Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:31, 24 Маусым 2024

БРЕЙКИНГТЕН ЖОЛДАМАМЫЗ БАР

Әмір Зәкиров
Фото: olympic

Әмір Зәкиров брейкингтен олимпиадада бақ сынайтын тұңғыш қазақстандық спортшы атанды, деп хабарлайды Olympic.kz.

 

Будапештте өткен іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша Әмір Париж ойындарына жолдама иеленді. Ол финалға дейін жетіп, ақтық сында Нидерланды өкілінен жеңілді. Осылайша, екінші орынмен қатар, ол олимпиада лицензиясына қол жеткізіп отыр. Үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшысы еншіледі.

Екі іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Әмір 71 ұпай жинады (мұның алдында Шанхайда ол 15 орын алған еді). Жалпы есепте қазақстандық спортшы алтыншы орыннан көрінді.

Брейкинг олимпиада бағдарламасына алғаш еніп отыр. Демек, Зәкировтың квотасы тарихи жолдама саналады. Ол осы спорт түрінен Қазақстан намысын қорғайтын тұңғыш спортшы болмақ.

· Спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан командасының өкілі Әмір Маймұратов Будапешттегі (Венгрия) іріктеу турнирінен сәтті өтті. Бұл туралы Olympic.kz хабарлады.

Спортшы жылдамдық бойынша финалға жетіп, күміс жүлде иеленді. Шешуші сында ол қытайлық У Пэнге есе жіберді. Айта кетелік, іріктеу турнирі екі кезеңнен тұрды. Біріншісі – Шанхайда, екіншісі – Будапештте өтті.

Олимпиадаға жолдама алу үшін екі кезең қорытындысы бойынша алғашқы жетілікке ену керек.

Маймұратов жалпы есепте үшінші орын иеленіп, олимпиадалық жолдаманы қоржынға салды. «Ашығын айтсам, қандай да бір эмоция жоқ. Квотаны сенімді түрде алу керектігін ойлайтынмын. Алтын медаль алу үшін өзімді дайындап жатырмын. Сол үшін бар күшімді саламын. Олимпиадаға дайындық әдеттегідей Алматыда өтеді» деді Әмір.

· Елдос Сайдалин жаттықтыратын бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Олимпиада қарсаңындағы маңызды жиындардың біріне кірісті.

Ұлттық құрама спортшылары Алматы облысындағы Жанашыр ауылында жаттығу жиынын өткізуде. Мұндағы дайындық кезеңі 2 шілдеге дейін жалғасады. Олимпиада қарсаңындағы соңғы жиын да дәл осы базада ұйымдастырылады.

Қазақстан әйелдер командасы Париж олимпиадасына үш жолдама жеңіп алды. Олар: Назым Қызайбай (50 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі).

Есей Жеңісұлы

Тегтер: