Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:10, 15 Мамыр 2024

«Болашақ» түлектерінен «супермен» емес, конъюнктурщиктер шықты

Байбек, Бишімбаев,  Ғабидолла
Фото: Жас Алаш коллаж

«Болашақ» халықаралық стипендиясы туралы қаулы 1993 жылы қабылданды. 30 жылда 15 871 стипендиант осы бағдарламамен шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, 12 897 маман даярланды.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» дерегіне сәйкес, түлектердің 40 пайыздан астамы экономика секторында, 20 пайызы білім және ғылым саласында, 7 пайыздан астамы медицина саласында жұмыс істейді. Төрттен бірі ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдарда топ-менеджер болып жүр.

Тағы бір дерек бойынша, болашақтықтардың 6 пайызға жуығы мемлекеттік органдарда қызмет етеді. Көпшілік негізі осы топтан үлкен үміт күтті. Шетел көрген мамандар мемлекеттік басқару жүйесін, жемқорлық жайлаған билікті өзгертеді деп сенді. Тіпті ел арасында «Болашақ түлектері билікке келіп жатыр, енді бәрі керемет болады» деген эйфория орнаған кез болды.

Коммунистік жүйеден әбден теперіш көрген, тәуелсіздік жылдарындағы диктаторлық, кландық басқарудан шаршаған көпшілік билікке жастар келсе, жаңа тәртіп орнайды деп сенді. Бірақ елде оқыған жастар да, Батыста білім алған мамандар да әлі ештеңені өзгерте алған жоқ.

Қазақстанға оралған «Болашақ» түлектері әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға әсер ете алмады. Керісінше, олар бюрократиялық аппараттың ішіндегі бейресми ойын ережелеріне мойынсұнып, соған сіңіп кетті. Яғни шетелде оқыған жастарымыздың өзі ескі биліктің ережесімен жұмыс істеп, сол жүйенің сойылын соғып жүр. Болашақтықтар арасынан билікті өзгертетін «супермен» де, реформатор да шыққан жоқ.

«Болашақ» түлектерінің арасынан Бишімбаев, Бауыржан Байбек, Ғабидулла Әбдірахымов, Алтай Көлгінов, Тимур Сүлейменов сияқты ірі шенділер шыққан. Соңғысы әлі де үлкен лауазымда отыр, қазір ұлттық банкті басқарады. Бұған дейін экономика министрі болған. Бірақ Сүлейменов экономика секторындағы елеулі еңбегімен емес, «Мәскеуде бес жыл жүріп туған тілімді ұмытып қалдым. Алты айда үйреніп аламын» деген атақты сөзімен есте қалды. Оның бұл сөзді айтқанына 8 жыл болды, бірақ әлі мемлекеттік тілде емес, Мәскеуде үйренген тілінде сөйлейді.

Ал елдегі 3 ірі мегаполисті басқарған Байбек, Әбдірахымов және Көлгінов биліктен алыстады. Әбдірахымов өзіне берілген биліктің «сенім кредитін» тауысып, «жұмыссыз» жүр. Ал экс-президенттің сыныптасының баласы Қаңтар оқиғасынан кейін шетел асқан. Қазір қайда жүргені де белгісіз. Ара-тұра «Бауыржан Байбектің қызмет жолы тексеріледі» деген ақпаратты көзіміз шалып қалады. Бірақ Жаңа Қазақстан қазірше Байбекті қудалаған жоқ. Кезінде елорданы басқарған Көлгінов қазір Эстонияда елші болып жүр.

Билікте «Болашақты» бітірген ірілі-ұсақты шенді аз емес. Тіпті бір жылдары «Болашақ» түлектерін аудан және облыс әкімдерінің орынбасары қызметіне тағайындау сәнге айналған. Кейін бұл жұмыс тоқтады. Шамасы шетелде оқыған жастар тыңнан түрен салып, жүйені өзгертуге дәрменсіз екенін елдің бәрі түсінген сияқты.

«Болашақ» бағдарламасы Қазақстанға не берді?

Мол қаржы жұмсап, жастарды шетелде оқыту тиімді ме деген сұрақ 30 жыл бойы күн тәртібінен түскен жоқ. Бағдарламаға күмәнмен қараған адамдар да аз емес. Мысалы, былтыр сенат депутаты Андрей Лукин «Болашақ» бағдарламасы эмиграция құралына айналды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, жобаға кейінгі 12 жылда 200 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ 270-тен астам стипендиант елге қайтпай, шетелде қалып қойған. Ал олардың мемлекетке қарызы 6,5 миллиард теңгеден асыпты.

