«Бір асым етке» сұраныс көп
Елімізде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға, отандық өндірісті үлкейтіп, сол арқылы ішкі нарықты қамтуға, тіпті экспортқа шығаруға арналған әртүрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіліп жатыр.
Әсіресе жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы артса деген мақсат бар. Осы орайда, нәтижелі қадамдар да жоқ емес. Мәселен, бәрімізге аты да, дәмі де таныс «Арзу», «Жайма», «Ас-ату», «Бір асым ет» жаймалары Жамбыл облысында өндіріліп, еліміздің түкпір-түкпірінде саудалануда. Экспорт та дамып келеді.
«Та-Мақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде елімізге танымал «Арзу», «Жайма» өнімдері өндіріледі. Бүгінде аталған өндіріс орнында етпен қоса манпар, лағман тағамдарына қолданылатын макарон өнімдері мен кеспе өнімдері, басқа да макарон өнімдерінің түр-түрі шығарылып жатыр. Өз уақытында «Алтын сапа» көрмесіндегі президент сыйлығының лауреаты болған өндіріс орны тиісті сертификаттардың бәрін алған. Өндіріс орнының негізін қалаушы, директоры Гүлмира Қадырқызының айтуынша, мұнда тек Қазақстанда өндірілген жоғары сапалы ұн қолданылады екен. Өйткені дайын өнімнің сапасы ең әуелі ұнға байланысты. Одан бөлек, басқа да қажетті шикізаттың бәрі отандық тауар өндірушілерден алынады.
Қазіргі таңда өндіріс орнында жалпы саны 70 қызметкер жұмыс істейді. Олар жаймаға деген үлкен сұранысты қанағаттандыру үшін тынбай еңбектенеді. Сондай-ақ ішкі нарықтан бөлек, экспорт та жолға қойылған. Бұл туралы ксіпорынның басқарушысы Аслан Исмаилов былай дейді:
«Қажетті станоктар мен аппараттарды 2012 жылы Италиядан алдырдық. Қалған қажетті жабдықтар мен шикізаттың бәрі отандық тауар. Бүгінде жылына 900 тоннадай, айына 70-80 тоннаға жуық тауар өндіріп, нарыққа шығарып отырмыз. Тауарымыз Қазақстан бойынша нарықтың барлық категорияларында, оның ішінде көтерме сауда орындарында да сатылып жатыр. Ал оларды қажетті жерлерге, өңір-өңірге жеткізу үшін логистикалық транспорттар мен теміржол транзиті қолданылады. Елдің ішкі аумақтарына қоса, бізде өндірілген макарон өнімдері мен жаймалар Қырғызстан, Ресей, Германия сынды елдерге экспортталып жатыр».
Дәл осы секілді «Mark of perfection» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Ас-ату», «Бір асым ет» өнімдерін өндіреді. Өндіріс орнының негізін қалаушы әрі басшысы Болат Жетпісбаев сұраныс өте көп, сондықтан өндіріс орнын үлкейтіп жатырмыз дейді. Сөзінше, көрші елдерден де сұраныс көптеп келіп жатады екен. Алайда ішкі сұранысты қанағаттандырмай тұрып, сыртқы нарықты ойлауға болмайды дейді кәсіпкер.
«Өндіріс орнымыз Тараз қаласында жұмыс істеп жатыр. 2010-2011 жылдары алғашқы идеялар пайда бола бастады. Ол кезде нарық бос еді. Үйімізді, басқа да мүліктерімізді кепілге қойып жүріп несие алдық. Сөйтіп, кәсіпорынның негізі қаланып, жұмысқа кірісіп кеттік. Одан бері өндіріс едәуір үлкейді, технологияларды жетілдірдік. Кадр саны артты. Алғашқыда 10-12 қызметкер болса, қазір 80-ге жуық адам жұмыс істейді.
Ал аппараттар мен станоктар туралы айтар болсақ, біздің ет асуға қолданылатын жайма бірегей, бізге ғана тән деуге де болады. Сондықтан мұндай қалыңдықтағы, формадағы жайма өндіретін дайын технология жоқ еді. Қытай, Жапония, Италия сынды елдердегі макарон өнімдерін өндіретін технология бізге жарамайды. Әрі бізде үлкен бір мақсат болды – біздің жаймамыз үйде қолдан жайылған қамырмен бірдей болуы керек. Осы мақсатқа жұмыс істей отырып, өзіміз технологиясын құрастырдық, станоктарды қолдан жасадық. Оның зауыттан шыққан станоктардан еш айырмашылығы жоқ. Бәрі әдемі, ретті шықты. Біз өнімдерімізді жасау үшін тек таза фильтрленген су, ұн және тұз қолданамыз. Үшеуі де қазақстандық. Жамбыл облысында да ұн өндіріледі. Десек те, бұл ұнның ақуызы мен басқа да көрсеткіштері сұранысымызға сай келмегендіктен Қостанайдан алып отырмыз. Сыртын орайтын қораптарды да жақын өңірлерден алып отырмыз. Импортты мүлде қолданбаймыз, бәрі 100 пайыз қазақстандық өнім. Айына ең кемі 130 тонна дайын тауар шығарамыз. Алайда сұраныс үлкен және одан сайын артып келеді. Әсіресе пандемиядан кейін халық дайын жаймаларды көбірек қолдана бастады.
Осыдан 5-6 жыл бұрын YouTube видеохостингі мен басқа да әлеуметтік желілерде бейнежазба тарады. Онда дайын жайма өнімін отқа жағады да, бұл жанатын дүние, толған химия, демек, жеуге, тұтынуға болмайды деген жансақ пікір айтылды. Осы кезде сатылым түсіп кетті, халық дұрыс түсінбей қалды. Алайда ескерерлік жайт, кез келген құрғақ зат жанады, оның үстіне бұл органикалық дүние. Сондықтан мұндай жалған ақпараттарды алдымен тексеріп, анық-қанығын ойланып алған жөн дегіміз келеді. Бірақ қазір халықтың көзі жетті. Сапа да, дәм де танымал, сұраныс жоғары. Осыған сәйкес, өндірісті арттыруды жоспарлап, жұмыстарды бастап кеттік», – дейді Болат Жетпісбаев.
2023 жылы Жамбыл облысы бойынша экспорт көлемі – 187,3 миллион долларды құрайды. Оның ішінде ең көп үлес химия саласына тиесілі. Ал макарон өнімдері – 24,9 мың долларға, кондитерлік өнімдер – 647,3 мың долларға экспортталған. Көріп отырғандарыңыздай, өңірде көбіне құрылыс саласының, химия саласының және тамақ өнімдеріне сұраныс жоғары. Оған қоса ет және ет өнімдері де экспортталуда.
Балауса Ділдәбек
Жамбыл облысы