Блогер Жанабыловтар 7 жылға сотталуы мүмкін
Астанада белгілі блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты негізгі сот процесі басталды. Іс елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта ашық режимде қаралып жатыр.Блогерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру (жылыстату) баптары бойынша айыпталып отыр.
«Жазаны сот тағайындайды. 218-бап бойынша ең ауыр жаза – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру деп көрсетілген», - деді аға прокурордың көмекшісі Олжас Хайруллаев.
Айта кетейік, 218-бап, қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру дерегі бойынша қозғалған іс аса ауыр санатқа жатады.
Бұған дейін, 15 қыркүйекте Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан еді. Тергеу мәліметінше, олар әлеуметтік желілер арқылы ақша, автокөлік және басқа да бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындарын жүйелі түрде ұйымдастырып отырған.