Біз бесеуміз, бесеуміз...
Сайлауға 23-ақ күн қалды. Президент лауазымына үміткер болып, 6 адам тіркелді. Қалай айналдырсақ та, қазіргі президенттің жеңісіне еш шүбә жоқ.
Алты кандидаттың да басты мақсаты – сайлаудың барынша, «тыныш» өткені. Қазіргі күрделі ішкі-сыртқы саяси ахуалда, қаралы қаңтардағы қанды қырғыннан бері әлі бір жыл өтпеген кезеңде асқан сақтықпен сайлауды аман-есен өткізіп құтылсақ дейді-ау. Сонда сауал туындайды. Тоқаевтан басқа кандидаттар бекерден-бекер жүрген, сайлауда тек қатысушы рөлін ойнап беретін әртістер ме?
– Біздің дәл бүгінгі жағдайымызда, біздің тұтас мемлекетіміз – «проблемасы бар» актив болып отыр қолымыздағы. Мемлекет «проблемасы бар борышкер» емес, ол әкеле алатын табысынан өте аз табыс әкеп отырған «проблемасы бар» актив. Осы нашарлау активтің акционері ретіндегі акционер азаматтардың ортақ жиналысында президент түріндегі басқарушыны сайлағанда, елі немесе компаниясының болашағына сенімді болғысы келеді. Енді осы бір айға да жетпейтін уақыт ішінде қалған бес кандидат қолына берілген микрофонды барынша пайдаланып, халықты мазалайтын ең маңызды мәселелерді шырылдап тұрып, айтып-жеткізуге міндетті. Халықтың Қазақстандағы өмірін жайлы ету, болашақ ұрпақтарымыздың жайлы өмірін қамтамасыз етуді айтсын. Бізге не ұнамайды, біз нені өзгерткіміз келеді – соның бәрін айтсын. Өйткені қазіргі үкіметтің ісіне қарасаң, министрлер кабинеті болашақтың қамымен емес, күнделікті ұсақ-түйекпен ғана айналысып келеді. Әлемдегі жағдайдың ертең қандай болатынын білмейтіндігінен. Халыққа баспана керек, денсаулығына пайдалы, таза тамақ керек, сапалы киім, қауіпсіз жерде тұрып, жоғары сапалы білім алумен қатар мықты медициналық қызмет керек. Халықтың үнін естімек түгілі, әр тынысына құлағын тосып қойып, тыңдайтын мемлекет керек. Өйткені мемлекеттің негізгі міндеті осы еді ғой. Ең басты қажетіміз осы, келешек ұрпағымызға осындай Қазақстанды қалдырып кеткіміз келеді. Сол себепті қандай Қазақстанның жеңетіні түк маңызды емес. Ескісі ме, жаңасы ма, маған десең, атам заманғысы мен кеше түнде пайда болған су жаңасы жеңсін. Салық төлеп отыр екенбіз, ендеше, көпке созбай, жақын арада жақсы өмір сүруді талап етуіміз керек. Әрине, алдағы 3-5 жылдың ішінде көркейіп кете қоймаспыз. Өміріміз әлі біраз қиын болады, бірақ біз нақты оң өзгерістерді көзімізбен көре бастауымыз керек. Тиімсіз мемлекеттік шығындар инфляцияға әкелуде, Қазақстанда өндірілген азық-түлік дүкен сөресінде тұрып-ақ жөнсіз қымбаттауда. Полиция билікке емес, халыққа қорған болып, әкімдік өз міндетін айтқызбай-ақ істесе дейміз. Инфляцияны ауыздықтау, сөредегі еттің сапасын тексеру, мектеп пен ЖОО-дағы білім сапасын, дәріханадағы дәрі-дәрмектің сапасын бақылаумен мемлекет айналысуы тиіс. Біз болсақ, еңбек етуге, тың дүниелерді ойлап табуға, жасампаздыққа, өмірдің қызығын көріп, дені сау, есі дұрыс қоғам құруымыз керек. Үкіметтің жіберген қателіктерінің салдарымен қашанғы күресеміз. Сосын, Қазақстан өзінің ауызын айға білейтін планетарлық, тарихи миссиясымақтарын доғарса дейміз. Қазақстанның миссиясы – өз халқының тыныш та жайлы, бақытты өмір сүргені, – деген екен экономист Расул Рысмамбетов.