Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 01 Наурыз 2024

Біржан Жақыпов: Алматы арманымды орындады

Біржан Жақыпов
Фото: из открытых источников

Үш олимпиадаға қатысып, үздік бестіктен көрінген боксшы Біржан Жақыповтың спорттағы жолы тарау-тарау. Біреулер оны төбесіне көтереді, біреулер кінәлайды. Шындығында, үш олимпиялық циклде Қазақстан құрамасынан төмендемеген, өзінің жоғары деңгейін жыл сайын дәлелдеп отырған боксшы кемде-кем.

Біржанмен әңгімелесе отырып, өзінің спорттағы ғұмырына, жанкүйерлердің пікіріне, тіпті кейде айтылатын артық-кем сөздерге өте сергек қарайтынын байқадық. Жақыпов 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында 48 келі салмақ дәрежесінде топ жарды. Біз осы жеңіс тарихына қайта үңілдік те, Біржанның өз өміріндегі осы жеңіс жолының тым қиын болғанын тағы мойындадық.

Ұзақ жол

Мен боксқа 1998 жылы 8 сынып оқып жүргенде келдім, – деп бастады Біржан әңгімесін. – Қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы Жартытөбе ауылында тудым. 4 сыныпқа дейін сонда оқыдым. Әкем бухгалтер, анам мұғалім болды. Үйде екінші баламын. Кішкентай кезімізден еңбекке араласып өстік. Үй шаруасының бәрін істедік. Қойкезек, қозыкезекке шығамыз, бөшкемен су тасимыз. Малдың астын тазалаймыз. Совхоз тараған соң әке-шешем қалаға көшіп келді. Спортқа осы кезде ден қоя бастадым. Алдымен екі жылға жуық таэквондаға қатыстым. Бір ай семсерлесуге, бір ай күреске барып көрдім. Сыныптасым Дәркен Байтелиевтің ағасы Думан кезінде Геннадий Головкиндермен бірге жаттыққан. 8 сыныпта Думанға ілесіп залға бардым. Барсам, Мырзағали Айтжанов отыр екен. Амандасып, танысып, боксқа қатысқым келетінін айттым. Мырза ағай жазып алды, «дүйсенбіден бастап келесің» деп тапсырды. Емханадан денсаулығым туралы анықтама, спорттық форма әкелуімді тапсырды. Салмағым өте жеңіл болды. Нәтижем бірден емес, бірте-бірте жақсарды. Алты жыл дегенде жақсы нәтиже көрсеттім. Көп жарыстарға қатысқанмен, жеңіске жолым ұзақтау болды.

2004 жылғы Афина олимпиадасынан кейін Алматыда өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлде иелендім. Талдықорғандық Мират Сәрсенбаевтан жартылай финалда жеңілдім. Мират финалда тараздық Нұрлан Әбдірайымовқа жол берді. Сөйтіп, Нұрлан 48 келі салмақтың бірінші нөмірлі боксшысы атанып, 2005 жылы Азия чемпионатына барды. Тағы біраз турнирлерде аса сәтті өнер көрсеткен жоқ. Жазда Мәскеуде өткен әлем кубогына аса жеңіл салмақта Сәрсенбаев аттанды. Бірақ Мират 48 келінің шегіне сыя алмады, салмағы өсіп кете берді. Сөйтіп, 51 келіге ауысты. Жыл барысындағы үшінші ірі турнир – әлем чемпионатына менің жолым осылай ашылды. Бармай тұрып жаттықтырушылар мені біраз тексерді. Бірнеше халықаралық турнирде топ жардым. Сол кездегі бас бапкер Дамир Буданбеков Қытайдың Миньяң қаласында өткен әлем чемпионатына мені қосты. Қола жүлде иеленіп, құраманың тұрақты мүшесіне айналдым. Алғашқы үлкен табыс осылай келді.

Ең ыңғайсыз қарсылас

Екі олимпиадаға қатысып, екеуінде де қытайлық Зу Шиминнен жеңілдім. 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында Пал Бедак (Венгрия, 7:6), Оганес Даниелян (Армения, 13:7) сияқты қарсыластарымды жеңіп, ширек финалда Шиминге ұпай санымен есе жібердім. Есеп – 4:9. Қытайлық боксшы аса қатты басымдық танытты дей алмаймын. Ірі жарыстарда жергілікті боксшымен жолың түйісті ме, одан бір бас жоғары болуың керек. Жекпе-жегіміз тең дәрежеде өтті дей аламын. Ал 2012 жылғы Лондон олимпиадасының ширек финалында Шиминмен жолымыз тағы түйісті. Оған дейін Жереми Бекюді (Франция, 18:17), Марк Барриганы (Филиппин, 17:16) жолда қалдырдым. Өз басым Лондон шаршы алаңында Шиминді жеңдім деп ойлаймын. Алғашқы екі раунд тең жұдырықтастық. Шешуші раундта мен басым ойнадым. Соққыларым да дәл тиді. Амал не, төрешілер 10:13 есебін тіркеп, мен тағы бесінші орында қалдым. Зу Шимин екі дүркін олимпиада чемпионы атанды.

Лондон олимпиадасында үздік бестікке енген соң, «спортты жалғастырамын ба, жоқ па» деп ойландым. Келесі жылғы әлемдік дода Алматыда өтетіні мені қатты серпілтті. «Қалайда есе қайырамын» деп ойладым. Олимпиададан кейін өткен ел чемпионатында топ жардым. Бұл жарыс бірінші рет бас киімсіз өтті. Қиын болды. Оған дейін де біраз жарыстарға қатыстым. Жарақатым да бар еді. Басым аздап ауырып жүрді. Демалыс алмай, ауырғанымды ұстазым Мырзағали ағаға да айтпай жүрдім. Бұл да дұрыс емес, әрине.

Әлемдік доданың Алматыда өтуінің жауапкершілігі өте жоғары болды. Өз жанкүйерлеріңнің көз алдында бір сәт те босаңсуға болмайды. Бізде сол ғой: жеңсең – төбеге көтереді, жеңілсең – жерге тығады.

Тағы да ауыр жеребе

Жеребе өте ауыр түсті. Жолымда кіл мықты боксшылар күтіп тұрды. «Тағы да Біржан қатысып жатыр ма?» деген қисық сөздерді де естімей қалғаным жоқ. Бірақ оған мән бермедім. Өйткені аса жеңіл салмақта өзімнің мықты боксшы екенімді әбден дәлелдеп барып қатыстым.

Жеребенің қиын түскеніне қуандым. Өйткені «Жақыпов чемпион атану үшін жолын тазартып берді» деген сөз өзіме де ұнамас еді.

Алғашқы жекпе-жегім ресейлік Белик Галановпен өтті. Онымен бұрын кездесіп көрмегенмін. 2008 жылы Мәскеуде өткен әлем кубогының жартылай финалында кубалық Ямпиер Эрнандеске есе жібердім. Маған дейін, ширек финалда Эрнандес Галановты 11:9 есебімен жеңген. Сөйтіп, екеуміздің жолымыз түйіспей қалған-ды. Лондон олимпиадасына қатыса алмаса да, Галанов 2012 жылы Еуропа чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды. Оны осал қарсылас деуге болмайтын еді. Бірақ әлемдік доданы сәтті бастаудың маңызы зор екенін түсіндім. Галанов – өте ыңғайсыз боксшы. Үнемі қарсы стойка ұстап үлгереді. Дегенмен үш раундта да ресейлік боксшыдан басым болғанымды төрешілер бір ауыздан мойындады.

Досматовтың дүбірі

Өзбекстандық жас пері Хасанбай Досматовпен 2013 жылдың ақпан айында Астанада ұйымдастырылған төрт елде (Қазақстан, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан) турнирінде жолықтық. Жасырудың қажеті жоқ, бокс болған соң басыңнан соққы аласың. Біздің спортта мұндай нәрселер болып тұрады. Нокдаундар да болады. Бірақ оған бола ешқашан сынған емен. Қайта кенет оянғандай тез серпіліп, артынша жақсы жұдырықтасып кетем. Жекпе-жек барысында дене қызумен аса елей қоймасаң да, кейін басың зыңылдап, біраз уақыт өзіңе-өзің келе алмай жүресің. Осылай өзімді жайсыз сезініп жүргенімді Мырза ағайға айтпаған едім. Хасанбай ол кезде жаңа таныла бастаған. Онымен тең дәрежеде жұдырықтасып жаттым. Стойкамды ауыстырып, оң қолмен қапталдан ұрамын дегенше, Досматов жылдам соққы жасап үлгерді. Төреші нокдаун санай бастайды. Өзім жалғастыра беруге дайын едім, бірақ бапкерім ортаға ақ орамал лақтырыпты. Бапкер сырттан байқайды ғой.

