Бір адамның зауқын қанағаттандыруға кеткен қаражатта мың адамның есесі кетті
Біздің билік жеке спортшының жеңісін мемлекеттің жетістігі ретінде көрсетуге әуес. Мысалы, бір спортшы әлемдік жарыста жүлде алса, бұл Қазақстанның дамыған ел екенін көрсетеді деп дәріптейді. Осы арқылы спорттан ұлттық идеология жасауға тырысады.
Бұл халықтың назарын әлеуметтік мәселеден аудару үшін керек. Әлде өнеркәсіп пен ғылымдағы кемшілігімізді спортшылар және әншілердің жетістігімен көлегейлегісі келеді.
Естеріңізде болса, ескі Қазақстанның тұсында қыруар ақша шығарып, шетелдік спортшыларды жалдап, Қазақстанның атынан жарысқа қосу тым көп көрініс берген болатын. Сондай-ақ «Астана» деген команда құрып, велосипедшілердің жарысына қосу үшін, дүниежүзіндегі үздік спортшылар шақырылды. Оларға астрономияның өлшемдерінде қолданылатын цифрлармен өрнектелетін суммалар төленді. Отансату жылдарында мұндай құбылыстар жиі орын алғаны баршаға аян.
Осындайдың бәрі бір ғана «елбасы» деп аталған адамның шашбауын көтеру үшін жасалатын. Есеп мынадай: «Тур де Франс» – дүниежүзіне белгілі, мәртебелі саналатын, ғасыр бойы өткізіліп келе жатқан, көп күнге созылатын веложарыс. Сол аламан жарысты көріп отырғандар «Астана» командасының велосипедшілері озып келе жатыр» деген ақпаратты естіген құлақ «Ол қай ел, президенті кім екен?» деген сұрақтарды қояды. Сол кезде біздің «елбасының» атын естуі арқылы оны дүниежүзі танитын болады. Мінеки, шетелдік спортшыларды жалдап алып, жарысқа қосудың есебі осындай болды. Бір адамның зауқын қанағаттандыруға кеткен қаражатта мың адамның есесі кетіп жатты. Немесе сол қаражатқа өзімізде спортшылар дайындауға жұмсауды ол қажет деп таппады.
Осындай дарақылықпен бір жылдары «спорттағы нәтижені жақсартамыз» деп шетелдік легионерлерді шақырдық, оларға қыруар қаражат жұмсадық. Біразы жүлде алды, бірақ кейін допинг дауымен медальдарын қайтарып берді. Ақшамыз желге ұшты, мұның бәрі – «қалай да нәтиже көрсетеміз» деген өнбейтін өлермендіктің кесірі.
Өндірісте, әлеуметтік дамуда, ғылым мен мәдениетте жетістік жасай алмағандардың бәрінің (біздің мысалымызда – жасағысы келмеген адамның) қылықтары осындай. Дарақылықпен бедел жинау амалдары толып жатыр. Ондайдың ішінде астананы көшіру де жатады.
Қанағат Жүкешев, философ