Болат Назарбаевтың көмекшісі делінетін Қоспаевқа үкім шықты
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелеріне қатысты үкімді жариялады.
Елдос Қоспаев мүлкі тәркіленіп, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, Айдос Қоспаев, Руслан Шалин, Ерлан Имашев, Дастан Әбіжанов, Қамардин Алымов, Алексей Кузнецов, Рауан Бабаевтардың әрқайсысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек Оксана Кудряшова 10 жылға, Василий Бабушкин 9 жылға қамалды.
2022 жылдың шілде айында Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қаладағы белгілі кәсіпкерлік құрылымдарды ұзақ уақыт бойы рейдерлік жолмен басып алумен айналысқан бір топ тұлғалардың әрекетін тоқтатқаны белгілі болды.
Сол кезде қылмыскерлер зорлық-зомбылық, қоқан-лоққы, бопсалау арқылы елге белгілі кәсіпкерлерді мүлкін тегін беруге мәжбүрлегені хабарланған болатын. 2022 жылдың 14 шілдесінде сот топтың төрт мүшесіне қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Ал ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Елдос Қоспаев пен тағы екі сыбайласы Шалин мен Имашев халықаралық іздеуге жарияланды.
2023 жылдың 6 қыркүйегінде Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Елдос Қоспаев бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жеті мүшесін Солтүстік Кипрден елге жеткізді.