Міне, осы сәтсіздік те маған сабақ болды. Әлем чемпионатында Мырза ағай екінші кездесуімде тап келген Досматовқа қарсы тактикамды дұрыс қойып берді. Хасанбай мені әбден зерттеп алғандай, құлатпақ болып алға жүрді. Оңай олжа көрген сияқты. Бірақ соққыларын дарытқаным жоқ, ұпай санын еселеп отырдым. Ашық төбелеске бармай, қызбалыққа салынбай, жеңіске жеттім.

Ал ширек финалда жолыққан пуэрторикалық Энтони Чакон маған аса қиын қарсылас болған жоқ. Оның алдында мықтыларды жеңген соң. Әдетте латынамерикалық боксшылар жеңіл салмақта, аса мықты бола бермейді. Негізінен Азияның «қауырсын салмақтылары» мықты ғой. Чаконға қарсы өте сауатты жұдырықтастым.

Жартылай финалда кубалық Йосвани Вейтиа тап келді. Екеуміз шаршы алаңда оған дейін екі рет жолыққанбыз. Бір рет – ол, бір рет мен басым болдым. Бірақ Алматы шаршы алаңында Вейтиа сылбыр қимылдады. Ауырып шықты ма, білмеймін. Мен күткен бокс көрсете алған жоқ. Арақашықтықты сауатты ұстай отырып, жеңіске жеттім.

Қуандым, бірақ сыртқа көп білдірмедім

Финалға алжирлік боксшы Мұхаммед Флисси де шықты. Лондон олимпиадасында ол алғашқы кездесуде-ақ тайландық Каео Поңпраюннен жеңілді де, көзге көп түсе қойған жоқ. Мен де мән бермеппін. Қатты зерттемеппін. Алматы додасының жартылай финалында Флисси костарикалық Давид Хименесті еркін жеңді. Ол осы жеңісіне қатты қуанды. Флисси Алжир боксы тарихында әлем чемпионатының финалына шыққан бірінші боксшы екен. Оңай болды. Финалға шыққанына қуанып жүріп, Мұхаммед финалға тым босаңсып шыққаны байқалып тұрды. Оны жеңу аса қиын болған жоқ. Финалда жергілікті боксшымен кездесетін болған соң, менің қатты дайындалып шығатынымды сезген сияқты.

Жеңіске қатты қуандым. Екі олимпиадаға қатысып, медаль ала алмай, бокстан кетуді ойлап, «сонша жылғы аяусыз еңбек, төккен тер зая кетті ме» деп қиналған кездерімнің өтеуі әлем чемпионатының алтын жүлдесі болғанына көңіл тоғайттым. Іштей қуандым, сырттай аса қатты білдіргенім жоқ.

48 келіде мені жастарға жол бермеді дейтіндер көп. Бірақ осы уақыт аралығында туған елімде өз салмағымда менен анағұрлым шебер болып, бағы байланған боксшы тауып берсінші. Бас бапкердің шәкірті дейтіндер де аз емес. Мырза ағай бас бапкер болмай тұрғанда да олимпиадаға қатыстым. Олимпиада біреудің құлағынан сүйреп бара салатын жарыс емес. Теледидардан көреді, бәрінің көз алдындамыз. Қазір ойланып отырып, бокстан бос кетпегеніме, әлем чемпионаттарында, Азия ойындарында, аса мәртебелі халықаралық турнирлерде елімнің қоржынына жүлде салғанымды мақтан етемін. Еліміздің боксы өркендеуіне қазір маман ретінде де еңбек сіңіріп жүрмін.

Есей Жеңісұлы