай береді. Бүгін әкесі оққа ұшқан кекілді ұл, тұлымды қыз күні ертең қанды алаңға шығып «Әкемді кім атты, кім атқызды, кім арандатты?» демесіне кім кепіл? Әлде, сол кезде тағы бір қаңтар жасай саламыз ба?

Айтпақшы, қаңтар оқиғасы туралы тіл-жағын безеп, алаңға шыққан жұртты кінәлап сөйлеген депутат ағайлардың ұл-қыздары бар емес пе? Солар әкелері алаңда оққа ұшқан мына жетімдермен сыныпта болмаса да, күндердің күнінде кездесіп, танысып қалса, депутат әкелерін қалай ақтап алар екен? Қиын...

Тегтер: