«Болаттың байы» Қазақстаннан кете ме?
«Осыдан екі-үш күн бұрын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық зауытының коксхимиялық өндірісінде апат болды.
Соның салдарынан кәсіпорынның 1982 жылы туған қызметкері қайтыс болды. Арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері анықталуда». Бұлресми орындар таратқан мәлімет.
Бірақ бізді алаңдатқан нәрсе, мұндай оқыс оқиға бірінші рет болып отырған жоқ қой. Осыдан бір ай бұрын 2 қарашада «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты Шахтинск қаласындағы «Ленин» атындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам қаза тауып, 4 жұмысшы жарақат алған. Сол сәтте шахтада 106 адам болған. 101 кенші жер бетіне шығып үлгерген. Ал 5 жұмысшы қайтыс болған. Сол кезде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығы енді адам өлімі болмайтынын айтып, ант-су ішкен. Бірақ бір ай өтпей жатып, тағы адам өлімі орын алды. Жағдайдың қиын екенін біздің үкімет те сезген болуы керек, осы жолы қатқыл мәлімдеме жасады. Премьер-министр Әлихан Смайылов ArcelorMittal компаниясының вице-президенті Виджай Гоялмен кездесті. Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнындағы қауіпсіздік жағдайына алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде Виджей Гоял
Бас прокуратура жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті. Енді Қазақстан жағы компанияның жұмысын бағалау үшін халықаралық сарапшыларды тартатын болады.
Әрине мұның барлығы президенттің пәрменімен жүзеге асып жатқаны белгілі. Осыдан бір ай бұрын ArcelorMittal кәсіпорнында бес адам қайтыс болып, 4 адам ауыр жарақат алған тұста мемлекет басшысы: «Өкінішке қарай, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп, қайталана беретін жағдайға жетті. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапты. Мемлекеттік органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отыр. Осыған орай жедел түрде қатаң шаралар қабылдауға тура келеді. Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Бәлкім, бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек» деп атап көрсеткен. Енді, міне, тағы да апат. Бірақ мұндай апат қашанғы қайталана береді? Президент тапсырмасынан кейін біздің үкімет те қатаң шараларға көшкен сыңайлы. Кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде «Арселор Миттал Теміртау» АҚ жұмысына шектеу қою мәселесі қаралатынын айтты.
— Президенттің тапсырмасы бойынша үкімет бір емес, бірнеше комиссия құрды. Онда әр министрліктен 70-тен аса маман жұмыс істеп жатыр. Оның қорытындысы жақында жарияланады. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларына қатысты қатал шешімдер қабылданайын деп жатыр. Негізі бұл компания Қазақстанда жұмыс істей ме, істемей ме, қазір осындай сұрақ қойылып отыр, – деді министр.
Ал үкімет басшысы Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» жаңғырту жұмысына жылына 187 млрд теңге бөлетінін айтты. Орын алған апаттан кейін осындай келісімге қол жеткізілген. Бұл бұрын соңды қатаң қойылмаған талап. Бірақ отыз жыл бойы кәсіпорынды жаңартпаған Лакши Миттал осыншама қаржыны алдағы бірнеше жылда Қазақстанның кәсіпорнына бөле қояр ма екен? Күмәнді. Тек қана баюды ойлаған үнді миллиардері Қазақстанның байлығы арқылы дәулеті тасығаны бекер емес. Енді мына бір дерекке назар аударайық. «АрселорМиттал» өндіріс орнының жыл басынан бері қоршаған ортаға келтірген зияны – 4,5 млрд теңге. Оның өзін төлегісі келмей, Қазақстан тарапын сотқа беруде. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Ең бір қиыны, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы металлургиялық комбинатқа мемлекеттік экологтарды кіргізбейді. Біздің экологтар шын мәнінде кәсіпорынның ішіне кірсе, талай былықтар әшкере болатыны айдан-анық қой. Қазақтың байлығын бауырына басып, шетелге сатып, ғаламат пайда тауып отырған үнді байына тоқтау салатын кез де келген сияқты. Осыған дейін алпауыт компания бар-жоғы 1 миллион 200 мың теңге айыппұл төлеген. Ал компанияның қоршаған ортаға келтірген шығын көлемі 4,5 миллиард теңге. Оның сыртында 348 миллион теңге айыппұл да бар.
Жалпы осы жерде тағы бір нәрсені айта кетуіміз керек. Сонау 1996 жылдан бері Лакши Миттал экс-басшы Назарбаевпен үш-төрт рет кездескен.
Ең соңғы кездесу 2014-2015 жылдары өткен. Шетелдік инвесторларға жалпақшешейлік танытып келген «ұлт көшбасшысы» бұдан қазақ жағы ұтылатынын неге ескермеген» деген де ой келеді. «Еңбек қауіпсіздігі сақталмай, адам шығыны жиі орын алып жатқан компанияның иесі ауысуы керек» деп біздің депутаттар да бірнеше рет дабыл қаққан. Бірақ оны құлағына қыстырған біздің билік болмады. Тек биыл үшінші рет орын алған апаттан кейін және президент пәрменінен соң ғана барып, жайбасар үкімет ақырындап қозғала бастады.
Лондонда отырып, Қазақстандағы кәсіпорынды басқарып отырған Лакшми Миттал бұл жолы да қазақстандық тараптың талабын орындай қояр ма екен?! 27 жылда компанияға қарасты шахталарда ірілі-ұсақты жиырма шақты апат болған. 150-ден астам кенші қаза тауып, 100-ге жуығы әр түрлі дәрежеде дене жарақатын алған. Солардың көпшілігі мүгедек болып қалды. Бірақ соның біреуінде де компания басшылығы ешқандай жауапкершілікке тартылмаған. Ең алаңдатарлығы, апат жыл сайын қайталанып тұрады. Ең үлкен қайғылы оқиға 2006 жылы орын алды. Ол кезде 41 адам қаза тапты. Тергеу қорытындысы бойынша шахтаның алты жұмысшысы сотталып, басшылары тағы да жазадан құтылып кетті.
Айта кетейік, соңғы он жылда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қарағандышахтакөмір» РМК-ға қарасты 15 шахтаны, сондай-ақ Лисаков, Кеңтөбе, Атасу кен орындарын да сатып алған. Кейбір деректерге қарағанда, компанияның қазіргі таңдағы жылдық табысы 100 миллиард доллардан асып кеткен. Өндіріс орнынан ғаламат пайда тауып отырған кәсіпорын алайда 27 жылдың ішінде қазақстандық кәсіпорынға технологиялық тұрғыдан жаңғырту жұмыстарын жүргізбеген. Бірақ қанша байыса да, Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі сақталмай отыр. Шетелде осындай апат орын алған жағдайда жаза қатаң. Бір ғана мысал, мәселен, АҚШ-тың Батыс Вирджина штатындағы Upper Big Branch шахтасында жарылыс салдарынан 29 адам мерт болған. Ал кенішке иелік ететін Alpha Natural Resources компаниясы 210 миллион доллар төлеген. Ал «АрселорМиттал» АҚ 27 жылдың ішінде қайтыс болған жұмысшылардың отбасына бар-жоғы 100 мың доллардай өтемақы төлеген.
Жалпы компанияның әлемнің 60 елінде өкілдіктері бар. Бірақ осындай ерен байлыққа ие болып отырған компания жалғанды жалпағынан басып, Қазақстан тарапының талабын ескермей, 4,5 млрд теңгені төлеуді қиынсынып отыр. Жалпы «АрселорМиттал» компаниясы болат өндіру бойынша әлемдік лидер. Бірақ ең басты мәселе мынада: «болат өндірісінің байы» атанған Митталды, қысқаша айтқанда, «болаттың байын» Қазақстан нарығынан ығыстырып шығару мүмкін бе? Ал Миттал кеткеннің өзінде оның орнына көршінің бай Мишасы келіп жүрмесіне кім кепіл? Екібастұз оқиғасы бізге сабақ болуы қажет. Қысқасы, шетелдік инвесторларға жайылып жастық, иіліп төсек болатын уақыт өтті. Қатаң талап қана оқыс жағдайдан құтқарады. Біздің билік осыны түсінуі керек.