Борышын қайтаруға асықпайтындар аз емес...
Солтүстік Қазақстан облысында биыл алимент төлеуден жалтарған 126 адамның қарызы 190 миллион теңгеден асты.
Жалпы, биылдыққа борышын өтегісі келмеген 8 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалса, тағы 107-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, өңірде 9870 бала және 12 қартайған ата-ана алимент алуы тиіс. Алайда, олардың кейбірі тиесілі ақшаны жылдап көрмейді. Бүгінде олардың жалпы берешегі 191 миллион теңгеден асқан.
– Облыста сот шешімімен алимент төлеуге міндеттелген 6986 адам бар. Оның ішінде 126-сы қасақана алимент төлемейтіндер. Біз ведомствоаралық кеңесте оларды жұмысқа тұрғызу жөніндегі мәселені талқыладық және де полиция мен сот орындаушылары арасында өзара әрекет болмағандықтан, біз қылмыстық істерді тергеу бойынша әдістеме дайындадық. Сол әдістемені полицияға және жеке сот орындаушыларға жібереміз, – дейді СҚО прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар.
Прокурордың айтуынша, былтыр СҚО-да алимент бойынша берешек 1 миллиард теңгеге жуықтаған. Құқық қорғаушылардың жұмысы нәтижесінде берешектері бірнеше есе қысқарды. Биыл соңғы 9 айда алимент төлеуден жалтарған 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде 18 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. 107 борышкерге әкімшілік іс қозғалып, 68-і қамауға алынса, 39-ы айыппұл төледі.