Кейін бағдарламаға жауапты «Халықаралық бағдарламалар орталығының» басшылары депутат сынына жауап беріп, 30 жылда 270 шәкірттің шетелден қайтпай қалғаны түкке тұрғысыз мәселе екенін айтты. Олардың ойынша, болашақтықтардың 1,6 пайызы ғана стипендиадан бас тартқан, бұл аттандауға тұрмайтын проблема.

Бірақ олар шетелден қайтпай қойған 270 жасты ғана айтып, елге келген түлектердің біршамасы келісімшарттағы міндеттемесін өтеген соң шетелге «тайып тұратынын» ескермей отыр. Келісімшарт бойынша «Болашақпен» оқыған адам елде 5 жыл жұмыс істеуге міндетті. Түлектердің көбі осы мерзім біткен соң қайта шетел асып кетуі мүмкін. Мол қаржы жұмсап оқытқан маман небәрі 5 жылдан кейін өзге елге кетіп қалса, Қазақстанға қандай пайдасы бар?

Тағы бір мәселе, дамыған елдерде оқып келген жастар Қазақстанның ішкі жағдайын білмейді. Олар тіпті нақты ахуалды түсініп, соған сай жұмыс істеуге талпынбайды да. Бар ойы өз имиджі үшін жұмыс істеу ғана. «Болашақты» бітірген жас шенді бәрін біледі деген жақсы атқа ие болуға барын салады, сол мақсатта блогерлерді жалдайды немесе қасына оң имиджін жасайтын тұтас команда топтайды.

Мұның айқын мысалы – Бауыржан Байбек. Ол Алматы әкімі болған тұста қаланың ерекшелігін түсінбей, Алматыны Лондонға айналдырамын деп арамтер болған. Екі машина еркін сыймайтын көшелерге BRT желісін салып, қалада кептелісті күшейтті. Байбек BRT салсақ, халық Еуропадағыдай машинасын тастап, қоғамдық көлікпен жүреді деп ойлаған. Бірақ дәл қазіргі сәтте мұны орындау мүмкін емес екенін білген жоқ. Сондай-ақ былайғы жұрт оның кезінде «әкім жаман» десе өре түрегелетін «боттар армиясы» болғанын айтып жүрді.

«Болашақ» бағдарламасы ел экономикасы үшін кадрлар мен мамандар даярлау мақсатында қолға алынған. Биліктің маңында жүргендер шетелде оқып, тәжірибе жинаған жастар Қазақстанды гүлдендіреді деп жар салудан шаршаған жоқ. Бірақ 15 мыңнан аса «Болашақ» түлегі елдегі ескі жүйе мен мимырт тіршілікке үнсіз сіңіп кетті. Ешбірі қою шаңнан оқшау шығып, ел үшін еңбек ете алмады. Қысқасы, «Болашақтан» түлеп ұшқан шенділер жас болғанымен, идеясы, әрекеті көне коммунистерді еске салады. Демек, билікке жастар, болашақтықтар келгенде жаңа Қазақстан орнайды деген үміт орындалған жоқ.

 Досым Сәтбаев
Досым Сәтбаев

Саясаттанушы Досым Сәтбаев:

«Бұл бағдарлама халықаралық тәжірибе негізінде жасалды деп есептеймін. Мысалы, Сингапур мен Оңтүстік Кореяда осындай бағдарлама болған. Бірақ оның қандай айырмашылығы болды? Ол елдерде бағдарламаға жоғары лауазымды шенеуніктер мен ірі бизнесмендер араласқан жоқ. Шетелге оқуға танымал адамдардың бала-шағасы емес, шынайы бәсекеге қабілетті жастар барды. Оның үстіне олар нақты техникалық және инженерлік мамандықтарды игеріп келіп, өз елінің дамуына үлес қосты. Олар біздегі сияқты министрлікте немесе ұлттық компанияларда жұмыс істеген жоқ. Өз мамандығы бойынша керек жерінде жұмыс істеді.

Ал бізде көбіне шенеуніктердің, элита өкілдерінің балалары шетелге оқуға барды. Оның көбі елге оралмай қалды. Қайтып келгендердің өзі шетелдік немесе ұлттық компанияларға жұмысқа тұрды. Яғни бағдарламаның әу бастағы идеологиялық негізі дұрыс болған жоқ.

Билік 30 жыл бойы елде сапалы білім беру жүйесін қалыптастырмады. Керісінше, жастар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелден білім алып келіп, мемлекетті даму жолына салады деп сендірді. Менің ойымша, бұл мүлдем қате көзқарас болды. Өйткені Қазақстандағы жастардың 90 пайызы өз елімізде білім алады. 30 жыл бойы «Болашақты» дәріптемей, еліміздегі оқу орындарының сапасын әлемдік деңгейге жеткізу керек еді. Сонда жастарымыздың барлығы сапалы білім алатын еді. Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше болды.

Ал Оңтүстік Корея мен Сингапур не істеді? Оларда «Болашаққа» ұқсас бағдарлама болды, бірақ олар елде қалған жастарды да ұмытқан жоқ. Елде қуатты білім реформасын жүргізіп, шетелге бармаған жергілікті студенттер үшін өте сапалы оқу орындарын құрды. Яғни олар бірден екі мәселені шеше білді. Бір жағынан батыстық біліммен белгілі бір мамандарды дайындаса, екінші жағынан ел ішінде білікті жергілікті мамандарды дайындады.

Ал біздегі «Болашақ» бағдарламасы шетелдік аналогтарына ұқсамайды. Біз Бишімбаев сияқтыларды «Болашақтың» жемісі ретінде көрсеттік. Экс-президент осы бағдарлама арқылы өзінің жаңа жас бюрократтарын қалыптастырмақ болып, Кеңес одағынан бері келе жатқан серіктерін «болашақтық-конъюнктурщиктерге» ауыстырды. Ондағы түпкі ойы – осы кадрлар өзі құрған авторитарлы жүйенің қорғаушысы болады деп сенген. Бірақ Батыста білім алған жас гвардияшылары принципсіз, идеялық тұрғыда солқылдақ адамдар болып шықты.

Олардың арасынан социал-демократтарды да, ұлттық патриоттарды да, либералдарды да, консерваторларды да таппайсыз, тіпті онда идеологиялық тұрғыда ештеңе жоқ. Оларға берілген басты тапсырма – Отанға қызмет ету емес, билікке қол жеткізіп, ескі кадрлардың орнын басу ғана.

Менің ойымша, бұл бағдарлама көпшілік күткендей тиімді болған жоқ. Сондықтан енді «Болашақтан» гөрі елдегі білім ордаларының сапасын жақсарту керек. Еліміздің барлық өңірінде шетелдегідей сапалы білім беретін кем дегенде бір оқу орны болу керек. Өз жерін жақсы білетін жаңа менеджерлер тобын құрудың жалғыз жолы осы деп есептеймін».

Болашақтықтар туралы мифті алғаш бұзған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев еді. Бишімбаев бұл үмітке сонау 2017 жылдың қаңтарында-ақ су сепкен. Ол кезде «Болашақтың» үздік түлегі көп көлемде қаржы жымқырды деп айыпталды. Сол кезде сарапшылар Бишімбаевтың парамен ұсталуы жас менеджерлерді үлкен қызметке тағайындау саясатына жанама соққы болды деп бағалады.

Экс-министрді отбасындағы зорлық-зомбылық істерінің типтік бейнесі деп атап жүргендер бар. Бірақ көпшілік бір мәселені ұмыт қалдырды. Қ.Бишімбаев – «Болашақ» түлегі. Ол өз отбасының отын ғана емес, халықтың «болашақтықтар елді өзгертеді» деген әлсіз үмітін де үрлеп өшірді.

Басқаша айтқанда, Бишімбаев халық өз қалтасынан ақша төлеп оқытқан маман. «Болашақпен» білім алған әр жастың оқу ақысы 56 миллион теңге болады деген ақпарат бар. Стипендианттың шәкіртақысы, жүріп-тұруы сынды шығындар болады. Демек, Бишімбаевты оқыту үшін қазақстандықтар біршама шығындалды. Бірақ ол туған ата-анасының ғана емес, ақша төлеп оқытқан халық дейтін «үлкен ата-анасының» да үмітін ақтамады. Тіпті жемқорлықпен ұсталғанда халықтан емес, экс-президенттен кешірім сұрап құтылған.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: