Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 05 Қыркүйек 2024

Бояушы, бояушы дегенге...

баспана
Фото: из открытых источников

Қызылорда облысының табиғат ерекшелігін ескерген құрылысшылар соңғы он шақты жылдан бері қызыл кірпіштен көпқабатты үйлер салуды бастаған.

Бұл үйлердің бір жақсысы өзге бетон немесе қам-кесектен салған үйлерге қарағанда қатты ыстық пен шаң суырған дауылға әрін бермейді. Сондықтан өзге үйлердей сырт келбетіне тұрғындар жаңғырту жұмыстарына қосымша шығындалмайды.

Дегенмен соңғы уақытта Қызылорда қаласының әкімдігі осы қызыл кірпішті үйлердің сыртқы бетін, яғни қасбетін бояуды шығарды. Бес қабатты үйлердің кейбірін көктемде көк түске бояса, күз түспей енді өзге де үйлерді ақ түске, кейбіреуін қайта көк түске бояуды бастады. Айтар уәждеріне қарасаң, төрт құбыланы түгел бояп тастайтынға ұқсайды.

«Қызылорда қаласындағы көп жылдан бері қалыптасқан ғимараттардың сыртқы қасбетін қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сәулетшілер облыс орталығындағы ғимараттардың қасбеттерін біркелкілендіру, сондай-ақ көшелердің сәулеті бірыңғай үлгіде тәртіптелу бағытында тиісті жұмыстар жасауда. Айта кету керек, өткен жылы Қызылорда қаласында 30-дан астам ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті демеушілер есебінен қайта жаңғыртылды. Биыл 100-ден аса үйдің қасбеті жаңартылуда. Қасбеттерін қайта жаңғырту барысында қолданылып жатқан материалдардың барлығы жоғары сапалы және өңірдің табиғи ерекшелігіне төтеп бере алады. Бұған дейінгі осындай жұмыстар жүргізілген үйлердің тұрғындары түпкілікті нәтижесін көріп, түсіністік танытып жатыр. Ғимараттар мен құрылыстардың архитектуралық-көркемдік безендіру жүйесіне бірегей қалалық келбет пен мәдени бірегейлікті қалыптастыруға бағытталған жұмыстар одан әрі де жалғасын табады», – дейді жергілікті билік.

Ал «ескі үйлер ше» дейді халық, әсіресе қаланың қақ ортасында тұратын тұрғындар. Оларға берер уәждері – тек жаңғырту мәселесі ғана ұсынылады. Ал ол бірнеше жылға кететін несие төлемі, оны қай тұрғынның қалтасы көтерер дейсің?! Одан бөлек, көне үйлердің кейбірінен жаңбыр жауса тамшылайтын шұрық-тесігі көп, әкімдіктің артық ақшасы болса сол үйлердің неге шатырын жаңалап бермеске дейді. Ал сіз не дейсіз, ойлы оқырман, егер сіздің қалаңызда да осындай ойға сиымсыз тірліктер жүріп жатса, хат жазыңыз, күтеміз!

Нұрбек Дәуренбеков

Қызылорда қаласы

Тегтер: