Бразилия Ақтауда апатқа ұшыраған AZAL ұшағының "қара жәшігін" зерттей бастады
Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан әуе жолдары ұшағының «қара жәшіктері» Бразилияға берілді. Қазір мамандар оны зерттеп жатыр.
Euronews агенттігінің хабарлауынша, Бразилияда 3 қаңтарда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан әуе жолдары (AZAL) ұшағының «қара жәшіктерін» зерттеу басталған.
Ұшақ бортындағы "қара жәшікті" үш елдің мамандары бірігіп зерттеуге кіріскен. Топтың құрамында Қазақстан, Әзірбайжан және Ресейдің тергеушілері бар.
Бразилия Әскери-әуе күштерінің хабарлауынша, ұшқыштардың дауысы мен ұшақтың бүкіл ұшу кезіндегі орны туралы ақпаратты сақтайтын «қара жәшіктер» қысқа мерзімде зерттеліп, талданады.
Қорытынды есепте жарияланған мәліметтер Қазақстан билігіне беріледі.
Айта кетейік, желтоқсанның 25-і күні Бакуден Грозныйға ұшқан Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тапты. Бұған дейін Қазақстанның Көлік министрлігі AZAL апатына қатысты тергеудің алдын ала қорытындысы 30 күн ішінде жария етілетінін мәлімдеген.
Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ильхам Әлиев апаттың себептері туралы айта отырып, ұшақтың Ресей аумағында «сыртқы әсердің себебінен» құлағанын айтты, сонымен қатар ол зақымдалған ұшақтың неліктен қалаға ұшқаны туралы өз ойын білдірді. Әзербайжан Ресейден «кешірім сұрауды, кінәсін мойындауды, кінәлілерді жазалауды және өтемақы төлеуді» талап етті.
Әзербайжан әуе жолдары Бакуден Грозныйға бет алған Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауынан кейін «қауіпсіздік мәселелеріне» байланысты Ресейдің бірқатар қалаларына рейстерді тоқтатты. Бұл туралы 29 желтоқсанда AZTV Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында президент Ильхам Әлиев мәлімдеді.
«AZAL Ресейдің жеті қаласына ұшуды белгісіз мерзімге тоқтатты. Осы ретте Ресейдің үш қаласынан Әзербайжанға әуе қатынасын тоқтаттық. «Қауіпсіздік бірінші орында», - деді ол.
Әлиев бұл қалаларға рейстер қашан қайта басталатынын білмейтінін, бірақ Баку «Ресей әуе кеңістігінің қауіпсіздігі мәселелерін» ескеретінін айтты.