Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 22 Қазан 2024

«Бір ауыл – бір өнім» кәсіпкерлікті дамыта ала ма?

1

Бүгінде дамыған елдердің қатарына кіретін, экономикасы мен өнеркәсібі, ғылымы мен технологиясы дамыған Жапонияда осыдан 50-60 жыл бұрын бір науқан жүрген.

 Мұны жоба немесе мақсатты бағыт деп атауға да келеді. Бір ауылдан бір кәсіпкер өнім шығарып, оны жалпы нарыққа енгізетін болған. Осының әсерінен жұмыспен қамтылғандар саны артып, өнімдердің сапасы жақсарып, халық арасынан шығатын кәсіпкерлер үлесі көбейген. Дәл осы концепцияны негізге алған жоба Қазақстанда да басталған. «Бір ауыл – бір өнім» деп аталатын жоба еліміздің әр облысы мен ауданында жүргізілуде. Осы атаумен дәстүрлі жәрмеңке де өткізіледі.

«Бір ауыл – бір өнім» жәрмеңкесіне қатысушылардың өнімдеріне бірқатар талап қойылды. Мәселен, өнім немесе тауар жергілікті шикізаттан жасалуға тиіс. Және өндіріс барысында қарапайым құралдар мен механизмдер қолданылуы керек, мүмкіндігінше жергілікті өңірдің ерекшелігі ескерілуі қажет. Палата бұл тұрғыдан бизнес өкілдеріне көрме, жәрмеңкелерге қатысуға, өнімдердің тауар белгісі мен логотиптерін жасауға, маркетинг негіздерін оқытуға, бизнесті дамытуға, бухгалтерлік есепті жүргізуге, қалай оңтайландыру керектігіне, ішкі және сыртқы нарыққа өнімдерін сатуға, грант, лизинг, жеңілдетілген несие секілді мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдауларға қол жеткізуге, басқа да түрлі түсіндіру жұмыстары, кеңес берумен жәрдемдеседі. Мысалы, өткен тамызда Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында осындай жәрмеңке өтіп, жақында ғана конкурс нәтижелері белгілі болды.

Қонаевтың орталық алаңында өткізілген көрмеге 80-ге жуық кәсіпкер қатысты. Онда ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің қолынан шыққан өнімдер қаралып, он үміткердің өнімі іріктелді. Көрме-жәрмеңкеде үздік деп танылған кәсіпкерлердің арасында киіз үй жасаушы Нұрбол Тауан, балдан сабын өндіруші Назира Чукенова, қолөнер шебері Нұржұма Әділбай, тігін шеберханасының иесі Жеңісгүл Дәулетова, тәттілер пісіретін Фариза Молдабергенова, тері суретшісі Дулат Райымбеков, қымыз, құрт, сары май өндіруші «Көлбастаудың майы» деп облыста өз тұрақты тұтынушылары бар Ұлан Бектұрсын, бал өндіруші Павел Коновалов және киізден бұйымдар жасайтын Сәуле Бозумова ағаштан заманауи киіз үй шамдарын, тасқа әртүрлі сурет салумен айналысатын Құрманбай Ұлбосын бар. Бұл кәсіпкердің әрбірі жергілікті ерекшеліктер мен шикізатқа негізделген жоба жасап, өз тұтынушыларын тапқан. Өнімдері кеңінен қолданылады, алыс-жақынға саудаланады.

Бұл орайда өнімдердің бренд ретінде қалыптасуына да көп мән беріледі. Демек, жоба кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және жергілікті өнімдерді насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы осы бағытта белсенді жұмыс істеп, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. Жәрмеңкеден соң, онда үздік танылған жұмыстарды да өзара іріктеу басталған. Жақында ғана облыстағы кәсіпкерлер палатасының экономикалық сұрақтар бойынша директор орынбасары Ержан Дүйсекенов, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляззат Ботабекова, туризм салалық кеңесінің төрағасы Сұңқар Искаков, Адам Байсаев, «Даму» кәсіпкерлік АҚ директорының орынбасары Аслан Слямов, ауыл шаруашылығын басқару бойынша салалық кеңестің өкілі Олжас Молдатаев, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Исламбек Сүлейменов және тағы басқа сарапшылар барлық жобаны қарастырып, әртүрлі критерийлерге сәйкестігін талдап, шешім шығарды. Бренд-комитеттің басты талабы – өнімнің жергілікті болуы және сапасы. Онда әрбір кәсіпкерге мүмкіндік берілді. Олар жеке өнімдерін, жалпы идеяларын баяндап, аймақтың ерекшеліктерін танытуға тырысты. Қорытынды бойынша республикалық байқауға үш жұмыс лайық деп танылды. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Ержан Дүйсекенов былай дейді:

«Өңірдегі кәсіпкерлердің жұмысына қолдау көрсетіп, олардың жұмысын жандандыруда мемлекеттік саясат пен қолдаудың маңызы зор. Әсіресе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы азаматтарды қолдауға әрдайым әзір. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша да қатысушыларға өндірісті кеңейту, экспортқа шығу, сертификаттау мен маркетингтік қолдау көрсету үшін барымызды саламыз. Жобаның мақсаты жергілікті өнімді дамыту болғандықтан, кәсіпкерлерге құқықтық, консультативтік, бизнесті дамыту бойынша қолдау көрсететініне кепілдік береміз».

Палата қыркүйекте ғана бірыңғай есеп беру отырысын да өткізген болатын. Олар кәсіпкерлік субъектілермен бірлесе отырып мемлекеттік бақылау мен қадағалауды және оның нәтижесін талқылаған. Кәсіпкерлермен ашық кездесу өткізіп, диалог құрылған. Осы жиындағы мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың бастапқы сегіз айында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 139,9 мыңды құрайды.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: