03:42, 03 Қараша 2018
Бокс: Өтелбаев бапкер атанды
Бокстан студенттер арасында Азия және Әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері өз шешімін жария етті.
Нақтырақ айтқанда, Алматы облысындағы Текелі Мәдениет сарайында Дидар ӨТЕЛБАЕВТЫҢ үлкен спортпен қоштасып, бапкерлік жолға ауысуына байланысты жасөспірімдер арасында бокстан турнир өтті.Өз кезегінде сөз алған Дидар Саяқұлы алғашқы бапкері Тұрарбек Омаров жайлы тоқталып, өзінің бапкерлік жолға түсу себебін айтып берді. -Жақсы спортшы еңбек пен талаптың адамы болуы керек. Мен үшін Тұрарбек Омаров сол қағиданы үйретіп, биік белесті нұсқай алған керемет бапкер еді. Сол талапшылдығының арқасында талай шәкірттің шамшырағын жақты. Республикаға танымал мықты спортшыларды тәрбиеледі. Мен де сол алдыңғы буын ағалар секілді өз жеткен жетістігімнің тәжірибесі мен жиған білімімді жастарға үйреткім келеді. Осы барыста озық ойлы, отаншыл шәкірт тәрбиелеуді мақсат етемін, – дейді болашақ бапкер.Шарада Текелі қаласының әкімі Бақтияр ӨНЕРБАЕВ сөз алып, танымал спортшының бапкерлік қадамы қала үшін ғана емес, облыс үшін үлкен жаңалық екенін жеткізді.– Спорт әлем төрінде абыройымызды асқақтататын сиқырлы өнер. Осы өнердің арқасында байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбірейді. Ұлт намысын қорғап жүрген білекті спортшылардың жеңісі – білікті бапкерлердің ерен еңбегі. Дидар білікті бапкер болып, еліміздің абыройын асқақтататын шәкірт дайындайтынына сенімдімін. Спортшымызға болашақта баспана мәселесін шешіп береміз, – деді ол.Сонымен бірге, турнир жеңімпаздарын марапату рәсімін атқарған әкім, Дидардың бойындағы талантын шыңдаған жаттықтырушысы Тұрарбек Омарұлының иығына шапан жабуды да ұмытпады.Айта кетейік, Дидар Өтелбаев мектеп жасынан-ақ түрлі додалардан чемпион атанып, облыс құрамына қабылданды. 2010 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Шукбутовтан тәлім алған былғары қолғап шебері Қарағандыда өткен республикалық чемпионатта топ жарады. Сол жылдың өзінде Ұлттық құрама сапына енеді. 2012 жылы “Астана арландары” құрамында өнер көрсетеді. 2016 жылы Тәжікстанда өткен студенттер арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тағады. Тайландта өткен Әлем біріншілігінде қарсыластарын қоғадай жапырған боксшы бас бәйгені қанжығасына байлайды. Осыдан кейін ол кәсіпқой боксқа шақырту алады. Өкінішке орай, спортшы жарақатына байланысты үлкен спортпен қоштасуына тура келген.Фотолар автордікі.